Саясат • Бүгін, 07:55

Қазақстан – Сербия ынтымақтастығы: Саяси диалогтен – нақты жобаларға

0 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Ақордада елімізге ресми сапармен келген Сербия Президенті Александр Вучичті салтанатты қарсы алу рәсімі өтті. Мемлекеттер басшылары бір-біріне делегация мүшелерін таныстырды. Құрмет қарауылы ротасының бастығы рапорт берген соң, екі елдің әнұрандары шырқалды.

Қазақстан – Сербия ынтымақтастығы: Саяси диалогтен – нақты жобаларға

Суреттерді түсіргендер – А.Дүйсенбаев, Е.ҮКІБАЕВ

Жоғары деңгейде өткен келіссөздер

Содан кейін Қазақстан мен Сербия президенттері келіссөз залына барды.

– Біз Сербияны Еуропа­­дағы маңызды стратегиялық серік­­тесі­міз санаймыз. Бірқатар ба­ғыт­та, әсіресе, экономикалық, мә­дени-гуманитарлық салалар­дағы ықпалдастығымызды ны­ғайту үшін көп жұмыс атқар­дық. Астана мен Белград арасында тікелей әуе рейсі ашылды. Сауда қатынастарымыз табыс­ты дамып келеді. Қазақстанда 60-тан аса сербиялық компа­ния же­місті еңбек етіп жатыр. Негізгі халықаралық мәселелер бо­йынша ұстанымдарымыз ортақ. Сондықтан екі ел арасындағы ынтымақтастықтың берік әрі тиімді іргетасы қаланды деп ойлаймын. Сіздің сапарыңыз достық қарым-қатынасымызға тың серпін беру тұрғысынан өте маңызды екеніне сенімдімін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Александр Вучич Қазақстанға ресми сапармен келгеніне қуанышты екенін айтты.

– Қонақжайлық танытқаны­ңыз үшін ризашылығымды білдіремін. Сіздің пікіріңізбен толық келісемін, елдеріміз арасында шынайы стратегиялық қарым-қатынас орнаған. Сіздің қолдауыңыздың арқасында сауда-экономикалық байланыстарымыз жоғары қарқынмен дамып келеді. Алдағы уақытта жасанды интеллект, ақпараттық технологиялар мен энергетика салаларында ықпалдастық орнату арқылы достығымыз жаңа деңгейге көтеріледі деп ойлаймын. Сізді жақын арада елімізде қарсы алуға дайынбыз, – деді Сербия Президенті.

Бұдан соң Қасым-Жомарт Тоқаев пен Александр Вучич екі елдің ресми делегацияларының қатысуымен кеңейтілген құрамда келіссөз өткізді.

Мемлекет басшысы мей­ман­дарға ілтипат білдіре отырып, бұл сапар Қазақстан мен Сер­бия арасында дипломатиялық қаты­нас орнағанына 30 жыл толу қар­саңын­да өтіп жатқанына назар аударды.

– Көптеген саладағы өзара тиімді байланыстарымызды одан әрі нығайтуға ниеттіміз. Бүгін екіжақты ынтымақтастықты дамытуға тың серпін беру тәсілдерін талқыладық. Өз тарапымыздан екі ел арасындағы ықпалдастықты кеңейтуге барлық жағдайды жасайтынымызды жеткізгім келеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Астана мен Белград арасында сындарлы саяси диалог жолға қойылып, парламентаралық бай­ланыс нығайып келе жат­қанын атап өтті. Сонымен қатар мемлекеттік органдар мен іскерлік топтардың ықпалдас­тығы дәйекті түрде дамып келеді.

Президент Сауда-экономи­калық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның тиімді жұмыс атқарып жатқанын айтты. Мемлекет басшысы сапар аясында Сербиядан іскерлік топ өкілдері келгенін құптады. Кеше өткен Қазақстан – Сербия Іскерлік кеңесінің нәтижесі сау­да және инвестициялық байланыстарды кеңейте түсетініне сенім білдірді.

Президент еліміздің бірқатар халықаралық бастамаларына қолдау білдіргені үшін Сербия тарапына ризашылығын жеткізді.

пп

Өз кезегінде Александр Вучич қонақжайлық танытқаны үшін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтып, Белград Астанамен сан қырлы ынтымақ­тастықты одан әрі кеңейтуге да­йын екенін растады.

Сербия Президенті қазақ­стандық компаниялардың ортақ жобаларға, әсіресе, құрылыс саласына қосар үлесін арттыруға мүдделі екеніне тоқталды.

