6 шілде күні облыста 83 нәресте дүниеге келіп, олардың көбісіне Нұрсұлтан, Астанай, Нұрай есімдері берілді
“Өмірдің бір қызығы бала деген”. Шынында дүниеге шыр етіп нәресте келген сәттен артық қуаныш жоқ. Оған әке де, ана да, ата да, әже де, бала да, бауыр да қуанады. Қуаныштың соңы “ал енді бұл шақалақтың есімін кім қоямыз?” деген тату-тәтті пікірталасқа ұласады.
Біздің елімізде 6 шілде күні дүниеге келген ұл-қызға, меніңше, ата-аналар мен ата-әжелер “Мұның атын кім қоямыз?” деп көп ойланып, көп толғанбайтын сияқты. Өйткені, бұл елордамыз – Астана қаласының туған күні! Ол аз десеңіз, тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Нұрсұлтан Назарбаев та дәл осы күні іңкәр дүниенің есігін іңгәлап ашыпты.
Сондықтан болар, Жамбыл облыстық іскер әйелдер ассоциациясының төрайымы Гүлдара Нұрымова бастаған жайсаң қыз-келіншектер осы күні облыстық перинаталдық орталықты бетке алды. Бетке алғанда, сәбилер іңгәлаған ғимараттың табалдырығынан бағалы сый-сияпаттармен аттады.
6 шілде күні облыстық перинаталдық орталықта 17 нәресте дүниеге келіпті. Ал 7 жас ана елорда мен Елбасының туған күні дүниеге келген нәрестелерінің атын Нұрсұлтан деп қоямыз деп таңдап та үлгеріпті. Сондай-ақ, қыздарының есімдерін Астанай, Нұрай, Нұрайым деп қоюды ойластырып отырған аналар да табылды. Яғни, енді Байзақ ауданының тұрғыны Райхан Аманбаева, Жамбыл ауданының тұрғыны Жұлдыз Жұмабаева, Қордай ауданының тұрғыны Айгүл Жұманова, Жуалы ауданының тұрғыны Нарима Қазымханова, Тұрар Рысқұлов атындағы ауданның тұрғыны Айнұр Ертаевалардың ұлдарының аты Елбасы есімі құрметіне – Нұрсұлтан деп аталатын болады.
Ал Жамбыл ауданының тағы бір тұрғыны Әйгерім Бекболова қызының есімін Астанай деп қойғысы келсе, Луговой бекетінің тұрғыны Нұргүл Қаработаева Нұрай деп атауды қалапты.
Жалпы бұл күні облыс бойынша 83 сәби дүниеге келіп, оның 43-і ұл, 40-ы қыз болып шықты. Тараз қаласындағы №1 қалалық перзентхана шаңырағы да ақар-шақар қуанышқа толы. Мұнда 6 шілде күні 22 нәресте дүниеге келіпті. Ал Қордай ауданында – 12, Меркі ауданында 7 сәби өмір есігін ашқан. Облыстың басқа аудандарында да көптеген нәрестелер жарық дүниемен іңгәлай сәлемдесіпті. Әлбетте, олардың ата-аналары да перзенттеріне елдің арғы-бергі тарихындағы ең қалаулы ұл-қыздарының сүйікті есімдерін қоятыны сөзсіз.
Көп бала – көбеюдің кепілі. Өсіп-өнудің өрісі. “Атадан алтау туғанның, жүрегінің бастары алтын менен бу болар, атадан жалғыз туғанның, жүрегінің бастары сары да жалқын су болар, жалғыздық сені қайтейін. Жағама қолдың тигенін, жалғыздық сенен көремін, жамаулы киім кигенім, жарлылық сенен көремін. Атадан тудым жалқы боп, жақыннан көрдім талқы көп, жасым жетпей он беске, қорғайтын жан адам жоқ, жасым жетіп он беске, кірер ме екем кеңеске, бұғана қатып, бел бекіп, ерегіскен дұшпанмен, шығар күн туса күреске”, деген қайран Ақтамберді жырау не деген көреген, не деген дана еді!..
Ал ата жырау арманын ел деңгейінде пайымдар болсақ, Жамбыл облысындағы мына жақсы дәстүр сол арманның орындала бастағанын аңғартса керек.
Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ, Жамбыл облысы.