Оған ит қабу, маса безгегі мен сиырдан жұққан бруцеллезді қоссаңыз, бұл үлкен қауіпке айналып отыр
Кейінгі жылдары адамдар арасында жануарлардан жұғатын аурулардың белең алып отырғаны белгілі. Оның соңы қайғылы жағдайға соқтырып жатқаны да рас. Жақында ғана Қызылорда облысындағы 130-дан аса адамның тамақтан уланғаны, Павлодар облысындағы 2 адамның Сібір жарасынан, Оңтүстік Қазақстан облысындағы былтырғы Қырымның қанды безгегінен бірінен кейін бірі 8 адамның, биылғы жылы 3 адамның қайтыс болуы анық дәлел. Мұның сыртындағы құтырудан, бруцеллезден ауырып қайтыс болып жатқан, өмір бойы мүгедек болып қалғандарды теледидар, бұқаралық ақпарат құралдары көрсетіп те, жазып та жатыр. Мәселен, Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша 2009 жылы 160 адам бруцеллезге шалдығып, оның 5-еуі қайтыс болса, биылғы 5 айдың өзінде бұл дерт 140 адамға жұғып, оның да 2-еуі көз жұмған. Құтырудан 10 адам қаза тапты.
Ал енді осы малдан адамға жұғатын жоғарыдағы аурулардың шығу тегіне үңілейік. Мұның себебі өте қарапайым. Ол тек ветеринарлық-санитарлық және жеке бастың гигиеналық талаптарының бұзылуынан болып жатқан нәрсе. Айталық кененің малға, малдан адамға жабысуы, оның соңы жоғарыда айтылған қайғылы жағдайға соқтыруы ауыл шаруашылық малдарын, қора-қопсыны кенеге қарсы залалсыздандыру жұмысының дер кезінде жүргізілмеуі емес пе. Керек десеңіз, былтырғы жылғы 8 адамның өмірін қиған оқиғаға дейінгі 4-5 жылда бұл жұмыс облыс көлемінде мүлдем жүргізілмеді. Кененің басынғаны сондай, ол қазіргі таңда орман-тоғай, тау-тас, дала-қала, үй, қора, барлық жерлерді жайлап алды.
Биылғы жылы кенеге қарсы залалсыздандыру жұмыстарына Үкіметтің арнайы қаулысымен облысымызға республикалық бюджеттен 780 миллион теңге бөлінді. Шама-шарқына қарай әр аудан оған тағы да жергілікті бюджеттен 5-10 млн. теңге көлемінде қаржы қарастырды. Жеделдетілген түрде залалсыздандыру жұмыстары да жүрді. Бірақ Оңтүстік Қазақстанда кене шаққандар саны азаймай отыр. Үстіміздегі жылдың наурыз-мамыр айларында ғана бұл жәндіктен зардап шеккендер саны 10 мыңнан асып кетті.Әлі де кене шаққандар тіркелуі жалғасуда. Демек, залалсыздандыру жұмыстары сапасыз жүргізілді деген сөз.
Ал енді неге осылай дегенге келсек, жергілікті атқарушы билікті бір жақты кінәлау орынсыз. Біздегі ауыл шаруашылық саласына қатысты қабылдаған заңдар осы күнге дейін жете үйлестірілмеген. “Мемлекеттік сатып алу туралы” Заңы бойынша жоғарыдағы облысқа белгіленген 780 миллион теңге аудан-ауданға бөлінген соң жұмысты атқаратын тұлға конкурс арқылы анықталуы тиіс. Заңға сай оны өткізудің, мерзімінің қанша уақытқа созылатыны, бірінші жарияланымда жеңімпаз анықталмаса конкурстық рәсімдердің қайталанатыны, оның көп уақыт алатыны белгілі. Ал кененің конкурстың өткен-өтпегеніне қарамайтыны ақиқат. Сөйтіп, ол оған қарап тұрмайды. Елді шаға береді. Зардап шегетін кім? Адам.
Конкурсты өткізудегі мақсат мемлекет тарапынан бөлінген қаржыны үнемдеу десек, жоғарыдағы 780 миллионнан сол тендерлерде қанша қаржы үнемделгені бізге белгісіз. Белгілісі, облыс бойынша кене шаққан 10 мың адамды ауруханаға жеткізу және оны емдеуге кеткен қаржының үнемделген ақшадан әлденеше есе көп екендігі. Ал енді қайтыс болған адамдардың өмірінің құны ештеңемен өлшенбейтіні белгілі.
