Қоғам • Бүгін, 08:45

Қаржы алаяқтарына – тосқауыл

10 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Кейінгі уақытта телефон арқылы жасалатын алаяқтық көбейіп, жеке шот арқылы жүретін күмәнді ақша айналымы артты. Осыған байланысты қаржы реттеушілері бақылауды күшейтіп, жаңа талаптар енгізді.

Қаржы алаяқтарына – тосқауыл

Ең әуелі банктерге күмәнді операция­ларды уақытша тоқтату құқығы берілді. Егер клиент алаяқтардың психологиялық қысымымен ақша аударуға әрекет жасап, банк ескертуін елемесе, операция 24 сағатқа дейін тоқтатылуы мүмкін. Ұлттық банк төрағасының бұрынғы орынбасары Берік Шолпанқұлов бұл тетіктің мәнін былай түсіндірген еді: «Егер адам өзгенің ықпалына түсіп, алаяқтарға қаражат аударса, банк операцияны уақытша тоқтатып, клиентті бөлімшеге шақыра алады. Мұндай жағдайда азамат банкке жақын туысымен бірге келуі керек. Туысы оның әрекетінің саналы екенін растауға тиіс. Бұл шара эмоцияға беріліп, асығыс шешім қабылдаудың алдын алуға бағытталған. Себебі алаяқтар көбіне адамның қорқынышын, абыржуын пайдаланып, өз пайдасына қарай шұғыл шешім қабылдатуға тырысады».

Ұлттық банк тағы бір өзекті мәселеге назар аударды. Кейінгі уақытта төлем карталарын заңсыз бұғаттау арқы­лы жасалатын телефон алаяқтығы жиі­ле­ген. Қаскүнемдер азаматтардың жеке дерек­­терін фишингтік сайттардан, қоғамдық орындар­дағы сауалнама­­лар­дан, әлеуметтік желі­лерден немесе маркетплейс­терден жинайды. Сол мәліметтерді пайдаланып, қаржы ұйым­да­рының байланыс орталығына клиенттің атынан хабарласады да, карта жоғалды деген жалған ақпарат береді. Банк бірден картаны бұғаттайды.

Кейін алаяқтар азаматқа өздері қоңы­рау шалып, өзін банк қауіпсіздігі қыз­метінің немесе құқық қорғау органда­­рының қызметкері ретінде таныстырады. «Картаны қайта ашу» немесе «ақшаны қауіпсіз шотқа аудару» деген сылтаумен хат арқылы келетін кодтарды, интернет банкинг құпиясөздерін немесе CVV, CVC кодтарды сұрайды. Мұндай жағдайда асығыстыққа бармай, алдымен картаның артқы бетіндегі немесе мобильді қосымшада көрсетілген ресми нөмір арқылы банкке хабарласып, мән-жайды анықтап алу керек.

Бұдан бөлек, банкомат маңында жасалатын алаяқтық та бар. Қаскүнемдер «картам бұғатталды», «бүлінді» немесе «лимит асып кетті» деп үшінші тұлғаларға ақша аударуға көмектесуді сұрайды. Бұл – дропперлік әрекет және заңға қайшы. Дропперлік дегеніміз – өз шотың арқылы бөгде адамдардың қаражатын өткізуге көмектесу. Ол үшін сыйақы уәде етілуі мүмкін, бірақ жауапкершілік азаматтың өзіне жүктеледі.

Қаржы реттеушісі азаматтарға банк кар­тасын ешкімге бермеуді, оның дерек­терін жария етпеуді, белгісіз адамдарға ақша аудармауды ескертеді. Қаржы ұйым­дарының қызметкерлері ешқашан SMS-код немесе құпиясөз сұрамайды. Олар мобильді құрылғыға қашықтан қол жеткізуге арналған қосымшаларды орнатуды талап етпейді. Ұлттық банк қызметкерлері аудио немесе бейне қоңы­рау шалмайды, жеке тұлғалардың шоттарына қызмет көрсетпейді, инвес­тиция­лық қорларға ақша салуды ұсын­­байды, қаражатты сақтандырумен айна­лыс­пайды, халықпен тікелей есеп айырысу жүргізбейді. Егер азамат алаяқтық әрекетке тап болса, құқық қорғау органдарына ресми түрде арыз бергені жөн.

