Фото: azattyq-ruhy
Тексеру барысында сайлау инфрақұрылымының жай-күйі, науқанның ұйымдастырушылық-құқықтық қырлары, учаскелік комиссиялардың жұмысы, сондай-ақ референдум рәсімдерінің ашықтығы, заңдылығы мен жариялылығын қамтамасыз ету тетіктері басты назарда болған.
«Орталық референдум комиссиясының мүшелері барған учаскелерде азаматтардың барлық санаты үшін қажетті жағдай жасалғанына көз жеткізді. Атап айтқанда, ғимараттар пандустармен жабдықталған, дауыс беруге арналған арнайы кабиналар мен Брайль қарпімен әзірленген трафареттер дайындалған. Ақпараттық стендтер арбамен қозғалатын азаматтардың қажеттіліктерін ескере отырып орналастырылған. Сондай-ақ көру қабілеті бұзылған азаматтар үшін жаңа Конституция жобасының қазақ және орыс тілдеріндегі аудио нұсқасы қарастырылған», деді Н.Әбдіров.
Оның сөзінше, ведомствоаралық өзара іс-қимыл аясында құқық қорғау органдарының, жергілікті атқарушы органдардың және аумақтық референдум комиссияларының өкілдері бірлескен отырыстарда бірқатар маңызды мәселелер бойынша есеп берген. Атап айтқанда, интернет пен электр энергиясының үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету, 10 411 учаскенің материалдық-техникалық жарақтандырылуы, 91 609 мүгедектігі бар азаматтың дауыс беруге қатысуына қолайлы жағдай жасау, сондай-ақ дауыс беру күні қауіпсіздік пен қоғамдық тәртіпті сақтау шаралары талқыланды.
Уақытша басқа жерде болуына байланысты дауыс беру күні өз учаскесіне келе алмайтын азаматтардың сайлау құқығын қамтамасыз ету үшін заңнамаға сәйкес есептен шығару куәлігін алу мүмкіндігі де қарастырылған.

«Қазір референдумға дайындық және оны өткізу тәртібі туралы халықты кеңінен ақпараттандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл үшін түрлі коммуникациялық арналар іске қосылып, арнайы онлайн-сервистер пайдалануға берілуде. Азаматтар өздерінің дауыс беру учаскесін eGov Mobile мобильді қосымшасы, Kaspi Bank пен Halyk Bank қосымшалары, сондай-ақ байланыс операторларының SMS-хабарламалары арқылы анықтай алады», деді комиссия төрағасы.
Референдум қарсаңындағы қоғамдық көңіл күй: жаңа Конституцияға пікір қандай?
Сонымен қатар, «ЖСН бойынша дауыс беру үшін өз учаскеңізді табыңыз» атты арнайы сервис іске қосылған. Бұдан бөлек, азаматтар тұрғылықты жері бойынша әкімдіктердің call-орталықтарына хабарласып, өз учаскесі туралы нақты ақпарат ала алады. Call-орталықтардың нөмірлері жергілікті атқарушы органдардың ресми интернет-ресурстарында орналастырылған.
«Инспекциялық сапарлар аясында учаскелік референдум комиссиялары мүшелерін оқытудың үшінші кезеңіне де ерекше назар аударылды. Жалпы аумақтық және учаскелік комиссия мүшелерін оқыту каскадтық модель бойынша ұйымдастырылған. Алдымен аумақтық комиссия мүшелері офлайн және қашықтан оқытылып, одан кейін учаскелік комиссиялардың төрағалары, олардың орынбасарлары мен хатшыларына арналған семинарлар өткізілген», деді Нұрлан Мәжитұлы.
Жұмыс сапарлары барысында Орталық референдум комиссиясының өкілдері 3 мыңнан астам комиссия мүшесіне арналған оқыту семинарларын өткізіп, білім деңгейін бағалау мақсатында тестілеу де ұйымдастырды. Оқытудың практикалық бөлігі нақты учаскелердегі жағдайларға негізделген кейстерді шешуге бағытталды. Әсіресе азаматтар тізімімен жұмыс істеу, есептен шығару куәліктерін рәсімдеу, азаматтардың өтініштерін қарау және негізгі рәсімдік алгоритмдерді меңгеру мәселелеріне басымдық берілді.
Референдум: Таяу Шығыс елдеріндегі учаскелер уақытша жұмыс істемейді
Сонымен қатар өңірлерде халықты ақпараттандыру жұмыстары да қатар жүргізілуде. Бүгінде 90 қала мен 195 ауданның тұрғындарына референдум жөніндегі негізгі мәліметтер қамтылған QR-коды бар дербес шақыру билеттері таратылып жатыр.
Айта кетейік, референдумды дайындау мен өткізуді бірнеше деңгейдегі комиссиялар жүзеге асырады. Орталық сайлау комиссиясы Орталық референдум комиссиясының функцияларын атқарады. Сондай-ақ 247 аумақтық комиссия жұмыс істейді, олардың құрамында 1 729 мүше бар. Бұдан бөлек, 10 411 учаскелік комиссия референдумды тікелей ұйымдастыруға тартылған. Жалпы алғанда, референдумды өткізуге 10 658 аумақтық және учаскелік комиссия қатысып, олардың құрамында 71 030 адам жұмыс істеп жатыр.
Осылайша, өңірлердегі дайындық барысы референдумды ұйымдастыру ісінің жан-жақты және жүйелі түрде жүргізіліп жатқанын көрсетеді. Инфрақұрылымның әзірлігі, комиссия мүшелерінің оқытылуы, цифрлық сервистердің іске қосылуы және азаматтарды кеңінен ақпараттандыру шаралары ел көлеміндегі маңызды саяси науқанның жоғары деңгейде өтуіне негіз қалайды.