01 Сәуір, 2015

Одерден алғашқылардың бірі болып өткен

474 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін
УОС-ЦВгвардия капитаны Сардар Шәкіровтің ерлігі туралы Жаны жайсаң, жүрген жерін үнемі гүл­дендіріп, нұрландырып келе жатқан Серік Үмбетов ілгеріде Жамбыл облысын басқарып тұрған жылдары әкімшілікте өткен бір бейресми әңгіме үстінде жергілікті мамандарды лауазымды қызметке көптеп тарту жөнінде мәселе көтеріле қалса керек. Әркім әртүрлі пікір айтып, ортақ ойдан ойыстай береді. Біреулері «жергілікті кадрлар өздері туып-өскен өңірдің проблемаларын жетік біледі, сондықтан оларды жиірек көтермелеп отыру керек» десе, біреулері «мұндай принцип негізінен дұрыс емес, қолынан іс келетін адамдарды ғана қолдаған жөн, мамандарды географиялық жағдайына қарамай қабілетіне сай өсірген дұрыс болады» деп қарсы шығады. Осы кезде командалас әріптестерінің пікірін үнсіз тыңдап, әліптің артын күтіп отырған Серік Әбікенұлы орнынан көтеріліп: as‒ Сабыр сақтауларыңызды сұраймын, ‒ десе керек. ‒ Қазақтың қай жері болсын ‒ бәріміздің ортақ мекеніміз. Сондықтан, сен оңтүстіктенсің, анау солтүстіктен деген сияқты бос сөзді қою керек. Әркім өз қабілетіне қарай жұмыс істеуі тиіс. Бөліп-жаратын ештеңе де жоқ. Мен қызметкерлерді туған жеріне емес, тұрған жеріне қалай қызмет етуіне қарай, білімі мен біліктілігіне, ұйымдастырушылық қабілетіне сай таңдауға тырысам. Демек, осы отырған барлықтарыңды да жергілікті кадрлар деп білемін. Мәселен, мына Бақытжанды алып қаралық. Базбіреулер оны Сыр бойынан десе, біреулер алматылық дейтін көрінеді. Тіпті, Оңтүстік Қазақстан өңірінен деушілер де бар. Міне, осы жігіт Әулиеата жеріне сіңісіп, қызмет етіп, тіпті келін түсіріп, құдандалы-жегжат болып отыр емес пе?! Айтыңыздаршы, енді осы кісіні біз қалайша жамбылдық емес дей аламыз?!. Жүйелі сөзге жығылмайтын жан бар ма? Жиналғандардың бәрі бастарын шұлғып, жымыңдасып қалса керек. Ал әкімнің кеңесшісі болып істейтін Бақыт­жан Шәкіровтің өзі болса, «Шіркін-ай, осындайда әкемнің аты Сардар да аталып, оның да осы өңірден әскерге шақырылып, екінші дүние­жүзілік соғысқа қатысқаны айтылып жатса, қандай ғанибет болар еді», дегендей арман жетегінде тұрған еді. Бірақ, оны басқалар қай­дан білсін? Ауызба-ауыз айтылмаса, баспасөзде жазылмаса, әрине, осылайша «жабулы қазан жабулы күйінде» қалатыны сөзсіз ғой. Бақытжан бүйдейді: «Бәрі де мамандар таңдаудан басталды емес пе? Сәкең өте дұрыс айтты – қолынан іс келетін адамдар қай жерде болса да, қандай салада істесе де сүттің қаймағындай болып қалқып бетке шыға келеді ғой. Халық олардың әрбір қадамын қалт жібермей қадағалап, бағасын беріп отырады. Оны «сен ана жақтан екенсің» немесе «өзіміздің бала екенсің» деп бөліп-жарып жатпайды. Қызметіне қарап, елге сіңірген еңбегіне қарап екшеп жатады. Осындайда ғой, ойға түсетіні. Әйгілі сексен алтыншы жылғы Желтоқсан көтерілісінен кейін Орталық Комитетке шақырыла қалғаны бар. Ол кезде Алматы облыстық партия комитетінің хатшысы болып істейтін. Жергілікті кадрлардың бірінен соң бірі қудаланып жатқан тұсы. Өзінің де текке шақырылмағанын сезе қояды. Шынында да солай болып шығады. «Сіз оңтүстіктің тумасы екенсіз ғой, анкетада дұрыс көрсетпепсіз», деп дүрсе қоя береді сол кездері қылышынан қан тамып тұрған басшыларының бірі. «Мен өмірбаянымды құжат бойынша толтырғанмын. Алматы қаласында туғанмын. Сенбесеңіздер тексеріңіздер!» дейді. «Жарайды! Бара беріңіз! Тексереміз. Жалған айтсаңыз жазалансыз!» деп шығарып салады әлгі басшы. «Оңтүстік десе осқырына қарайтын оспадарлардың арам ойы ол жолы жүзеге аспай қалғанымен, қыр соңымнан қалмай қойды, – дейді Бақытжан Сардарұлы сол