09 Шілде, 2010

БІРЫҢҒАЙ ТАРИФ ҚОЛДАНЫСҚА ЕНЕДІ

822 рет
көрсетілді
30 мин
оқу үшін
Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің шешіміне сәйкес 2010 жылғы 1 тамыздан бастап ұлттық электр торабы арқылы электр энергиясын жеткізу қызметіне барлық санаттағы тұтынушылар үшін 0,94 теңге/кВтс мөлшеріндегі бірыңғай тариф қолданысқа енеді. Электр энергиясын жеткізудің бірың­ғай тарифі бұрын қолданыста болған, яғни жеткізілген электр энер­гиясының киловатт-сағатына төленетін 0,762 теңгеден 1,216 теңгеге дейінгі 8 аймақтық тарифтің орнына енгізіліп отыр. Бірыңғай тарифке көшу Қазақстан Республикасының халықаралық Қайта құру және даму банкі (ХҚДБ) алдында­ғы электр энергиясын жеткізу тарифінің қашықтыққа тәуелділігін жою жөніндегі міндеттемесін орындауда қорытынды кезең болмақ және ұлттық электр торабының қол жетімділігін, соның ішінде Кедендік одақ шеңберінде электр энергиясын экспорттау-импортттау мен транзиттік операцияларды жүзеге асыратын субъектілердің тең құқын қамтамасыз етпек. Электр энергиясын жеткізу қыз­метіне бірыңғай тарифтің енгізілуі мен ақырғы тұтынушылар үшін электр энергиясының бағасындағы “KEGOC” АҚ үлесін ескере отырып, Алматы, Қостанай облыстары мен Алматы қаласында электр энергиясының бағасы 1-2,5%-ға төмендейді деп күтілуде, деп хабарлады “KEGOC” АҚ баспасөз қызметі. САРАЛАНҒАН ТАРИФ — АҚТАЛҒАН ӘДІС Сарапшылар энергияны ең көп тұтынатын елдердің қатарына Қазақстанды да қосып жүр. “Көп тұтыну” дегеннен гөрі “ысырап­сыз, есепсіз пайдалану” деу қи­сынға келетін тәрізді. Ең арзан  энер­гия елімізде өндіріле тұра ішкі жалпы өнімнің  энергия тұ­тынуы әлемдік  маңыздағы  орта­ша деңгейден 2,5 есе көп. Осын­дайда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан На­зар­баевтың  “электр энергиясын бар­лық жерде бірдей үнемдеуге біздің кәсіпорын­дарымыз бен азаматта­рымыз әлі кірісе қойған жоқ. Арзан энергияның сарқыла бастағанын ашық айтуға тиіспіз. Аз төлегіміз келсе, көп үнемдеу керек. Бұл әркімнің қамы болуы қажет”–деген сөздері ойға оралады. Иә, бүгінде  энергия тиімділігі мен энергия үнемдеу мәселесі әлемдік маңызға ие болып отыр­ғаны жасырын емес. Солтүстік Қазақстан облысына  жұмыс са­па­рымен  келген  ҚР Табиғи мо­но­полияларды  реттеу агенттігінің төрағасы Нұрлан Алдабергеновпен болған  алқалы басқосуда электр энергиясы және сумен жабдықтау қызметінің сараланған тарифтері, энергия тұтыну шаруашылығы, энергия үнемдеу, меншікті пай­далану шығындарын төмендету, тұрғын үй-коммуналдық  шаруа­шылықтың инфрақұрылымын жаңғырту мәселелеріне байла-нысты табиғи монополия субьек­тілері, сарапшылар және ақсақал­дар кеңесі,  қоғамдық бірлестік өкілдері  өз ойларын ортаға салып, ортақ тақырып аясында пікірлер алмасты. Кеңесті облыс әкімі Серік Біләлов кіріспе сөзбен ашып, талқыланып отырған тақырыптың маңыздылығын атап көрсетті. Жиналғандар алдында агенттік төрағасы  Н.Алдабергенов Елба­сының “Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстан­ның жаңа мүмкіндіктері” Жол­дауы бойынша  баяндама жасап,  энергия үнемдеуде  атқарылып жатқан шараларға, суды және энергияны тиімді жұмсау, инвестициялық міндеттемелерді орындауға бағытталған  сара­ланған тарифтердің ыңғайлы тетіктерін енгізу жайына кеңінен тоқтылды. Сараланған тариф­тердің тұтыну­шылар тобы бойын­ша 12 өңірге енгізілгенін,  қорытындысы көңіл көншітерлік екенін  айта келіп, нақты мысалдар келтірді. Су  арналарының кірісі—12,5  миллиард теңгені құрап, суды үнемдеу 10 пайызға жеткен.  