13 Қаңтар, 2017

Әкені көріп ұл өсер…

1521 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Өткен Үкімет отырысында Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев өте орынды пікір айтты. Ол нендей пікір?

Әкені көріп ұл өсер…

Бала тәрбиесіндегі ата-ананың рөлі мен жауапкершілігі төмендеп бара­ды. Ата-аналар үнемі жұмыста бола­тындықтан, олардың өз балаларын тәрбие­леуге уақыттары да қалмайды. Олардың арасында көптеген мемлекет­тік қызметшілер де бар, деп атап көрсет­ті министр. Осылай дей келе, ол ата-аналарды сағат алтыдан кейін үйлеріне жіберу қажет деген ұсыныс білдірді.

Ақиқатына келсек, бұл әлдеқашан шешімін табуға тиіс мәселе еді. Ол үшін министрдің Үкімет отырысында ұсыныс айтуын күтудің де қисыны жоқ болатын. Амал не, жас министрдің аузынан шыққанға дейін бірде-бір жанның ойына келмепті өскелең ұрпақ туралы, еліміздің ертеңі туралы ой қозғау. Демек, бәріміз де ұлт қамын ойлағансыған сыңай танытқанымызбен, желкілдеп өсіп келе жатқан буынның Қазақстанның болашағы екенін, оған мән беру керектігін түсінбеген болып тұрмыз ғой. Екінші жағынан, түсінуге мұрша да болмай жатыр.

Өйткені, бүгінде әркім өз көксеген­дерін қуып әбігерге түсуде. Біреулердің көкейлерін мансап тесіп бара жат­са, біреулер үшін байлық көздің құрты­на айналды. Ал, қарапайым халық болса, қайтсем нан тауып жеймін деп, күн­көрісін күйттеуден әріге бара алмай әлек.

Біздің көптеген мемлекеттік қыз­мет­шілеріміздің күнді былай қойып, түні бойы да жұмыста отыратындары, кейде тіпті бірдеме қирататындай сенбі-жексенбі күндері де жұмысқа шығатындары көпшілікке белгілі жайт. Осының өзінен-ақ олардың жұмыс­қа іс тындыру үшін емес, әншейін көз алдау үшін, басшыларынан қорық­қан­нан формальды түрде ғана бараты­ны байқалып тұр. Бара берсін-ау. Олар­дың жұмыста электр энергиясын шығын­дап, компьютермен ойнап, қыз­мет телефонын пайдаланып тамыр-таныс­тары­мен сөйлесіп, керек десеңіз, мемле­кет­тің автокөлігін жегіп жанармай жұм­сап жатқандары да бізді алаңдата қой­май­ды. Қайда кетпей жатқан ақша дейсің…

Бізді мәселенің басқа жағы ой­лантады. Бүгінде отбасына уақыт бөліп, балаларымен тәрбие жұмысын жүргізіп, саябақтарға, басқа да орын­дарға апарып қыдыртып, ойнатып жүрген ата-аналар бар ма екен өзі? Бар болса, олар қанша? Яғни өмірге ұрпақ әкелген ата-аналардың бәрі бірдей өз балаларына жеткілікті дәрежеде көңіл бөле алып жүр ме? Егер бізде тәрбие ісі ойлағандай дәрежеде болса, жастардың түрлі қылмыстық әрекеттерге барып, діни ағымдарға ілесуінің, кейде тіпті терроршылар қатарынан табылып жатуы мен жиі-жиі суицидтердің орын алуының сыры неде?

Бұрын әке-шешемен бірге ата мен әже де немерелерін тәрбиелеуге өз үлестерін қосып жататын. Соңғы жылдары мұндай көрініс те сиреп барады. Оған бірінші себеп қазіргі уақытта жастардың әке-шешеден бөлек тұратыны болса, екінші себеп – көптеген «аташкалардың» қара бастарының қамынан, күйбең тірлікті күйттеуден артыла алмай жүргендігі.

Ата-аналардың жұмыста ұзақ отыруының әлеуметтік салдарлары өте жоғары, ал оның зардаптарын біз­дің балаларымыз тартып жатыр, дейді министр. Орынды сөз. Осы орай­да, Ы.Алтынсариннің дұрыс күтіл­меген­діктен қисық өскен ағаш туралы баяндалатын әңгімесі еріксіз еске түседі. Біз де осы бірыңғай қисық ағаш өсіріп жатқан жоқ па екенбіз?..

Ерлан Сағадиевтің келтірген дерек­теріне қарағанда, қазіргі кезде бала­лары мектепте оқитын ата-аналардың жалпы санының 10-12 пайызы ғана ата-аналар жиналыстарына қатысады екен. Мұның өзі ата-аналардың былайғы 88-90 пайызының өз балаларының оқуымен де, тәрбиесімен де мүлде шаруасы жоқ дегенді білдіріп жатса қайтпекпіз.

Кей-кейде сенің бүгінгі атқарған қызметіңнің, тапқан табысыңның игілігін ертең балаларың көрмейтін болса, ондай қызмет пен байлық не үшін қажет деп те ойлайсың. Өйткені, өнегесіз, білімсіз өскен баланың есейе келгенде теріс жолға түсіп азғындап кетуі немесе әке-шеше салған жолды одан әрі жалғастыра алмай шалыс басуы әбден мүмкін ғой. Осы тұрғыдан келгенде, жоғары лауазымды қызмет атқарып жүргендер мен ауқаттылар өз ұрпағының саналы болып өсуіне жете мән беруі керек-ақ сияқты көрінеді. Бірақ, біз көрген, біз естіген мысал­дар бұлай деп айтуға негіз бола алмайтындай. Қазақта «Әкені көріп ұл өсер, ананы көріп қыз өсер» деген даналық сөз бар. Егер әке мен шеше өз ұрпағына заманына лайық тәрбие мен білім бере алмаса, ондай баланың нағыз азамат болып өсіп шығуы екіталай. Тәрбие әңгімелескенде, үйреткенде немесе бұйрық бергенде ғана емес, ата-анамен бірге өткізген әрбір сәтте жүріп жатады деген екен бұрынғының данагөйлері. Жұмысбастылықты сылтау етіп отбасынан алшақтап кеткен ата-аналар осыны түсінсе игі…

Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ,

«Егемен Қазақстан»