Қаржы • Бүгін, 08:00

Қайтқан қаражат – халық игілігіне

30 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Turkistan» газетіне берген сұхбатында «заңсыз активтерді елге қайтару арқылы әлеуметтік әділдікті қалпына келтіру – конъюнк­тура не болмаса жұрт­қа жағу үшін жасалған сая­си науқан емес, бұл мем­лекеттің мызғымас ұста­нымы» деп атап айтты. Заңсыз активтерді елге қайтару жөніндегі коми­теттің жұмысына тоқ­талған Президент олигополия өкілдерінен 1,3 трлн теңгеден астам қаржы өндірілгенін, соның 1 трлн теңгеден астамы мемлекет қазынасына түскенін жеткізді.

Қайтқан қаражат – халық игілігіне

Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

«Енді бұл шаруаны бір ор­талықтан үйлестіріп жүргізудің қажеті жоқ. Жұмыс бір қалыпқа түсті. Сондықтан алға қадам басып, инвесторлардың құқығын қорғауға баса мән беретін кез келді. Активтері күмән тудырып, күдікке ілінген адамдардың көбі қаржысын елге инвестиция ретін­де салуға ниет білдірді. Олармен жалпы сомасы бес триллион теңгеден асатын келісімдер жасалды. Бұл қаражаттың есе­бі­нен инвестициялық және әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруды жос­парлап отырмыз», деді Мемлекет басшысы.

Заңсыз алынған активтерді қайтару тақырыбы – күн тәртібін­дегі өзекті мәселе. Осыған байланысты арнайы комиссия құрыл­ғалы біраз уақыт өтті. Ведомство­ара­лық комиссия Президентке атқарылған жұмыстары туралы екі аптада бір рет баян­дап тұрады. Алайда халыққа беріліп отырған ақпарат құрғақтау. Кейінгі отыз жылда шетелге шығарылған актив­тер туралы болжамды ақпа­рат – әртүрлі. Мысалы, Қаңтар оқиғасынан кейін сол кезде Ұлт­тық экономика министрі бол­ған Әлібек Қуантыров шамамен 100 млрд доллардай ақша шекара асырылды деген еді. Ал бри­таниялық «Tax Justice Network» ұйымы 2025 жылғы есебінде бұл соманы 140–160 млрд долларға көбейтіп айтқан.

Қайтарылған активтерді басқару компаниясының cайтында 2025 жылғы 27 маусымда жарияланған дерекке қарағанда, Активтерді қайтару жөніндегі комитеттің ақпараты бойынша, бұл сома қазы­наға толық түсіп үлгермеген. Нақты түскені – 770 млрд теңге. Оның ішін­де 667 млрд теңге – ақшалай, 103 млрд теңге – мүлік түрінде.

Жалпы, шетел асып кеткен заңсыз активтерді елге қайтару – құқықтық, эконо­ми­калық, саяси аспектілерді қам­титын күрделі әрі ұзақ үдеріс. Ең алдымен, активтерді заңсыз сатып алынғанын негіздеу керек. Сарапшылар арасында жекешелендірудің заңсыз өткенін немесе активтердің қылмыстық жолмен алынғанын сот арқылы дәлелдеу керек деп санайтындардың қатары басым. Ол үшін мұқият жұмыс жүргізу қажет. Осы өлшеммен қарасақ, елге қайтқан 850 млрд теңге – тәубе дегізетін көрсеткіш.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылдың басында Конс­титу­циялық сот шешімдерін орындау және заңсыз сатып алынған активтерді мемлекетке қайтару мәселелері жөніндегі заңға қол қойды. 2025 жылғы 17 желтоқсандағы Жарлыққа сәйкес Активтерді қайтару жөніндегі комитеттің функциялары мен өкілеттіктері Бас прокуратураға берілді. Ал комитеттің өзі Инвесторлардың құқық­тарын қорғау комитеті болып қайта құ­рыл­ды. Бас прокуратураның жанынан тиісті қызмет құрылды және активтерді қай­тару институционалдық конфигурацияда жүріп жатыр.