Қабылданған түзетулерге сәйкес енді тұрғындар­дың тұтыну көлеміне орайлас­тырылған  тарифтер жүйесін енгізудің дайындық жұмыстары басталмақ. Бұл орайда  әлемдік тәжірибе жан-жақты зерттеліп,  дамыған елдерде жиі қолданылатын 3 деңгейлі саралау таңдап алынған. Ауыл шаруашылығы министрлігі су ресурстары жөніндегі комитетінің мәліметтеріне қарағанда  Су ресурс­тарының қоры шектеулі көрінеді. Мәселен, Қазақстанның жер асты су қорының мөлшері 17,4 миллиард текше метр болса, жылдық тұтыну 1,3 миллиард текше метрден асып кеткен.  Жер үсті суы да үлкен ысырапқа ие. Тұтыну көлеміне қарай суға сараланған тарифтерді қолдану орасан ысырапшылдықты азайтып,  тұтынушылардың  қаражатын үнем­деумен қатар оларды тұты­нушылық  мәдениетке де үйретеді, – деді баяндамашы. Н.Алдабергенов  энергия тұты­нуды оңтайландыру мақсатында 15 өңірде  тәулік зоналары бойынша  сараланған тарифтердің жұмыс істейтінін, оның әлеуетті әсері Алматы қаласы мен Қызылжар өңірінде ерекше сезіліп отырғанын атап өтті. Бүгінде елімізде 2 дең­гейлі  сараланған тариф қолданыл­са, бұдан былай 3 деңгейлі жүйеге  көшу қарастырылған. Электр, жылу энергиясының, газ және судың шығындарын төмендету, алдын алу шараларын қарастыру нәтижесінде  нормативтік шығындар –2,8 мил­лиард,  нормативтен тыс ысыра­п­тар – 3,9 миллиард теңгеге азай­ған.  2014 жылға қарай  шығындар көлемін 13,5 миллиард теңгеге ке­міту міндеті тұр. Жиында облыстық энергетика және коммуналдық шаруашылық мекемесінің бастығы Антон Федяев “Жол картасына” байланысты атқарылып жатқан жұмыстарды айтып берді.  Былтыр  59 жоба қолға алынып, 1,4 мил­лиард теңге жұмсалған. 50 шақы­рымдай  су, жылу, кәріз жүйелері жөнделген. Биыл бұл бағыт бойынша 2 миллиард теңге бөлініп, 32 жоба  жүзеге асырылмақ. Ол ысырапшылыққа жол берудің екі себебін жұртшылық қаперіне салды. Біріншісі, электр, жылу, су жүйелерінің 56-88 пайызының тозығы жеткен. Екіншісі,  пәтер иелері өз баспаналарын талапқа сай күтіп-ұстауға жете мән бермейді. Әлі масылдық пиғыл басым. Соның салдарынан  жылу шығыны 31,9 пайызға дейін көтерілген. “Петропавл су” АҚ президенті  Сағындық Бегалиннің үні жарқын шықты.  Оның биік мінбеден бұлайша шаттана сөйлеуіне себеп жоқ емес. Үнемі сыннан, арыз-шағымнан көз ашпайтын кәсіп­орын  өткен жылды 661 миллион теңге кіріспен аяқтаған. Сараланған тарифті енгізудің нәтижесі бұл! Мекеме жетекшісі  әлі де проб­лемалардың орын алып отырғанын жасырмады. Мысалы, айлық  еңбекақының мардымсыздығынан  тәжірибелі мамандар тұрақтай бермейді. “Солтүстік Қазақстан энерго орталығы” ЖШС  дирек­торы Еділ Көпенов  сараланған тарифтерге көшудің басты мақсаты – тұтынушыларды әлеуметтік жағынан қамтамасыз етуге және энергияны тиімді пайдалануға деген ынтасын тудыруға жұмылды­ратынын,  соған орай  44 миллион теңге экономикалық тиімділікке қол жеткізілгенін, төмен тариф сақталып қала беретінін әңгімеледі. Парламент Мәжілісі жанындағы қоғамдық палатаның мүшесі,  пәтер иелері кооперативі ассоциа­циясының төрағасы Сергей Худяков 900-ге жуық көп қабатты үйлердің  23 пайызы жарты ғасыр бұрын тұрғызылғанын,  40 пайы­зына 40-45 жыл болғанын, жылу есептегішпен 21, су есептегішпен 80 пайызы ғана қамтылғанын, берекесіздік көздерін осылардан іздеу керектігін тілге тиек етті. Қанша айтылса да, көптен бері шешілмей келе жатқан бір мәселе – Қызылжар өңірінде  электр қуаты бағасының әрқилылығы еді. 8 ауданда  бір киловатт электр қуаты 7,72 теңге болса, “Көкшетау энерго” ЖШС қамтамасыз ететін 5 ауданда 11,92 теңгені құрайды.  