Әлем және Қазақстан
Швейцарияда өтетін Парламенттер спикерлерінің 3-ші Бүкіләлемдік конференциясына қатысу үшін Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев бастаған: құрамында мәжіліс депутаты Бағила Баймағанбетова мен сенатор Орынбай Рахманбердиев бар қазақстандық делегация сенбі күні кешкісін Женева қаласына ұшып келді. Аталған шараның мұнда өтуі тегін емес. Өйткені, бұл қала Швейцарияның екінші астанасы саналады.
Ұшақтан төменге көз салсаңыз, айнала таулар мен өңделген жазықтарды және ағып жатқан өзендерді көзіңіз шалады. Негізінен елдің француздар көп шоғырланған бөлігіндегі әкімшіліктік орталығы саналатын Женева кантоны Швейцарияның ірі қаласы. Шаһар Рона өзенінің Женева көліне құяр сағасында орналасқан. Ағысы қатты жерден тып-тынық көлге қарай серуендететін көптеген шағын кемелер мен қайықтар жағажайдан елді мінгізіп алып, жағалау бойымен жайлап жылжиды да отырады. Жексенбі күні барлық сауда орындары жабық болатындықтан, қала тұрғындарының көпшілігі осында келуді ұнатады екен. Швейцариялықтар тарапынан Леман аталып кеткен Женева көлінің ұзындығы 72 шақырымға созылса, ені 13 шақырымға жайылып жатыр. Су қоймасының орталығына таман қалаға ерекше көрік беретін “Же До” бұрқағы суды 145 метр биіктікке атқылайды. Жағажайда саябақтар, кафелер мен ресторандар көпшілікті құшақ жая қарсы алуда. Мөлдір де таза суы, шағала, үйрек және аққу сияқты құстары бар өзеннің жағасында жүру шынымен де жанға жақсы әсер қалдырары айтпаса да түсінікті.
Өзінің сауда және өнеркәсіп орындарымен белгілі бұл қалада бірқатар халықаралық ұйымдар орын тепкен. Атап айтқанда, мұнда Біріккен Ұлттар Ұйымының бөлімшесі, сондай-ақ Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымының, Халықаралық еңбек ұйымы, Бүкіләлемдік сауда ұйымы, Бүкіләлемдік метеорология ұйымы, Халықаралық электробайланыс ұйымы, Бүкіләлемдік интеллектуалды меншік ұйымы, Парламентаралық одақ, Халықаралық Қызыл Крест, Женева ассоциациясы және өзге де құрылымдардың штаб-пәтерлері орналасқан. Тарихқа жүгінсек бірінші дүниежүзілік соғыстан кейін Женевада халықтар арасындағы ынтымақтастықты және бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтауға тиіс Ұлттар Лигасы құрылғаны белгілі. Алайда ол өзін ақтамағандықтан екінші дүниежүзілік соғыс аяқталысымен 1946 жылы БҰҰ құрамына өткені бар.
Кельттердің байырғы тұрғылықты жері саналатын бұл өңір Рим империясының, одан қалса франктер мен бургундардың қол астында болды. Біздің дәуірімізге дейінгі І ғасырда атақты Юлий Цезарь бұл шаһарды “цивитас” – аумақтың басты қаласы деп атаған екен. 379 жылы қазіргі елді мекен орны алғашқы эпископтың резиденциясы болса, бургундардың жаулап алуынан кейін Женева – Бургун королдігінің астанасы болып табылды. Ал 534 жылы бұл қала франктердің қол астына өткенімен, 1032 жылы ол Германияның шебінде қалып қойды. ХІV ғасырдың аяғы мен XV ғасырдың басында Женева өзінің сауда орындарымен әйгілі еді. Мұнда Италия, Франция, Германиядан көптеген саудагерлер ағылып келе бастады. Сонымен қатар шаһар өзінің несие-банктік операцияларды сәтті жасайтын орталыққа айналды. Қазіргі күнге дейін әлемнің көптеген дамыған елдері, тіпті ТМД елдерінің біразы өз қаржыларын осындағы құнды қағаздарға салып келеді. Бұл олардың қаржыларының құпия сақталуына және өзге елдерге инвестиция ретінде құйылуына орай құнының жойылмауына мүмкіндік туғызып отыр. Мәселен, тұрғылықты халқы 2,5 мыңнан аспайтын Лугано қалашығында 300 банк, капитал салу жөніндегі агенттіктер мен қаржы қоғамдары бар көрінеді.
