ӨҢІРЛІК ТҮЙТКІЛДЕР ТҮЙІНІН ТАРҚАТУҒА ТАЛПЫНЫС ТАНЫТЫЛДЫ
Кеше Алматыда ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттер сыртқы істер министрлерінің бейресми кездесу шеңберінде бірқатар екі жақты жүздесулер өтті
Бұдан бұрын хабарланғанындай, бүгін Алатау баурайындағы “Ақ бұлақ” спорт-сауықтыру кешенінде Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы сыртқы істер министрлерінің бейресми кездесуі өтеді. Кеше Алматыда аталған іс-шара аясында ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев бірқатар шетелдік әріптестерімен екі жақты кездесулер өткізіп, маңызы зор құжаттарға қол қойды.
Жалпы, осы ауқымды халықаралық алқалы жиынға ЕҚЫҰ-ға мүше барлық 56 мемлекеттен сыртқы саясат ведомстволарының басшылары мен жоғары дәрежелі өкілдер, Ұйыммен ынтымақтастық жөніндегі 12 әріптес елден және бірқатар халықаралық ұйымдардан мәртебелі лауазым иелері келді.
Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев таңертеңгі кездесуін Ұлыбритания Сыртқы істер министрінің орынбасары, Еуропа істері министрі Дэвид Лидингтонды қарсы алып, құрмет көрсетумен бастады.
– Біз үшін осынау екі күнгі пікір алмасу айрықша маңызды оқиға болмақ, – деді Қазақстан сыртқы саясат ведомствосының басшысы. – Онда біз өзіміздің басты мақсатты ісіміз – Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Алматыда Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының саммитін өткізу жөніндегі бастамасын жүзеге асыруда ортақ ұстанымды шешім қабылдауға тиіспіз.
Жылы жүздесуден кейін журналистерге қысқаша сұхбат берген Дэвид Лидингтон Қанат Саудабаевпен екі жақты кездесудің жемісті өткенін, онда бірнеше мәселе, атап айтқанда, аймақтық, екі жақты қатынастарға байланысты әңгіме өрбігенін алға тартты.
– Ең алдымен біздер Қырғызстандағы дағдарыс мәселесін қарастырдық, – деді мейман. – Біз Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төраға ретінде көрші Қырғыз Республикасындағы шиеленісті реттегеніне айрықша қанағаттанғандық білдіреміз. Бұл орайда ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттер өз мүмкіндіктерін бірлесе пайдаланғаны жөн деп санаймыз. Сонымен бірге, Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төраға мемлекет ретіндегі де, Қырғызстанмен көршілес мемлекет ретіндегі де пікірі біз үшін маңызды. Мен саммиттің басталуын асыға күтемін және Қазақстан осы жылда айтарлықтай табысқа жетеді деп сенемін.
Одан соң Д.Лидингтон Ауғанстанға қатысты өз ойын білдіре келіп, келесі аптада Кабулда өтетін халықаралық донорлар конференциясының қорытындысынан үлкен үміт күтетінін, сондай-ақ Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы табысты өтіп жатқанын, алдағы уақытта да солай бола беретіне сеніммен қарайтынын айтты.
Қанат Саудабаевтың Кипр Республикасының Сыртқы істер министрі Маркос Киприанумен кездесуі де жемісті өтіп, онда Кипр үкіметі Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығын толығымен қолдайтынын және осы ретте игі істер атқарып жатқанын атап көрсетті. Екі жақты қарым-қатынастардың одан әрі дамуына мүдделі екі тарап осы бағыттағы маңызды келісім-шартқа қол қойды. Құжатқа байланысты өз ойын білдірген М.Киприану дипломатиялық және қызметтік төлқұжат иелері үшін визасыз режім енгізу және болашақта визасыз режімді бүкіл Қазақстанның азаматтары үшін енгізуді қолдайтынын мәлімдеді.
