ПЕТРОПАВЛ. 23 ақпан. Петропавл қаласы Погодин атындағы орыс драма театрына жиналған жұртшылық алдында облыс әкімі Ерік Сұлтанов есеп берді. Бұл туралы облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлады.
Өткен жылы жалпы өңірлік өнім мөлшері 778 млрд. теңгені құрап, 3 пайызға өсуі, өнеркәсіп өндірісі жөнінен жөнінен республикада 6-орынға ие болуы, әрине, үлкен жетістік. Инвестиция тартуға айрықша назар аударылған. Петропавл қаласында өткізілген «Kyzylzhar Invest – 2014» халықаралық инвестициялық форум 800-ден астам, оның ішінде 300 шетелдік қатыcушыны тоғыстырып, 70 млрд. теңгенің 50 келісім-шарттарына қол қойылған. Нәтижесінде капиталға құйылған инвестиция 8,7 пайыз өскен.
Одан әрі баяндамашы егістік алқаптарын әртараптандыру бағытында көп жұмыстар атқарылғанын тілге тиек етті. Дәнді-бұршақты дақылдар 8 пайызға азайтылып, майлы дақылдар – 36, жемазықтық дақылдар 38 пайызға ұлғайтылған. Мемлекет тарапынан берілетін жеңілдіктер де тиімді пайдаланылып келеді. Машина-трактор паркі 17,6 миллиар теңгенің 1 220 заманауи техника бірліктерімен толықтырылған. Жасыратыны жоқ, астық сақтау қоймаларының жетімсіздігінен диқандар қауымы көп қиындық көретін. Соңғы жылдары бұл салада ірі жобалар іске асырылған. Жалпы құны 12 миллиард теңге болатын 7 элеватордың пайдалануға берілуі қосымша 279 мың тонна астық сақтауға мүмкіндік берген. Қазіргі таңда астық қоймаларының жалпы сыйымдылығы – 6,5 миллион тонна.
Е. Сұлтанов кенінен тоқталған саланың бірі – мал шаруашылығы. «Ірі қара етінің экспорттық әлеуетін дамыту» жобасын жүзеге асыру шеңберінде алыс-жақын шетелдерден лимузин, ангус, герефорд, симменталь, қазақтың ақбас сиыры сияқты ірі қара малының тұқымдары әкелініп, 1,7 мың басқа арналған 10 асылтұқымды репродуктор шаруашылық, 2 800 басқа шақталған 5 бордақылау алаңы салынған. 1 мың тоннаға жуық ет экспортқа шығарылған. «Сыбаға», «Құлан», «Алтын асық», «Ырыс», тағы басқа мемлекеттік бағдарламаларға белсене қатысып, шаруашылығын дөңгелетіп отырған ауылдықтар қатары жыл қалыңдай түскен. Осылайша агроқұрылымдардағы асылтұқымды ірі қараның үлесі 53 пайызға жетсе, мал басы 16,6 пайыздан 49,4 пайызға дейін көбейген.
Ұқсату саласы да маңызды басымдыққа ие. 2013 жылмен салыстырғанда өсімдік майын өндіру – 6,8, сүт пен кілегей – 15, сарымай – 11, құрғақ сүт 5 пайызға ұлғайтылған. Қалдықсыз өңделетін өнімдерге 623 миллион теңге бөлініп, кәсіпорындарға айтарлықтай қолдау жасалған.
Десек те, 689 елді мекеннің 292-і әлі орталықтандырылған сумен қамтамасыз етілмеген. Сол себепті бірінші кезекте сумен жабдықтауды қажет ететін 24 ауылға сапалы ауызсу тарту мәселесі өткір тұр. Осылайша жыл аяғына дейін ауылдарды орталықтандырылған сумен жабдықтауды 56,3 пайызға жеткізу жоспарланған. Бұл – ауылдықтардың 77,4 пайызы қамтылады деген сөз.
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту да – күрмеуі қиын жайттардың бірі. Есептегі 1 705 көпқабатты тұрғын үйдің 1041-і күрделі жөндеуді қажет етеді. 2011-2014 жылдары ТКШ-ны жаңғырту бағдарламасына 151 үй қатысқанымен, әлі жеткіліксіз. Жолдардың сапасы мәз емес. 3 840 шақырымы немесе 49 пайызы қанағаттанғысыз жағдайда қалып отыр. Өткен жылдан бері жолдарды жөндеуге тұрақтандыру және тұтқыр материалдарды пайдалану арқылы бұрынғы жамылғыларды қалпына келтіру әдісі қолданыла бастады.
Облыста тұрғындардың аз қамтамасыз етілген топтарын жұмысқа орналастыру және әлеуметтік қорғаудың барлық шаралары қарастырылып келеді. 2014 жылы 27 мыңнан астам адам жұмысқа орналасқан. 12 801 жаңа жұмыс орындары құрылған. Биыл тұрғындардың аз қамтамасыз етілген топтары санатындағы 6 675 адамды жұмыспен қамтуға көмек көрсетілетін болады. Білім беру саласына 37,4 миллиард теңге жұмсалғанымен, мектепке дейінгі мекемелер жүйесі 568 бірлікті құрағанымен, мектепке дейінгі 1 118 орын ашылғанымен, мектепке дейінгі балаларды тәрбиемен және оқытумен қамту 93,1 пайызды құрағанымен, апатты және үшауысымды мектептер шешімінің кешеуілдеуі ата-аналар мен оқушыларды қатты толғандырып отыр. Облыс орталығында химия-биология бағытындағы 720 орынды Назарбаев зияткерлік мектебінің құрылысы да созылып кеткен. Техникалық және кәсіптік білім беретін колледждерде дуальды оқуға көңіл аз бөлінеді. Денсаулық саласында қордаланған пробламалардың бірі – кадрлар жетіспеушілігі. Медицина ұйымдары әлі жоғары білімді 181 маманға зәру. 75 жас кадр , соның ішінде 43-і ауылдық жерлерге келгенімен, қажеттілік өтелер емес. Келешекте осы мәселені ескермей болмайды.
Баяндамашы сөзінің соңында барлық деңгейдегі әкімдер тұрғындармен 873 есеп беру кездесулерін өткізгенін, оларға 89,5 мың адам қатысқанын, екі мыңға жуық ұсыныстардың түскенін, бір мыңға жуық мәселенің сол жерде шешімін тапқанын жеткізе келіп, нақты мысалдар келтірді. Залдан жолға, ауызсуға, тұрғын үйге қатысты сауалдар көбірек түсіп, қанағаттанарлық жауаптар алынды.
Облыс әкімінің есебіне жақсы деген баға берілді. Жиынға Президент әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Гауез Нұрмұхамбетов, Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары қатысты.
Өмір Есқали.
Дерек, сурет: Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.