Бұл мекеме электр қуатын Қызылжар өңірінен алғанымен, жеткізу және тасымал шығындарын  шамадан тыс арттырып жіберетін көрінеді. Бағадағы сәйкессіздік талайлардың шымбайына батып, орынды рені­шін туғызып жүр. Тиісті ведо­моство басшылары электр қуатын арзандатудың бірнеше жолын ұсынды. Бірі 30 мегаватт  қуатты көкшетаулықтарға беріп,  жеткізу міндетін өздеріне алуды қолайлы көрсе, екіншісі жергілікті жерлерде жабдықтау жүйелерін құруды айтып,  шама келсе өз мүдделерін  көздейтіндерін аңдатып алды. Айналып келгенде,  Қызылжар өңірінен қуат алу тиімділігін ешкім жоққа шығармағанымен, жеткізу қызметін қайтадан құру жайына  ойысқанда пікір екіге жарылды. Нұрлан Шәдібекұлы  сөйлеуші­лер­дің ой-пікірлерін асықпай тыңдап алғаннан кейін  5 аудан үшін электр қуатының бағасын арзандату жолы табылғанын,  мәселені байыппен шешуді тапсырды. “Табиғи монополиялар және реттелетін  нарықтар туралы” Заңға енгізілген  өзгерістер мен толықты­руларға сәйкес алда  атқарылатын жұмыс көп. Мүдделі орындар  сараланған  тарифтер бойынша  реттеліп көрсетілетін қыз­меттерді ұсынуға, ал тұты­нушылар  өздері пайда­ла­нылған қызметтерге  уақ­тылы әрі толық түрде ақы төлеуге міндетті. Стратегиялық іс-ша­раларды іске асыру барысында  агент­тік инвес­тиция тарту есебінен де  қызмет сапасын  жақсартуды мақсат етеді, –дей келіп, Н. Алдабергенов  Солтүстік Қазақстан облысының энергия үнемдеу тәжірибесін қолдап, оң баға берді. Өмір ЕСҚАЛИ, Солтүстік Қазақстан облысы. ЭЛЕКТР ЭНЕРГЕТИКАСЫ ДАМЫТЫЛАТЫН БОЛАДЫ Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың тапсырмасымен Қазақстан Республикасының 2012 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспары ел экономикасының электр энергиясына деген сұранысын жүз пайыз қамтамасыз етуге бағытталған. Сонымен қатар 2010-2014 жылдарға арналған индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы электр көздерін дамыту мақсатына негізделген. Аталған бағдарлама бойынша ағымдағы жылда 144 индустриялық-инновациялық жобаны іске қосу көзделген болса, бірінші жарты жылдықта 72 жоба іске қосылып отыр. Ал жалпы бағдарлама бойынша 5 жыл ішінде 320 инвестициялық жобаны іске қосу мақсаты алға қойылған. Осы мақсатқа қол жеткізу үшін энергетика мамандарына барлық индустриялық жобаларды энергия ресурстарымен және инфрақұрылымдармен қамтамасыз ету міндеттері қойылуда. Осыған орай электрэнергетика саласында 13 жобаны іске қосу көзделген. Биылғы жылдың осы уақытқа дейінгі көрсеткіштеріне қарағанда, республика көлемінде электр қуатын пайдалану көрсеткіші 41,87 млрд. квт/сағатты құрап, өткен жылмен салыстырғанда 9,7 %-ға өскен. Жинақтаушы динамикалық көрсеткіштерді сараптау бойынша 2010 жылы электр энергиясын пайдалану мен өндірудің көрсеткіші 83-84 млрд. квт/сағат болып, 8-10 %-ға өскен. Электр энергиясын пайдалануды