– Бірақ, бұл мәселе екі жақты келісіммен ғана шешілмейді. Бұл ретте біздер Еуропалық Одаққа мүше болғандықтан, солардың келісімімен санасуға тура келеді. Яғни, Кипр негізінен осы ұстанымды қолдайды, – дей келе, ол болашақта Қазақстанмен мемлекетаралық, жалпы халықаралық қатынастарды нығайту мақсатында Алматыда Кипрдің Бас консулдығын ашу мәселесі қарастырылып жатқанын, алдағы уақытта Қазақстан мен Кипр арасындағы инвестициялық қарым-қатынастардың да нығаюына үлкен мүмкіндіктер бар екенін, Қазақстанда ЕҚЫҰ-ның саммитін өткізу ұсынысын Еуропалық Одақ деңгейінде болсын, ертең өтетін бейресми кездесу деңгейінде болсын толық қолдайтынын атап көрсетті.
– Бұл менің Қазақстанға алғашқы ресми сапарым, – деді кездесуден кейін журналистерге берген сұхбатында Португалияның Сыртқы істер министрі Луиш Амаду. – Бізде екі мемлекет арасындағы қарым-қатынастарды, экономикалық, саяси, мәдени, гуманитарлық байланыстарды одан әрі дамытуға біраз әлеует бар. Оны бүгінгі қол қойған келісім-шарт арқылы жүзеге асырамыз деп ойлаймын. Португалия Африка, Латын Америкасы және Бразилия елдерімен жақсы қарым-қатынаста болса, Қазақстан да Ресей, Орталық Азия және Еуропа мемлекеттерімен тығыз байланыста. Ендеше, осы мүмкіндіктерімізді екі жақты қарым-қатынастарда нығайтуға пайдалансақ ұтарымыз көп болмақ. Жалпы, біз кезінде Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығын толығымен қолдаған болатынбыз. Енді Қазақстанның төрағалық жылында саммиттің өткізілуіне жан-жақты қолдау білдіреміз.
Кездесу қорытындысында Қазақстан мен Португалия арасында дипломатиялық төлқұжат иелерін визалық талаптардан босату туралы келісімге қол қойылды.
Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Іс басындағы төрағасы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев келесі кезекте Албания Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Илир Метамен, Словения Сыртқы істер министрі Збогор Симулэльмен, Беларусь Сыртқы істер министрі Сергей Мартыновпен, Украина Сыртқы істер министрі Константин Грищенкомен және ЕҚЫҰ-ның Шиеленістердің алдын алу жөніндегі орталығының директоры Герберт Замбермен кездесті. Кездесуден шыққан меймандар ондағы қозғалған мәселелер төңірегінде айтып берді.
Албания Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Илир Мета БАҚ өкілдеріне Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен биылғы жылдың аяғында Астанада саммиттің өтуін көпшілік қызу қолдайтындығын хабарлады. Өйткені, соңғы он жыл шамасында ұйымда бір де бір саммит ұйымдастырылмаған, сондықтан да бұл жиынның орны да, маңызы да бөлек деп есептейді Илир Мета. Оның айтуынша, екеуара кездесуде, сондай-ақ дипломатиялық төлқұжат иелерін виза талаптарынан босатуға қатысты мәселелер қозғалған.
– Бүгін біз Қазақстан мен Албания арасындағы келешектегі екі жақты қарым-қатынас, экономикалық ынтымақтастықтың қарқын алуы туралы мәселені қарастырдық. Сондай-ақ, инвестицияны қолдау мен салыққа қатысты келісімдер жөнінде де сөйлестік,– деді ол.
Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына тұңғыш рет тұтастай Азияда орналасқан мемлекеттің төрағалық етуі және төрағалыққа талап деңгейінен көрінуі жақсы бір жаңалық болса, бұл жәйт Ұйымға қатысушы мемлекеттер өкілдерінің тараптарынан да аса жоғары бағалануда. ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы Қанат Саудабаевпен кездескен шетелдік қонақтар жүздесуде, ең алдымен, осы жәйттерге назар аудартты. Келесі кезекте қауіпсіздік, әсіресе, Қырғызстанды тұрақтандыру мәселесі өңірдегі көкейкесті проблемалардың бірі болып отырғаны атап көрсетілді. Министрлердің пікірінше, осындай проблемаларды шешу арқылы және осындай бағыттарда жауапкершілік пен басымдық таныта білудің нәтижесінде ЕҚЫҰ жалпыеуропалық кеңістіктегі қауіпсіздік өлшемдерінің аясын кеңейте алады.
