Тәуелсіздік • Бүгін, 09:00

Азаттықтың арқауы – әділет

30 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Азаттық төрткүл дүниедегі халық біткеннің асқақ арманы. Біздің буынға ұлтымыздың азаттық алған сәтіне куә болуды, қал-қадерінше егемендікке қызмет етуді жазыпты. 

Азаттықтың арқауы – әділет

Суреттерді түсірген – Ерлан ОМАР, «ЕQ»

Егемендіктің елең-алаң­ын­­­да еңбекке аралас­қан буын бо­дандық бұғауынан боса­ған елдің халықаралық саясат сахнасындағы алғашқы қадамына, сынаққа толы сәті­не куә болды. Басында шат­тана қуандық, елдің билігі өзіміз­ге тигеннен соң қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманда өмір сүреміз деп ойладық.  Азаттық эйфориясы ондаған жылға созылды. Әу басында  кездескен қиындықты елемедік, солай болуы керек екен деп пайымдадық. Сөйтсе, тәуелсіздік атаулы оны жариялаумен бітпейтін көрінеді.  XIX ғасырда ағылшын премьер-министрі Бенджамин Дизраэли  айтқандай, «отарланған ұлт тек тәуелсіздігін жария­лағандықтан тәуелсіз бола  салмайды». Іргелі мемлекет болуға  шекараны шегендеп, іргені бекітумен бірге,  елдің экономикалық, қорғаныс әлеуетін нығайту жолындағы жанкешті әрекет қана әлемдік аренадан лайықты орныңды алуға септеседі екен. Әрине, оған қоса мемлекеттік билік  іс жүзінде әділетті қоғам орнатуға мүдделі болуға тиіс. 

Қазіргі кезде адамзат алаң күйді бастан кешіп отырған жайы бар. Жер-жаһанның түкпір-түкпірінде қақтығыс пен соғыс өрті өршіп тұр. Соғыс біткен қалаларды қиратып, халық біткен босқынға айналды. Бұрын-соңды қақтығыс атаулы қазақ даласынан әлдеқайда алыс елдерде болып жатқандай көрінетін. Ендігі жерде іргеміз­дегі, шекаралас өңірлердегі қарым-қатынас шиеленісіп, бұрауы қатты тартылған домбыраның шегіндей серпіліп тұрған жайы бар. Ал оның Қазақ елінің экономикасына салмақ салып, ішкі-сыртқы саясаттағы бағдарымызға белгілі бір деңгейде әсерін тигізіп отырғаны белгілі. Құбылмалы кезеңде әр мемлекет өзіне одақ­тас іздеп, экономикалық тұрақ­тылығын нығайтуға барын салып бағады.

Расында да, геоясаттың қат­пар­лы да астарлы иірімдері ел­ара­лық қарым-қатынас бағы­тына ықпал ететіні белгі­лі. Ал­пауыттар көз тігіп отырған то­ғы­зын­шы территорияның төрт­күл дүниемен татулық теориясына сүйеніп, көп деңгейлі саясат ұстанатыны да сол. Ішкі тұрмыс-тіршіліктің жайы, экономиканың көрсеткіші, керек десеңіз елдегі саяси тұрақтылық көп жағдайда сыртқы ықпалға қатысты өрбитіні де заңдылық қой. Жаһандағы жай-жағдайға қарай отырып, ішкі ынтымағымызды бекемдете түсу бүгінде басты мәселеге айналды. Басқалардың қолшоқпарына айналған бауырларымызға басу айта отырып, айтақтағаннан абай болуын сабырмен ұғындырып, арандатудың қай қиырдан соғып жатқанын ашуға бой алдырмай түсіндіре білгеніміз елдік мәселеде ұпайымыздан шашау шықпауына көмектеседі.

п

«Бүгін қоғам, саяси өмір жа­ңару алдында тұр. Бұл бүгін­нен ертеңге бола салатын үдеріс емес, байсалдылықты, ба­йып­тылықты талап етеді. Елі­міз­де демократия туралы ұшқа­лақтық түсінік бар, қит етсе кө­шеге шығуға, петиция жинау, заңды сыйламайтын жағдайлар да мәдениетіміздің төмендігін көрсетеді. Байсалды болсақ қана шаңырағымызды шайқалтпай көз­деген мақсатымызға жетеміз. Қауіп әлі сейілген жоқ», деген еді кезінде ойшыл ғалым Амангелді Айталы. Сол қауіп бұлты әлі де байқалады. Демократия­лық қағидаттарды, адам құқын қоғамның негізгі темірқазығы санайтын мемлекеттің өзі жеке мүддесіне келгенде аталған құн­дылықтарды ысырып қойып, күн тәртібіне басқа мәселені шығара салады екен. АҚШ секілді дамыған мемлекеттердің қимылы осыған саяды. Оған да куә болып отырған жайы­мыз бар.

