Мәселе • Бүгін, 11:20

Жезқазғандағы су мәселесі: Сағызша созылған «Үйтас-Айдос» жобасы

80 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Жезқазған қаласы тұрғындарын, қала маңындағы елді мекендерді жерасты көздерінен келетін таза ауызсумен қамтамасыз ету мақсатында қолға алынған стратегиялық жоба – «Үйтас-Айдос» су құбырының құрылысы ұзаққа созылып, күлбілтелі нысанға айналғаны баршаны алаңдатып отыр.

Жезқазғандағы су мәселесі: Сағызша созылған «Үйтас-Айдос» жобасы

Жерасты көздерінен тартылатын тіршілік нәрін тұрғындардың күткеніне көп болғанымен, жобаның белгіленген бағдарламаға сай атқа­ры­лмауы өңірдегі онсыз да ушығып тұрған су тапшылығы мен сапасы мәселесін одан әрі күрделендіре түсті.

Жалпы, жоба аясында жерасты су көздерінен (Үйтас-Айдос, Есқұла) келетін сумен қамту көлемін 70%-дан 100%-ға дейін ұлғайту көзделген. Өңірді сумен жабдықтау ісі жерүсті және жерасты су көздері – Кеңгір су оймасы мен «Үйтас-Айдос» кен орны есебінен жүзеге асырылады. Үш кезеңнен тұратын жоба келесі жылға дейін жалғасады.

Қаланы жерасты суымен қамту деңгейін 2026 жылдың соңына қарай 70%-ға, 2027 жылы 100%-ға жеткізу жоспарланған. Негізі, Айдос жерасты суының кен орны Жезқазған қаласын сумен қамтамасыз етуге бағытталған. Осыған дейін 1967–1985 жылдары салынған су құбыры әбден тозып, заманауи талаптарға сәйкес келмей қалған еді. Сондықтан «Жезқазған қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі» нысан құрылысына тапсырыс берген.

2023 жылы облыс әкімдігі өкілдерінің БАҚ-қа берген ақпаратында: «Өңір тұрғындарын толғандыратын өзекті мәселенің бірі – сапалы ауызсумен қамтамасыз ету. Инвестиция көлемі 16,2 млрд теңгені құрайтын Жезқазған қаласындағы «Үйтас-Айдос» су қабыл­дағышының II көтергіш сорғы стансасын қайта жаңарту басталды. 2022 жылы құрылыстың басталуына 100 млн теңге бөлінді. Қазір Үкімет резервінен 8 млрд теңге сомасында қаражат бөлу мәселесі пысықталып жатыр», делінген.

Сол 2023 жылы облыста «Үйтас-Айдос» су құбырларын жа­ңарту жұмысы қолға алынып, «Bi Glo­bal» мердігер ұйымы бірінші кезең­нің жұ­мысын 80%-ға орындағанын мәлімдеген.

2024 жылы «Үйтас-Айдос» су қа­был­дағышының салынғалы жөндеу көр­меген сорғы стансасы 56 жылдан кейін жаңартылып, заманауи қуатты сорғыларды орнату жұмысы жүргізілді. Жаңа құбырларды Жезқазған қаласындағы шаруашылық-ауызсуды тазарту орталығына дейін жеткізіп, өткен жылдың ортасында тұрғындарды сапалы ауызсумен қамтуға мүмкіндік бар екені бірнеше рет айтылды. Сол жыл­дың қазан айында Ұлытау облысының бұрынғы әкімі Берік Әбдіғалиұлы әлеуметтік желідегі парақшасында: «Облыс орталығын сапалы ауызсумен қамту мақсатында қолға алынған «Үйтас-Айдос» жерасты суағарынан тіршілік нәрін тарту жобасы аяқталу сатысында. Жаңа құбырлар толықтай ауыстырылды. Нәтижесінде, келер жылы жезқазғандықтар сапалы суға қол жеткізеді»,  деп жазған еді.

