1970 жылдың сағынышқа айналған сары тамызы Алматыға тұс-тұстан арман қуып келген бір лек өндір жастарды журналистика факультетінде табыстырып еді. Солардың ішіндегі әу бастан-ақ көзге толымды көрнектілерінің бірі Заманбек Әбдешев болды. Көрнектілігі сол емес пе, университет тізгінін сол кездерде Асқар Закарин, одан соң Өмірбек Жолдасбеков сияқты атақты ағалар ұстаса, біздің курсты староста болып нор Зайсанда туып өскен, әскери борышын алыс теңіздерде өтеп қайтқан жайсаң жігіт Заманбек басқарып тұрды.
Әбдешев Заманбек. Қысқартып “ӘЗ” дейміз. Қысқасы, Зәкең содан бергі қырық жылда осы Әз деген атына әбден лайықты өмір кешіп, сөз өнерінің ыстық-суығын бір кісідей адалдықпен бастан өткеріп келеді.
Сірә, Зәкең әдебиеттанудың ең үлкен мектебінен он бес жыл бойы табан аудармай “Жазушы” баспасында редакторлық қызмет атқарған романтикалық кезеңінде өтсе керек. Осы уақытта ол Әбілмәжін Жұмабаев, Есет Әукебаев, Сайын Мұратбеков, Мұхтар Мағауин, Сағи Жиенбаев, Әбдікәрім Ахметов, Сәкен Иманасов сияқты айтулы ақын-жазушылардың тәлім-тәрбиесін көріп, әсіресе, қазақ әдебиетінің қасиет-киесіне жанасу, сол киені қастерлеп құрмет тұту бақытын еншіледі.
Қазірде Заманбектің бойында осы кезден жұғысты болған үлкен екі даралығы бар. Соның бірі – сол тұстағы әдеби ортаның әдемі әңгімелерін көп біліп, тілдің майын тамыза айтатындығы. Мұндайда Зәкеңнің әңгімесін тыңдаудан асқан ғанибет жоқ. Көп оқыған, көп тоқыған досымыздың тағы бір қыры – М.Мағауин айтпақшы, “миының архив бөлімінің” әрқашан ашық тұруы дер едік. Пушкиннің, Есениннің, Қасымның, Сырбайдың, Мұқағалидың, Қадыр мен Тұманбайдың өлеңдерін жайшылықта жауып өтер жаңбырдай жатқа оқи салғанының өзі жанның бір рахаты. Абай өз алдына бір төбе.
Біз білетін Заманбек ең алдымен ақын. Ақын болғанда да поэзия мәдениетін молынан игерген ақын. Әсіресе, жыр оқыған шабытты сәттерінде оған қызыға қарап қалатынбыз. Ағынан жарылған адалдық, бүкпесіз бұла сезім, бүкіл ғаламға ғашық жүрекпен сыр айтқан ізгілік пен іңкәрлік кәусарлары шүпілдеп толып, тұнып тұрушы еді сол жырларда.
“Тұнып тұрушы еді” деп өткен шақпен сөйлегенде бір ғана айтарымыз, өз дауысын жас шағында-ақ тапқан Заманбек ақын ешқашан поэзияға адалдығынан жазған емес. Өлең оның әрдайым жүрегінің төрінде. Тек “Жақыптың күші жатыр оң жағында” деп қазақ жырының хас жүйрігі Ілияс айтқандай, Зәкеңнің оң жамбасынан келген сөз өнерінің тағы бір үлкен саласы аударма болды. Бұған айғақ боларлық дүние-мүкәммал жетерлік. Орыстың атақты жазушысы Борис Васильевтің “Тамылжыған таң”, болгар қаламгері Георгий Караславовтың “Шешуші сағат”, ғұмырбаяндық “Неру” кітаптарының тәржімелері ақындық таланттың көркем аударма өнеріне ауадай қажеттігін аңғартқан-ды. Уыздай қылып қырғыз ертегілерін қазақшалауынан ақындық мінез байқалған-ды. Балқардың ақын қызы Тәнзила Зұмақұлованың “Салтанат” атты жыр жинағы тұтастай Заманбек аудармасымен қазақ оқырманына жол тартуында ақкөйлек сыр бар еді. Онымен қоймай орыс тілді ақиық ақынымыз Олжастың кейбір өлеңдерін қазақшалауда Қадыр ағасымен өнер жарыстыруы да өзіне жарасып тұрды. Ал енді ағылшынның ұлы жазушысы Чарльз Диккенс, француз классигі Виктор Гюго, алжир жазушысы Мурлуд Маммеридің романдарын сәтті қазақшалау арқылы З.Әбдешев қазақтың қазіргі маңдайалды аудармашыларының қатарынан табылғаны анық. Соңғы он бес жыл орайында “Хабар” агенттігіндегі қызмет те өлеңге обалырақ болғанымен, тәржімандықтың бағын жандыра түскен. Жүздеген көркем, деректі, табиғат таңғажайыбынан сыр шерткен танымдық фильмдер қазақ көрерменіне жол тартты.