осы қалыпта сақтап тұру үшін қысқа мерзім ішінде жұмыс атқарып тұрған электр жүйелері көлемін кеңейту қуатын арттыру, жаңа қуат басқаратын электр энергиялық объектілерін салу қажет дегенді алға тартады мамандар. Жалпы, біз электр энергиясы жайында сөз қозғағанда электр тараптарын да айналып өте алмаймыз. Электр тараптарын дамыту арнайы бағыттарға сәйкестірілген. Олардың ішінде техникалық қаруландыру, қызмет атқарып тұрған электр тараптарының құрал-жабдықтарын қайта жаңғырту қолда барды күтіп ұстау және электр өндіретін жаңа нысандар салу секілді бағыттар бар. Міне, осы бағыттар электр тораптарын дамытуда барынша ықпал етеді деп күтілуде. Қай жағынан алып қарасақ та, сала мамандарының пікірлері мен ұсынып отырған бағыт-бағдарлары жоғарыда аталған жобалардың іске асырылуында зор маңызға ие. Электр энергетикасын дамытуда кепілге қояр мүліктің болмауы еліміздің электро­энергетикалық рыногында инвестицияға деген мұқтаждықты туындатуда. Сондықтан Үкімет­тің арнайы қаулысымен осы саладағы нарық­тық қатынастардың одан әрі дамыту тұжырымдамасы әзірленген. Ол тұжырым­дамада қуат тапшылығының алдын алу мен инвестиция тарту деңгейін көтеру сынды мақсаттар да бар. Сайып келгенде мұның барлығы да отандық экономиканың дамуы жолындағы алғышарттар екені белгілі. Сондықтан да электр энергетикасы бойынша жасалып жатқан қанатқақты жобалардың жүзеге жылдам асуы еліміз үшін маңызды екені айқын. Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК. ДЕНСАУЛЫҚ ТАМЫРЫ Тәуелсіз Қазақстандағы тұңғыш мия зауыты Орал өңірінде пайдалануға берілді Елбасы қойып отырған бүгінгі кезек күттірмейтін міндеттердің бірі – Қазақстанда фармацевтика өндірісін дамыту, дәрі-дәрмек өнімдерінің елу пайыздан астамын өз елімізде өндіру. Осынау жауапты да күрделі міндеттерді іске асыру мерзімі 2014 жылға дейін деп белгіленген. Өткен сәрсенбі күні Орал өңірінде пайдалануға берілген тәуелсіз Қазақ­стандағы тұңғыш мия зауыты Елбасы тапсырмасы іске асуының жарқын бір көрі­нісі. Өйткені, Индиядан әке­лініп жабдықталған бүгінгі заманғы зауыт қондыр­ғылары арқылы жоғары сапалы дәрі өнімдері мен әр түрлі емдік препа­раттарды шығаруға болады. Сон­дай-ақ осында өндірілетін мия тамыры химия, темекі , пар­фюмерия және косметика сала­ларында да кеңінен қолда­ныл­мақ. Тұсауы кесілген инвес­тициялық жоба кластерлік бағытқа негізделген. Яғни мұнда мия өндіруді қолға алу­дан бастап, оның тамы­рын жинау, өңдеу әрі оны дайын өнім түріне жеткізуге дейінгі барлық жұмыстар бір жерде атқарылмақ. Қазақстанда әзірленген мия тамыр өнімі өзі­нің сапасы жө­нінен еуропалық және әлемдік дең­гейден кем түспейді деп күтілуде. Сарап­шы­лардың баға­лауына қарағанда, Оралдан шы­ға­рылатын мия өні­мінің өзінің кон­сентрациялық құ­рамы бойынша әлемдің сұра­ныстағы осы тектес өнім түрлерінен әжептәуір артықшылығы бар көрінеді. Экстракт және ұнтақ түрінде әзірленген мия тамырлары АҚШ пен Еуропа елдеріне экспортқа шығарылмақ. Қандай өндірістік жоба болмасын ол алғаш қолға алынған кезде оған қа­жетті шикізаттық база қоса ескерілмесе, ол жарты­кеш күйінде қалып қоятыны белгілі. Бір жақсысы  жоба автор­лары Мұрат Төле­баев бастаған “Ликорис Қа­­зақстан” ЖШС жетек­­шілері бұл мәселеге жеткілікті мән бергені байқалады. Біріншіден, Ақ­жайық