Коллажды жасаған – Амангелді Қияс, «EQ»
Іс-шараға аталған институттың басшылығы мен ғылыми қызметкерлері, сондай-ақ Қазақстан қоғамдық даму институтының делегациясы қатысты. Кездесу пәнаралық диалог форматында өтті. Заңгерлер мен қоғам қайраткерлері ана, әке мен баланы қорғауға, сондай-ақ некенің конституциялық мәртебесіне қатысты ұсынылған баптардың тұжырымдамаларын егжей-тегжей талдады.
Пікірталасты аша отырып, Заңнама және құқықтық ақпарат институтының директоры, заң ғылымдарының докторы, профессор Индира Әубәкірова конституциялық реформаларды ғылыми пысықтаудың стратегиялық маңыздылығын атап өтті.
«Жаңа Конституцияның жобасы – жай ғана жаңартылған нормалар жиынтығы емес, бұл мемлекеттілігіміз эволюциясының жаңа кезеңінің көрінісі. Бүгін заңгерлер мен әлеуметтанушылардың күш-жігерін біріктіре отырып, конституциялық новеллалардың заңдық тұрғыдан мінсіз және өміршең болуы үшін жұмыс істеп жатырмыз. Біз отбасылық құндылықтарды қорғайтын нормаларға ерекше назар аударамыз. Өйткені отбасы – қоғамның табиғи және іргелі ұясы. Біздің міндетіміз – мұндай институттарға заманауи сын-қатерлер мен халқымыздың дәстүрлеріне жауап беретін сенімді конституциялық кепілдік беру», деді институт директоры.
Өз кезегінде ҚҚДИ басқарма төрағасы Жұлдызай Ысқақова реформалардың әлеуметтік өлшемінің маңыздылығына тоқталды.
«Конституция азаматтардың үмітімен үндесуге тиіс. Заңнама институтымен бірлескен жұмыс құқықтық тұжырымдарды қоғамның нақты сұраныстарымен үйлестіруге, жеке тұлғаның құқығын қорғау мен ұлттың мәдени кодын сақтау арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», деді Ж.Ысқақова.
Сондай-ақ Қазақстан қоғамдық даму институты Отбасы және гендерлік саясат саласындағы зерттеулер орталығының басшысы Ақнұр Иманқұл да ойын ортаға салып, отбасы және гендерлік саясат төңірегіндегі зерттеулер туралы айтты.
«Конституциядағы 30-баптың 2-тармағына қатысты көптеген пікір туындап жатыр. Дегенмен де біздің елде отбасын институционалдық тұрғыдан түсіну басым. Яғни институционалдық түсіну дегеніміз – ата-анасы, балаларынан тұратын классикалық түсініктегі отбасы. Біз 2023 жылы 3 мың адамды қамтыған зерттеу жүргіздік. Онда ата-аналарға балаларына қатысты сұрақтар қойдық. Яғни «Сіздер болашақта балаларыңыздың білім алғанын, өзін дамытқанын, отбасын құрғанын қалайсыз ба?» деген сұрақтарға жауап іздедік. Сонда респонденттердің басым бөлігі бірінші кезекте балаларының отбасы құрғанын қалайтынын айтты», дейді А.Иманқұл.
Сонымен қатар оның айтуынша, ата-аналар балаларының дәстүрлі емес құндылықтардан да аулақ жүргенін қалайды екен.
«Балаларыңыздың басқа ориентациядағы адамдармен бірге тұрғанын қалайсыз ба?» деген де сұрақ көтерілді. Бұл мәселе қоғамымызда отбасы институтын дәстүрлі тұрғыда түсіну әлі де басым екенін көрсетеді. Яғни дәстүрлі емес қатынастарға қатысты қоғамдық айыптау көзқарасы сақталып отыр. Мұндай құбылыс – кез келген қоғамның дәстүрлі отбасылық модельден заманауи қоғамдық қатынастарға өту кезеңінде байқалатын заңды тенденция. Бұл үдеріс бірден емес, ұзақ уақыт аралығында қалыптасады. Сондықтан дәл қазіргі кезеңде Конституциямызда құнды бағдарларды айқындайтын, ертеңгі күні еліміз, отбасымыз қандай болатынын бағдарлайтын ұстанымдарды бекіту маңызды. Осы тұрғыдан алғанда, Ата заңға аталған екінші тармақты енгізу ең оңтайлы шешім деп есептеймін», дейді А.Иманқұл.
Жиын барысында Заңнама және құқықтық ақпарат институтының жетекші ғылыми қызметкері, заң ғылымдарының кандидаты Гүлмира Нубаева, осы институттың аға ғылыми қызметкері, PhD Таңат Нұрғазиев, институттың ғылыми қызметкері Арман Батраханов, өзге де қызметкерлер сөз сөйлеп, шаңырақтың шырқына, Отанның амандығына қатысты ғылымға негізделген ойларын бөлісті.