п

Бұл ретте азаматтар, бизнес өкілдері мен бұқаралық ақпарат құралдары актив­терді қайтару фактісіне ғана емес, олар­дың кейінгі тағдырына да назар ауда­рып жатыр. Олардың қалай басқарылатыны, мемлекетке қандай нақты пайда әкелетіні де қоғам үшін маңызды. Іс жүзінде бұл мәселелер бойынша толық әрі түсінікті жауап алу оңай емес екенін осы жолы анық байқадық. Заңсыз активтерді қай­тару мен басқару ісіне бірнеше мекеме жауапты екені осыған дейін айтылды. Бас прокуратураның Активтерді қайтару жөніндегі комитетінің жұмысы активтерді мемлекетке қайтарумен ғана шектеледі. Ал қайтарылған активтерді басқару мен сату тетіктеріне қатысты сұрақ­тарға Қайтарылған активтерді бас­қару компаниясы (ҚАБК) жүйелі әрі ашық түрде түсініктеме беріп келді. Осы тақырып аясында біз Қайтарылған активтерді басқару компаниясының бас директоры Қуанышбек Мұқашты әңгімеге тартып, біраз сауалымызға жауап алдық.

Қуанышбек Мұқаш айтып өткендей, активтерді іздеу, анықтау және қайтару жұмыстарын Бас прокуратура жанындағы Комитет жүзеге асырып келді. Активтерді қайтару екі тәсілмен жүзеге асады. Соның бірі – ерікті түрде, екіншісі – өтеусіз беру туралы шарт негізінде немесе сот шешімі бойынша жүргізіледі. Осыдан кейін активтер ҚАБК арқылы мемлекет меншігіне қабылданып есепке алынады, олардың сақталуы қамтамасыз етіледі және әрі қарай сатуға дайындалады.

«ҚАБК қызметі активтерді басқару қағидаларымен қатаң регламенттелген, ал барлық операция электрондық алаңдарда жүргізіледі. Бұл тәуекелдерді барынша азайтып, адамдардың араласуын болдырмайды және үдерістердің барынша ашықтығын қамтамасыз етеді», дейді Қ.Мұқаш.

ҚАБК қызметі кезеңінде басқару­ға 71 актив (жылжымайтын мүлік, ком­паниялардағы үлестер, көлік құрал­дары және өзге де мүліктер), 196 зергерлік бұйым қабылданған. Активтердің жалпы құны 97,6 млрд теңгені құрады. 2026 жылдың 8 қаңтардағы жағдай бойынша зергерлік бұйымдарды қоса алғанда 51,3 млрд теңгеге (ҚҚС-сыз) 173 актив сатылған. Арнаулы мемлекеттік қорға 50,5 млрд теңге аударылған. «Барлығы 736 электрондық сауда өткізіліп, олардың 117 лоты табыс­­­ты іске асырылды. Сатылған активтердің жалпы көлемі мен Арнаулы мемлекеттік қорға аударылған қаражат арасындағы айырмашылық рәсімдік факторларға байланысты. Заңнамада шарттарды жасасу, сатып алушылармен есеп айырысу үшін белгілі бір мерзімдер көзделген. Сонымен қатар активтердің бір бөлігі уақытша басқаруда болып, жалға беру, дивидендтер мен пайыздар түрінде кіріс әкеледі, бұл қаражаттар қорға кезең-кезеңімен аударылады. Осылайша, қаражат ешқайда жоғалмайды, керісін­ше, заңда көзделген рәсімдерден өтіп, белгіленген тәртіппен ресімделеді», дейді Қ.Мұқаш.

Осы орайда ҚАБК жалпы құны 27,8 млрд теңге болатын 31 активті мем­ле­кеттік меншікке тапсырған. Олардың қа­та­рын­да ауыл шаруашылығы мақ­са­тын­да­ғы жер учаскелері, «Қарағанды Су» ЖШС-дағы үлес, «Қорғас» ХШЫО аумағындағы нысандар, Астана қаласындағы тұрғын үй, сондай-ақ Ұлттық музейге берілген тарихи-мәдени құндылықтар бар. Әрбір шешім заң аясында жеке қаралып, мемлекет мүддесін ескере отырып қабылданады. «Шетелде орналасқан активтерді басқару және сату сол елдің заңнамасын сақтай оты­рып жүзеге асырылады. Қазір БАӘ-де – 4 нысан, Түркияда 3 нысан сатылды. Ал Франциядағы 4 актив балансқа қабыл­дану сатысында тұр. ҚАБК арнаулы мемле­кеттік қорды барынша толықтыруға бағыт­тал­ған экономикалық тұрғыдан тиімді үлгілерді қолданады», дейді бас директор.