Қазір қауіпсіздікті күшейту үшін автоматтандырылған тексеру жүйелері де енгізіліп жатыр. Мысалы, Kaspi.kz компаниясында қауіпсіздік жүйесі күмәнді операцияны анықтаса, мобильді қосымша арқылы қоңырау шалуы мүмкін. Бұл әдеттен тыс аударым немесе сатып алу жағдайында іске асады. Сондай-ақ Kaspi дүкенінде тапсырысқа қатысты сұрақ­тар­ды нақтылау үшін қосымша арқы­лы аудиоқоңырау жасалуы мүмкін. Хабар­ламада дүкеннің атауы мен тауар көрсе­ті­леді.

Бақылау тек алаяқтықпен шектелмейді. Жеке тұлғалардың карталарына тұрақты түсетін аударымдарға да назар аударылып отыр. Егер бір шотқа қатарынан 3 ай бойы ай сайын 100 одан да көп әртүрлі жіберушіден ақша түссе, мұндай операциялар күдікті деп танылуы мүмкін. Аударымдарға алдымен банктердің өзі талдау жүргізеді. Олар төлем мақсатын көріп, операция сипатын бағалайды. Егер қаражат жиі әрі әртүрлі адамдардан түсіп, түсіндірмесіз аударылса, банк жасырын кәсіпкерлік қызмет бар деп күдіктенуі кәдік. Ондай жағдайда клиент қаражаттың қайдан, не мақсатта түскенін түсіндіруі керек. Ал өз шоттары арасындағы аударымдар, мысалы картадан депозитке немесе керісінше ақша аудару – кәсіпкерлік қызметке жатпайды әрі күшейтілген бақы­лауға алынбайды.

Кеңсе қызметкерлері арасында туған күнге немесе басқа да ортақ іс-шараға ақша жинау дәстүрі бар. Мұндай аударымдар «жасырын кәсіпкерлік қызмет ретінде қарастырылмай ма?» деген сауал көптің көкейінде тұр. Бұл мәселеге жауап берген Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов­­­­тың айтуынша, барлық мобильді аударым жүйеде көрініп тұрғанымен, оның бәрі күдік туғыза бермейді. Мемлекет тұрмыс­­­­тық немесе ұжымдық мақсатта ақша жи­­науға шектеу қойып отырған жоқ. Яғни әріптестер арасында туған күнге немесе ортақ іс-шараға жиналған қаражат үшін ешкім жауапкершілікке тартылмайды.

«Біз бұл сұрақты бірнеше рет түсін­дір­дік. Егер бір адамға ай сайын қата­­ры­нан 3 ай бойы 100 түрлі адамнан ақша түсіп отырса, бұл тұрақты табыс деп саналып, күдік туғызады. Себебі бір адам ай сайын әріптестерінен туған күнге немесе басқа шараға ақша жинай бермейді ғой. Ал егер адам әріптестерінен бір рет ақша жинаса, екінші рет тағы бір ортақ мақсатпен жинаса, ол жүйеде көрініп тұрады, оған еш­қандай шара қолданбаймыз. Ал егер азамат тауар сатып, әртүрлі адамдардан жүйелі түрде ақша алып отырса, оны да жүйе­ден көреміз. Бірақ осындай факторлар анықталған күннің өзінде бірден айып­пұл салып, тексеріс жүргізбейміз», дейді Е.Біржанов.

Демек, мәселе – ақша көлемінде емес, оның картаға тұрақты түсуінде. Бір реттік, түсінікті мақсаттағы аударымдар мәселе тудырмайды. Ал ай сайын көп адамнан қайталанып түсетін қаражат кәсіпкерлік белгісі ретінде қаралуы мүмкін. Вице-министр бұған дейін салық органдарында әр азаматқа қатысты цифрлық қаржы картасы бар екенін де айтқан болатын. Онда түрлі мемлекеттік базалардан жиналған мәліметтер сақталады. Адамның табысы, шығысы, қаржылық операциялары осы жүйе арқылы салыстырылып отырады. Демек, кеңседегі дәстүрлі ақша жинау қалыпты тәжірибе болып қала береді.

Соңғы жаңалықтар

Қайтарылған активтің игілігі

Аймақтар • Бүгін, 08:40