31 Наурыз, 2015

Курсанттан лейтенантқа дейін

665 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін
SONY DIGITAL CAMERAҚазақстан Республикасы Ұлттық ұланы Әскери институтынан қанат қаққан 2537 офицер бүгінде әртүрлі әскери буындарда жемісті еңбек етіп жүр. Тәуелсіздігіміздің елең-алаң шағында теріскейде ірге тепкен білім ордасының басшысы, полковник, әскери ғылымдар докторы Жұмабек АХМЕТОВ антқа адал, кәсіби біліктілігі жоғары, ел намысын биік ұстайтын отаншыл мамандар даярлау тәжірибелерімен ой бөліседі. Жұмабек Хатиоллаұлы, 1997 жылдың 20 желтоқсаны бәріміздің есімізде. ЕлбасыҚазақстан Респуб­ликасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев сол кездегі жоғары әскери училищеге Жауынгерлік туды тапсырып тұрып: «Мен солтүстік климаттық жағ­дайында тәрбиеленіп, білім алған курсанттар әскери жағынан шың­­далып, болашақта Қазақстан Республикасының офицерлік құра­мының негізін құрайтынына сенемін», деген еді. Елді, жерді ерлікпен, білгір­лік­пен қорғау жолындағы жауын­гер­лік аманат қалай орындалып келеді? –Тәуелсіздік – алтын тұғырымыз, Ұлттық ұлан – айбынымыз. Бізге Қазақстанның Қарулы Күштеріне, басқа да күштік құрылымдарға білімді, білікті әскери мамандар даярлаумен қоса, туған жердің тыныштығын күзету, егемендігін қорғау секілді мәртебелі міндеттер жүк­телген. Осы орайда, сардарлар мен сарбаздарға лайық табандылық, қы­ра­ғылық көрсету – басты парызымыз, асыл борышымыз. Қазақстан өзінің қуатты армиясын жасақтап, қор­ғаныс қабілеті мен Әскери доктринасын жетілдіруге барынша көңіл бөліп келеді. Мәңгілік Ел ұғымын ұлтымыздың ұлы бағдарына айналдыруды діттейтін «Қазақстан-2050» Стратегиясының түпкі түйіні – мемлекеттілігімізді нығайту, озық отыздыққа ену, тәуелсіздікке қол жеткізгеннен гөрі, оны ұстап тұрудың әлдеқайда қиын екенін өскелең ұрпақ санасына сіңіру. Елбасының ХХІ ғасырдың Қарулы Күштері өз Отанының нағыз патриоты болуымен қатар, моральдық-психологиялық дайындығы берік, әскери қызметке біліктілігі жоғары болып қалыптасу керек деген талаптарын басшылыққа ала отырып, осы заманға сай әскери қызметшілер әзірлеудің барлық мүмкіндіктерін қарастырып келеміз. Жауынгерлік ту дегеннен шығады, оны бабаларымыз ерлік пен елдікке үндеудің, намысқа шақырудың, жігерді қайраудың белгісі, үлгісі ретінде бағалаған ғой. – Жауына арыстандай ақырып, жолбарыстай атылған батыр аталарымыз қолдарына ту ұстап, атойлап шапқан. Содан рухтанған. Қырғидай тиіп, қынадай қырған. Туды Тәңіріндей көрген, ерекше аялаған. Өйткені, ту желбіреп тұрса, елдіктің жойылмағаны, тұтастықтың сақталғаны. Жауынгерлік туды Елбасы қолынан қабылдап алғаннан бері ол ең төрімізде ілулі тұр. Қастерлі жерде сақтап, көздің қарашығындай күзету – әр курсант үшін сын, мақтаныш. Курсанттар Жауынгерлік туға қарап ант береді. Бойларын мақтаныш сезім билейді, өздеріне жүктелген терең жауапкершілікті сезінеді. Атамекеннің, Отанның қадірін түсінеді. Құдіреттілігі де осында. Жастарды қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелеудің жолдары сан алуа­н. Оның тамаша бір үлгісі – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміз­деріне құрмет ықыласын орнықтыру. Меніңше, әр қазақстандық Мемлекеттік рәміздердің сипаттамасын білуі шарт. Өйткені, Ту, Елтаңба мен Әнұран – ұлттық сезімнің, ар-намыстың, асқақ мұраттың киелі