кездегі жәйтті есіне алып. – Кейін естідім, құжатқа сенбей, Алматыдағы өзім өмірге келген №1 перзентхананың да архивін ақтартыпты ғой. Ақыры мазамды ала берген соң ол жақта қалыпты жұмыс істетпейтінін біліп, Жамбыл жаққа ауысуыма тура келді. Бағыма қарай, сол жылдары мұнда бұрыннан біліс-таныс Серік Әбікенұлы басшылық ететін еді. Өзіне кеңесшілікке шақырды. Бірден келістім. Сөйтіп, жамбылдық болып шыға келдім». Шынында да Сәкең ел үшін еңбек ететін жан ғой. Кадрларды қабілетіне қарай таңдайды. Жершілдік дегенді мүлде білмейді. Ол кісі үшін қазаққа барлық жер – оңтүстік те, солтүстік те, батыс пен шығыс та – ортақ. Сондықтан да командасында еліміздің әр өңірінде туып-өскен адамдар еңбек ететін еді. Ал олардың бәрін өзі «жамбылдықтарсыңдар» деп жалпы атаумен атайтын. «Олай болса, менің әкем Әулиеата өңірінен емес деп қалай ғана айта аламын» дейді Бәкең беті бал-бұл жанып. Құжат былай дейді: Сардар Шәкіров 1921 жылы Қазақстанның оңтүстік өңірінің шалғайдағы ауылында шаруа отбасында өмірге келген. Орта мектепті бітіріп, медицина техникумында оқыған. Соғыс басталар алдында педагогика институтына түсіп, оны да ойдағыдай аяқтап шығады. Майданға білімді де білікті командир ретінде алғашқылардың бірі болып аттанады. Взводқа жетекшілік етіп, рота командиріне дейін көтерілген. Содан кейін батальон басқарған. Ерекше ерлік көрсететін кездері де осы кезеңмен тұспа-тұс келеді. Бақытжан бүйдейді: «Әкеміз өте қарапайым кісі болатын. Мақтауды онша жаны сүймейтін. Елдің бәрі «батыр» деп қошеметтеп жатса да елп етпеуші еді. Е дейтін де қоятын. Ежіктеп сұрамасақ, майданда жасаған ерліктерін де ашып айта бермейтін. Кейін ғой, жорық жолдарынан, азат еткен елді мекендерінен хат-хабарлар келіп, түрлі сұрау-өтініштер түсе бастаған кезде суыртпақтап сыр тартқанымыз... Сондай хаттардың бірі сексенінші жылдары Вильнюс қаласындағы №37 орта мектеп оқушыларының атынан да келіпті. «Гвардия капитаны Сардар Шәкіров әскер қатарына Қазақстаннан шақырылыпты, ‒ деп жазылыпты онда. ‒ Майданда жүріп партия қатарына қабылданған. Бірнеше шайқасқа қатысып, ерлік үлгісін көрсете білген. Әсіресе, оның Одер өзенінен өтер кездегі қаһармандығы ерекше есте қаларлықтай. 1945 жылғы 29 январьда Қызыл тулы Гомель атқыштар полкінің С.Шәкіров бастаған батальон жауынгерлері өзенді алғашқылардың бірі болып жүзіп өтеді де, совет әскерлерінің негізгі шабуылына жол ашады. Командирдің өзі жиырмадан астам жау солдатының көзін жойып, гранатамен танкі тоқтатқан. Біз осы ержүрек қазақ командирінің тағдыры жөнінде көбірек білгіміз келеді. Музейге келушілерге толық мәлімет беру үшін бізге хат жазып жіберулеріңізді сұраймыз». as333Айтпақшы, оқушылар өтінішін жеткізген өлкетанушы Павел Фроловтың осы тақылеттес хаты 1983 жылы 23 ақпанда «Егемен Қазақстан» газетінде де («Қазақстан солдаттары») жарық көріпті. Литвалықтармен байланыс күні кешеге дейін үзілмепті. Халық қаһармандарын ұмытпайды деген осы болса керек. Гвардия капитаны Сардар Шәкіровтің жауынгерлері Одер өзенінен бірінші болып өткені жөніндегі мәлімет құжат бо­йынша дәлелденген. Ол кейін Сардарды Совет Одағының Батыры атағына ұсынылған анықтамаларда да нақты көрсетілген. 340-шы гвардиялық полктің командирі Бурлаковтың қолымен толтырылған құжатта капитан С.Шәкіровтің батальоны өзенді бірінші болып кешіп өтіп, кең көлемдегі шабуылға жол ашқаны, жүздеген жау солдаттары мен техникасының көзін жойып, ерлік көрсеткені, сол үшін гвардия капитаны С. Шәкіровтің ең жоғары награда – Совет Одағының Батыры атағына ұсынылатыны баяндалған. ‒ Бұл құжатты біз кейін әкем жүріп өткен майдан жолдарын іздестіріп жүріп тауып алдық, ‒ дейді Бақытжан. ‒ Бірақ папам батыр атағын ала алмапты. Оның орнына Ленин орденін беріпті. Одерден өтерде бірінші лекте болған жауынгерлердің көбі жоғары атақты иеленгені мәлім. Ал папам сол алғашқы топтың ішінде ең алдында тұр. Әйтсе де сыбағасынан құр қалған. Аты аңызға айналған әйгілі маршал Г.