ЕУРОПАҒА БАҒЫТ ҰСТАҒАН ЕУРАЗИЯЛЫҚ
Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жалпыұлттық көшбасшы, ықпалды жаңа мемлекет құрушы, әлем құрметтейтін және қажетсінетін мемлекет қайраткері ретіндегі феномені неде? Мұндай “көшбасшы” қайдан шығып отыр және ұлы болашақ қалай жасалады? Бұл сұрақтар бүгінде тек қазақстандықтарды ғана емес, сондай-ақ беделді халықаралық сарапшыларды да қызықтырады.
Мемлекет басшысының мерейтойы қарсаңында жалпыеуропалық жетекші газеттердің бірі “Нью Юроп” Н.Ә.Назарбаев туралы “Еуропаға бағыт ұстаған еуразиялық” (“Евразиец на пути в Европу”) деп аталатын Француз академиясының Тұрақты хатшысы Элен Каррер д'Анкосстың мақаласын жариялады. Франциядағы аса атақты және титулды әйелдердің бірі, төрт орденнің, оның ішінде біреуі – Белгияныкі, екіншісі – Бразилияныкі, иегері Элен Каррер д'Анкосс мақаласының аудармасын ұсынып отырмыз.
Саясаткер болып тумайды, саясаткер болып қалыптасады – бұл аксиома. Алайда, кейбір адамдар туралы айтылатын керек уақытында, керек кезінде сол жерден табылған деген хрестоматиялық ұстаным дәйім жүзеге аса бермейді.
Ұлттық көшбасшы болу үшін жеке қасиеттердің тамаша құймасына ие болып қана қою жеткіліксіз, оның үстіне, заман талабына жауап бере алу қажет. Уақытты және оның сынақтарын өзіңнің барлық болмысыңмен, жан дүниеңнің барлық тереңімен сезіне білуің қажет. Жолы болғандық па? Иә, фатум жіберген мүмкіндік, күтпеген жерден жағдайдың сәтімен келуі – саяси мансаптың сызбасын сызу кезінде жақсы жәрдем болғаны сөзсіз. Бірақ бастысы, қалай десек те, түпкілікті мұнда емес. Бастысы – тікелей адамның өзінде. Оның сенімдері мен идеалдарында, оның табандылығы мен батылдығында, оның жеңіске деген ерік-жігері мен өзінің айналасында “командасын” құра білуінде... Біздің әрқайсымыз өзімізше кереметпіз. Бірақ саясаткердің кереметтігі мүлдем ерекше нәрсе, өйткені, оған миллиондаған адамдардың, бәрінен бұрын – оның халқының өмірі тәуелді.
Қазақстан мемлекетін құрушы ешқашан жеңіл, таптаурын жолдармен жүрген емес. Ол уақыт үрдістерін жүзеге асыруға талпынғандарға кейін жағу үшін сол уақыт үрдістерін болжап табуға ұмтылған жоқ. Ол қашанда қажет деп есептегендерін істеді. Қарапайым нәрселерді – халықтық прагматизмді басшылыққа алды, Батыстағылардың қабылдауы үшін осының өзі қиын соқты, жылдар көрсеткеніндей, бұл дағдарыстар мен сынақтарды ауыздықтауда ең ұтымды құрал болып табылды. Назарбаев сабырмен және іскерлікпен баратын қадамдар Батыста әуелі сенімсіздік пен түсінбеушілік, ал кейін – жасыруы қиын таңданыс туғызады. Кейде тіпті қызғанышты таңданыс екенін де қаперге салғанның артықтығы жоқ.
Ол туралы Атлантиканың қос тарабындағылар былай дейді: “Волюнтарист”. Бірақ екі алып – Ресей мен Қытай арасындағы ұлан-ғайыр кеңістікте өзіне ғана тән ырғақпен дамып келе жатқан держава пайда болғаны тек Нұрсұлтан Назарбаевтың арқасы екенін нақтыламайды.
Шын мәнінде қазірдің өзінде біздің планетамыздың дамуын Еуразия түсінігінсіз қарастыруға болмайды. Соған қарамастан, америкалықтарды былай қойғанда, көптеген батысеуропалықтар үшін бұл ұғым алыстағы бір абстракция болып табылады. Ал ес білмейтін ескі замандарда ат үйретіп, ер-тоқым, үзеңгі мен доңғалақ ойлап тапқан нақ осы ұлы даладан осыдан жарты ғасыр бұрын ғарышқа тұңғыш рет адам аттанды. Бұл, әрине, бар болғаны символдар ғана шығар, бірақ бүгінде құдды сағым сияқты қарлы Сібір даласында пайда болған тамаша Астананың аспанмен таласқан биік үйлерін көргендер қазақстандық символиканың сыртында нақты істер тұрғанын бағамдай бастайды.
...Франциядағы біздің алғашқы кездесуімізде Нұрсұлтан Назарбаев өзінің ашықтығымен және бір мезгілде ерекше жинақылығымен есімде қалды. Таза әйелдік сезімталдықпен ол Парижде жүрсе де ылғи да өзінің өлкесі туралы ойлайтынын түйсіндім. Бұл тоқсаныншы жылдар болатын, Кеңестер Одағы туралы естеліктер әлі санадан алыстай қоймаған кез еді. Сонда мен мынаны ойладым: егер “Жарылған империя” – 1978 жылы Батыста алғашқылардың қатарында КСРО-ның ыдырайтынын болжаған менің кітабым осылай аталатын – басында осындай көшбасшы тұрған болса, онда Кеңес Одағының ыдырауы неғайбыл болар еді.
Саясаткерлердің екі категориясы бар. Біреулері –“қиратушылар”, екіншілері – “жинаушылар”. Екінші категория бағалырақ, сондықтан сирегірек. Назарбаев – жинаушы. Ол –тарихи аса қысқа мерзімде өңірлік астам держава жасаушы...
ЕҚЫҰ құрылған жетпісінші жылдардың ортасында оны бір кездері Қазақстан басқарады дегенді біреудің ойлауы мүмкін бе еді? Мұнда бәрі де нөлден басталған-тын. Қойнауында барлық Менделеев кестесі жатқан осынау қуатты елде дана, күш-жігері толысқан көшбасшы бар. Нұрсұлтан Назарбаев – Еуропаға бағыт ұстаған еуразиялық.