Асқақ Алатаудың аспанмен астасқан мұзарт шыңдарының биіктігін бағамдау қандай қиын болса, заманына өнеге, тарихқа тәлім ұлы істерге бастамашы болған, төрткүл дүниеге түгел танылған Елбасының ұлықтауға лайық кемел кемеңгерлік келбетін толық танып терең түсіне білу сондай күрделі. Тұңғыш Президентіміз, реформатор, тұтас бір дәуір дарабозы Нұрсұлтан Назарбаевтың пайымды парасатқа толы тұғырлы тұлғасы таныған сайын асқақтап, білген сайын биіктей түседі. Оған Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Мұражайын тағы бір аралағанда көзіміз анық жетті.
“Тұңғыш” атты ұғымның мағынасы терең. Халқымыз алғашқы дүниетаным түйсігін тұңғыш сөзімен сипаттап, жарық еткен жаңалықты тұңғыш санасына сыйғызып, алғаш көрген перзентін “тұңғышым” деп әспеттейді. Тұңғыш Президент Мұражайында осы бір алты әріптің астарына сыйған қасиетті ұғым Елі мен Елбасының ерендігін паш етіп, тұнып тұрған секілді.
Мұражай алдында – жасыл желек көмкеріп, аққайың сыңсыған саябақ. Бақ ортасындағы кең алаңқайда тарихта тұңғыш рет Қазақ халқы мемлекеттігінің іргетасын қалап, төрт ғасыр бойы дәуірлеген тұңғыш Қазақ хандығын құрған қос тұлға Керей мен Жәнібек хандардың азат алаш аймағындағы тұңғыш ескерткіші тұғырланған. Мұражай сыртында – Тұңғыш Президентіміздің Арқа төсіндегі тұңғыш Резиденциясының алдындағы үлкен алаң. Елбасы осы алаңда тұңғыш рет Астанаға ресми сапармен келген жоғары дәрежелі қонақтарды қарсы алған. Нақ осы жерде тұңғыш рет елордадағы мемлекеттік Әнұран шарықтап, шетелдік ресми тұлғалар Қазақ елін, еліміздің Басшысын қошеметтеген.
Қарт тарих шежіресінде көшпенділердің керемет кемелділігінің символына айналған киіз үй кейпіндегі – күмбезді зал. Мұражай мақтанышына айналған бұл күмбезді зал егемен ел шежіресіндегі қасиетті тұңғыш ұғымына сай талай-талай тарихи оқиғалардың куәсі. Тұңғыш рет 1997 жылғы 10 желтоқсанда Елбасы осы залда бұрынғы Ақмола қаласын еліміздің Бас қаласы деп жариялады. Күмбезді залда одан кейін де еліміздің болашағын айқындаған талай тұңғыш тарихи шешімдер қабылданып, тәуелсіз Қазақстанның төрт құбыласы түгенделе түсті.
Мұражайдағы танымдық таразысы терең жәдігерлер топ-топқа бөлініп, әрбір кезеңдердің оқиғасынан сыр шертеді. Мынау бір үлкен бөлмеге жинақталған жәдігерлер Елбасының сонау бір жалын атқан жастық кезеңдегі құрыш қайратын танытар Теміртаудағы күндерінен дерек береді. Асқақ арман жетегімен биік асуларға қадам басқан жас Нұрсұлтан сонау елуінші жылдары Арқа төсіндегі осы бір өндірісті өңірге алғаш қадам басқан еді. Ол осы жерде екі айдай жұмыс істеп, 1958 жылы арнайы жолдамамен Днепродзержинск қаласындағы №8 кәсіптік-техникалық училищеге оқуға түседі. Училищені ойдағыдай тәмамдап келген жас маман Теміртауда еңбек жолын бастап, 1960 жылы 3 шілдеде Орта Азия мен Қазақстан тарихында тұңғыш іске қосылған домна пешінде болат қорытады. Бұл күн тарихта Қазақстан Магниткасының туған күні болып жазылды.
Міне, Мемлекет басшысының 1997-2004 жылдар аралығында Астанадағы тұңғыш жұмыс кабинетін аралап келеміз. Бұл небір маңызды кездесулер мен шешуші шешімдердің куәсі болған жұмыс кабинеті сол қалпында сақталыпты. Төрдегі тұғырда Мемлекет басшысының мемлекеттік байрағы мен омырау белгісі қойылыпты. Қабырғадағы Қазақстанның үлкен картасында жер-жерлерде ашылған өндіріс орындары мен ел экономикасының ертеңін айқындайтын индустриялық даму орталықтары белгіленген. Елбасы осы жұмыс бөлмесінде отырып, тәуелсіз Қазақстанның 2030 жылға дейінгі стратегиялық даму жолын айқындаған.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: “Егемен еліміздің мәдени өмірінде мұражайлардың орны айрықша. Тарихымызды терең зерттеп, оның тәжірибесінен тағылым алу. Қазақстанда патриотизм қалыптастырудың, Отанның лайықты азаматтарын тәрбиелеудің басты шарттарының бірі”, деп атап көрсеткен. Тұңғыш Президент Мұражайындағы жәдігерлер де осы тұжырымға лайық топтастырылған. Мұражайдағы еңселі үлкен зал “Тәуелсіз Қазақстан” деп аталады. Мұндағы жәдігерлер еліміздің егемендік алғанға дейінгі Елбасымен сабақтас өрбіген тарихи шежірелерінен сыр шертеді. Осында Мемлекет басшысының желтоқсан оқиғасына қатысқан жастарды ақтау Жарлығы, Нұрсұлтан Назарбаевтың 1989 жылы 22 маусымда Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы болып тағайындалған шешім, 1990 жылы елімізде тұңғыш рет президенттік институттың енгізілгені туралы Жарлық, 1990 жылы 24 сәуірде Нұрсұлтан Назарбаевтың тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті болып сайланғандығы жөніндегі шешімдер орын алған.
Осы залдағы ерекше бір көңіл аударар стендіге қойылған 1991 жылдың дүрбелеңге толы тамыз бүлігі кезіндегі оқиғалардан сыр шертетін жәдігерлер екен. Келмеске кеткен Кеңес Одағы сол бір тұста тығырыққа тіреліп, ыдыраудың аз-ақ алдында тұрған еді. Сол жылы Кеңес Одағы халық депутаттарының ІV съезі осы бір күрделі сәтте Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа ерекше үміт артып, оны Кеңестер Одағының вице-президенттігіне ұсынды. Осы жерге Елбасының халық депутаттарының сол ұсынысына байланысты өз қолымен жазылған хаты қойылыпты. Бұл хатта сол кездегі одақтың экономикалық және саяси ахуалына терең сипаттама беріліп, бұл тығырықтан шығу жолдары айқындалған. Елбасы осы хатында депутаттардың ұсынысынан неліктен бас тартатындығы жөніндегі мәселелерге де жан-жақты терең тұжырым жасаған.
“Тәуелсіздік Қазақстан” залына қойылған жәдігерлер ел егемендігінің қалыптасу кезеңінен, әлеуметтік реформалардан, Қазақстанның әлемдік қоғамдастыққа ықпалдасуынан, еліміздің экономикалық және мәдени өрлеу кезеңдерінен терең танымдық деректер береді. Келесі залға Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері қойылған. Экспозицияда еліміздің саяси тәуелсіздігінің басты атрибуттары – Ту, Елтаңба, Әнұран, Конституция қойылған. Әнұранның мәтініне Елбасының өз қолымен енгізген түзетулері ерекше әсерге бөлейді. Ұсынылған жәдігерлер мемлекеттік рәміздер авторларымен және олардың жасалу тарихтарымен танысуға да мүмкіндік береді.
“Қазақстан Республикасы: мемлекеттің қалыптасуы мен даму стратегиясының айқындалуы” атты экспозициялық бөлімге тәуелсіз Қазақстанның конституциялық-құқықтық, әлеуметтік-экономикалық және саяси реформаларының сабақтастығы және стратегиялық даму бағдарламалары топтастырылған. Сонымен бірге, осы бөлімнен Елбасының жаңа мемлекеттің қалыптасу тарихын және жаңа дәуірдегі оның даму ерекшеліктерін айқындаған ғылыми еңбектерімен танысуға болады. Осы экспозициларға қысқа ғана шолу жасап өткен әрбір адам Тұңғыш Президентіміздің туған халқы үшін, таразылы тарих үшін атқарған теңдесі жоқ еңбегін таниды.
Қазақстан және әлемдік қоғамдастық экспозициялары еліміздің қалыптасуы мен әлемнің 120-дан астам мемлекеттерімен дипломатиялық қарым-қатынастарының дамуын, республиканың сыртқы саясатының басымдықтарын ашып көрсетеді. Мұражайдағы ерекше әсерге бөлеп, елдік шежіресінен мол мағлұмат беретін бұл экспозициялық тарихи деректер ең әдемі залдардың бірінен саналатын “Алтын залда” орналасқан. Келесі кең де, көрікті залда “Атамекен” атты бөлімнің жәдігерлері шоғырланыпты. Бөлім экспозициясы Елбасының балалық шағынан бастап азамат және тұлға ретінде қалыптасу кезеңдерінен мол мағлұмат береді. Тұңғыш Президентіміздің ата-анасы пайдаланған тұрмыстық заттар, отбасылық суреттер, мектепте оқыған кезіндегі құжаттары өткен ғасырдың 40-60 жылдарындағы ел шежіресін елестетеді. Ерекше шеберлікпен жасалған “Үшқоңыр” диарамасы Нұрсұлтан Назарбаевтың туған жерінің тамаша көрінісін тұтас қалпында көз алдыңа әкеліп, “тектілік те құнарлы топырақтан туатынын” тұжырымдаған халық даналығына тәнті етеді.
Қорыта айтқанда, Тұңғыш Президент мұражайын аралаған сайын, Қазақ елінің маңдайына біткен біртуар тұлғаның салиқалы өмір жолының ерендікпен өрілген еренғайып көрінісін көрдік. Елбасының ғасырлар тоғысында, алмағайып тарих толқынында туған жері мен төл халқы үшін атқарған ұлан-ғайыр еңбегі ұрпаққа ұлағат, болашаққа тұғыр болып тұнып тұр. Тарихи жәдігерлерді санада зерделеген сайын Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың нар тұлғасы заңғарланып, биіктей түсті. Барыс бейнелі болашаққа ұмтылған еліміздің Басшысына деген құрмет пен мақтаныш көңілді кернеді.
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ, Суреттерді түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ. АСТАНА.