Женева сондай-ақ әйгілі көлік жолдары тораптарымен, өзен бойындағы порттарымен және атақты Куантран әуежайымен көпшілікке аян. Мұнда өнеркәсіп өте мықты дамыған. Нақты механика, зергерлік бұйымдар, станок пен электротехникаларды жасау жақсы жолға қойылған. Бір кездері католиктік елдерден протестант мигранттардың осында ағылып келуімен зергерлік бұйымдар мен сағат жасау ісі қатты қарқын алған екен. 1574 жылы мұнда 16 шебер тер төксе, уақыт өте келе олардың саны 6 мыңға жетіпті. “Patek Phіlіppe” сағат жасау фирмасының негізін салған А.Филипп өзінің әріптесі А.Патекпен әлемде бірінші болып қалта сағаттарын жасап шығарғаны тарихтан мәлім. Қазір Женевада сағат мұражайы жұмыс істеп, келушілердің тамашалайтын сүйікті орнына айналған. Мұнда әртүрлі халықаралық конференциялар мен форумдар өткізіліп тұрады. Осы ретте тағы бір айта кетерлігі, 100 метр тереңдікте зарядталған бөлшектерді үдететін андронды коллайдердің басқару орталығы біз сөз етіп отырған қалада орын тепкен. Сол сияқты Ядролық зерттеулер жөніндегі еуропалық ұйым 1954 жылы құрылғанынан бастап осында өз жұмысын жүргізіп келе жатыр.
Бұл қаланың жалпы жағдайы. Енді ел туралы айтайық. Швейцария жалпы аумағы 41290 шаршы километрді алып жатыр. Тұрғылықты халық саны 7554600 адамды құрайды. Француз, неміс және итальян тілдері ресми тілдер болып саналады. Жергілікті тұрғындардың 64 пайызы немістер болса, 19-ы француздар, итальяндықтар – 8, югославтар – 3, испандықтар – 2, ретомандар – 1 және 3 пайызы өзге ұлттар болып келеді. Христиандық дінді ұстанатын елде католиктер 46 пайыз болса, протестанттардың қатары 40 пайызға жетеді екен.
Швейцария федеративтік ел саналады. Оның құрамында 23 кантон бар. Соның ең бастыларының бірі осы Женева. Еуропаның орталығындағы бұл елде ешқандай қазба байлық болмаса да ол бай мемлекет ретінде әйгілі. Ішкі жалпы өнім әрбір швейцариялықтың басына шаққанда 34 мың АҚШ долларынан келеді екен. Мұншалықты қаржы көзі химикаттар өндіру, электроқұрал-жабдықтары мен түрлі көрсету құралдары – сағаттар шығару, мәшине жасау сияқты өндірісті дамытудың арқасында келіп отыр. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы саласында да жетістікке жетіп, сүт фермаларында ірі қара мал мол өнім беріп келеді. Швейцариялық ірімшіктер әлемнің көптеген елдеріне экспортқа шығарылуда. Бұдан басқа мұнда туризм маңызды рөл атқарады. Швейцариялық банктердің әлемнің түкпір-түкпірінен инвестицияларды тартудағы белсенділігі өз алдына бір әңгіме. Міне, осындай жетістіктері бар елмен Қазақстанның соңғы кезде қарым-қатынасы жақсы жолға қойылып келеді. Оған мына төмендегі деректер дәлел.
1992 жылдың 1 шілдесінен бастап еліміз Швейцария конфедерациясымен дипломатиялық қатынастар орнатты. Араға бір жыл салып осы елдің Консулдығы ашылса, ол 1999 жылы Бас консулдық болып қайта құрылымдалды. Ал 1994 жылы Алматы қаласында Швейцария Конфедерациясының Құрметті консулдығы өмірге келді. Тиісінше 1996 жылдан бастап Қазақстанның Бернде елшілік қызметі жұмыс істей бастады. Соңғы жылдары Швейцария Қазақстанға және Орталық Азия аймағына ерекше ықылас танытып келеді. Елдер арасында саяси, экономикалық және мәдени үнқатысулар кеңи түсті. Өйткені, Швейцария өзінің дамуы жолымен елімізді қызықтыруда. Оның үстіне бұл ел Қазақстанның ЕҚЫҰ төрағалығына кандидатурасын қолдап, БСҰ-ға мүшелікке қабылдану туралы мәселені жылжыту үшін өз ықпалын тигізіп отыр. Екі ел ынтымақтастығындағы негізгі қадамдар мен басымдықтар Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев пен 1996 мен 1998 жылдарғы Швейцария президенттері П.Деламюр және Ф.Коттимен, сондай-ақ 2003 жылдан бергі П.Кушпенмен кездесулері мен келісімдері шеңберінде айқындалды. 2003 жылы Президент Н.Назарбаевтың Швейцария Конфедерациясына бірінші ресми сапары болып өтті.
Еліміз Швейцария үшін Орталық Азия аймағындағы стратегиялық әріптес болып табылады. Шикізат қоры мол, тұрақты даму жолына түскен мемлекетпен ынтымақтастықты арттыру өркениетті Швейцария үшін де тиімді саналады. 2005 жылы “Швейцария – Қазақстан” ассоциациясының ашылуы қызығушылық танытқан швейцариялық компаниялардың Қазақстанға инвестиция салуына өзіндік үлес қосып келеді.