Бірақ біз үшін жанының жазы нор Зайсанның зифа толқындарындай дегдар зиялмен көмкерілген әз Заманбек досымыз бәз баяғы ақ самал ақын болып қала бермек. Ақын жырының жүректерге қуаныш сыйлар жылы шуағын көзі қарақты өлең сүйгіш қауым өзі-ақ аңғарар...
Қорғанбек АМАНЖОЛ.
МЕН ТУРАЛЫ НЕ ОЙЛАДЫ СОЛ ЖҮРЕК?
Бір ұстаны білуші едім жасымнан
Бек қайратты, жалығуды білмейтін.
Соқса балға төстен ұшқын шашылған,
Сом темірді саз балшықтай илейтін.
Балуан қол сол кісіге қызығып,
Көз алмастан тұратынбыз біз барып.
Еш жұмыста шаршамайтын күші нық,
Еңбек десе кететұғын нұрланып.
Мін таппайтын ешкім ұста ісінен,
Жаудыратын алғыстарын аямай.
Еңбегінің құрметіне бөленген,
Қартаң адам қуанатын баладай.
... Солқылдақтау болмасыншы жыр деген,
Сонда ғана мінсіз болар өлеңдер:
Егер олар жұмыр болат балғамен
Темір төстің арасында туса егер.
* * *
Сәлем, Зайсан, туған өлке, армысың,
Армысыңдар, Сауыр-Сайхан, қырлы шың.
Саған қарай шырқай ұшты жыр құсым,
Саған қарай шырқай ұшты ән құсым.
Сырбаз мінез ерке Ертісім, тұнығым,
Тұңғиығым тереңінде сыры мың.
Құшағыңды аш, толқыныңмен аймала,
Аңсап келді, шаршап келді бір ұлың.
Зайсан көлім, жайсаң көлім, шарайнам,
Балығың боп жүзбедім-ау талайдан.
Өзегімді өртеуде бір сағыныш
Сан күндерден, сан жылдардан, сан айдан.
Сол сағыныш алды-артыма қаратпай,
Бет түзедім күншығысқа таң атпай.
... Алыс қалған қасиетті туған ел,
Тауыстың ғой, тауыстың ғой, тағатты-ай.
АҚ ҚАЙЫҢ
Жаныма шабыт беріп, төккен өлең,
Ақ қайың, жаралдың ба көктемеден.
Оңаша неге мүлгіп тұрсың үнсіз
Арудай жігітіне өкпелеген.
Тұлғаңды тымық кеште ой тербеген,
Желбірер желектерің самал желмен.
Ол бейне арулардың қолаң шашы
Орамал байласа да бой бермеген.
Қоштастың үнсіз тұрып іңірменен,
Сырың көп ақын әлі үңілмеген.
Ақ қайың, сенің мынау аппақ төсің,
Төсіндей сұлу қыздың дірілдеген.
* * *
Нұрлы үміт таңды таңға ұластырып,
Келеміз жыр жолында құлашты ұрып.
Кей жырдан тәттіліктің дәмін сезсек,
Кейінің өн бойында жүр ащылық.
Сезімдер жоқ-ау, шіркін, еш тынымың,
Құятын көкірегіме кешкілік үн.
Дегендей шабыт нәзік жырға ғашық,
Алапат ақындықтың есті ұлымын.
Кеткендей барлық жазған жырлар ағат,
Таппайды жалын жаным бір қанағат.
Кейде өлең құйылмайсың от кеудеме
Кінәмшіл жас арудай бұлдана қап.
О, шабыт, лапылдар шақ, бұл қай тыным,
Шалқы бір, сені күтіп тұрмайды күн.
Жүректен ыстық сезім суынғанша,
Тіршілік, бір өзіңсің жырлайтыным.
САҒЫНЫШ
Жастықтың жалын шақтары-ай,
Мәуелі жасыл бақтары-ай.
Сезімнің мөлдір кездері-ай,
Құрбының қара көздері-ай.
Алынбай қалған қолдар-ай,
Түйіспей кеткен жолдар-ай.
Шертілмей қалған сырлар-ай,
Арналмай қалған жырлар-ай.
Жаға алмай қалған шырақ-ай,
Тата алмай қалған бұлақ-ай.
Таласа тұрған таңдар-ай,
Айтылмай қалған арман-ай.
... Қиялға қарай самғаумен,
Көзден бір ұшқан бал дәурен.
Бір белде қалған алшақ күн,
Өзіңді бүгін аңсаттың.
БАҚАСУҒА
Бақалым, жағаң бал құрақ...