Алайда бұдан кейін өңір басшысы ауысып, облыс тізгінін Дастан Рыспеков ұстады. Бұл жоба алдыңғы әкім жазғандай тез аяқтала қоймады. 2025 жылы өңір басшысы ұзақ уақыттан бері алғаш рет ауқымды жаңғыртудан өткен «Үйтас-Айдос» жерасты су қорының екінші көтергіш сорғысының жұмысын тексерді. Су қорының екінші көтергіш стансасына үш жаңа сорғы орнатылып, 60 жылдан кейін алғаш рет резервуар мен су жүйелері толық жаңартылған. Жаңа трансформаторлық қосалқы станса іске қосылды. Осы жылдың күзінде аталған аумақтан облыс орталығына дейін ұзындығы 50 шақырым болатын жаңа су құбырларын тарту жұмысы аяқталғаны мәлім болды. Сорғы стансасына су желілері жеткізіле бастап, онда ұңғыма қазу, құбыр желілерін тарту жұмысы жүргізілетіні де хабарланды. Ұңғымалар келер жылдың көктемінде іске қосылуға тиіс.

Осыған қарамастан, Жезқазғанда ­ауызсумен қамтамасыз ету мәселесі әлі де өткір тұрғанын атқарушы билік өкілдері жақсы біледі. Былтыр қаңтар айының ортасында Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов бір топ депутатпен өңірге жұмыс сапарымен келіп, Жезқазған, Сәтбаев қалаларының тұрғындарымен кездесті. Ол өз сөзінде: «Жезқазған қаласындағы гидротехникалық цехтың жұмысымен таныстық. Облыс орталығындағы өзекті мәселенің бірі – халықты сапалы ­ауызсумен қамтамасыз ету күні бүгінге дейін шешімін таппай келеді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2022 жылы бірқатар іс-шара атқарылды. Бірақ әлі де көптеген сұрақ шешілмеген күйі қалып отыр. Жезқазғанды ауызсумен қамтамасыз ету мәселесін жерасты су көздерін пайдалану арқылы екі су құбыры – Есқұла, «Үйтас-Айдос» су жүйелері есебінен шешу жоспарланды. 2025 жылы Жезқазғанды ­ауызсумен қамтамасыз ету бағытында нақты қадамдар жасалуға тиіс. Өйткені ұлытаулықтардың денсаулығы мен әл-ауқаты осыған, өңірдегі экологиялық жағдайға тікелей байланысты», деп қадап айтқан болатын.

Мәселенің мән-жайын білу мақса­тында жүгінгенімізде, Жезқазған қаласы әкімінің орынбасары Асылан Әліпұлы: «Халықты сапалы ауызсумен қамтамасыз ету мақсатындағы аса маңызды бағыт – «Үйтас-Айдос» су алу құрылымдарын қайта құру жобасының І кезеңі іске қосылды. Нәтижесінде, халыққа жеткізілетін ауызсудың ­30%-ын жерасты сулары құрап отыр. 2025 жылы аталған жобаның ІІ кезеңі басталды. Құны – 6,4 млрд теңге. Бұл мақсатта республикалық бюджеттен 1,8 млрд теңге бөлініп, құрылыс-монтаждау жұмысы жүргізіліп жатыр. 2026 жылға қажетті қаражат көлемі 4,6 млрд теңгені құрайды. Бюджеттік өтінім тапсырылды, арнаулы мемлекеттік қор есебінен қаржыландыру жоспарланып отыр. Жобаның ІІІ кезеңі Үйтас кен орнының ұңғымалары мен құрама коллекторларын реконструкциялауды қамтиды, құны – 2,7 млрд теңге. Құрылыс жұмысы биыл басталады, жоғарыда айтылған бюджеттерге өтінім тапсырылды. Биыл облыстық бюджеттен 10 млн теңге бөлініп, мердігер ұйыммен шарт жасалды», деді.

