16 Шілде, 2010

ДАРАБОЗ КҮЙШІ ШЕРТКЕН СЫР ЕДІ

1108 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін
Кезінде Қаршыға Ахмедияровпен өткізген сұхбатым қағазға түскенімен, жариялатып үлгермеген едім. Қайталап бір  оқып шыққанда біртүрлі бейжай күйге түстім. Көңілімді әлдебір мұң биледі. Әлі топырағы суымаған үзеңгілес ағаның ашық-жарқын дауысын қайтадан естігендей, өнер жайындағы ақылды пікірін қайтадан пайымдағандай болдым. Риясыз әңгімелесіппіз. Дәулескер күйші, күй өнерінен мағлұматы мол Қаршыға өзінің келелі толғаныстарын ірікпей ортаға салған екен. Ескірмейтін пікір, көнермейтін ой ағаның артында қалған біздерге аманатындай көрінді. Бас-аяғы бүтін, алып-қосары жоқ осы дүниені оқырман назарына ұсынып, қазақ күй өнерінде үлкен із қалдырған күйшінің уақытпен үндес көркем ойларын замандастың санасында қайтадан жаңғыртсам деген ой келді. – Қаршыға Ахмедиярұлы, бүгінгі әңгімені орындаушылық өнер және оның проблемалары тұрғысынан бастасақ дейміз. Оған қалай қарайсыз? – Иә, орындаушылық өнер барлық уақытта ең қиын, шиелі проблема болған. Оның үстіне, біздің орындаушылардың жұ­мы­сын қиындатып отырған нәрсе – теориямен екі арадағы қай­шылық. Бұл ойымды қыс­қа­ша түсін­діріп беруге ты­ры­сайын. Бір сәт Батыс Еуро­паның, Ресейдің, Аме­риканың – ұлы музыкалық мә­дениет тудырған елдерінің мысалына жүгінейік­ші. Шопен, Ли­ст, Бетховен, Мо­царт, Глинка, Чайковский сияқ­ты заңғар тұл­ға­лар туралы ең жақсы пікірді, ең тұщымды сөзді айтқан кім?... Ор­ын­даушылар! Осы алып тұл­ға­лармен теңесе алмаса да, бой та­ластыра алатын, соларға же­те­қабыл адамдар. Тағы да ше­гелеп айтайын – орындау­шылар! Тіпті, өмірін сахнаға емес, өнер­дің сынына, зерт­теу­шілікке жұм­са­ған теоре­тик­терінің өздері, орын­даушылық өнердің жайын аңыз бен ертегіден, қаңқу мен ұзын­құлақтан естіген адамдар емес, өздері де тәп-тәуір орындаушы болған адамдар еді. Ал бізде таза орындаушылық пен теорияның арасында елеулі алшақтық бар. – Ол нендей алшақтық? Тү­сін­діре кетсеңіз. – Оны әңгіме барысында ай­тамын. Әуелі қазіргі орын­да­у­шы­лықтың басты белгілерін си­паттап кетейін. Бүгінгі ор­ын­даушылық – ғасырлар қой­науынан тамыр тартқан қазақ­тың дәс­түрлі музыкалық мә­дениетінің заңды мұрагері, төл перзенті. Бүгінгі орындау­шылық – ешқашан үзілмеген, сабақтаса жалғасқан дәстүрлі орындау­шы­лық, өнердің жаңа сипаттарымен мо­лыққан кө­рінісі. Бұл – ешбір шартсыз қабылдануға тиіс ақиқат. Яғни, кейбір кертартпа ғалымдардың айтқанындай, қазіргі орындау­шы­лық аспаннан түскен жоқ, ке­рісінше, өзінің ата топыра­ғынан өсіп шықты. – Кейінгі жылдар бедерінде қазақ баспасөзінде, дәстүрдің тазалығын жақтаған бірқатар материалдар жарық көрген. Ша­масы, осы мақалалардағы уағыз­далған идеяларды меңзеп отырсыз ғой. – Бұл кейінгі жылдары өрбіген ой емес, 60-шы жыл­дар­дың ішінде қалыптасқан тенденция. Ең әуелі айтарым, тап-таза күйіндегі дәстүр еш­кімде, жер бетіндегі ешбір ха­лықта жоқ. Дәстүр – мұра­жайға қойып, үстінен шыбын ұшырмай күзететін зат емес. Тарихтың низамын, замананың лебін мойындамайтын дәстүр өледі. Дамудың заңы – қатыгез нәрсе. Болашақты көздеп, жұ­мыс істемесең, заманға ілес­песең – беліңнен