Жас талдан бір-бір арғымақ
Мініп ап шауып кетуші ек,
Сан тұрып жерден, сан құлап.
Мың құлап жерге, мың тұрып,
Көкпар да тарттық құлшынып.
Қырыңды кездік көк қуып,
Көктеме келсе гүл шығып.
Туған жер, ауылым – Бақалым.
Тал бесік, туған Отаным.
Аңсап бір келіп алыстан
Шалғыныңа аунап жатамын.
* * *
Мен туралы не ойлады сол жүрек,
Қош дегенде бұл өмірге соңғы рет.
Алыстағы ұлыңды ойлап, апажан,
Жанарыңда жас тұрды ма мөлдіреп.
Көңіл шіркін бұл хабарға нана ма,
Көз жұмыпсың кездесе алмай балаңа.
Жабырқадым қарызыңның мендегі
Мыңнан бірін өтей алмай, жан ана.
Жан отымды мейірлі үнің маздатты,
Жүрегімде сол балалық наз қапты.
Амал қанша, рақымсыз сұм тағдыр
Екеумізді көрісуге жазбапты.
Шіркін, апа, ғазиз жансың сен неткен,
Қарыздармын бала кезден, жөргектен.
Мен әлі үйге оралам ғой, ал өзің,
Оралмайсың сапарыңнан сол кеткен.
Бала шақта алғаш сөйлеп, күліп мен
Қаз басқанда қарап едің үмітпен.
О, апашым, сөйткен мынау ұлыңнан
Топырақ та бұйыртпасын біліп пе ең?!
Ащы мұңын өзегімнен өткізіп,
Өміріңді қатал ажал кетті үзіп.
Хат жазыпты сол бір жайды Қуанбек
Үш-ақ ауыз өлеңменен жеткізіп.
Кетеріңде келетіндей мен кіріп,
Алдамшы ойға өзіңді өзің сендіріп,
Сағынышпен қарадың-ау сан рет
Балаң кеткен ұзақ жолға телміріп.
Самғауменен талай заман, жыл өтер,
Жан балаңды өмір өзі түлетер.
О, апажан, сенің жарқын бейнеңді
Ұлың менмін мәңгілікке жыр етер.
* * *
Тым асығыс жүресің деп сөкпегін,
Асығатын себебім де көп менің.
Жүрем уақыт зымыраса тоқтамай,
Бұл заманның тасбақасы боп қалай?
Өтіп жатса әр минөтте өмірім,
Кінәлайды асықпа деп мені кім?
Жүрегіңде отың болса сірә да,
Мұның жайын, досым, бекер сұрама.
Шақырады нұрлы үміттер, ақ арман,
Шақырады қара көздер қадалған.
Көңіл соның барлығына асық тым,
Мен өмірге жан-тәніммен ғашықпын.
Қол бұлғайды бір бақытым аңсаған,
Сол бақытқа жету үшін жан салам.
Күтер алдан сәуле сепкен таң күліп,
Жас жанымды бал сезімге қандырып.
Кейде өлеңнің құяды-ау бір бұлты кеп,
Жыр жаңбырын от кеудеме сіркіреп.
Сол сәттерде шын шабытты жай аңдап,
Жүру деген мүмкін емес аяңдап.
Маза бермес күндіз ойлар, түнде өлең,
Сонда дағы жүзден бірге үлгерем.
Бірде жылап, күліп жүрем бірде мен,
Азап қой бір, бақыт қой бір жыр деген.
Кейде жасып, кейде судай тасып мың,
Мен солардың барлығына асықтым.
...Бірақ мені тасбақаға мінгендер,
Қартаюға асықты деп жүрмеңдер.
АПАТПЕН АРПАЛЫС
(Бердібек Сапарбаевқа арнаймын)
Шығыста қыстың көзі қырауланып...
Жел үрді жауған қарды мың аударып.
Ұлиды долы боран көз аштырмай,
Япырай, қайтер екен мынау халық?!
Қатты аяз “түу” дегізбей түкірікті,
Борасын үй шатырын ұшырыпты.
Үйілген тау-төбе боп қасат қарда
Трактор малтығады күші мықты.
Ұйлыққан жолдың бойы сан мәшине,
Көк темір алапатпен арбасуда.
Құла түзде қамалып қалғандардың
Күресі өмір үшін жалғасуда.
Ақ боран басып тауды, жол, даланы,
Ысқырып айдаһардай долданады.
Шөп тартқан малды ауылға керуендер
Бораған қарда зорға қозғалады.
Кез келді елдің ерге қарайтұғын,
Бұл сынға жарамасын, жарайтынын.
Қиындық қос өкпеден қысқан сәтте
Алады іскер басшы қалай тыным?!
Сол сында көзге түскен дараланып,
Басшысын құрметтейді дана халық.
Көш бастап, шықты ақыры абыроймен,
Ел-жұртын алты ай қыстан аман алып.