Жобаның атқарылып жатқан жұмыс көлемі жөнінде Жезқазған қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Мұрат Сейтқазинов: «Былтыр Айдос кен орнындағы жерас-ты су алу құрылысын реконструкция-лау жобасына республика­лық және облыстық бюджеттен 1 млрд 865 млн 629 мың теңге бөлініп, толық игерілді. Жұмыстың орындалу деңгейі  – 94%. Қазір 17 шақырым 812 метр су құбыры желілері жаңартылып, су шығыны азайтылды, ауызсу сапасы жақсарды. Биыл жобаны жалғастыруға 1 млрд 623 млн 927 мың теңге қарастырылған. Жоспарға сәйкес, су құбыры желілерін тарту, демонтаждау, электр желілерін монтаждау, ұңғымалар үстінен па-вильондар салу көзделген. Сонымен қатар Үйтас кен орны жөніндегі жоба да іске асырылып жатыр. Өткен жылы 240 метр траншея қазу жұмысы жүргізілді. Биыл бұл жобаға 1 млрд 754 млн 463 мың теңге бөлініп, ұңғымалар бұрғылау, су алу инфрақұрылымын дамыту жос­парланған. Жезқазған қаласы тұрғын­дарын «Үйтас-Айдос» кен орнының жерасты көздерінен ­ауызсумен қамтамасыз етуге қатысты су тарту құрылысын жаңғырту, оның ішінде ұңғымаларды қайта бұрғылау, коллекторларды орнату бағдарламасы жалғасын табады», деп мәлімдеді.

Сонымен «Үйтас-Айдос» жоба­­сының І кезеңі аяқталып, су қа­был­дау орнын­дағы көтерме сорғы жаңар­тылып, диа­метрі 800 мм болатын 51 шақырым­дық құбыр ауыстырылды. Су жинау, сүзу жүйелері орнатылды. Суқоймалары мен сор­ғы стансаларының құрылысы мәресіне жетті. Жезқазған қаласы­ның ша­руашылық-ауызсуды тазарту орта­лығында іске қосу-реттеу жұмысы қолға алынды.

2022 жылы басталған бірінші кезең төрт жылға созылып, Жезқазғанның 30%-ы ғана жерасты суымен қамтылды. Бұл – көздеген меженің жартысына да жетпейтін көрсеткіш. Биылғы жылдың соңына дейін қаланы жер-асты суымен қамту деңгейін 70%-ға ұлғайту көзделіп отыр. Дегенмен бір жылдың ішінде 70%-ға жете қоятыны күмән туғызатыны рас. 2027 жылы 100%-ға жеткізу жоспарланған. Әрине, жобаның кезең-кезеңімен жүзеге асуы бірте-бірте жерүсті суына тәуелділікті азайтып, нәти­жесінде, толықтай таза ауызсуға қол жеткізуге мүмкіндік беретіні қуантады. Өкінішке қарай, аталған жобаның толық нәтижесін көріп, сапалы судың игілігін сезіну үшін Жезқазған қаласы мен жа­қын маңдағы елді мекен тұрғындары әлі де біраз уақыт күтуге мәжбүр болатын сыңайлы.

Жезқазған – ірі өнеркәсіп орталығы. Сол тұрғыда облыс орталығын ауызсумен, оның ішінде жерасты суларымен қамтамасыз ету – өмірлік маңызы бар стратегиялық мәселе, қаланың экологиялық, әлеуметтік-экономикалық қауіпсіздігінің басты кепілі. Осы орайда жерасты су қорларын игеру мен тиімді пай­далануға мемлекеттік деңгейде ерекше мән беріліп, салаға жауапты барлық құзыретті органдардың жауапкершілігін барынша арттыру – кезек күттірмейтін міндет. Жобаға бөлінген әрбір теңгенің мақсат­ты жұмсалуы қадағалануға тиіс. Қоғамдық, мемлекеттік бақылауды күшейту керек. Салғырттық танытқан, жұмысты созбалаңға салған немесе сапасыз жұмыс істеген мердігерлер мен жауапты тұлғаларға заң аясында қатаң шаралар қолданылуы қажет.

 

Ұлытау облысы

Соңғы жаңалықтар