Қазіргі таңда барлық аудандық әкімдіктерде ветеринарлық бөлімдер мен ветеринарлық-санитарлық жұмыстармен айналысатын лицензиялы жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер, жеке мал дәрігерлері бар. Бірақ оларда жұмыс жасайтындардың кімдер екендіктері, қайсысының сапалы жұмыс атқаратыны көп ешкімге белгілі емес. Көпшілік оларды білмейді, жұрт көбінше бұлардан мүлдем хабарсыз. Сондықтан осындай төтенше жағдайдағы атқарылатын жұмыстарға бөлінетін қаржыны “Мемлекеттік сатып алу туралы” Заңындағы 4-бапқа енгізіп, бір ғана басшыдан талап ету үшін әкімдерге сенім білдірсек болмас па? Немесе сол қаржыны жыл басында ертерек бөліп, науқан басталғанға дейін конкурсты өткізіп, атқаратын тұлғаларды анықтап алуға мүмкіндік берсе, кенеге қарсы залалсыздандыру жұмысы, заң аясында әлдеқайда сапалы жүргізілер еді. Себебі, кенеге қарсы күрес шараларына республикадан бөлінген қаржының кешеуілдеуінен және ол кезде кене шаққан адамдардың жаппай көбейе бастауынан, сөйтіп бірлі-жарымының қайтыс болуынан, биылғы облыстық әкімдік тарапынан қойылған қатаң талапқа аудан әкімдерінің жанының қысылғаны сондай “Мемлекеттік сатып алу туралы”, “Ветеринария туралы” Заңға қарамастан, жұмысқа кірісіп, конкурс өткізетін мерзімге дейін залалсыздандыру жұмысының 80-90 пайызын атқарып тастады.
“Ветеринария туралы” Заң талаптарына сай залалсыздандыру жұмыстарын арнайы аттестациядан өткен лицензиясы бар заңды немесе жеке тұлға атқаруға тиіс болса, қазір іс жүзінде бұл жұмысты кездейсоқ адамдардың жүргізіп жүргені де белгілі болып отыр. Залалсыздандыруға қолданылатын улы дәрінің әрқайсысының өз нормасына сай белгілі бір мөлшерде суға араластырылып, қолдан жасалынып, барып шашылатыны, былайша айтқанда зертханалық дәлдікті қажет ететіндігі, әлгі кездейсоқ адамның ол норманы сақтамайтыны, улы дәріден сақтану шараларын білмейтіні өзінен-өзі ақиқат. Міне, содан барып кенеге қарсы залалсыздандыру жұмыстарының сапасыз болатыны және жұмыс атқарған кездейсоқ адамның өміріне қауіп төнетіні түсінікті.
Жалпы, ветеринарлық-санитарлық іс шараларды жүргізетін лицензиялы мал дәрігерді кәсіпкер десек, “Жеке кәсіпкерлік туралы” Заң бойынша оның атқарған ветеринарлық-санитарлық іс-шараларының сапасын тексеру мүмкін емес. Себебі, “Жеке кәсіпкерлік туралы” Заң бойынша тексеру жоспары бір жыл бұрынғы желтоқсан айында жасалынып веб-сайтқа салынуы керек. “Мемлекеттік сатып алу туралы” Заңы бойынша конкурс өткізілмей ол анықталмайды. Мысалы, биылғы “Эпизоотиялық қалыпты жағдайды қамтамасыз ету” бағдарламасына бөлінген қаржының конкурсы сәуір айында өткізілді. Сондықтан кәсіпкер мал дәрігер жоспарлы тексеруге кірмейді. Ал енді жоспарсыз тексеру бойынша бір күн бұрын тексеруші орган кәсіпкер мал дәрігерді тексерілетіндігі жөнінде хабарлауға міндетті.
Ветеринарлық-санитарлық жұмыстарды атқару барысындағы көп жылдық тәжірибеде отардың жартысының бруцеллез ауруынан белгі беруі бір қойдың ғана қанын алып, зертханаға отардағы жалпы қойдың санын жазып өткізуінен болған жағдай екені талай анықталған. Немесе бір шприц, бір инемен табын сиырды, отар қойды емдеген жағдай қазірде де орын алып отыр. Осындай жағдайда мал дәрігерінің малға вакцинаны қалай салғанын, қалай қан алғанын анықтау мүмкін бе? Қазіргі таңдағы малдардың арасындағы бруцеллез ауруының белең алуын, күні кешегі теледидардан көрсеткен Батыс Қазақстан облысындағы бір ауданның ірі қара малының 36 пайызынан қан алынып, оның 9,5 мыңдайы бруцеллезге белгі беруі жоғарыдағы айтқан жағдайлардың орын алуынан ба деген ойға жетелейді.