Беларусь Сыртқы істер министрі Сергей Мартынов екі мемлекет арасындағы ынтымақтастық, экономикалық қарым-қатынастардың уақыт өткен сайын өрістей түсуін тілге тиек етті. Сонымен қатар, Астанада биылғы жылы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен өтеді деп жоспарланып отырған саммиттің бірқатар жаңа жобаларға жол ашатындығына сенім білдірді.
– Ал, енді Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы жөнінде атап айтарым, бұл бағытта шын мәнісінде де жоғары деңгейдегі жұмыстар жүргізілуде. Қазақстан басшысының Беларусь мемлекетіне өткен жылғы қараша айындағы ресми сапары сәтті болды. Біздер Қазақстан Үкіметімен барлық деңгейде тығыз байланыс орнатып, жұмыс істеудеміз. Ондағы мақсат – Беларусь ұсынуға дайын инновациялық және модернизациялық даму жобаларының Қазақстанның индустриялық даму жоспарының бір бөлігіне енуі. Қазақстанға беларусьтік бастамаларды қолдағаны үшін алғысымды білдіремін,– деді Сергей Мартынов.
Украина Сыртқы істер министрі Константин Грищенко ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаевпен кездесуінде биылғы жылы Астанада өтеді деп күтіліп отырған ЕҚЫҰ саммиті халықаралық және өңірлік проблемаларды қарастыруда үлкен кездесу алаңы болатынына сенім білдірілгенін атап айтты. Кездесуде сондай-ақ Қазақстан басшысының Украинаға ресми сапарына дайындық, келешекте екі мемлекет арасындағы экономикалық байланыстарды одан әрі дамыту, тағы басқа да екі жақты маңызды іс-шаралар төңірегінде сөз болғанын көлденең тартты.
ЕҚЫҰ-ның Шиеленістердің алдын алу жөніндегі орталығының директоры Герберт Замбер жақында Бішкектен оралғандығын және онда осы елде орын алған оқиғаларға байланысты бірқатар кездесулер өткізгендігін тілге тиек етті. Герберт Замбердің пікірінше, Қырғызстанның оңтүстігінде, анығырақ айтқанда, Жалалабад пен Ош облыстарындағы жағдайды реттеу, қалпына келтіру үшін біршама күш-жігер жұмсау қажет. Бұл аймақтарда қырғызстандықтардың келешекке деген сенімін нығайтып, шиеленістің алдын алу және оны болдырмау жолдары қарастырылса, нұр үстіне нұр болмақ. “Әрине, бұл бағытта нақты іс-шараларды жүзеге асыру үшін ЕҚЫҰ Тұрақты кеңесінің шешімі керек”, деді Герберт Замбер.
ЕҚЫҰ Бас хатшысы Марк Перрен де Бришамбо мен Есірткі құралдары мен психотроптық заттардың заңсыз айналымымен күрес жөніндегі орталықазиялық өңірлік ақпараттық үйлестіру орталығының директоры, генерал-лейтенант Бексұлтан Сәрсековтің кездесуі аясында ЕҚЫҰ мен орталық арасындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды.
Бұдан кейін Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы мен Заңсыз есірткі айналымымен күрес жөніндегі ортаазиялық өңірлік ақпараттық үйлестіру орталығы арасындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қою рәсімі болды. Бұл келісімнің ерекше маңызы бар. Тараптар осы құжатқа сәйкес алдағы уақытта заңсыз есірткі тасымалына қарсы бірлесе іс-шаралар өткізеді, тиісті ақпараттар алмасады, мамандар дайындайды.
ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы Қанат Саудабаев бейресми саммит аясында, сондай-ақ Македония Сыртқы істер министрі Антонио Милошоскимен, Австрия Сыртқы істер министрі Михаэль Спинделегермен және ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының президенті Петрос Эфтимимен кездесулер өткізіп, ортақ мәселелер жайында пікірлер алмасты.
Македония сыртқы саясат ведомствосының басшысы Антонио Милошоскидің хабардар етуінше, кездесуде негізінен екі елдің ынтымақтастығын нығайту мәселелері әңгіме болған. Сонымен қатар, өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету, адам құқығы жайында да сөз қозғалған. Бұдан бөлек Қазақстан Республикасы мен Македония арасындағы дипломатиялық төлқұжат иелерін визалық талаптардан босату туралы келісімге қол қойылды.
Австрия Сыртқы істер министрі Михаэль Шпинделегердің хабардар етуінше, кездесу өте тартымды өткен. Қазақстан Ұйымға күткендегідей басшылық жасап келеді. Тараптар, әсіресе, Қырғызстандағы жағдайға қатысты мәселелерге ерекше назар аударған. Өйткені, бүгінде Қырғызстан проблемасы Ұйым аясындағы аса өзекті және өткір мәселе болып отыр.
Кездесуде, сондай-ақ ЕҚЫҰ-ның үстіміздегі жылы өтетін саммитінің перспективалары да талқыланды. “Австрия биыл Ұйымның жоғары деңгейдегі саммитін өткізуді қолдайды”, – деді австриялық министр.
Ал ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы Қанат Саудабаевтың ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының президенті Петрос Эфтимиумен кездесуі де әсерлі болды. “Бүгінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету аса өткір проблеманың бірі болып отыр, – деді ол журналистерге берген шағын сұхбатында. – Жақында Парламенттік Ассамблеяның пленарлық сессиясы өтті. Сессияда ЕҚЫҰ-ның жоғары деңгейдегі саммитін өткізу аса қажет екені туралы қарар қабылданды. Саммит Ұйымның саяси беделін нығайтады. ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасымен кездесуде осы мәселелер талқыланды”.
ОРТАҚ ҰСТАНЫМНАН ТҮБЕГЕЙЛІ ТҮСІНІСТІККЕ
Кеше кешкілік Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев пен АҚШ Мемлекеттік хатшысының бірінші орынбасары Джеймс Стайнбергтің кездесуі болып өтті.
Америкалық делегацияны бастап келген лауазымды қонақты Қанат Саудабаев ыстық ілтипатпен қарсы алып, кездесу күткендегідей емен-жарқын жағдайда өтті. АҚШ-та жемісті елшілік қызмет атқарған Қ.Саудабаев пен Дж.Стайнбергтің байырғы білістігі келесі келелі мәселелерді ынтымақпен, ықыласпен жалғастыруға жол ашқандай. Салмағы мықты саясаткердің Қазақстан жерінде өтіп жатқан ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттер сыртқы істер министрлерінің бейресми кездесуіне арнайы атбасын бұруы екі мемлекеттің өзара қарым-қатынастарының деңгейін де танытып тұрғаны аян.
– Афинадағы кездесу кезінде сіздің біздің еліміздің ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуіне көрсеткен жеке қолдауыңыз бен үлесіңізді атап өткім келеді. Мұның өзі екі ел арасындағы әріптестік байланыстардың үдемелі қарқынмен дамып келе жатқанының айқын көрінісі деп білемін, – деді Қанат Саудабаев.
Екі жақты келіссөздерден кейін Қанат Саудабаев пен Джеймс Стайнберг БАҚ өкілдерімен брифинг өткізіп, жүздесуді қорытындылады. Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығына және бірқатар мәселелерге қатысты ой-пайымдарын білдірді.
Америкалық әріптесімнің бағалауынша, республикамыздың осы беделді халықаралық Ұйымға жарты жылда жасаған жетекшілігі барынша оңды болып табылады, деді Қанат Бекмырзаұлы журналистерге берген сұхбатында. Және Дж.Стайнберг, әсіресе, Қырғызстандағы оқиғалар кезінде біздің біріккен әрекеттеріміздің оң нәтиже бергенін жақсы жағынан бағалады. Оның бірі – осы елге бақылау үшін полициялық топтардың жіберілуі. Оған қоса, әрине, екі күндік пікір алмасу кезіндегі басты мәселе – ЕҚЫҰ саммитін өткізуді талқыладық. Осы арада Қазақстанды ұдайы және берік қолдап келе жатқан АҚШ Мемлекеттік хатшысының орынбасарына орнықты ұстанымы үшін ерекше ризашылық білдіргім келеді, деді Қанат Саудабаев.
Өз кезегінде Джеймс Стайнберг те келіссөздердің келелі болғандығын, кең ауқымды мәселелерді ойласуға мүмкіндік туғызылғанын атап өте келіп:
– Мен Қазақстан басшылығы мен ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасына Қырғызстандағы оқиғаларға бей-жай қарамағаны үшін ерекше разымын. Мұндай келеңсіздіктерді болдырмауға қажетті шараларды қабылдауда екі елдің ұстанымдары ұқсас. Мен, әсіресе, жағдайды бақылау үшін Қырғызстанға полиция топтарын жіберуге жасалған әрекетке ризамын, бұл – дұрыс қадам. Сондай-ақ, Ауғанстан мен бүкіл өңірдегі тұрақтылықты сақтауға Қазақстанның септігі тиюде. Бүгінгі біздердің кездесуіміз Президент Нұрсұлтан Назарбаев пен Президент Барак Обама кездесулерінде берілген тапсырмалардың орындалуы болып табылады, – деді.
Ауызбіршілік, түсіністік тұрғысында өрбіген кездесуді шетелдік және қазақстандық БАҚ өкілдеріне мәлім еткен сыртқы саясат ведомстволарының басшылары осыдан кейін Опера және балет театрында өтіп жатқан концертті тамашалау үшін көрермендер залына өтті.
Бейресми кездесуге қатысушыларға арналған концертте ұлтымыздың классикалық өнерінің жауһарлары, опера мен балет жұлдыздары жарқырап, бекзат өнердің өз деңгейінде екендігін паш етті.
КСРО халық әртісі Әлібек Дінішев, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаттары Шахимардан Әбілов, Майра Мұхамедқызы, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Жәмила Баспақова, балеттің буынсыз бишілері – тамаша туындылардан Гран-па орындаған балет бишілері Құралай Сарқытбаева, Фархад Буриев, Досжан Табылды, Нұрлан Қонақбаев, Ясауи Мерғалиев шетелдік қонақтардың шынайы қолпашына ие болды.
АҚШ ЕЛШІЛЕРІ ҚАЗІРГІ ҚАЗАҚСТАН ТУРАЛЫ
Шілденің 16-17-і күндері Алматыда өтетін ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттер сыртқы істер министрлерінің бейресми кездесуі қарсаңында Вашингтондағы АҚШ-тың 28-інші президенті Вудро Вильсон атындағы орталықта Американың Қазақстан мен Ресейдегі бұрынғы елшілері бас қосып, Қазақстан Республикасының қазіргі әлемдегі алатын рөлі туралы сөз қозғады.
Басқосуда АҚШ-тың Ресейдегі бұрынғы елшісі Джеймс Коллинз, Қазақстандағы бұрынғы елшілері Уильям Кортни, Элизабет Джоунс және Ларри Наппер, сондай-ақ Карнеги қорының сарапшысы Марта Олкотт баяндама жасады, деп хабарлайды АҚШ-тың Қазақстан Республикасындағы елшілігінің баспасөз қызметі.
Америка байтағында болған пікірталас жұртшылық тарапынан үлкен қызығушылық туғызды. Шараға саясаткерлерден бастап бизнесмендерге дейінгі әр түрлі ортадан 200-ден астам адам қатысты. Талқылауды Қазақстанның АҚШ-тағы елшісі Ерлан Ыдырысов ашты.
Баяндамашылар арасынан Дж.Коллинз Қазақстан тәуелсіздік алған кезде өзінің Мемлекеттік департаментте жаңа тәуелсіз мемлекеттермен байланыс бойынша айрықша тапсырмалар жөніндегі елші міндетін атқарғанын, АҚШ өзінің ТМД елдерінде пайда болған жаңа тәуелсіз мемлекеттерге қатысты саясатының негізін тап осы байланыс арқылы жасағанын айтып, “бүгінгі Қазақстанға қанағатпен қарайтынын” мәлімдеді. Ал У.Кортни біздің елімізбен арадағы байланыстағы шешуші элементтер туралы айта келіп, олардың қатарына Қазақстан-Америка қатынасындағы толеранттық, экономикалық реформалар және әлемдік қауымдастықтағы интеграцияға ұмтылу жайын жатқызды. Өз кезегінде Э.Джоунс Қазақстанға алғаш келгенде мұндағы жұрттың білімді екеніне таң қалғанын тілге тиек ете келіп, мұның өзі елді басқа елдерден бірден айрықшалап тұрғанын жеткізді. Содан кейін Л.Наппер ең алдымен Қазақстан халқы мен оның Президенті Н.Назарбаевтың адамгершілік қасиеттерінің жоғары екенін атап көрсетіп, оның АҚШ-та 2001 жылғы қыркүйекте болған терактіден соң қатты байқалғанын сүйсіне еске алды.