– Біз Қазақстан ұсынған бірқатар бастамаларды жүзеге асыруға әзірміз. Бұл Сербияда ғана емес, Еуропаның аталған аймағындағы маңдайалды жобалар болмақ. Сондай-ақ қазақ­стандық «SCAT» компаниясына әуе кеңістігінде бесінші деңгей­лі еркіндік беру мәселесі әлі шеші­мін тапқан жоқ. Ортақ іс-қи­мыл арқылы аталған мәселені шеше алатынымызға сенімдімін. Сербияға Қазақстанның сенімді құрылыс компаниялары мен инвесторлары келгенін қалаймыз. Бұл еліміздің инвестициялық тартымдылығын жақсартып қана қоймай, өзара мәдени, туристік байланыстарды жандандыруға да септігін тигізеді. Өз тарапымыздан Сіздің еліңіздің экономикасына инвестиция салғысы келетін сербиялық кәсіпкерлерді ынталандыруға барынша күш-жігер жұмылдырамыз, – деді Александр Вучич.

Сербия Президенті қор­ғаныс өнеркәсібі, жасанды интеллект, деректерді өңдеу орталығы секілді бағыттарда өзара ықпалдастықты арттыруға зор әлеует бар екеніне назар аударды. Сонымен қатар ол Қазақстанның әлеуметтік-эко­номикалық дамуындағы жетіс­тіктерді жоғары бағалап, мұны әлемдегі өсіп-өркендеудің үлгісі деп атады.

Келіссөз барысында екіжақ­ты күн тәртібіндегі өзекті тақырыптар, атап айтқанда, сауда-инвестиция, көлік-логистика, ауыл шаруашылығы, аса маңызды минералдар, цифрландыру, жасанды интеллект, құрылыс және туризм салаларындағы ықпал­дастық мәселелері қарастырылды.

Келіссөз қорытындысы бо­­­йынша Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Президент Алек­сандр Вучич Бірлескен мәлім­­­деме қабылдады. Сондай-ақ Мем­лекеттер басшыларының қа­ты­суы­мен ведомствоаралық құ­жат­тар алмасу рәсімі өтті. 

«Алтын Қыран» орденімен марапаттады

Қасым-Жомарт Тоқаев Александр Вучичті халық қол­дауына арқа сүйеп, елін алға бастап келе жатқан нағыз көшбасшы, беделді саясаткер деп санайтынын жеткізді.

п

– Сербия Сіз жүргізіп отыр­ған салиқалы саясаттың арқа­сында зор жетістіктерге жетіп, өркен­деп келеді. Халықаралық беде­лі де арта түсті. Алдағы уақыт­та еліңіз Сіздің парасатты бас­шы­лығыңызбен жаңа белестерді бағындыра береді деп сенемін. Сербия – Қазақстанның Балқан түбегіндегі сенімді серіктесі. Екі елдің қарым-қатынасы өзара қолдауға, түсіністік пен мызғымас достыққа негізделген. Барлық деңгейде белсенді саяси диалог дамып келе жатыр. Сауда-экономика, инвестиция және мәдени-гуманитарлық сала­дағы ынтымақтастық нығайып келеді. Көпжақты құры­лым­дар аясындағы бай­ланы­сы­­мыз күшейе түсті. Қазір­гі­дей алмағайып кезеңде өзара әріп­тестікті жандандыру өте маңызды. Сондықтан біз осы қар­қынды сақтап, түрлі сала­дағы ық­палдастықты дамытуға мүдделі­міз. Бұған толық мүмкіндік бар. Өзара сенім мен достық рухында өткен мазмұнды келіссөздер – соның айқын дәлелі. Бүгінгі келісімдер серіктестігімізді жаңа деңгейге көтереді деп санаймын. Біз бұл бағытта бірлесіп әрекет етуге әрдайым дайынбыз, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Сербия арасындағы байланысты нығайтуға өлшеусіз үлес қосқаны үшін Александр Вучичті еліміздің ең жоғары мемлекеттік наградасы – «Алтын Қыран» орденімен марапаттады.

– Бұл – қазақ жұртының Сізге және Сербия халқына деген зор ризашылығы және ерекше құрметінің белгісі. Өзіңізді шын жүректен құттықтаймын! Осы марапат екі елдің қарым-қатынасын одан әрі дамытуға ықпал етеріне кәміл сенемін. Қос халықтың достығы жасай берсін! – деді Мемлекет басшысы.

Сербия Президенті мұндай марапатты иелену зор мәртебе екенін айтып, бұл екі ел арасын­дағы қарым-қатынасты одан әрі нығайтуға ықпал ететініне тоқталды.

– «Алтын Қыран» орденін ерекше құрметпен қабыл алдым. Бұл марапат маған өзара байланыстарымызды арттыру және бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету жолындағы ортақ істе зор жауапкершілік жүктейді. Келешек ұрпақтың игілігі үшін Сербия мен Қазақстанның досты­ғы нығая беруіне тілектеспін, – деді Александр Вучич.