басып, жол­дың шетіне теуіп түсіріп кете береді. – Дәстүрді не деп сипаттар едіңіз? – Бір ауыз сөзбен айтсақ – дәс­түр сол мәдениеттің өзі. Дәс­түр бір орында тұрмайды, үнемі даму үстінде болады. Дәс­түр жа­ңалыққа сергек болады, ма­ңа­йындағы құбы­лыс­тардың ішінен өзінің қолайына жақ­қа­нын жатсынбай алып, үздіксіз жетілу, өркен жаюдың үстінде болады. Міне, дәстүр дегеніңіз осы. Аталмыш ғалымдардың өз­дері қазақтың күйлерінен иран-тәжік мақамдарының, моңғол мен үндінің аспаптық музы­ка­сының элементтерін тауып жа­тады. Ал енді “қазақтың дәс­түрлі му­зыкасы басқа халық­тар­дың күй сарындары­мен лайл­аныпты, бұның қай жері дәстүр?” деп дау шығаруға болар еді ғой. – Бұған дау айту қиын, әрине. Қазіргі орындаушылық­тың қалыптасуы – аса күрделі құ­былыс. Сол 30-шы, 40-шы жыл­дары жазылған мақа­ла­ларды оқысаңыз, әрине, бүгінгі сана тұрғысынан оқысаңыз, көптеген жайттарға қайран қалар едіңіз... – Әлбетте. Алайда, ол өнер тарихшысы үшін ғана – тарих. Ал, біз өнердің ортасында жүр­ген, айтар едім – өнер еңбек­кер­лері үшін өткен мен кеткен деген болмайды. Бәрі де сенің заман­дасың, бәрі де сенің игілігің. Қазақтың ұлттық музыка мә­дениетін ұстап тұрған бір­неше алтын тірек бар. Соның бірі – Құр­манғазы атындағы ұлт аспап­тар оркестрі. Оркес­тр­дің негізін қалаған адам – ака­демик Ахмет Жұбанов. Қазақ ауылында туып-өскен арда күйшілерді Алматыға алып келу, түрлі темперамент, түрлі жігер мен қайратты бір ар­наға то­ғыстыру оңай шаруа емес. Ол бү­гінгі адамға барлығы да өз-өзінен туа салғандай көрінеді. Бүгінгі мәдениет, бірнеше ұрпақтың қажыры мен ерлік ісі­нің нәтижесі десем, артық бол­мас. Оркестр қалыптасты, ұлттық консерватория, ұлттық академия бой көтерді. Міне, ұлттық өнер осылайша орта­лық­­тан­ды. Кей-кейде ғылыми конференцияларға қатысуға тура келеді. Сонда ғылымға қатысы бары, қатысы жоғы – кеу- кеулеп “олай ету керек еді”, “былай ету керек еді” деп жа­тады. Ал енді көне мұраны жинаған кім? Сол академия мен консерваторияның жанынан ашылған фольклор кабинеттері емес пе?! Нота жазу жүйесін сынап жатады. Тыңдап отырып күлкім ке­леді. Бұның бәрі таза теори­я­дан келген адамның, орын­дау­шы­лықтың не екенін білмейтін, тарихи санадан жұрдай мәң­гүрттердің шатты-бұтты әңгі­месі. Өзіңіз қараңыз. Қазақ тарихы – ауыр тарих. Тіршілік үшін, жер үшін, ұрпақтың бақыты үшін тынымсыз күрес үстінде өткен тарих. Ел басына түскен ауыр нәубет көп өне­р­лінің де басына түсті. Кешегі Құрманғазының бүкіл өмірі ат үстінде өткен. Біз­дің ұлттық мәдениеттің тағ­ды­рын жер бетінде ұқсасы жоқ тағдыр дер едім. Бізде, мысалы, күйшінің артында мұрагері қалмаса, өнері өзімен бірге көрге кіреді. Артық болар, кем болар – ақиқаты осы. Қол созым жерде тұрған ХІХ ғасырды ғана білеміз. Ар жағы ше? Егер қазақ халқы отырық­шы­лықты ертерек игерсе, күйді, әнді, жырды хатқа түсірудің озық жүйесін меңгерген болса, кейінгі ұрпақ осындай қасіретке ұрынар ма еді? Кейбір ғалым­дардың айтысына қарағанда, қазақ халқы өзінің рухани мәдениетінің жа­ры­мынан аста­мынан ай­ры­лып­ты. Ал жер емшегін емген, жазба мәде­ниет­ті өрбіткен ха­лық­тар­дың бүкіл мұрасы мұрты бұ­зыл­май қоймаларында сақтаулы жатыр. Осыдан кейін