өңірінің далалық алқаптарында мия жабайы түрде өзідігінен өсіп өнеді. Мамандар­дың есептеулеріне сүйенсек, осы қордың өзі мия зауытын шикізатпен толық қамтуға жетеді екен. “Ликорис Қазақстан” ЖШС иелігіне қарасты 5 мың гектарды  құрайтын алқаптың өзі зауыттың толық қуатында жұмыс істеуіне мүмкіндік береді екен. Жаңа өндіріс ошағында екі жүзге тарта адам тұрақты және маусымдық жұмыстарға тартылмақ. Екіншіден, болашақ өндіріс иелері алдын-ала жасалатын маркетингтік зерттеулерге жол ашпаса, оған жеткі­лікті мән бермесе, өз өндірістерін орта жолда құлатып алулары ғажап емес. Бұл тұрғыда да жоба авторла­рының құнттылығы сүйсіндірмей қоймайды. Олар мия тамырын өңдеу ісіне кіріспес бұрын оның тарихы мен техно­логиясына, мия өсетін аудан­дардың өнім беру мүмкіндіктеріне, одан жасалатын дәрілік заттардың қажеттілігіне, басқа елдердегі мия өндірісінің жәй-күйіне зерттеулер жүр­гізіпті. Үндістан, Жапония, Еуроодақ елдеріндегі маман-ғалымдармен пікірлесіп, оның тиімділігіне көз жеткізген соң ғана жобаны іске асыруды қолға алыпты. Әлемдік нарықта жылына жүз мың тонна мия тамыры өңделеді екен. Қазақстандық зауыт жылына үш мың тонна өнім шығаруды көздеп отыр. Бұл отандық өндіріс ошағы әлем нарығының үш пайызын құрайды деген сөз. Сөз соңында аталған нысан “Еге­мен Қазақстан” газетінің назарында болғанын, жобаны жүзеге асырудың бас кезінде орын алған қаржылық кедергілер жөнінде мәселе көтергенін де айта кеткенді жөн санаймыз. Әрі газет сөзіне құлақ асқан барлық мүдделі қаржылық ұйымдарға риза­шы­лығымызды жеткізгіміз келеді. Жобаның жалпы құны 558 мил­лион теңге. Ол “ҚазАгро” ұлттық холдингі мен Қазақстан даму банкісі арқылы қаржыландырған. Мұның сыртында меншік иелері жұмсаған қаржының құны 59 миллион теңге көлемінде. Түйіп айтқанда, Қазақ­станда баламасы жоқ мия зауыты өндірісі Елбасы қойған талаптар үдесінен шығатынына, сөйтіп елге қажетті дәрі-дәрмек өндірісін өркендетуге тиісті үлес қосатынына сенім мол. Темір ҚҰСАЙЫН, Батыс Қазақстан облысы. АЛМАНЫҢ ОТАНЫ – ҚАЗАҚ ЖЕРІ Оксфорд университетінің биолог ғалым­дары жаңа технологиялар арқылы алманы ДНК-ға тексерген кезде, аталмыш жемістің жеуге жарамды қазіргі түрі ең алғаш рет қазақ жерінде, атап айтқанда, Қазақстанның таулы аймақтарында пайда болғанын анықтапты. Бұл жаңалық биология саласына едәуір өзгерістер әкеліп отыр. Себебі, ғалымдар бұрындары ал­маны әртүрлі өсмдіктер мен жемістердің будандасуынан пайда болған деп жорамалдай­тын. Ал соңғы өзгеріс нәтижесінде жер бетін­дегі алмалардың қазақ алмасынан шыққаны толық дәлелденіп отыр. “Алма ағаштың гүлін­дей-ау, текеметтің түріндей-ау” деп халқымыз ән-жырға бекер қоспаған екен. Күнделікті асымызға пайдаланатын картоп ең алғаш рет Америка құрлығынан шыққанын елдің бәрі білсе де, апорттың Отаны қазақ жері екендігі ғылымдағы тосын жаңалықтардың бірі болып отыр. “Алма тарихы” кітабының авторы Бэри Джунипердің пікірінше алмаларды қазақ жерінен әлемнің түкпір-түкпіріне таратқан кәдімгі аюлар. Жемістің ең ірілерін таңдап алып, басқа жаққа ауған кезде олармен бірге дәндері қалып кетіп отырған. Тарихта бұған дейін Сиверс алмасы атымен белгілі алма ағашы Қазақстанның Тарбағатай, Жоңғар Алатауы, Іле, Қырғыз Алатаулары мен Қаратау­дың бөктерінде қалың орналасыпты. Кезінде осы