Тығыз байланысты тиянақтаған құжаттар

Мемлекет басшысы шақы­руын қабыл алып, Астанаға ресми сапармен келгені үшін Президент Александр Вучичке және делегация мүшелеріне шынайы ризашылығын білдірді.

– Сербия – Қазақстанның Балқан түбегіндегі маңызды әрі сенімді серіктесі. Берік достық, өзара қолдау мен ортақ мүдде елдеріміздің ынтымақтастығына арқау болып отыр. Мен екі жыл бұрын Белградқа жасаған сапарымды ыстық ықыласпен еске аламын. Сол кездегі келісім­дер­дің табысты жүзеге асырылып жатқанын ерекше риза­шылық­пен атап өткім келеді. Биыл екі мем­лекеттің дипломатиялық қатынас орнатқанына 30 жыл толады. Президент Александр Вучичтің сапары осы мерейлі межеге тұспа-тұс келіп отыр. Осы уақыт ішінде Қазақстан мен Сербия ара­сында барлық деңгейде өзара сенім­ді арқау еткен саяси диалог орнады. Нақты шарттық-құқық­тық негіз қалыптасты. Үкімет­теріміз нәтижелі жұмыс істеп, Пар­ламентаралық байланыс ны­ғайып келеді. Сауда-эконо­ми­ка және инвестиция сала­сын­дағы ынтымақтастық күшейді. Мәдени-гуманитарлық бағыт­та айтарлықтай табысқа қол жет­кіздік. Ха­лық­аралық ұйымдар ая­­сын­дағы ық­палд­астығымыз терең­дей түсті, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы өзара ынтымақтастықты дамытуға Сербия Президентінің зор үлес қосқанын жеткізіп, еліміз мұны өте жоғары бағалайтынын айтты.

– Сондықтан бүгін Жоғары Мәртебелі Президент Александр Вучичті Қазақстан Респуб­ли­касының ең жоғары наградасы – «Алтын Қыран» орденімен марапаттадым. Бұл награда – Қазақ елінің Сізге және бүкіл Сербия халқына деген ерекше құрметі, шынайы ілтипатының белгісі. Мызғымас достық пен қолдауға негізделген серіктестігіміз ал­дағы уақыт­та да нығая береді деп сенемін, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Александр Вучичпен кеңейтілген құрамда мазмұнды келіссөз жүргізгеніне тоқталды.

– Сауда, көлік-логистика, энергетика, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, ақпараттық тех­но­логиялар, жасанды интел­­­л­ект және мәдени-гума­ни­­тарлық саладағы ықпалдас­тық мәселелерін жан-жақты тал­­­­қыладық. Нақты уағдалас­тық­­­тарға қол жеткіздік. Сауда-эко­­но­мика және инвестиция сала­сындағы байланысты дамыту қажеттігіне баса назар аудардық. Қазір екі елдің арасындағы алыс-беріс көбейіп келеді. Еліміз­де 60-қа жуық серб компания­сы табысты жұмыс істеп жатыр. Дегенмен біздің экономика­лық әлеуетіміз бұдан әлдеқайда жоғары. Сондықтан сауда-сат­тық көлемін ұлғайтуға келістік. Мемлекеттеріміздің мүддесіне сай келетін жаңа инвес­тициялық жобаларды пысық­тауға уағдаластық. Эко­но­микалық ынтымақтастық жөнін­дегі үкіметаралық комиссия бұл жұмысқа баса мән беруі қажет, – деді Президент.

Мемлекет басшысы елімізге Александр Вучичпен бірге ірі кәсіпкерлер келгенін, сапар қарсаңында Қазақстан – Сербия Іскерлік кеңесінің отырысы өткенін еске салды.

– Бизнес өкілдері арасындағы байланысты күшейту қажет екенін атап өттік. Жалпы, біз Сербия кәсіпкерлеріне қолайлы жағдай жасауға дайынбыз. Көлік және логистика саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуге ай­рықша назар аудардық. Был­тыр Астана мен Белград арасында тікелей әуе рейсі ашылды. Бұл – ықпалдастығымызды дамыту жолындағы маңызды қадам. Сондай-ақ Транскаспий халық­аралық көлік дәлізінің транзиттік мүмкіндіктерін тиімді пайдалану, жүк тасымалдайтын жаңа бағыттар ашу мәселесіне тоқ­тал­дық. Инфрақұрылым сала­сын­дағы әріптестікті нығайту жол­дарын талқыладық. Тиісті ми­нистр­ліктер мен операторларға нақ­ты ынтымақтастық тәсілдерін айқындауды ұсындық. Энергети­ка саласында аса маңызды минералдарды өндіру және өңдеу, қосылған құны жоғары өнді­ріс­терді дамыту үшін өзара іс-қимылды күшейтуге келістік, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұған қоса, Президент бей­біт атом энергетикасы бойын­ша тәжірибе алмасу мүмкіндігі қарастырылғанын жеткізді.

– Келіссөз барысында жасанды интеллектіні және заманауи цифрлық технологияны жаппай енгізу стратегиялық тұрғыда маңызды екенін атап өттік. Осы бағытта бірлесіп жұмыс істеуге дайын екенімізді растадық, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, ауыл шаруашылығы саласында зор мүмкіндік бар.

– Біз агроөнеркәсіп кеше­нін­дегі әріптестікті жандан­ды­ру­ға мүдделі екенімізді біл­дір­дік. Соның ішінде өсімдік, тұ­қым шаруашылығы саласын­дағы ынтымақтастықты нығай­та­мыз деп келістік. Сербиялық «Mambikom Agrar» компания­­сы Қазақстанда мұздатылған өнім­дер шығаратын зауыт ашуға ниет танытып отыр. Бұл қадам аграрлық сектордағы ықпал­дастықты жаңа деңгейге көтере­ді деп сенеміз. Сондай-ақ біз мәдени-гуманитарлық, білім және туризм саласындағы қарым-қатынасты дамытуға уағдаластық, – деді Президент.

Мемлекет басшысы келесі жылы Сербияның ЭКСПО көрмесін табысты өткізуіне еліміздің тілектес екенін жеткізді. Бұл ретте Қазақстан «EXPO 2027 Belgrade» көрмесіне қатысып, өз тәжірибесін бөлісуге дайын.

– Жалпы, бүгінгі келіссөздер өте табысты болды. Бірлескен мәлімдеме қабылдадық. Жан-жақты ынтымақтастыққа тың серпін беретін бірқатар маңызды құжатқа қол қойдық. Осы келісім­дер­дің нәтижесінде екі елдің қа­рым-қатынасы нығая түсетіні сөз­сіз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сондай-ақ тараптар халықара­лық және аймақтық мәселелер жөнінде пікір алмасқан.

– Жаһандық геосаяси ахуал­дың ушығуына, қақтығыстар­­дың көбеюіне бәріміз алаңдап отырмыз. Әлемдегі көптеген түйткіл­ге қатысты мемлекеттеріміз­дің ұстанымы – ұқсас. Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының және халықаралық құқық норма­ларының талаптары қатаң сақ­талуға тиіс. Кез келген жанжалды келісім арқылы дипломатиялық жолмен шешу қажет деп санаймыз. Біз болашақта да халық­аралық деңгейде күш бірік­тіріп, тиімді жұмыс істеуге, бей­біт­­шілік пен тұрақтылықты қамта­масыз етуге белсене атсалысамыз деп келістік. Бүгінгі сапар екі елдің ынтымақтастығын одан әрі нығайта түсетіні анық. Бұған қос тарап та мүдделі. «Жұмы­ла көтерген жүк жеңіл» дейді. Бір­лесіп әрекет етсек, ортақ мақсат­тарға қол жеткіземіз деп сенемін, – деді Қазақстан Президенті.

Александр Вучич Қазақстан­ның экономикасы дамып, көп­векторлы сыртқы саясат табысты ілгерілеп келе жатқанын атап өтті. Сондай-ақ ол Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен қазақ халқы жаңа жетістіктерге жете беруіне тілектестік білдірді.

– Қазақстанның келешегі жарқын. Сербияның сіздерден үйренері көп. Сізді және Қазақстан халқын үлгі тұтатынымды айту­дан еш ұялмаймын. Елдері­міз арасындағы шынайы достық келешектегі қарым-қатынасы­мызға негіз болады. Біз бұл байланыстарды экономика, ауыл шаруашылығы, ақпараттық технология, жасанды интеллект, роботты техника және білім беру секілді салаларда дамыта аламыз, – деді Александр Вучич.

Сербия Президенті қазақ және серб командалары қатыс­қан UAE SWAT Challenge-2026 халықаралық жарысын асқан қызы­ғу­шылықпен тамашала­ғанын айтты. Осы орайда ол Мем­лекет басшысынан арнайы бөлім­шелер қызметкерлерін даярлау ісіне қолғабыс етуді сұрады.

– Бұл бағытта Қазақстанның әлемде үздік екені сөзсіз. Мен мұны Сербия азаматтары білгенін қалаймын. Біздің құрама кейбір жарыс түрлері бойынша жақсы өнер көрсетті. Ал қазақ жігіттері мен қыздары бірде-бір сайыста сү­рінген жоқ. Мен бұндайды бұ­рын-соңды көрген емеспін. Ар­найы жасақ қызметкерлеріңіз ең жоғары деңгейден көрінді. Олар біздің сарбаздарды жаттық­тыр­са дұрыс болар еді. Сіздерді қауіп­сіздік саласындағы керемет же­тіс­тіктеріңізбен тағы да құт­тық­таймын, – деді Александр Вучич.