белгісі, бойтұмары. Мемлекеттік әнұранның орындалуы, Көк байрақтың көтерілуі елге, жерге, Отанға деген өзгеше сүйіспеншілік пен сағынышты оятады, патриоттық сезімді нығайтады. Институтта Мемлекеттік рәміздер мерекесі жүйелі түрде атап өтілетіні сондықтан. Ұзындығы – 10 метр, ені 5 метрді құрайтын Мемлекеттік Ту, Елтаңба саптық алаңға салтанатты жағдайда шығарылады. Жеке құрамдардың сап түзеп, оркестрдің сүйемелдеуімен Әнұран орындалады. Мемлекеттік Туды көтеру құқына тәртібі үлгілі, оқуда озат курсанттар ие болады. Олардың қатарында Еркебұлан Ерсайынов, Вячеслав Мануйлов, Азамат Әбділлаев, самбодан Ұлттық ұлан жеңімпазы Қалижан Макарамов, тағы басқалары болып, рәсімді асқан шабытпен орындады. Отан тарихы мен тәрбие жүйесінде елдік нышандардың мән-маңызы кеңінен түсіндіріледі. Бір сөзбен айтқанда, әскери-патриоттық тәрбие ісінде Мемлекеттік рәміздердің, Жауынгерлік тудың алатын орны айрықша. Ұжымда әлемдік аренада Мемлекеттік Туды желбіретіп, Әнұранды шырқатқан сайыпқыран саңлақтарымызды мақтан етеміз. Кикбокстан әлем чемпионы, елі­міз­дің еңбек сіңірген спорт шебері Ми­рас Бірімжанов, джиу-джитсудан әлем жеңім­пазы Айбек Қырықбай Қазақстанның айбынын асырып, абыройы­н көтерді. Дұрыс айттыңыз, Отанға адал, қалтқысыз қызмет еткеннен артық мәртебе жоқ бүгінде. Бұл бағытта тағы қандай жұмыстар атқарылуда? – Қазақстандық патриотизмнің үлгілі үрдістері курсанттарды оқуға қабылдау, адалдыққа ант беру рәсімдерімен, түрлі тактикалық оқу-жаттығуларымен, ұлттық, тарихи құндылықтарды білу, зерделеу­ге қатысты өткізілетін іс-шаралармен тығыз байланыстырылып, соғыс, еңбек ардагерлері, курсанттардың ата-аналары, жастар, қоғамдық ұйым өкілдері қатыстырылады. Институтта офицерлер клубы, ардагерлер кеңесі, жастардың бастамашыл орталығы жұмыс істейді. Олардың тікелей атсалысуымен Қазақ хандығының 550 жылдығы, Қазақстан Ассамблеясы мен Ата Заңымыздың 20 жылдық мерекелері кеңінен аталып өтілуде. Тақырып ауқымы жан-жақты сараланған. Дәстүрлі «Қазақстан – менің Отаным!» байқауында халық бірлігі, толеранттылық, достық кеңінен дәріптеледі. Қазақтың жері – кең-байтақ. Бұл мұраны ата-бабаларымыз кейінгі ұрпаққа аманат еткен. Олай болса, білектің күшімен, найзаның ұшымен ата қонысын жаудан қорғап қалған тұлғаларымыздың тарихи ерліктері мен жорықтары елеусіз қалмауы керек. Сондай батырлардың бірі Қожаберген жырау бабамыздың бас сардар, «Жеті жарғыны» құрастыру­шылардың бірі болғаны курсанттар арасында кеңінен түсіндіріліп, арнайы ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырылды. Астанадан ғалымдар шақыртылды. Келешекте бабамыздың атын институтқа берсек деген ойымыз бар. Қазақ мемлекеттілігінің орнауына өлшеусіз үлес қосқан хандарымыз бен батырларымыздың қай-қайсысы болсын дәріптеуге әбден лайық. Шаралар шеңберінде көпшілік қуана жиналатын тамаша дәстүрлердің бірі – әскери істің қыр-сырын жетік меңгерген түлектерді еңбек жолына шығарып салу, ақ жол тілеу. Бұл, бір жағынан, ел қорғау – ердің міндетін айшықтайтын басты мерекелік рәсім. Астана қаласындағы «Атамекен» мемориалдық кешені жанында желбіреген Көк байрақтың астында Қарулы Күштеріміздің Жоғарғы Бас қолбасшысының тікелей қатысуымен тәуелсіз еліміздің әскери жоғары оқу орындарын үздік бітірген курсанттарға офицерлік әскери шеннің тапсырылуы салтанатына біздің түлектер де үзбей шақырылып жүр. Елбасы қолынан 18 түлегіміздің «лейтенант» погондарын алуы, құттықтау естуі – үлкен мәртебе, зор сенім. Республикалық, аумақтық деңгейде ұйымдастырылатын ғылыми-теория­лық, практикалық конференцияларда, семинарларда қазақстандық патриотизмнің тәжірибесі мен пробле­малары, әскери білім берудің маңызды мәселелері, курсанттарды жауынгерлік-қызметтік іс-әрекеттерге бейімдеу, жарғы талаптары, уақыт талабына сай оқыту мәселелері жүйелі әңгімеленеді. Тәрбие, әлеуметтік-құқық жұмыстарын жандандыру бағытында идеологиялық, патриоттық, ақпараттық-насихаттық, бұқаралық-мәдени шаралар пәрменді түрде қолданылады. Оның түпкі мәні роталарда, батальондарда оң пси­хологиялық-моральдық ахуал орнатуды, өзара жолдастық, ынтымақшылдық, қиындыққа төзу, оларды жеңе білу қасиеттерін қалыптастыруды діттейді. Қазақтың даңқты батыр перзенті Бауыржан Момышұлы «Ерлікелдің қасиеті, жүректілікжігіттің қасиеті», деп бекер айтпаса керек. Қазақстанның ішкі тыныштығын сақтап, адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде батыл­дық пен қыра­ғылықтың асқан үлгісін таныт­қан Ербол сынды ерлер институт қабырғасында аз болмас, сірә? – Түсіне білген жанға Баукеңнің: «Патриотизм – өз еліне, Отанына деген сүйіспеншілік», деген қанатты сөзінде зор мағына жатыр. Көрнекі жерге ірі әріптермен жазып қойса да, еш артықтық етпейді. Елдің ұлы болу – қиын-қыстау кезде қайсарлық таныту, үркіп-қорықпау, батыл шешім қабылдау деген сөз. Ешкім ер болып тумайды. Ердің атын ерлігі, адамгершілігі шығарады. Ерліктің әліппесін үйрететін де, осы қалыпқа салатын да – мінез, тектілік. Мұның бәрі жүре келе қалыптасатын қасиеттер. Тәрбие ұясы – отбасы, балабақша, мектеп. Осындай ортада шынығып, шымырланып өскен институттың маңдайалды курсанты Ербол Отарбаевтың бейбіт өмірдегі жанқиярлық ерлігі кейінгі жастарға үлгі-өнеге. Ол Ақтау қаласындағы әскери бөлімде қарауыл күзетінде тұрғанда сотталғандардың топтасып қашуын бөгеген, жол бермеген. Қатардағы сарбаз жарғыға сай әрекет жасап, 3 сотталушыны жер жастандырған. Өзі ауыр жараланса да, атыс алаңын тастамаған. Осы жанкешті ерлігі үшін ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталған. Аға сержант Виталий Елисов пен курсант Собир Базарбаев қызыл жалынға оранған үйлерден түтінге тұншыққан адамдарды алып шыққан. Полковник Евгений Логин, ефрейтор Нұрасыл Мүбәраков жолдастарын ажал тырнағынан арашалап қалған. Халықаралық додаларда талай олжа салып, елдігімізді дәріптеп жүрген даңқты спортшыларымыздың бейбіт күндегі биік белестерін, ұлттық намысты ту етіп желбіреткен ерен жетістіктерін де неге ерлікке бағаламасқа!? Абай Тіналин, Ерлан Бәйімбетов кикбоксингтен, Денис Колесников гір көтеруден, Мақсат Нүсіпов қазақ күресінен, Азамат Нұрпейісов бокстан әлем, Еуропа, Азия жеңімпаздары, жүлдегерлері атанды. Павел Рябинин шаңғы жарысынан Олимпия ойындарына қатысушы, Азия ойындарының чемпионы. Айта берсе, мұндай мысалдар көп. Еңселі оқу ордасының мәртебесі бірнеше мәрте өзгерген екен. Ол қандай қажеттіліктен туды? – 1997 жылдың 18 наурызы инс­титуттың туған күні болып есептеледі. Осы күні ІІМ Ішкі әскерінің Жоғары әскери училищесін құру туралы тарихи шешім алынды. Алғашқы түлектер ел Тәуелсіздігінің 10 жылдығы қарсаңында сардарлар қатарын толықтырды. Ішкі әскер құрамына білікті офицерлер даярлайтын бірден-бір іргелі білім ошағы екені айқындалғаннан кейін Жоғары әскери училищеге институт мәртебесі берілді. Былтырдан бері Ұлттық ұланның қарамағындамыз. Әскери кадрлар тәрбиелеуде халықаралық тәжірибеміз де молайып келеді. Ресейдің ІІМ Ішкі әскерінің Пермь, Новосибирск, Санкт-Петербург Әскери институттарымен, Украина, Беларусь ІІМ Ішкі әскерінің академияларымен тығыз байланыс орнатылған. «Қазақстан-2050» Стратегиясын жүзеге асыру – әскери білім берудің басымдықтары» тақырыбы бойынша ұйымдастырылған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция Ресей, Украина, Беларусь, Қазақстан ғалымдарының, ІІМ Ішкі әскері өкілдерінің басын қосты. 2009 жылдан бері ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің ішкі істер органдары және ішкі әскері үшін кадрлар әзірлеу туралы уағдаластыққа сәйкес Қырғызстан мен Тәжікстан азаматтарын қабылдауды жүзеге асырып келеміз. 2013 жылы 19 алғашқы халықаралық түлек диплом алып, офицер атанды. Полковник мырза, ерекше оқу ордасына үміткерлерді қабылдау шарттары қатал шығар? Қандай мамандықтарға баулисыздар? – Әскери маман болуды арман еткен талапкерлер қатаң талап сүзгісінен өтеді. Денсаулығына, күш-қуатына ерекше мән беріледі. Дене шынықтыру дайындығынан нормативтер, әскери-кәсіптік бағыттағы психологиялық тест, бірнеше пәннен кешенді сынақ тапсырады. Оқу мерзімі – 4 жыл. Осы кезең ішінде тегін тамақпен, ақшалай қаражатпен, киім-кешек жабдығымен, қажетті оқу әдебиеттерімен толық қамтамасыз етіледі. Оқыту бағдарламасында курсант­тардың ЭЕМ операторлары және «ВС» санатты жүргізуші мамандықтарын меңгеруі қарастырылған. Курсанттарды оқыту 7 кафедрада жүргізіледі. Сапалы білім берудің мемлекеттік стандарттары енгізіліп, ғылыми-педагогикалық кадрлардың құрамы күшейтілді. Ұйым­­дастырушылық-штаттық, оқу-әдіс­темелік, материалдық-техникалық базаның дамуы ілгері басуымызға, дәрісханалар мен кабинеттерді талапқа сай жабдықтауымызға мүмкіндік берді. Профессорлық-оқытушылар шетел­дерде іс-тәжірибе алмасады. Институт жанындағы біліктілікті арттыру факультетінде 1500-ге жуық маман білімдерін жетілдірді. Институт Ұлттық ұланға командалық, тәрбие және әлеуметтік-құқықтық, тылдық, автомобильдік, инженерлік-техникалық, ракета-артиллериялық қамтамасыз етуге тактикалық басшылық ету мамандықтары бойынша офицерлер даярлап, «лейтенант» әскери атағын және мамандығына сәйкес біліктілігін қоса береді. Ұлан қатары негізінен біздің түлектеріміздің есебінен толығып отырады. 18 жыл бедерінде 2,5 мыңнан астам курсант жоғары білім алып, әскери қызметшілердің қатарына қосылды. Олардың 215-і оқуды ерекше дипломмен, 32-і «Әскери оқу орнын үздік бітіргені үшін» белгісімен аяқтады. Қазір Ұлттық ұлан батальондары құрамындағы офицерлердің 90 пайызы – біздің түлектеріміз. Олар, сонымен қатар, Қорғаныс министрлігінде, Төтенше жағдайлар комитетінде, ҰҚК Шекара қызметінде абыроймен қызмет етуде. «Ер жігітке жарасар қолына алған найзасы» демей ме халқымыз?! Курсанттан лейтенантқа дейінгі аралықтағы төрт жылдық белесті болашақ офицерлерді шыңдап, әскери істің қыр-сырына үйрететін үлкен тәрбие орталығына, өмірлік маңызды қадамға теңесек, асыра айтқандық емес. Тәуелсіздікке қызмет ету олар үшін қашанда басты қағида болып қала берері анық. Әңгімелескен Өмір ЕСҚАЛИ, «Егемен Қазақстан».