Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде «Қазақ хандығының 550 жылдығын» атап өту шараларының шеңберінде жасалған экспедиция туралы брифинг өтті.
Оны экспедицияға қатысқан Мемлекет тарихы институтының бір топ қызметкерлері жүргізді. Ғалымдар экспедицияның «Қазақ хандарының жолдарымен» деп аталып, ол үстіміздегі жылдың 3 тамызында басталғанын атады. Бірінші болып сөз алған аталмыш ұжымның директоры, тарих ғылымдарының докторы Бүркітбай Аяған ғылыми экспедицияның мақсатына тоқталды. «Биылғы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өту туралы тапсырмасына сәйкес, біз Қазақ хандарының тұрған, ордаларын тіккен, елді басқарған тарихи орындарын, жүрген жерлерін, жерленген топырақтарын, бастарына салынған кесенелерін өз көзімізбен көріп, олар туралы ғылыми, танымдық көзқарастарымызды, нақты пікірлерімізді халыққа жеткіздік. Оларға елдің назарын аудару – біздің мақсатымыз болды, – деді ол. – Экспедиция құрамына Мемлекет тарихы институтының жас ғалымдары енгізілді. Алдын ала жасалған картаға сәйкес, біз сапарымызды Ұлытау аймағынан бастап, Оңтүстік Қазақстан, Түркістан, Тараз өңірлеріне дейін жетіп, одан Ақтоғай, Балқаш атыраптарынан Ақмолаға қайта бет түзедік. Сапарымыздың ұзақтығы 10 күнге созылып, жалпы ұзақтығы – 4,5 мың шақырымдай болды».
«Біз қазақ даласының қазіргі замандағы өзгерістерін өз көзімізбен көріп, оны хандықтар заманынан білетін тарихи деректермен салыстыруды да мақсат еттік. Қазақ даласын кезінде суреттеген саяхатшылар, оқымыстылар көп болғанын білесіздер. Соның ішінде Ватиканда табылған картада да ежелгі Ұлы дала суреттеліп, оның жер-су атауларын жазып кеткен жерлері бар. Біз осы атаулар мен жер-суларды кездестірерміз бе деген үмітті де есімізге тұттық», – дей келіп, Бүркітбай Аяған экспедиция Ұлытау аймағында Жошы хан, Алаша хан кесенелерінде, Домбауыл ескерткіштерінде болғанын айтты. Олардың орналасқан жерінің картасын жасап, суретке, бейнетаспаға түсіріп алғандарын және маңындағы елді мекендерден, атақты орындардан қаншалықты алыстығын анықтағандарын жеткізді. Тарихи ескерткіштердің қазіргі жағдайына қатысты тиісті орындарға ақпарат беру де ғалымдардың ойында бар екен. Сонымен қатар, осындағы Едіге мен Тоқтамыстың атындағы биіктерді де көріп, олардың табиғи келбеті, орналасқан ерекшеліктері туралы да ғылыми сараптама жасайтындарын жеткізді.
Ұлытаудан әрі экспедиция Қызылордаға баратын сара жолмен жүрмей, Бетпақдала арқылы Оңтүстік Қазақстан өңіріне шығып, Созаққа тура түсіпті. Күннің ыстығы, шөл дала, жолсыз сапар өте ауыр болды, – деді Бүркітбай Ғелманұлы. – Ұмытылмай есте қалатын осы сапарда ұлы бабаларымыздың осынау жолдармен аттың үстінде, ашық аспанның астында талай жүргенін үнемі еске алып, қиындықтарды өз басымызбен сезініп отырдық. Бізге сапар сонысымен де құнды болды».
Созақ өңірінде Сауран, Сығанақ қалаларының орындарын көрген экспедиция әрі қарай Қаратау арқылы Түркістан өңіріне өтеді. Сығанақтың Қазақ хандығының алғашқы астанасы болған тарихын көп адам біле бермейді. Жәнібек пен Керей, Бұрындық, Қасым хандардың ордасы осы қалада болғаны айтылды. Одан әрі Шу өзені арқылы Тараз жеріне өткен ғылыми саяхатшылар Айша бибі, Бабаджа қатын, Қара хан және т.б. кесенелерін өз көздерімен көріп қайтқан екен. Осы жерден экспедиция Хантауға өтеді. «Бұл бір тау емес, көптеген биік шоқылардың ұштасқан жері. Кезінде М-Х.Дулати Керей мен Жәнібек Ноғай Ордасынан айырыла көшкенде, осы Хантаудағы Қозыбасыға келіп қоныстанғаны туралы айтып кеткен. Сол жерді өз көзімізбен көре отырып, оның геологиялық орналасуын болашақта ғылыми картаға енгізуді жоспарлап отырмыз», – деді Б.Аяған.
Сапар барысында экспедиция Алаш көсемі Әлихан Бөкейхановтың туған жері – Қарағанды облысындағы Ақтоғай ауданына да соққан екен. Мұнда Әлекеңнің ата-анасына, туыстарына өз қолымен орнатқан зираттары, олардың басына отырғызған ағашы бар. Осы төңіректе Беғазы-Дәндібай мәдениетінің белгілері де орналасқан. Экспедицияға қатысушылар оларды да көріп, өздеріне қажетті деректерді жинап алғандарын да ортаға салды. Сонымен қатар, қазақтың соңғы хандарының бірі, Көкшетау жеріндегі Уәли хан кесенесінің жағдайымен танысқандарынан да хабардар етті.
«Енді осы сапардан көргендеріміздің бәрін жинақтап, арнайы ғылыми конференция өткіземіз бе деп отырмыз. Оған дейін қолдағы материалдардың барлығын фотоальбом және кітап етіп шығаруды жоспарлап қойдық», – деді Бүркітбай Аяған.
Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан».