01 Сәуір, 2015

Басты шарт – заң талаптарының орындалуы

437 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
IMG_9268Барша қазақстандықтардың ел тізгінін ұстайтын азаматты таңдауда өз қалауын білдіретін мезгілі де күн сайын жақындап келеді. Сәуірдің 26-сына белгіленген Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауы жақындаған сайын жұртшылықтың сайлауалды үгіт жұмыстары мен сайлау өткізуге дайындыққа көз тігіп, елеңдеп отырғаны анық. Біздің тілшіміз Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Ләззат СҮЛЕЙМЕНГЕ жолығып, оған бірнеше сауал қойған болатын. – Ләззат Жаңылысқызы, қазір қазақстандықтар түгіл, алыс-жақын шетелдердің елде өтетін сайлауға назарын тіктеп отырғанын бәріміз білеміз. Жалпы, президенттікке кандидаттарға қойылатын шарттар мен құқықтың бірдей болуы заңда айқын көрсетілген. Алайда, егер де, үміткерлердің өзі, немесе оның сенімді өкілдерінің бірі заң нормаларын сақтамай қалса, ОСК қандай қадамдарға барады? – Заң бұзылған жағдайда, егер ол дәлелденіп жатса, ОСК шара қолдануы тиіс. Кандидатты ұсыну ережелері бұзылса, тіркелу үшін қажетті құжаттар тапсырылмаса, кандидат Конституция қойған заң талаптарына сәйкес келмесе немесе ол сайлауалды үгіт науқанында өз лауазымын асыра пайдаланса, үгітке тыйым салынған күні тыныштықты бұзса немесе соттың шешімімен кандидаттың, болмаса оның сенім білдірілген адамының өзге үміткердің ар-намысы, қадір-қасиетіне нұқсан келтіргені анықталса, сондай-ақ, сайлаушыларды сатып алу фактілері орын алғандығы сот шешімімен дәлелденген жағдайда кандидатты тіркеуден бас тартумен қатар, ОСК-ның тіркеу туралы шешімінің күшін жоюға құқығы бар. Сонымен қатар, еліміздің «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңына сәйкес кандидаттың немесе оның жұбайының декларацияда көрсетілген табысы мен мүлкі туралы деректердің дұрыс еместігі анықталған жағдайда, ОСК кандидатты тіркеу туралы шешімнің күшін жояды. – Қазіргі уақытта сайлауалды үгіт қыза түсуде. Жер-жерде сайлау уческелері құрылды, ал олардың жабдықталуы, жұмыстарының ұйымдастырылуы қалай жүргізілуде? Электорат сайлауға қатысты өзіне қажет ақпараттарды қалай алады? Осы жағын айта отырсаңыз. Орталық сайлау комиссиясы сайлау науқаны туралы ақпаратты халықтың назарына жеткізу үшін тиісті жұмыстарды атқарып жатыр. Азаматтардың сайлауға қатысуы, олардың сайлаушылар тізімінен табылуы үшін өз тарапынан қандай қадамдар жасау керектігі турасында туындайтын сауалдарға БАҚ арқылы жауаптар берілуде. Осындай өзекті ақпаратты республикалық және жергілікті БАҚ үзбей жария етіп жатыр. Қазір барлық деңгейдегі әкімдер сайлау учаскелерінің шекараларын нақтылап, оларда қанша адам дауыс беретінін анықтап, БАҚ-та жария етті. Сонымен қатар, әкімдер сайлау учаскелерінің материалдық-техникалық жабдықталуын қамтамасыз етіп, халықтың дауыс беруіне неғұрлым қолайлы жағдай жасауға бағытталған мәселелерді шешуде. Сайлауға 20 күн қалғанда, яғни 5 сәуір күні еліміздегі барлық аудан мен қала әкімдері әр учаскедегі сайлаушылар тізімін ресми түрде учаскелік сайлау комиссия­ларына тапсырады, 10 сәуірден бастап сайлаушылардың тізімі учаскеде ілініп тұруы тиіс. Сондықтан азаматтардың өз учаскелеріне барып, өздерінің тізімде бар екенін анықтап, қажет болса, нақтылап, сайлау күні «мен неге тізімде жоқпын?» деп шығатын даудың алдын алу шараларын еске салуды жөн көріп отырмын. – Ол үшін қандай құжаттар қажет? – Біздің елімізде сайлаушының жеке басын куәландыратын төрт құжат бар. Олар: республика азаматының паспорты, азаматтың жеке куәлігі, уақытша жеке куәлік және әскери билет. Егер тізімнен табылмай жатса, сайлаушылар халыққа қызмет көрсету орталығынан алынған мекенжайы жөніндегі анықтаманы, болмаса «Үй кітабын» алып барса да сайлау комиссиялары назарға алатын болады. Тізімге еніп, өздерінің азаматтық құқықтарын жүзеге асырып, белсенді дауыс беру құқығының арқасында өз таңдауын жасау – әрбір қазақстандықтың борышы. Себебі, кім де кім үшін мемлекет басшысын сайлау жай ғана қатардағы мәселе емес қой. – Кейде тіркелген жеріңде дауыс бере алмауың мүмкін ғой. Дауыс беретін күні басқа жерде, ауруханда, тіпті, жолда, басқа бір елді мекенде болуың да ғажап емес. Ондай жағдайда азамат қалай дауыс береді? – Әрине, сайлау қарсаңында да мұндай жағдайлардың болатыны анық. Мысалы, Алматыда тіркеліп, Астанада қызмет атқарып жатқан, тіркеуден шықпағандар, тұрғылықты жерінен қалаларға барып еңбек етіп жүрген азаматтар да аз емес. Сайлауға 30 күн қалғанға дейінгі мерзімде олардың әкімдіктерге барып тізімге қосылуына болар еді. Ал қазіргі уақытта мұндай жағдайларда заң бойынша сайлаушының Есептен шығару куәлігі көзделген. Сайлаушы өзі тіркелген жері бойынша сайлау учаскесіне төлқұжатын алып барып, аталған куәлікті алатын болса, онда ол Қазақстанның кез келген нүктесінде дауыс бере алады. Бұл жерде азаматтың жеке басының белсенділігі қажет деп айтқым келеді. Дауыс беру қалай жүргізіледі? Қағаз бюллетеньге белгі соғыла ма, әлде электронды жүйе пайдаланыла ма? – Дауыс беру дәстүрлі түрде бюллетеньге, сайлаушының өзі таңдаған кандидаттың аты-жөнінің тұсына белгі соғу арқылы жүргізіледі. – ОСК мәліметтерінен біліп жатырмыз, сайлауға көптеген халықаралық ұйымдардан, алыс-жақын шетелдерден байқаушылар қатысуға ниеттерін танытыпты. Байқаушылардың қай жерде, қандай учаскеде, қай облыста немесе қалада сайлау барысын байқауға қатысатынын кім анықтайды? ОСК ма, әлде байқаушының өзі ме? – Байқаушылардың сайлаудың барлық үдерісіне қатысу мүмкіндігі заңда қарастырылған. Олардың сайлау үдерісін байқауға, өз пікірлерін білдіруге, тіпті, бейне-дыбыс жазбаларын жазуға да құқығы бар. Бұл – сайлаудың ашықтығын, айқындығын қамтамасыз ету тәсілдерінің бірі. Сайлауға шет мемлекеттердің және өзіміздің елдің азаматтары байқаушы бола алады. Отандық байқаушылар қатарына сая­си партиялар мен қоғамдық ұйымдардың, бірлестіктердің өкілдері, кандидаттардың сенім білдірілген адамдары кіре алады. Байқаушылардың сайлау комиссияларынан құжат алуы қажет емес, әр партия, қоғамдық бірлестік өз өкілін қай учаскеге жіберетінін өзі шешеді, тек әрбір учаскеде бір ұйымнан бір байқаушы қатысуы тиіс. Байқаушылар сайлау үдерісіне еш кедергі келтірмей, сайлау учаскесінде белгіленген тәртіпті сақтауға міндетті. Сондай-ақ, оның байқаушы ретінде партияның мөрі басылған рұқсаты және жеке төлқұжаты болуы тиіс. Шет мемлекеттерден келген байқау­шылар да қай жерде байқау жүргізетінін өздері шешеді. Бірақ олар Сыртқы істер министрлігінің ұсынысымен Ортсай­лау­комда арнайы тіркеліп, байқаушы куәлігін иеленіп барып қызметіне кірісуі тиіс. – Заңға сәйкес сайлауалды үгіт жұ­мыстарына мемлекеттен және канди­даттың жеке қорынан бөлінетін қаражат қарастырылған ғой, оның шегі де белгілі. Осы ретте жұмсалатын қаражаттың есебі қалай жүреді деген сауал туындайды. – Иә, кандидаттың үгіт жұмыстарын екі көзден қаржыландыру белгіленген. Осы екі көзден түскен әрбір тиынның қайда, қалай жұмсалғаны туралы нақты, тиянақты есеп жүргізіледі. Қаражатты заңда белгіленген шегінен артық жұмсау заңды өрескел бұзу болып табылады, кандидатты үміткерліктен алып тастауға негіз болатын басты өлшемдердің бірі – осы. Орталық сайлау комиссиясына барлық қаражаттың қалай жұмсалғандығы жөнінде есеп беріледі, ол БАҚ арқылы жария етіледі. – Шетелдерде президенттікке кандидаттар телеарналар арқылы саяси пікірталастар өткізіп, әрқайсысы өз тұғырнамаларын қорғап жатады. Біздің елдегі сайлауда да осындай пікірталас өте ме? – Практикада, жалпы әлемдік сайлау үдерістерінде сайлау науқаны кезінде саяси пікірталастардың болуы заңды құбылыс екенін көріп жүрміз. Ол – сайлауалды үгіт жүргізудің бір үлгісі. Парламенттік сайлауда пікірталастарды Ортсайлауком өткізеді. Ал президенттік сайлауда мұндай міндет жоқ, егер кандидаттар өткіземіз деп қаражатын төлеп жатса, заң шектеу қоймайды. Алайда, сайлауалды үгітті қалай жүргізуді, онда қандай әдістерді қолдануды ОСК емес, әр үміткердің сайлауалды штабтары айқындайды. Біздің еліміздегі сайлау өткізу тарихында үгіт аяқталып, тыныштық уақыты кезінде үгіт жүргізу болып көрген жоқ. Алайда, осындай жағдай орын алып қалса не болады? – Сайлау науқандарында электораттың, сайлауға қатысушы саяси күштердің үгіт жұмысында науқан сайын саяси мәдениеттің, бәсекелестіктің өсіп келе жатқанын байқаймыз. Ал егер, сіз айтып отырған жағдай орын алып жатса, бұл заңды өрескел бұзушылық болып табылып, тиісті шаралар қолданылуы тиіс.  – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан».