04 Наурыз, 2015

104-ші қаһарман!

882 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін
УОС-ЦВБесқаладан шыққан батыр туралы бірер сөз Екінші дүниежүзілік соғыста Кеңес Одағының Батыры атағын алған қазақ ерлерінің қатары тағы бір есіммен толықты. 104-ші батыр. Іният Наурызбаев. Воро­неж майданының 52-армия, 254-ат­қыштар дивизиясының 933-атқыш­тар полкінде жауға қарсы жан аямай соғысқан Іният­қа Днепр өзенін кесіп өтіп, кеңес әскерлерінің бекінісіне жол ашу кезінде көрсеткен ерлігі үшін КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының жарлығымен 1944 жылдың 22 ақпанында Кеңес Одағының Батыры атағы берілген. as-14Қан майданда қазақтың қанында тулаған қаһармандық қасиетті, ерлік пен өрлікті тағы бір мәрте көрсетті Іният сынды қазақ өрені. Ағайындары, ауылдастары оның марапаттау парағында басқа ұлттың батыры болып жүргенін байқады дейсіз бе? Қазақ екендігін қазбалап сұрап қайтеді, онсыз да бәріне белгілі. Қарақалпақ жерінен шыққан санаулы батырдың бірі. Санаулы батыр демекші, Бесқа­ладан, яғни Қарақалпақстаннан шыққан 15 Кеңес Одағының Батыры атағына ие болғандардың 5-еуі қазақ халқының өкілі екендігі онсыз да мәлім. Сондықтан жергілікті халық та, билік те оның қазақ батыры екендігіне әсте күмән келтірген емес-ті. Жеңіс мерекесі қарсаңында одан қазақ батыры ретінде сұхбат алып, алаштың ардақты перзенті санатында журналистер қалам тербейтін. Сөйтсе... Ержүрек Наурызбаевтың есімін Кеңес Одағының Батыры атағын алған 103 қазақ қаһарманның қата­рынан көзіміз шалмаған соң іздестіреміз ғой баяғы. Интер­нет­тер­ді ақтара келсек, батырдың ұл­ты барлық жерде «өзбек» болып жазылған. Марапат қағазын тол­тыр­ғандардың өрескел қателігі ме, әлде саясат ыңғайымен солай жазылды ма, әйтеуір осы кезге дейін ақи­қаттың бұрмаланып келгені анық. Кеңес Одағының Батыры Іният Наурызбаевпен көзі тірісінде сұх­бат­тасқан журналист Бегабат Ұза­қовтың қазақтың қаһарман пер­зенті туралы жазған мақаласын оқыр­ман назарына ұсынып отырмыз. Осылайша, өткенде кеткен олқы­лықтың орнын толтыруға ұмты­лып, елдің бас газеті «Егемен Қазақ­стан» арқылы қалың қазақтан сүйін­ші­ сұрап отырған жайымыз бар, құр­метті ағайын. Ғабит МҮСІРЕП, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты. 1934 жылы белгіленген Кеңес Одағының Батыры атағын 12 мыңнан астам жауынгер, командир, қолбасшы, партизан алған болатын. Тыңғылықты зерттеулер нәтижесінде бұл атақты алғандардың ұлтына қатысты мәселеде тың деректер табылып жатыр. Жан алып, жан беріп жүрген шақта ұлтының беделін ойлап, өзгелерді өз есебіне жазып жібергендер де бар болып шықты. Сабыр Рақымов пен Расул Есетовтің бертінге дейін өзбек халқының батыры саналып келгені баршаға белгілі. Ауылы аралас, қойы қоралас жатқан Қарақалпақстандағы қазақ­тар арасынан бес бірдей Кеңес Одағының Батыры шыққан. Ол жердегі бауырлар осы батырларды мақтан етеді. Бірақ, ғаламтордың дамуы көп мәліметтерден хабардар етті. Бес батырдың төртеуі – Мақаш Балмағамбетов, Плис (Біліс) Нұрпейісов, Жұман Қарақұлов, Жұмағали Қалдықараевтың өмір­баяндары бұрмаланып көрсетілсе де, қазақ батырларының тізімінде бар да, бесіншісі – Іният Наурызбаев өзбек ұлтының есебінде жүрген болып шықты. Сол себепті батыр туралы нақты деректерді сараптап, қалың оқырманға ақиқатты жеткізгенді жөн көрдік. Іният Наурызбаев 1918 жылдың 10 қыркүйегінде Шорахан уезі, Сарыби болысы, Төртдуал ауылында дүниеге келген (бұл ауыл кейіннен Қарақалпақ АССР-і, Төрт­күл ауданы, Карл Маркс колхозы, 1977 жылы Төрткүл, Беруни аудандарынан бөлініп шыққан Еллікқала ауданының құрамына кіріп, Ленинград колхозы деп аталды. Қазір ауылға сол өңірдегі қазақ қайраткерлерінің бірі Ғани Әділов есімі берілген). Бастауыш білім алған соң ауылдық кеңестің хатшысы, ликбезде мұғалім, дүкенші болған. Сауатты жастар тапшы болғандықтан, басшылық қай іске жұмсаса, соны атқарған. Алайда, пәле аяқ астында екен. 19 жасар жігіт аңғалдығынан тегіс жерде сүрініп кеткенін байқамай да қалды. 1937 жылы оның дүкеніне бір көпбала­лы жесір әйел келіп, қарызға ақша сұрайды. Ауылдас әйелдің мүш­кіл халіне ашынған Іният оған сауда­дан түскен ақшаны ұстата салады. Көп өтпей дүкенге тексерушілер келеді де, әлгі ақшаның кесірінен Іният 8 жылға кесіліп, түрмеден бір-ақ шығады. Самарқанд облысының Пах­такор ауданындағы еңбекпен түзеу мекемесінде жазасын өтеп жүргеніне төрт жыл болғанда соғыс басталады. Басшылық мұн­да­ғылардың да өз еріктерімен соғысқа бару мүмкіндігі барлығын айтады. Майданға өз еркімен жіберу туралы дереу арыз жазған Іният 1941 жы­лы 22 шілдеде соғысқа аттанады. Әрине, айып батальонына. 2-Украи­на майданының Калинин бағытын­дағы 86-атқыштар полкінің құрамында 18 тамыз күні соғысқа араласады. Жас жауынгер шайқастардың бірінде сол қолынан жарақат алып, 16 күн емделеді. Дәрігерлер бір ай жатуы керектігін айтады. Алайда, көңілінде дұшпанға деген ашу-ыза қайнап тұрған Іният командирлерден тезірек алдыңғы шепке жіберуін өтінеді. Жарақаты толық жазылмаған І.Наурызбаев бір айлық командирлер дайындайтын курс­та оқып, Воронеж майданының 52-армия, 254-атқыштар дивизия­сының 933-атқыштар полкінде пулеметші болады. Ол, әсіресе, взвод командирі ретінде Днепр өзені үшін болған соғыста ерекше көзге түседі. І.Наурызбаев құрамында болған 254-атқыштар дивизиясының алдына жау қолындағы Днепр өзенінің батыс жағалауына өтіп, басқалардың өтуіне де жол ашу міндеті қойылған болатын. 1300 шақырымдай жолды артқа тастаған алғашқы отряд 1943 жылдың 30 қыркүйегі күні ертемен арғы бетке тырнақ іліктіріп, негізгі күштердің табан тіреуіне лайықты плацдармды тартып алады. Дивизияның құрамындағы 791-артполктен өзге құрамалар 1943 жылғы 2 қазанда толықтай Днепрден өтіп болады. Бірақ, ол оңайға соққан жоқ. Өзеннің арғы бетіне мықтап бекініп алған жау әскерлері қатты қарсылық көрсетіп, кеңес әскерлерінің үстіне оқты қарша боратады. 933-полктің пулеметшісі І.Наурызбаев Днепр өзенінің сол жағалауында тұрған кездің өзінде жау ұшағын пулеметтен атып құлатқан еді. Сөйтіп, әуеден болатын шабуылға тойтарыс беріп, әскерлердің өзеннің келесі бетіне аман-есен өтуін қамтамасыз етеді. Ал Днепрден өте сала шабуыл­дап, қолма-қол айқаста қарулас­тарына ажал оғын себелеп тұрған фашис­тердің пулеметін қолға түсіреді. 1943 жылдың 17 наурызында Крещатик деревнясы үшін болған түнгі шайқаста ол батыл алға басып, жаудың әскери күзетшілерін жайратып, расчетпен бірге деревняға басып кірген. Өз пулеметінен оқты жаңбырша жаудырып, сасып қалған фашистердің талайын жер жастандырады. Осы соғыста расчет 42 фашистің көзін жойып, жаудың оқ боратып тұрған 3 нысанын, оқ-дәрі қоймасын құртады. Минометтер орналасқан шептерді басып алады. Сөйтіп, жаудың маңызды қорғаныс пунктін қолға түсіріп, фашистерден тазартады. «Днепр өзенінен өтер кезде көрсеткен жүректілігі мен батыл­дығы және оң жағалаудағы жау плацдармын басып алу кезіндегі ерлігі Кеңес Одағының Батыры атағына лайықты. 28 қазан, 1943 жыл. Бөлім командирі, гвардия подполковнигі Чертов» деп жазылған Іният Наурызбаевтың марапат парағында. Міне, осы ерліктері үшін оған 1944 жылдың 22 ақпанында Кеңес Одағының Батыры атағы берілген. І.Наурызбаевтың кейін өзбек халқының өкілі ретінде саналып кететін жағдай осы кезде орын алған. Марапаттау қағазында ұлты «өзбек» деп жазылып, аты-жөні Нуразбаев Имат болып кетті. Алғашқы қатеге оның соғысқа Самарқанд облы­сынан аттанғаны себеп болуы мүмкін. Марапатқа ұсынып отыр­ған командир оның құжатына қарамас­тан, өзбекстандықтардың бәрі өзбек деп ойлап, қағазға солай сүй­кей салуы да ғажап емес. Ал аты-жөніне келсек, соғыс тарихында мұндай өрескелдіктер кездеседі. Қазақтың батыр қызы Мәметованың есімі Мәнсия немесе Моншақ болған деп жүр ғой, шала сауатты офицердің кесірінен Мәншүк деген есім пайда болды емес пе? Бұл да дәл сондай жағдай. Жергілікті халықтар­дың тілдерінің ерекшелігіне орай Инаят, Иноят Наврузбоев деп те жазы­лып жүр. Соғыс аяқталған соң, 1946 жылы І.Наурызбаев Түркістан әскери округінің жолдамасымен Тамбов қаласындағы әскери училищеге оқуға жіберіледі. Оқуды табысты тәмамдап, бірнеше жыл Қырғызстанда жұмыс істейді. Бірақ, 7-8 жылдан соң соғыста алған жарақаты мазалап, елге қайтуға мәжбүр болады. Біршама уақыт емделген соң, Төрткүл аудандық әскери комиссариатында, аудандық атқару комитетінде қызмет етеді. 1958-1960 жылдары Карл Маркс колхозының басқарма төрағасы болады. Содан соң зейнет демалысына шыққанша ферма меңгерушісі қызметін атқарады. І.Наурызбаев көзі тірі батыр ретінде Қарақалпақстанда үлкен құрметке ие болып, ақтық демі біткенше туған ауылында өмір сүр­ді. Ауылдастары да, автономия­лы республика басшылары да оны қазақ батыры ретінде бағалады. Батырдың зайыбының есімі – Нұр­сұлу. Олардың Рейімбай, Абдол­ла атты екі ұлы, Орал, Тотыя де­ген екі қызы болған. Қазір тек Орал ғана бар. Төрткүл қаласында тұрады. Біз батыр тұлғасын біле түсу үшін оның әр өңірде тұратын туыс­тарын әңгімеге тарттық. Сұлтанбай Рейімбайұлы Іниятов: – Мен 1971 жылы 10 қаңтарда дүниеге келгенмін. Батырдың үлкен ұлы Рейімбайдың баласымын. Әкем ертерек қайтыс болып кеткен соң, қарашаңыраққа ие болып мен қалдым. Атам 1999 жылы 29 сәуірде өмірден озды. Ауданнан, Нөкістен жоғары қызметтегі кісілер келіп, батырға лайық құрметпен соңғы сапарға аттандырдық. Соңғы кезде атамның ұлтына қатысты әртүрлі әңгіме айтылып жүр. Тек марапаттау қағазында өзбек деп жазылып кеткені болмаса, о кісі қазақ болып туды, қазақ болып өмір сүрді, қазақ болып бақилыққа аттанды. Кейбіреулер айтып жүргендей, ұрпақтары да өзбек болып кеткен емес. Сөзімнің дәлелі ретінде төлқұжатымның көшірмесін алыңыз. Сонда ақиқатқа көз жеткізесіз. Мен қазір атамның өз қолымен салып, бірнеше жыл тұрған үйде тұрып жатырмын. Қызығушылық танытқандар болса, Қарақалпақстан Республикасы, Еллікқала ауданы, Ғани Әділов ауылына келіп, мені сұраса, ауылдастарымның кез келгені үйімді көрсетіп жібереді. Құрбанбай Төлегенұлы Бұқар­баев: – Қазақ деген халық айдың, күннің аманында арысын біреуге беріп қоймайды. Өзге ұлттың құра­мына сіңіп кететіндей Іният Нау­рызбаев іздеушісі жоқ азамат емес, бір елдің бетке ұстар батыры ғой! Мұндайда атам қазақ шежіреге жүгінеді, ата-тек қуалайды. Енде­ше, біз де сөйтіп көрелік. Мен Іният Наурызбаевтың туған інісі – Төлегеннің ұлымын. 1961 жылы дүниеге келдім. Еллікқала ауданы, Боқанмерей ауылынан атажұрт­қа, Жамбыл облысының Тұрар Рысқұлов ауданы Көгершін ауылына көшіп келдім. О бастағы мекеніміз – Ақтөбе облысының Алға ауданы. Өт­кен ғасыр басындағы аласапы­ран кезінде Наурызбай атамыз қарақалпақ жеріне келіп тұрақ­тай­ды. Оның ұлы Бұқарбайдан Іният пен Төлеген тарайды. Кіші жүз, жеті ру, табынның ішіндегі қарақойлы екібас деген руданбыз. Ал Бұқарбай атамыздың әйелі – Балжан әжеміз Шөмекейдің қызы. Демек, Іният Наурызбаевтың әкесі – Табын, шешесі – Шөмекей, әйелі Нұрсұлу – Он екі ата байұлының ішіндегі шеркеш. Батырға да, оның тікелей ұрпақтарына да өзге ұлттың бір тамшы қаны араласпаған. Менің де балалық шағым мен есею жылдарым Еллікқала ауданындағы, Бостан қаласында өтті. №22 мектепте білім алдым. 7 қараша, 1, 9 мамыр мерекелерінде Кеңес Одағының Батыры Іният Наурызбаевтың қаланың орталық алаңына келіп сөз сөйлегенін бірнеше мәрте көргенім бар. Тіпті, ол біздің мектепке оқушылармен кездесуге де келген-ді. Тірі батырдың өзі ортамызға келіп отырған соң сұрақты қарша боратқанбыз. Тағы бір есте қалғаны, батыр үнемі сұр теріден тіктірілген қазақы бөрік киіп жүретін. Біздің жақта қаракөл қойдың жаңа туған қозысының елтірісінен бас киім кию қазақтар арасында сәнге айналған еді. Батыр бас киімі арқылы да қазақ екенін көрсетіп жүргісі келді-ау деймін. 1992 жылы Қарақалпақстанда тұңғыш рет қазақ тілінде «Достық үні» деген республикалық газет ашылды. Оның алғашқы санында филология ғылымдарының кандидаты Күрленбай Хамидуллаевтың Іният Наурызбаев туралы мақаласы жарияланды. 1994 жылы мен респуб­ликалық «Әму таңы» апталығынан осы газетке ауыстым. Одақ ыдырап, елдің әл-ауқаты нашарлап кеткен шақ болатын. Әр айдың он бесінде ақша құнсызданады. Үкімет тарапынан қолдау болмаған соң 1998 жылы газет жабылып тынды. Редакция басшылығы ұлт мінберінен түгелдей айырылып қалмау үшін қазақ тілінде «Өркен» деген журнал шығаруға шешім қабылдады. Игі істі батамен бас­тау салтымыз емес пе, маған І.Наурызбаевпен сұхбаттасып, батасын алу міндеті жүктелді. Нөкістен оңтүстікке, Еллікқала ауданына тартып кеттім. Сұрастырып білсем, батыр аудан орталығы саналатын Бостан қаласындағы ауруханада жатыр екен. Онымен аурухана палатасында әңгімелесудің сәті түсті. Қазір, міне, алдымда «Өркен» журналының 1998 жылы жарық көрген бірінші санындағы «Сіз күткен кездесу» айдарымен берілген «Іният Наурызбаев: Өркенің өссін, өрендер!» деген сұхбатым жатыр. Негізінен, қазақ газетінің жабылып қалуы, жаңа журнал ашылғалы жатқаны, Қарақалпақстандағы қазақтың жай-күйі мәселесін де әңгімелескенбіз. Ол кезде аса мән бермеген екенмін, қазір сұхбатымның қалай шыққанына таңғалып отырмын. Батырымыз өз пікірлерін батыл жеткізген екен... Марапаттау қағазында «өзбек» деп жазылып кеткендігіне бола, оның есімін қазақ батырларының тізіміне енгізбей жүргеніміз жарамайтын іс. Осы олқылықтың орнын толтыратын сәт Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында туып отыр. Сонымен, қазақ батырларының қатары тағы бір қаһарманмен толықты. 104-батыр! Ол – Іният Наурызбаев! Бегабат ҰЗАҚОВ, журналист.