Қ.Мұқаштың айтуынша, Активтерді қайтару жөніндегі комитеттің Инвес­тор­лар­дың құқықтарын қорғау коми­теті болып өзгертілуі ҚАБК-ның функциялары­на әсер еткен жоқ. «Мін­­деттер нақты ай­қын­далған: комитет активтерді қайтару және инвесторлардың құқықтарын қорғау мәселелеріне жауап береді, ал ҚАБК мүлікті басқару мен оны сатуды жүзеге асырады. Басты қағидат өзгеріссіз қалады: қайтарылған әрбір актив ел экономикасына жұмыс істеуі және қоғамға нақты пайда әкелуге тиіс», дейді Қ.Мұқаш.

Ұрланған активтерді қайтару – күрделі үдеріс. Жұмыстың табысты болуының маңызды факторы – халықаралық ынты­мақтастық. Цифрландыру жүйесі әлем­ді «бір тарының қауызына» сыйдырып жіберді. Ұрланған қаражат халық­ара­лық қаржы жүйесіне түсіп, бір елден екінші елге ауысады, меншік иесін ауыс­ты­рады, шоттан шотқа аударылады. Осы саладағы халықаралық ынты­мақ­тас­­тық екі бағыт бо­йынша жүзеге асыры­лады. Біріншісі, қаржы-құқықтық рет­теу­дің ішкі режімдеріне ықпал ету. Екін­шісі, халықаралық-құқықтық және институционалдық тетіктерді жетілдіру, соның ішінде БҰҰ-ның Сыбайлас жем­қорлыққа қарсы конвенциясының сақталуын бақылау да жатады. Біздің ел 2008 жылы БҰҰ-ның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы конвенциясын (UNCAC) және БҰҰ-ның Трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа қарсы конвенциясын ратификациялады. Еуропа Кеңесінің Адам құқықтары және заң үстемдігі жөніндегі бас директоратымен бірлескен іс-қимыл жоспарын әзірлеу және орындау туралы алдын ала уағдаластықтарға қол жеткізілді.

Қаржы талдаушысы Расул Рысмам­беттің айтуынша, біздің ел бұл бағыт­қа үлкен дайындықпен келді. Заңдық база, халықаралық ұйымдармен келісім де бар. Бірақ науқаншылдығы мен құпияға бейімділігі нарықты да, халықты да алаң­дата бастады. Оның айтуынша, инвесторларды алаңдатып аламыз деген қауіпке негіз жоқ. «Үкіметтің нені бүгіп қалатынын халық жақсы біледі», дейді ол. Егер мақсат – капиталды тәртіпке келтіру, ресурстарды қайта бөлу болса, онда тексерілетіндер қатарын кеңейту арқылы тәсілді өзгерту керек.

«Шетелдік ақпарат көздері жергілікті олигархтардың шетелдегі активтерінің қаншаға сатып алғанын дәлелдейтін дерек­терді жиі жариялай бастады. Енді басқаша сөйлесек, халықаралық ұйымдар алдында ұятқа қаламыз. Тым жұмсақ келісім­дерді алып тастау керек. Бұлай жалғаса берсе, осы мәселемен айналысып отырған құзырлы ведомствалар есеп берумен айналысатын статистикалық мекемелерге айналып кетеді. Біз баршаға түсінікті ойын ережелері арқылы заңның үстемдігін қамтамасыз ете аламыз», дейді Р.Рысмамбет.

Оның айтуынша, Бас прокуратура жанындағы Активтерді қайтару комитеті заңға сілтеме жасай отырып, есімдері мен егжей-тегжейлі ақпаратты сирек айтады. Тәркіленген мүлікті басқаратын, оны сатуға жауапты Қайтарылған активтерді басқару компаниясы неғұрлым ашық жұмыс істеуге тиіс.

Жұмыс тиімділігін арттыру мақ­саты­нда әлі көп жұмыс атқару керек. Ең бас­тысы – қаражатты қайтару үдерісі біртін­деп қарқын алып келеді, яғни қоғам­ның әділдікті қалпына келтіруге деген сұранысы біртіндеп орындалып жатыр.

 

АЛМАТЫ 

Соңғы жаңалықтар