Жалпы, малды егу-емдеу, аурулардан залалсыздандыру жұмыстарындағы талап адамды егу-емдеу жұмыстарындағы талаптан айырмашылығы жоқ. Ал енді адамды егу-емдеуде қанша талапты күшейткенімен өрескел кемшіліктердің кетіп жатқаны жасырын емес. Мысалы Жамбыл облысының Жаңатас қаласындағы 100-ден аса балаларды егу кезіндегі оқиға мен Шымкент қаласындағы қан құюдағы жіберілген өрескел қателіктер бүкіл республика халқына белгілі. Ал енді малды егу-емдеу, залалсыздандыру кезінде ондай талаптың жоқ екендігі, ендігі жерде “Жеке кәсіпкерлік туралы” Заң бойынша күнделікті тексеру мүмкін болмаса жоғарыдағы Батыс Қазақстан, Павлодар облысындағы жағдай бүкіл ел бойынша орын алмасына кім кепіл? Жоғарыдағы адам өліміне соқтырған жағдайлардың тікелей заңдарымыздың солқылдақ, қолдануға дәрменсіздігінен болғаны ақиқат.
“Жеке кәсіпкерлік туралы” Заң сөз жоқ кәсіпкерліктің дамуына зор ықпал ететініне күмән жоқ.Ал бірақ тек мемлекеттің ауыл шаруашылық малдарын тегін егу-емдеуге, диагностикалық мақсатта қан алу жұмыстарына бөлген қаржысына ғана жұмыс атқарып жатқан кәсіпкерді, жылына бір немесе екі рет қана тексеріп, жұмысының сапасын анықтау мүмкін бе? Әрине, жоқ. Тағы бір ескерер жай, малдың да, малшының да ветеринарлық-санитарлық талаптан хабарсыз екені өзінен-өзі түсінікті. Биылғы кенеге қарсы залалсыздандыру жұмысы осының айғағы. Неге кәсіпкер өзі шақырып әкелген мал дәрігерінен атқарған жұмысының сапасын күнделікті талап етпеске? Ол ештеңе өндіріп жатқан жоқ қой. Оның сататыны тек сапалы жұмысы емес пе? Оның бір сәттік сапасыз жұмысынан кететін қателіктен талай малдың түбіне жеткенімізді, адамдардың өміріне қауіп төніп, оның соңы қайғылы жағдайға соқтырғанын жоғарыда айттық.
Созақ ауданында 2008 жылы 2 бас ірі қара, 150 бас қой-ешкі, 2009 жылы 24 ірі қара, 212 бас қой-ешкі, ал биылғы жылдың 5 айында ғана 18 бас ірі қара, 310 бас қой-ешкі бруцеллез ауруынан белгі берген. Қарап отырсақ, кеселдің жылдан-жылға өсіп келе жатқаны байқалады.Ал “Эпизоотиялық қалыпты жағдайды қамтамасыз ету” бағдарламасы бойынша аудандағы мүйізді ірі қара мен майда малдың барлығынан қан алынып, ауруға ұшыраған мал жойылып отырады. Ауру малдың көбеюіне жол жоқ. Демек, осы жерде де атқарылған жұмыстың сапасы жөнінде еріксіз күдіктенуге тура келеді.
Ақиқатын айтсақ, климаты құрғақ, құмды, жазы өте ыстық, 3,3 млн. жайылымдық жері бар қолайсыз аймақта жылдан-жылға бруцеллез ауруының өсіп келе жатқаны ойландырмай қоймайды. Сондықтан “Жеке кәсіпкерлік туралы ” Заңның 33-бабының 4-тармағының 10 тармақшасындағы “қолайсыз мекендерде” деген сөзді алып тастап барлық атқарылатын мал дәрігерлік шараларды күнделікті қатаң бақылауға алу керек сияқты. Ветеринарлық-санитарлық шараларды талапқа сай жүргізбей “мал өнімдерін сырт елдерге сатамыз” деуіміз бос әурешілік. Оның бергі жағында, кешегі Оңтүстік Қазақстан, Павлодар, Батыс Қазақстан облыстарындағыдай республика өңірлерінің кез келген ауданы қолайсыз мекенге айналуы мүмкін екендігін де жоққа шығаруға болмайды. Ендеше, “медицина – адамды, ветеринария – адамзатты емдейді” – деп бекер айтылмаса керек.
С.БАЙДАБЕКОВ, мал дәрігері.
Оңтүстік Қазақстан облысы, Созақ ауданы.