Пікірталасқа қатысушылар Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық ете бастаған уақыттардан бергі жұмыстарына да жақсы баға берді.
ЕҚЫҰ САММИТІ БИЫЛ ӨТКЕНІ ЖӨН
Америка сарапшылары Ұйымға мүше елдерді Қазақстан бастамасын қолдауға шақырды.
12 шілдеде АҚШ-тың ықпалды “ақыл-ой” орталықтарының бірі – “Атлантикалық Кеңес” Вашингтонда Қазақстан бастамашысы болған ЕҚЫҰ саммиті және Қырғызстандағы ахуал туралы жуырда ғана Кеңес президенті Фредрик Кемп бастаған делегацияның Венаға, Астана мен Бішкекке сапарының қорытындылары бойынша басылған өз жарияланымдарының тұсаукесерін өткізді.
Шара барысында жиналғандардың назары Еуразияның ЕҚЫҰ кеңістігінде өсе түскен рөліне, соның ішінде Қырғызстандағы оқиғалар мен Ауғанстандағы ахуал мысалында Орталық Азияның маңызына аударылды.
Жиналғандарға АҚШ пен оның трансатлантикалық одақтастары Орталық Азиямен неге барған сайын ынтымақтасуы тиіс және бұл өңірге лайықты көңіл бөлмеудің салдары қандай болуы мүмкін деген сұрақтар қойылып, сөз сөйлеушілер АҚШ үшін оның тарихын, қазіргі нақтылықты және Орталық Азияның алдағы кезде даму алғышарттарын ескергенде бұл өңірдің барған сайын зор маңызға ие болатынын атап көрсетті.
АҚШ-тың бұрынғы сенаторы Чак Хейгел Америка әкімшілігі, дипкорпус, сондай-ақ НАТО, ЕҚЫҰ және Орталық Азия мәселелері бойынша жергілікті сарапшылар алдында АҚШ Әкімшілігінде Орталық Азияға қатысты жан-жақты стратегияның жоқтығын айтып, мұны жуық арада жасау қажеттігін атап көрсетті.
Осындай жәйттерді ескере келіп, Кеңес басшылығы ЕҚЫҰ Саммитін нақ осы қазақстандық төрағалық кезеңінде өткізудің маңыздылығын атап көрсетіп, АҚШ барынша жоғары деңгейде бұл Ұйымға көңіл бөлу керектігін жеткізді.
БҰЛ ҚҰЖАТ ЕСІРТКІГЕ ҚАРСЫ КҮРЕС ШАРАЛАРЫН ЖАНДАНДЫРАДЫ
– ЕҚЫҰ заңсыз есірткі айналымына қарсы күреске барынша маңыз беріп келеді, – деді Заңсыз есірткі айналымымен күрес жөніндегі ортаазиялық өңірлік ақпараттық үйлестіру орталығының директоры, генерал-лейтенант Бексұлтан Сәрсеков бізбен әңгімесінде. – Орталықтың басты міндетіне – заңсыз есірткі айналымына қарсы күрес барысында ақпараттар алмасып, бір-біріне тәжірибе жүзінде көмектер көрсетіп, мамандар даярлау, тағы басқалар жатады.
– Кездесуде қандай да бір құжатқа қол қойылды ма?
– Әрине. Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы мен Заңсыз есірткі айналымымен күрес жөніндегі ортаазиялық өңірлік ақпараттық үйлестіру орталығы арасындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Бұл құжат есірткіге қарсы күрес шараларын жандандыра түсетініне сенімдіміз.
Қазақстан бүгінде көптеген салаларда халықаралық қоғамдастықпен тығыз ынтымақтастық орнатты. Оның ішінде заңсыз есірткі тасымалына қарсы күрес мәселелері де бар. Ал бүгінгі қол қойылған келісімге сәйкес ЕҚЫҰ мен біздің орталық есірткіге қарсы күресте бірлесе іс-қимыл жасайтын болады.
АЛМАТЫ – ЫҚЫЛАСТЫ КЕЗДЕСУЛЕР ҚАЛАСЫ
Кеше “Риксос” қонақ үйінің түрлі залдарында, Абай атындағы мемлекеттік академиялық опера және балет театрының вип-ложасында, Қабылдау үйінде болған кездесулердің қай-қайсысы да тартымды болды. Онда негізінен бір мәселе төңірегінде сөз болғаны анық. Ол – Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының үлкен саммитін өткізу жайы. Сонымен қатар Қырғызстандағы ахуал ауызға алынбай қалған жоқ. Мұның себебі түсінікті. Көрші елдегі жағдай бүкіл әлемді алаңдатып отырғаны белгілі.
Еуроодақтың шетел мәселелері және қауіпсіздік саясаты жөніндегі Мәртебелі өкілі баронесса Кэтрин Эштонмен кездесу кезінде сөз болған мәселелер журналистер үшін айтылмағанымен, тараптардың кездесуден жылы шырайлы жағдайда шыққанына қарап, өзара түсіністікке қол жеткеніне көз жеткізу қиынға түспеді.
ПРЕЗИДЕНТТІК КОМИССИЯ ҚҰРЫЛАДЫ
Бейресми кездесу алдындағы жүздесулер Алматы аспанын әбден қараңғылық жапқан кездің өзінде де жалғасып жатты. Қабылдау үйінің әсем залдары шетелден келген меймандарға толы.
Осы бейресми кездесуге ақпараттық қолдау көрсетуге жан-жақтан келген шетелдік журналистер де бүгінгі күнгі жүздесулердің көптігін, мазмұндылығын айтып, ертеңгі жалғасына қызығушылықтарын танытты. Шамамыз келгенінше оларға өз ойларымызды жеткізіп, әріптестеріміздің ертеңгі басқосудан не күтетіндерін сұрадық. Астанада саммит өткізу қолдау табатын болар және сіздердің іргелеріңіздегі қырғыз бауырларыңыздың жайы да сөз етілетін шығар, деді шетелдік әріптестеріміз.
Жұмыс барысының тығыздығы сондай, кешкі астың үстінде де келелі әңгіме қозғалған. “Еуроатлантикалық және еуразиялық қауіпсіздік” тақырыбындағы мәселелер бойынша ойларымен ортақтасқан саясаткерлердің мәжілісінен соң екі жақты кездесулер басталды. Бұл жолы Қанат Саудабаев франциялық әріптесі Бернар Кушнермен жүздесті. Соңынан Қазақстан мен Франция арасында Қазақстан-Франция Президенттік комиссиясын құру туралы хаттамаға қол қойылды.
ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы, еліміздің Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев журналистердің алдына шыққанда былай деді: “Әріптесіміз екеуміз президенттер Нұрсұлтан Назарбаев пен Николя Саркозидің кездесулерінен кейін біздің қарым-қатынастарымыздың стратегиялық әріптестік деңгейіне дейін көтерілгенін атап көрсеттік. Жаңа ғана қол қойылған құжаттан Назарбаев-Саркози комиссиясының құрылатынын білдіңіздер. Екі президент басқаратын бұл комиссия жұмысы барысында біздің мемлекеттер арасында байланыстардың көкжиегі одан әрі кеңейетін болады”.
Қ.Саудабаев келесі кезекте өзінің Бернар Кушнерге ерекше алғысын білдіретінін жеткізді. Оның біздің төрағалығымыз уақытындағы дәйекті қолдауына, әсіресе, Президент Назарбаевтың биылғы жылы саммит өткізу бастамасын жүзеге асыру барысындағы ұстанымына ризашылығын атап көрсетті. Осы күндері саммит өткізуде бір тұжырымға тоқтайтын шығармыз деп үміттенемін, деді Қанат Бекмырзаұлы.
Өз кезегінде Бернар Кушнер: “Біз ЕҚЫҰ саммитінің Астанада өткізілуін қолдаймыз және оның өткізілу мерзімі жөнінде ертең әңгіме болады деп ойлаймын”, деп Қырғызстан мәселесіне тоқталды. Және біз Германия Сыртқы істер министрі Гвидо Вестервелле екеуміз ертең Қазақстанмен өте жақын көрші Қырғызстан жайында арнайы декларацияны жария етпекпіз. Ондағы жағдай өте алаңдатарлық, сондықтан бұл мәселе назарда ұсталуы тиіс, деп ойын жинақтады.
“Егемен Қазақстанның” тілшілер тобы. Суреттерді түсірген Берсінбек СӘРСЕНОВ.