Сиверс алмасын жергілікті кішкентайлау тәтті алмалармен будандастыру арқылы Алматының апорт алмасы пайда болған екен. Тарбағатай жерінде Cиверс алмасын арнайы тапсырыспен өсіруші, мықты күзетпен қорғалған арнай үш ботаникалық бақ бар. Бұл жерде “Семей орманы” мемлекеттік орман таби­ғи резерватына қарасты Тау-Дала филиа­лының Үржар орман шаруашылығы орналас­қан. Үржар Шығыс Қазақстанды Жетісумен жалғайтын өңір. Жергілікті жердің табиғаты керемет. Жұмақтың төрі дерсің. Орман жерінің қыр-сырын қаламгерлер қауымға орманшы Ережеп Темешов барын сала түсіндіріп келеді. –Сиверс алма ағашы орыс ботанигі, дәріханашы Иван Сиверсовтың құрметіне қойылған. Тарбағатайдың әсем табиғатын аралай келе ол әдемі, ірі әрі тәтті алмалары бар алма ағашына назар аударады. Осыдан 200-дей жыл бұрын, 1793 жылы Сиверсов осы ірі алманы суреттеп, зерттеп жазып кетеді,–деп бастады ол әңгімесін. Әлемнің барлық ғалым­дары алманың осы түріне ерекше қызығушы­лық танытып отыр. Атақты академик Аймақ Жанғалиев келіп, ұзақ жылдар бойы осы алманы зерттеді. Американың ботаниктері мен биологтары бірнеше рет экспедициялық сапармен келіп, біздің тауларымыздағы табиғи алмаларға таңданып кетті. Олардың пікірінше, Сиверс алмасын болашақта алманың дәмін жетілдіру үшін пайдалануға болады. Олар тұқым алу үшін өздерімен бірге қазіргі алмаларымызды алып кетті. Алма ағашының бұта тамырларын да аналық бас шығару үшін сұрап алды. Америкалықтар тіпті деректі фильм де түсіріпті. Олардың зерттеу нәтижелері бойынша белгілі ғалым Аймақ Жанғалиев Алатаудағы алмалардың сорттарын жақсарту жөнінде бір­қатар ұсыныстар енгізеді. Мәселен, Алатаудағы бұрын қалың өсіп, қазір жойылып кеткен алма ағаштарының орнына Сиверс алма ағашының көшетін отырғызып, тұқымын сеуіп біраз еңбектенсе Алматының байырғы алмалары, апорттары қайтадан жаңғырары сөзсіз екен. – Ал тұқымы бізден алынған Сиверс алма­сы жойылып кетпесі анық. Бұл алма қазірде әлемнің түкпір-түкпіріне тараған, тіпті про­биркада да сақталу мүмкіндігі бар. Сондай-ақ, ғылыми көзқарас бойынша алма өзі ең алғаш табиғи түрде өсіп-өніп шыққан жерде неғұрлым жақсы сақталады, – дейді Ережеп аға. Сиверс алмасы дегеннен гөрі “қазақ алмасы” немесе “жұмақ алмалары” деген ат қойып, бренд жасап, өзімізде өндірілетін шикізат, ішкі тауар ретінде шетелге неге экс­порттамасқа?Арнайы пиар-компания ұйым­дастырып, осы саладағы бизнесті өркендетсе ше, – деп сұрадық байырғы орманшыдан. Орманшының айтуынша, осы арнайы тапсырыспен өсірілетін жерлерде қышқыл алманы жақсы көретіндерге арналған Сиверс алмасын өсіру ғана жолға қойылған. Бұл жер қорғаулы болғандықтан, табиғат аясында өндіріс орнын жасауға тыйым салыныпты. Сондай-ақ, Үржардың орталығынан 22 шақырым жерде ауданы үш жарым гектар жер болатын жеміс бағы бар екен. Ғалымдар алманың түр-түрін жер бетіне қазақ жерінен таратқан аюлар деп отыр, бұл жақта аюлар қалай, бар ма, деп сұрадық Ережеп ағадан табиғатты қорғау тақырыбына қарай ауысыңқырап. “Иә, аюлар бар. Екі аю ылғи мені көреді, мен оларды байқаймын. Еттері үйреніп алғаны соншалық, олар тіпті менен жасырынбайды да. Иіс арқылы сезіп, таниды ғой деймін. Себебі бөтен адамның көзіне олар мүлде түспейді. Егер жас балалы ұрғашы аю болмаса. Ондайлары адамға шабуылды тікелей бастайды. Артқы