нота жазуына қарсы шыққандарға не дер едіңіз? Олай болса, жазу атау­лыдан бас тартайық. Жазу­шы­лар кітап жазбайтын болсын. Мектептер жабылсын – өйткені онда да жазуды үйре­те­ді ғой. Әлі есімде, теоре­тик­тер­мен болған, адамның зықысын шығаратын бір диспуттың кезінде марқұм Кенжебек Кү­міс­беков “Айна­ла­йын­дар, олай болса, елге барып кең даланың төсіне киіз үйді тігіп тастап жатпайсыңдар ма?” дегені бар еді. Ұлтты тоздыра­тын кер­тартпалықты ұлы Абайдың өзі сынаған. Нота жазуын сына­ғыштар сол Абай атамыздан данышпан емес шығар. Ай­тарым – нота жазуы, бүгінгі қа­зақты осы дәрежеге жеткіз­ген, әлем мәдениетінің қайнар көздерінен сусындатқан кирил­лица әліп­биі­не пара-пар нәрсе. Сон­дықтан, ешкімнің де кері кетуге, мәде­ниеттен бас тартуға қақысы жоқ. – Қазақтың музыка мәде­ние­ті көптеген тарихи өткел­дер­ден өткен, шыңдалған, өз ішін­дегі мектептердің аста­суы­нан нәр алған және іргелес жұрт­тардың өнерінен де сусын­даған өте күр­делі мәдениет. Алайда, зерт­теу­шілер арасында қазақ мәде­ние­тінің құрамы мен түрлері жайын­да бірауыздан мақұлдаған пікір жоқ... – Тағы да айтайын, оның барлығы таза теориялық мәселелер. Ал орындау­шы­лар­дың бұл жайында өз пікірі бар. Бүкіл өмірін күймен өткізген адам ретінде айтайын, қазақтың музыкалық мәдениеті қазақ тілі сияқты біртұтас құбылыс. Тек айту мәнері ғана әртүрлі – рухы ортақ, құяр арнасы бір. Мысалы, Батыстың музыкасын алыңыз. Қайсысын тыңдасаңыз да, әйтеуір батыс екенін сезіп отырасыз. Неге? Өйткені, рух ортақ. Қазақтың күйі де сондай. Ал рух ортақ болған соң ол жерден жік іздеу қиын нәрсе. Алтай мен Моңғолия, Қытай қазақтарының кейбір күйлері Құ­р­манғазының күйлерін елес­тетеді. Дәулеткерей мен Ди­наның күйлерінде Арқа күйінің элементтері кездеседі. – Ал осы құбылыстың орын­дау­шылыққа әсері бар ма? – Шын домбырашы, музы­ка­лық талғамы дұрыс қалып­тас­қан домбырашы ешбір дәстүрді жатсынбайды. Өз басым “Пәлен­­нің күйлерін ұнатпай­мын, түг­ен­нің күйлерін ғана тарта ала­мын” деген адамға сенбеймін. Өйт­кені, пәленнің күйін ұнат­п­а­ған адам түгеннің күйін де тар­тып жарытпайды. Ондай адам­ды мен күйші деп есептемеймін. – Кейінгі кезде мектептің тазалығы деген проблема көтеріліп жүр ғой... – Мен мұны айта-айта жалыққанмын. Бірақ тағы да айтайын. Мектептің тазалығы деген ойдан шығарылған нәрсе. Мысалы, Рүстембек Омаровты алыңыз. Ол қазақта бар мек­теп­тің барлығын да меңгеруге ты­рыс­ты. Құрманғазы, Дәу­лет­керей, Дина, Мәмен мен Сейтек –бәрін шебер тартатын. Бірақ “Рүстембек Тәттімбет күйлерін нашар тартатын” деп ешкім де айта алмас еді. Өйт­кені, ол Арқа күйлерін де ба­бына келтіріп орындайтын. Мен Рүстембек ақсақалдың осы қа­сие­тін алдым. Менің ре­пертуарым қазақтың күй мектебінің көбін қамтиды. – Сіз жаңа орындаушылық мә­нердің, тұтас мектептің басында тұрған адамсыз. Артық айтқаным емес, қазақтың күй өне­рін әлемнің әйгілі сах­на­ларын­да паш еткен адамсыз. Жат жұрт­тың, бейтаныс көрерменнің алдына шыққанда нендей күй ке­шу­ші едіңіз? – Мен шетелдікті “шетел­дік еді ғой” деп биіктетпеймін, қазақты “күнде көріп жүрген қазағым ғой” деп аласарт­пай­мын. Көрермен қай жерде болса да көрермен. Әрине, жат жұрт