Жуковтың «Воспоминания и размышления» (Москва, изд. АПН. 1988 г.) деген естелігінде Одер өзенінен өту жөніндегі шайқастың 31 қаңтарда басталып, алғашқы плацдармның басып алынуын сол күнмен нақтылайды. Бұл – өте дәлдікпен айтылған ақиқат. Ал капитан Сардар Шәкіровтің батальоны болса осы күннен екі тәулік бұрын өзенді кешіп өтіп, өздеріне бекініс жасаған. Бұл жәйт те полк командирінің құжатымен расталып отыр. Сонда өзенді алғашқы кешіп өткен кімдер екені өзінен өзі белгілі емес пе?!. Дәл осы жерде Рейхстагқа бірінші болып ту тіккен Рақымжан Қошқарбаевтың тағдыры тақылеттес жәйттің орын алып отырғаны жасырын емес. ‒ Папамыз мұның алдында да, содан кейін де ерен ерлік үлгілерін көрсете білген, ‒ дейді Бақытжан Сардарұлы бір пәпке сарғайған қағаздарды алдымызға жайып салып. – Берлинді алардағы қаһармандығын қатардағы әріптестерімен бірге жоғары лауызымды командирлері де жоғары бағалаған. Жоғарғы Бас қолбасшыдан алған алғыстары да өте көп. Ал мына Александр Невский орденінің орны ерекше бөлек. Оны өзі де айтып отырушы еді. 1942 жылы белгіленіп, әскери іс-қимылдарды шебер ұйымдастырып, аса зор жетістіктерге жеткен қолбасшыларға ғана берілетін бұл наградамен марапатталғандар саны санаулы ғана көрінеді. Әсіресе, басқа ұлт өкілдері арасында. Орден таза күмістен құйылып, бес жұлдыз бен екі шетіндегі балталар алтынмен апталған. Соғыс кезінде оншақты ғана орта дәрежелі офицерге берілген осы наградаға қазақ қаһарманы – Сардар Шәкіровтің де ие болуы көп жәйтті аңғартса керек. Кезінде батырлыққа ұсынылып, бірақ бұл атақты сан түрлі себептермен ала алмай қалған қаншама қазақтар бар десеңізші! Сондай-ақ, сирек берілетін наградаларды иеленген ерлеріміздің де ерекшеліктерін көп көрсете алмай келеміз. Айтқымыз келмейді емес, ашып көрсете алмаймыз. Әйтпесе, жоғарыда сөз болған Александр Невский орденін иеленген қазақстандықтар саусақпен санарлықтай ғана екен. Оған бұл орденнің тек жоғары лауызымды қолбасшыларға ғана табыс етілетіні жөніндегі статусы себеп болса керек. Ал жерлесіміз Сардар Шәкіров сол кездегі одақтағы орта дәрежелі оншақты офицерлер арасынан ойып тұрып орын алып отыр ғой. Мұның өзі де екінші рет Батырлыққа ұсынылған дәрежемен бірдей емес пе?!. «Қырық жыл қырғын болса да, ажалсыз адам өлмейді» деген бар қазақта. Сондай-ақ, Сардар Шәкірұлы да қызыл қырғыннан аман-есен шықты. Сөйтіп, елге жеңіспен оралды. Алматы жоғары партия мектебін бітіріп, Қызылорда облыстық партия комитетінде жауапты қызметтер атқарды. Еңбек ете жүріп, ғылыммен де айналысты. Білімін одан әрі жетілдіре түсті. Ұстаздық жұмысты да ұмытқан жоқ. Жетпісінші жылдары Мәскеуде кандидаттық диссертация қорғады. Осыдан кейін бірыңғай ұстаздық қызметке ауысып, өмірінің соңына дейін Шымкент педагогика институтында еңбек етті. ‒ Шүкір, Шәкіровтер аты ұмытылған жоқ, ‒ дейді Бақытжан Сардарұлы. ‒ Батыр атында ауыл да, мектеп те бар. Ұрпағының өзі бір қауым ел болып отыр. Олар барда Шәкіровтер есімі мәңгі жасап, егемен еліміздің тарихынан бұдан былай да лайықты орнын ала бермек. Иә, қазақ аман болса, қаһармандарымыздың да аты өшпек емес. Әділ ДҮЙСЕНБЕК, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Суреттерде: Сардар Шәкіров; Сардар Шәкіровті Кеңес Одағының Батыры атағына және басқа да наградаларға ұсынған құжаттардың көшірмесі. (Суреттер отбасылық  альбом­нан алынды).