«Еліміз көпвекторлы саясат жүргізуге мүдделі. Астана Батыс пен Шығыстан мәртебелі мей­мандардың соңғы кездері жиі ат шалдырып жататыны да сондықтан. Төрткүл дүниедегі то­ғызыншы террито­рия­ның қауіп­сіздігіне бейбітшіл ұста­ны­мы ғана қалқан бола алады. Мем­ле­кет бас­шысының дипломатия сала­сын­дағы алғырлығы қысыл­таяң сәттен жол табуына сеп болып отыр. Ұрым­тал тұста ашық пікірін білдіріп, кей жер­де емеу­рінмен жеткізіп, алыптар арасын­дағы текетіресте ұлтының мүддесін әрқа­­шан алдыңғы қатарға қояды» деп жаз­­ған болатынбыз жақын­да жарық көрген «Алаң да алаң, алаң жұрт» атты мақал­а­мызда. Президенттің тереңнен ойлай­тын стратегиялық пайым-парасаты Қазақ елінің әлемдік аренадағы бейбіт­шіл мақсаттағы беделін биіктетіп, іргелі ұйымдардағы абыройын асқақтата түспекші.

Жаһандану заманында алыс-берісің де, барыс-келісің де, қауіп­сіздігің де, ақыр аяғы тәуелсіздігің де сыртқы саясатқа тіреліп тұр. «Айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызған» кезеңде байланыс жоғары деңгейге көтерілді, көлік тасымалы да қарқын ала түсті. Қазақ даласы арқылы өте­тін «Бір белдеу, бір жол» Батыс пен Шығысты жалғап жатыр. Қауіпсіздік дегенге келсек, бүгінде төрткүл дүниеге дрон атау­лы әмірін жүргізе бастады. Кім­нің дроны көк жүзінде қалық­таса, содан қуатты ел болмай тұр қазір. Осы тұрғыдан келгенде, Қазақ еліне дипломатиялық алымдылық қажет екені сөзсіз. Ресми Астананың бітімгершілік бастамаларға ұйытқы болып жүр­гені де сол.

Мемлекеттілігіне жүздеген жыл­дан асқан елдердің де қауіп­сіздігіне қатер төніп отырғаны енді ғана еңсесін тіктеп келе жат­қан Қазақ мемлекетін айрық­ша алаңдатады. Басқасын айтпа­ғанда, ядролық қарудан бас тарт­қан тұстағы берілген кепілдік те бос әңгіме күйінде қалады екен. Стратегиялық серіктестік дегеніңіз қағаз жүзінде ғана қатталған дүние болып шықты. Ең маңыздысы – геосаясатта елдік мәселенің ұтымды тұсына басымдық бере отырып, дипломатиялық ресурсты шеберлікпен пайдалана білу. Бұл бағытта Мемлекет басшысы алғырлығымен сыртқы саясаттағы міндеттерді жүйелі түрде жүзеге асырып келеді. Тәуелсіздікті ны­ғайтудың басты қадамы – бұл.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ ­Бас Ассамблеясының 80-сессия­сын­дағы Жалпы дебатта сөйлеген сөзінде: «Қазақстан ара­ағайындық және бітімгер рөлін жалғас­ты­ра­ды. Біздің таңдауымыз: үстемдік емес – тепе-теңдік, жіктелу емес – ынтымақтастық, соғыс емес – бейбітшілік» деп айтқаны әлем­дегі ахуалдың астарлы ақиқатын меңзегені. Үстемдік – қиянат, тепе-теңдік – әділет дегендегісі. Жіктелу – ұшпаққа шығармайды, ынтымақтастық – төрге оздырады. Бейбітшілік – күллі адамзаттың көксеген асқақ мұраты. Қазақ елі­нің таңдауы да осы мақсат-мұратпен астасады.

Жаһандағы қақтығыстардың дені белгілі бір ұлттың, жеке мем­ле­кеттің мүддесін алдыңғы қатар­­ға шығудан туын­дап отырған тәріз­ді. Кейінгі кездері жеке билеп-төс­теу­ге басымдық беру үрдісі белең алып, қақтығыс атаулы күшейе түсті. Іргелі державалардың бас­қа елдегі отандастарын қорғау дүр­дараздықтың сылтауына айналды. Бұл жағынан алғанда, қазақ халқының ежелден қалыптас­қан қонақжайлылық дәстүрі бар. Өткен ғасырдың 30-жылдары қазақ даласына қарай ағылған талай этнос өкілдеріне пана болды, барымен бөлісті. Соның қайтарымы ғой, Германияға көшкен неміс ұлтының өкілдері әлі күнге дейін алғысын жаудырып, туған жерін қимастықпен еске алатыны. Тіпті Берлинге бауыр баса алмаған кей­бірі қазақ еліне қайта оралып, берекелі тірлік кешіп жатыр. Басқа ұлтқа шекесінен қарай­тын кейбіреулер болмаса, Ұлы дала­ның дәмін татқандар қазақ тура­лы астам сөз айтқан емес. Бізге де ­бір­лік аса қажет. Бірлік арқылы басқа халықтардың ықыласына бөленуге әбден болады. Ал ыстық ықылас ұлтшылдық атаулыны тұсап отырады.

«Ішкі тұрақтылығы мығым, халқының әл-ауқаты үздіксіз жақ­сарып келе жатқан мемлекет еш­кімге жалтақтамай, сырты саясатын еркін жүргізе алады» деген еді кезінде мемлекет қайраткері Алтынбек Сәрсенбайұлы. Ішкі тұрақтылықтың мығым­дығы әділетті билікке байла­ныс­­ты. Әділетті қо­ғам құ­ру­­ға ұмтыл­ған ел­дің хал­қы да ынтымақшыл ­болатыны айқын.

Соңғы жаңалықтар