екі аяғына тұрып алып, қарсыласы қашып кетсін деп, қорқытып, үркіте бастайды. Соған көне салу керек. Қашып кетсеңіз соңыңыздан қуып, ізіңізге түспейді. Алмаларды жеуге маралдар да келеді. Бұл олардың сүйікті асы. Өте секемшіл, сирек кездесетін аң түрі ғой. Біз оларға жағдай жасауға тырысамыз. Олар қыста біз дайындаған дастарқаннан дәм татып, біз дайындаған жем-шөп, жапырақ, тұздарды жеп кетеді. Ал жазда оларға шөп те, түрлі өсімдік те жеткілікті”. Ережеп аға орман туралы әңгімені беріле баяндайды. Олай болмағанда ше, жұмақтың төріндей жер шіркін, біраз қаражат берілсе құлпырып кетер-ақ еді. Орманшылар қызыл кітапқа енген жабайы күркетауық, бүркіт, шағала сияқты аң-құстардың осы жаққа қарай қоныс аудара бастағандығын байқап қалыпты. Байқап отырсақ, алма тек адам баласына ғана емес, аң-құсқа да қажет екен. Бұл өңірде қабан, борсық, қоян, түлкі, жабайы қаз, үйректердің молдығы аңшылардың қанжығасын майлы етеді. Тамыздың аяғынан қарашаның ортасына дейін аң аулау уақыты. Орманшыларға осы кезде жұмыс та көбейеді. Аң атуға рұхсат қағаз алғандарға, оның ережесін түсіндірумен қатар, өрт қауіпсіздігінің де талаптарын ұғындыруға тура келеді. Осы ретте орманшылар Ережеп Темешов, Қалдыбек Сәрсембаев, көмекшілері Андрей Құрманбаев, Болат Еділбаев, Ерлан Лауенов, Шыңғыс Гереевтардің еңбегі айрықша. Осы адамдар халық арасында табиғатты қорғау жөнінде жүргізген үгіт-насихат жұмыстарына орай, жергілікті тұрғындар да орманды отамауға, алма ағашын бүлдірмеуге тырысады. Үржар кезінде Қазақстанның кіші Швейцариясы атанған жер болатын. Бұл жердің Семей орманындағы өзге бөліктерінен бір ерекшелігі мұнда қарағай жоқ, дегенмен алма ағаштары, қайың, тал-терек, қарақат, қарағаш, долана дейсіз бе, толып жатқан жеміс-жидек ағаштары өте көп. Дәрі-дәрмектік шөп түрлеріне тұнып тұрған өлке. Соңғы тоғыз жылдан бері қарай орманшылар орманды өз көліктеріне мініп, күзетеді екен. Жарқыраған асфальт жол емес, таулы, үстіртті аймақ. Көлігің бұзылса өзің жөндеуге тура келеді. Кей жерлерге атпен де барып қайтады. Сондықтан да 7183 гектар жерді қорғау үшін бюджет тарапынан көлік берілсе жақсы болар еді дейді олар. Жердің қара топырағының құнарлылығы ерекше. Үржардың алма ағаштарының гүлденіп, жерінің көркейе түсетін мезгілінің ауылы алыс емес екендігіне сенгің келеді. Жалпы, Семей орманы мемлекеттік орман табиғаты резерватына қарасты осы Тау-Дала филиалында ғана орман өртенбей, оталмай орнында сақталуда. Бұл тәжірибе Қазақстандағы өзге де орманшыларға үлгі болғаны жөн сияқты. Раушан НҰҒМАНБЕКОВА. АУЫЛДАҒЫ  ЖАҢА  ЗАУЫТ Мемлекет басшысының  биыл­ғы Жолдауымен 2010-2014 жыл­дарға арналған индус­трия­лық-инновациялық даму бағдар­ламасын жүзеге асыру тапсырыл­са, жетісулықтар жыл басынан бері осы бағыттағы жұмыстарын жүйелі жүргізіп келеді. Нәти­же­сінде жер-жерде жаңа кәсіпорын­дар іске қосылып, жаңа жұмыс орында­рының ашылуы отандық өнім шығаруды жүйелестіре бас­тады. Оған қажетті шикізат көз­дері де тиімді игерілуде. Соның дәлелі іспеттес Астана күні ме­рекесі қарсаңында Іле ауданының Чапай ауылындағы “Сарыбұлақ” ЖШС-нің ұйытқы болуымен майбұршақ дақылын өңдейтін жаңа зауыт іске қосылды. Бұл биылғы жарты жылдықта индустриялық бағыт бойынша пайдалануға берілген жоспарлы 6 жобаның бірі. Зауыт майбұршақ дақылын ғана  емес, рапс пен жү­ге­рі өнімдерін де өңдеуден өткізуге негізделген. Осы арқылы ол шаруа қожалықтарының жұмысын өрістетуге елеулі септігін тигізеді. Аталған өндіріс орнының қуаты –  жылына 55 000 – 75000 тонна аралы­ғында өнім шығаруға жетеді. Зауыттың толыққанды жұмыс істеуіне 825 млн.