сахнасының өз ерекше­лік­тері болады. Әуелі өнеріңнің оларға бейтаныс екенін ойлай­сың. Ар­тың­да тұрған еліңнің абы­ройын ойлайсың. Бірақ бұл сахнадағы микро­фон­ның жанына барып, орындыққа отырғанға дейін ғана кешетін күйіңіз. Ары қарай музыкант­тың күнделікті жұмысы бас­талады. Қазіргі орындау­шы­лық­тың “бісмілләсі” және ең басты шарты – орындаушы мен көрерменнің арасындағы кон­такт. Контакт алғашқы дыбы­с­тан басталады. Яғни, көр­ер­мен­нің ықыласын алдамау керек. Немесе, қарабайырлап айтатын болсақ, орындаушы сахналық сүйкімге ие болу керек. Бұл – бұлжымайтын заң. Себебі, қазір көрермен мен тыңдаушының билік құрған заманы. Орындау­шы­лықтың келесі шарты – көрерменді жалықтырып алмау. Ал, бұл репертуардың жан-жақты бай болуына байланыс­ты. Бай­қайсыз ба, осы жерде, көрер­мен­нің ықыласы мен өзіміз жо­ғары­да айтқан дом­бы­ра­­шының күй үл­гілерін, күй дәстүрлерін көп білу жайы – екеуі түйісіп тұр. Яғни, жадағай репертуар көрер­менді жалық­ты­рып жібереді екен немесе басқа тараптан келіп айтатын болсақ, репертуардың бай болуы сахналық мүддеден келіп шығады екен. – Қазіргі музыкалық педа­го­ги­каның басты мақсаты не деп ойлайсыз? – Саналы, білімді орын­дау­шы­ны тәрбиелеп шығару. Мен саналы деп бостан-босқа айтып отырған жоқпын. Бір нотаны қалдырмай ойнап шығатын музы­канттар болады. Бірақ жү­ре­гіңізге жетпейді. Неге? Өйт­кені, ол жаттап алып ойнаған. Жан­ның жылуы жоқ. Ал саналы адам орындау кезінде қателесіп кетуі де мүмкін. Орындауы қайшы­лықты болуы мүмкін. Бірақ те­бі­рентеді. Өйткені, ар жағында күйді байыптай зерделеген сана жатыр. – Осы орайда орындау­шы­лық талдау, интерпретация туралы айта кетсеңіз. – Интерпретация – бұзу деген сөз емес. Әрине, орын­дау­шының интерпретацияға хақысы бар. Бұрыңғы-соңғы белгілі домбырашылардың орындауын салыстырып көрі­ңіз, бір-біріне мүлдем ұқ­са­май­ды. Бірақ осылардың барлығын біріктіріп тұрған не? Күйдің текстіне деген жауапкершілік. Жаңа буын домбырашылар аға буынның осы қасиетін алуы, күй текстін құрметтеп үйренуі керек деп ойлаймын. Міне, күйдің бол­мы­сын, мән-мағы­на­сын толықтай түсініп болғаннан кейін, оны тыңдаушыға ба­рынша терең етіп жеткізу ба­ғы­тында жұмыс істей бастаймыз. Интер­претация дегеніңіз осы. – Мысалы? – Мысал көп. Ырысбай ағамыз Құрманғазы мен Дәу­лет­керей, Дина мен Жантөре күй­­лерінің қажырын ашып көр­сету мақсатында темпті де жыл­дам­­датады. Тыңдап отырып осы­лай болу керек екеніне нанасыз. Дина әжеміздің үзіп, акцент қойып тартуының өзі бір жаңа­лық. Құрманғазының “Қайран шешем” күйінде, қолды қақ­паққа тигізбей сілтеме қағыспен қағады. Құлағыңызға боранның са­рыны келеді. Осылайша мың­даған мысал келтіруге болады. Шәкірт тәрбиелеу қиын да ізгі жұмыс. Өйткені, біз бүгін тәр­биелеп жатқан ұрпақ, ертеңгі қазақ мәдениетінің тұтқасын ұстайтын ұрпақ қой. Сіздің мә­де­ниетіңіз ешкімнен кем болмау керек. Ұрпағыңыз, белдесе кет­кенде басқа жұрттың өнер­па­зы­нан кем түспеуі керек. Міне, педагогиканың барлық уақыт­тағы мақсаты. – Сіз көптеген өнер жарыс­та­рына төрелік етіп жүрсіз. Алды­ңыздан өткен жас орын­даушылардың шеберлігіне көңіліңіз тола ма? – Не айтуға болады? Бұл сауалыңа бір ауыз сөзбен жауап беру қиын. Өзім сарапшы бол­ғаннан бері алдымнан жүз­деген орындаушылар өтті. Әрине, Қазақстан шегінде орын­дау­шы­лықтың көңілге қонымды жалпы деңгейі бар. Сондай-ақ шебер­лік­тің биік белесіне шыға бас­таған орындаушылар да бар. Мысалы, бүгінде өздері де кон­серваторияның ұстазы болған Айгүл Үлкенбаева, Рүстем Күлшебаев, сондай-ақ консер­ва­то­рияның түлегі Сәния Ер­ғалиева, Салтанат Құдай­бер­ге­но­ва­ларды үлкен домбыра­шылар қа­тарында атай аламыз. Үлкен жи­ындардың бірінде бір тео­ре­тик “қазақтың байырғы музы­ка­лық педагогикасы Құрманғазы мен Тәттімбетті, Дәу­леткерей мен Қазанқапты, Сәйтек пен Динаны берді. Ал қазіргі педа­го­гика не берді?” деп сауал қойды. Сонда мен “Атадан асып туған бала алдымызға келсе, оның бола­шақ Құрманғазы екенін тануға бі­ліміміз де, кісілігіміз де же­теді, құдайға шүкір. Олар бар және болады да” деп жауап берген едім. – Қазіргі үлкен проблеманың бірі – музыканттарды аспаппен жарақтандыру екенін білесіз. Осы орайда домбыра және ұлттық му­зыка аспаптарын жасайтын ше­берлер жайында не айтар едіңіз? – Иә, бұл проблеманың ең үлкені. Кезінде консер­ва­то­рия­ның жанынан ашылған экс­пе­ри­менталдық шеберхана жақсы бағыт алған еді. Әйгілі шебер Эммануил Романенко домбыра жа­сайтын, белгілі композитор Бақытжан Байқадамовтың ғы­лыми кеңесшісі болатын. Мен шеберханада иллюстратор, яғни аспапта ойнап, сын айтатын маман болып жұмыс істедім. Мақтанғаным емес, осы күні тар­тылып жүрген сайдың та­сындай аз, жақсы аспаптар менен жолдама алып аттанған еді. Қазір ол шеберхананың жұ­мысы әлсіреді. О баста қазақ аспаптарын зерттеудің (инстру­мен­товедение) орталығына ай­нала ма деген үмітпен ашылған еді ғой. Ал шеберлер жайына келейік, қазақта үлкен шебер­лер бар. Шеберлер жасаған аспаптар қай жағынан алғанда да мінсіз. Мысалы, Оспанов Жақсылық, Мұса Әділов, Жолаушы Тұр­ды­ғұ­ловтарды мен осындай ше­берлер тобына жат­қызамын. Айтар сыным – қазақ­тың көп шеберлері ағаш таң­дай алмайды. Мысалы, Батыс Еуропа немесе мына тұр­ған Ресейдің шеберлері жасаған скрипканы алыңызшы. Ағашы текті. Ән салуға сұранып тұр. Көрдіңіз бе, сахнадағы сүйкім­нің біразы осы аспаптың сұлу­лы­ғына тәуелді екен. Біздің ше­берлер осыны түсінуі керек. Дыбыстың сұлулығы мен ас­пап­тың сыртқы әдемілігі таразының басындай тең тұруы керек. Ол үшін ең әуелі Эм­ма­нуил Романенко, Ғинолла Ис­ма­ғұлов сияқты шеберлердің тех­ноло­гия­лық сырларын мең­геріп, ары қарай дамыту керек. – Ізіңізді басқан өнерлі ініле­ріңізге нендей тілек тілер едіңіз? – Баяғыда Дәулеткерей, Қы­зыл­ғұрт руына сұлтан болып та­ғайындалып келгенінде, ең әуелі абақтыда жатқан дәу­лес­кер күй­ші, бұл кезде қар­тайып қалған Мү­сірәліні іздеп тап­ты­рыпты, ал­дына алдырып, қо­лын­дағы кі­сенін шештіріп, дом­быра шерт­кізіпті. Бұл Дәу­лет­керейдің халыққа танылып, Бапас күйші атанған кезі. Сонда да “мен сон­д­ай едім ғой” деп дан­дай­сы­мапты, кемеліне келген күйші болса да басқадан үйренуге намыстанбапты. Мен жас ұрпақ­қа сол Дәулеткерей аталарыңдай болыңдар, өнерді, өнерліні сондай құрметтеңдер, үйренуден жалықпаңдар дер едім. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен  Таласбек ӘСЕМҚҰЛОВ.