теңге қаржы жұмсалған. Құрылыстың сапалы орындалғаны да бірден көзге түседі. Мұндағы құрал-жабдықтар мен құрылысқа қажетті қаражат кәсіпорынның өз есебінен жұмсал­ған. Қазіргі кезде зауытта 60-тан астам ауыл тұрғындары  тұрақты жұмыс тапқанына қуанышты. Жаңа кәсіпорынның ашылуы­на облыс әкімі Серік Үмбетов қа­ты­сып, Елбасының индустрия­ландыру бағытындағы тапсырмасы өз тиянағын тапқанына ризашылық білдірді. Сонымен қатар бұл игілікті шараның Астананың мерекесімен тұспа-тұс келуі де жақсы  нышан екеніне тоқталды. Бүгінде облыс бюджетінің қомақты бөлігін толтырып жүрген ілеліктердің ертеңгі күнге деген сенімі берік. Мұны сондай-ақ, 160 мың халқы бар табыскер ауданның Елорда мерекесіне арнаған өзіндік тартуы деп бағалаған орынды” деді. Серпінді жобалардың қатарын­да орындалған өрнекті жұмыстың басы-қасында жүрген жаңа зауыт басшысы Жеңіс Жексенбіұлы сөйлеп, кәсіпкерлерге деген қолдау мен сенімге алғыс білдірді. Елді индустрияландыру бағытына ұжым­ның қосқан үлесі осы кәсіп­орынның ашылуымен айшық­талатынын атап айтты. “Дипломмен – ауылға” ша­қыруымен жоғары оқу орнын бітіріп, өзі туып-өскен елді мекенге жұмысқа келген Әлфия Рахимова және басқа мамандар кәсіпорын­ның ертеңі үшін жастық жалын­дарын жұмсайтынын өз сөздерімен анықтап өтті. Зауытты жеткілікті шикізатпен қамту жағы да оң шешімін тапқан. Аудандағы шаруа қожалықтары биыл жоғарыда аталған дақылдарды көптеп өсіріп отыр. Өңірде 27 мың гектарға майбұршақ дақылы егілсе, көршілес Жамбыл облысының диқандары да осынау бағалы өнім­нің егістік көлемін едәуір ұлғай­тыпты. Демек, кәсіпорынның та­бысы таситын сәт алда деуге болады. Күмісжан БАЙЖАН, Алматы облысы. Орталық мемлекеттік органдардың интернет-сайттары Қазақстан Республикасының Үкіметі          www.government.kz Ішкі істер министрлігі       www.mvd.kz Қорғаныс министрлігі      www.mod.kz Қоршаған ортаны қорғау министрлігі         www.eco.gov.kz Білім және ғылым министрлігі       www.edu.gov.kz Сыртқы істер министрлігі               www.mfa.kz Денсаулық сақтау министрлігі      www.mz.gov.kz Көлік және коммуникация министрлігі      www.mtk.gov.kz Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі               www.enbek.gov.kz Қаржы министрлігі           www.mіnfіn.kz Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі              www.mіnplan.kz Әділет министрлігі             www.mіnjust.kz Төтенше жағдайлар министрлігі   www.emer.kz Мәдениет министрлігі      www.sana.gov.kz Байланыс және ақпарат министрлігі                                                           www.bam.gov.kz Ауыл шаруашылығы министрлігі                www.mіnagrі.kz Экономикалық даму және              www.mіnplan.kz сауда министрлігі - Туризм және спорт министрлігі    www.mts.gov.kz Мұнай және газ министрлігі          www.memr.gov.kz Статистика агенттігі                            www.stat.kz Жер ресурстарын басқару агенттігі                                        www.auzr.kz