19 Мамыр, 2015

Могиканның соңғы тұяқтары

676 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін
Азияның байлығына қол жеткізетін ең қысқа жолды іздеп, еуропалықтар теңізбен өздері бұрын танып-білме­ген жаңа құрлыққа аяқ басқанда, Американың байырғы жұрты өз мәдениеті мен өз өркениетінің бесігіне бөленіп, теңіз асып келгендерден еш қауіп күтпеген болса керек. Құрметтеп қарсы алып, алдарына ас қойып, алтындарын беріп, ежелгі мәдениет орталықтары – қалаларын көрсетіпті. «Есіктен келіп төр менікі, ылдидан келіп өр менікі» деп кеуделері көк тіреген, өктем еуропалықтар үндістерді тықсырып, қырғанын қырып, қалған­дарын адам тіршілігіне қолайсыз резервацияға қоныстандырады. Бара-бара өз жерлерінде азшылыққа ұшырап, бұрынғы мәдениеті мен тіліне, әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрлеріне қырын қарайтын нешеме ұрпақ өсіп-жетіліп, әлемдік мәдениетке олжа салған талай үндіс тайпалары жойылып кетті. Олармен бірге тіл де, өнер де тек зерттеушілер айналысатын нысанға айналып, экспонаттар ретінде музейлерге қойылды. Тіпті, Вашингтондағы Америка тарихының музейіне барсаңыз үндістерге қатысты бір де бір экспонат таппайсыз. Олар Америка тарихын тек өздері келгеннен бастап, ал үндістерге арналған музейді мүлде басқа жерге орналастырыпты. Өктемдік пен басқыншылық саясат­тың салмағынан жаншылған осы ха­лықтың ерлік пен өрлікке толы өмі­рінен жазылған жазушы Фенимор Купердің «Могиканның соңғы тұяғы» атты кітабында делаварлар көсемі Чингачгуктың баласы Ункастың өлі денесін құшып отырып, соңғы делавар көз жұмды деп қайғыратыны бар. Кәрі сүйек, «Ұлы Жылан» атанған кө­сем ең соңғы делавар өзі екенін есеп­ке де алмайды. Өйткені, жас Ункас­тың өлімімен ұрпақ әрі қарай жалға­сады деген үміт те үзілген-ді. Бүгінде үндістердің аттары аңыз болып жеткен жауынгер тайпаларының дені жойы­лып, көп бөлігі ассимиляцияланып кетсе, қалғандары жанталасып, өз тілдері мен ғұрыптарын сақтауға, этнос ретінде жер бетінен құрып кетпеу үшін жан қармануда. Басқыншылықтың, отарлаудың зардабын шеккен қара құрлықтағы бірқатар Гана, Піл сүйегі жағалауы, Ангола, Буркина-Фасо, Камерун, т.б. елдердің де мемлекеттік тілдері сол – отарлаушының тілі. Халық өз келбетін тек әдет-ғұрыптары мен дәстүрін сақтау арқылы ілдебайлап бүгінгі күнге дейін созып келеді. Бірақ, ғұмырларының қанша болатыны бір Жаратушыға аян. Үш ғасырға созылған отарлаушы­лық саясат біздерге де оңайға соққан жоқ. Бабалардан жетіп, халықтың өзіндік бейнесін сомдайтын қазақы қалыпқа қаншама нұқсан келді. Өткен ғасырдың басында бір әкеден, бірақ екі шешеден – бәйбіше мен тоқалдан тараған кедейдің екі жігіті келіспей қалады. Маңайдағылардың айтқанына ешбір дес бермеген ағайынды жігіттер даудың аяғында төбелеспекке бекініп, көйлектерін шешіп, жерге алып ұрып, бетпе-бет келеді, сонда кіші шешеден туған ұл: «Сен бәйбіше баласысың ғой, жолың үлкен, бірінші сен ұр», дегенде бәй­бішеден туғаны: «Кешір, бауырым», деп жылап жіберіп, қолқ ете қалыпты. Есімнен Торғай даласында болған мына бір оқиға да кетпейді. Басқарма мен біргәдірдің дүрілдеп тұрған шағында жұмысты дұрыс істемедің деген біргәдір аттың үстінен қамшы үйіріп, боқтап келіп, колхозшының арқасынан қамшымен осып-осып жібереді. Таяқ жеген жігіт үндемеген кезде оқиғаны көзімен көріп тұрған жұрт: «Оу, үндемей осылай текке таяқ жеп, боқтық естіп тұрасың ба?» – демей ме. Сонда: «Боқтаса өз ағасы, ұрса өз інісі емес пе», – дегенде есерлікпен қамшы сілтеген біргәдір аттан еңіреп ұшып түсіп: «Кешір, қалқам, мендей ақымақ ағаңды!», – деп кешірім сұрағанын көрген адамдар жыр ғып осы оқиғаны айтқанда, тыңдаған жұрт та «Қайтсін-ай, енді», деп сабақ ала отыра тыңдайтын. Тағы бір мысал. Торғайда 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісінен кейін 1917 жылы ақтардың қолынан 17 большевик қаза табады. Сол жолы Хәкімбек Токинді ұстап берген адам кейін қолға түсіп анықталғанда Хәкімбектің інісіне: «Мына ағаңды ұстап берген құныкердің жазасын өзің айт», – деп Торғай ақсақалдары ерік бергенде, кейін Төкенің Қамбары атанған сол кездегі жас жігіт Қамбар: «Бұл кісіге аға керек болмаған соң ұстап берген шығар, ал маған аға керек», – дегенінде үкім естиміз деп іштен тынып отырған жұрт: «Аруақ, аруақ», деп жылап қоя беріпті. Ағайынның арасын алыстататын да, жақындататын да сөз құдіреті мен соны бағалай білетін қазақы қалып кей тұста көмескіленіп, кейде тіпті сол жойылып кетті ме деп қапа боласың. Аталы сөзге тоқтау, «бабамның айтқан жерде басы қалған» дейтін жұрттың баласы қазір сөзге тоқтаудан қалған. Жақ-жақ болып баспасөз бетінде айтысып, бір-біріне көрместік сөз айтып, жолыға қалса жон арқасын беріп, сырт айналып кетіп жүрген атақтары дардай кейбір ағаларды көргенде, пұшайман күйге түсетініміз де рас. Осының барлығы отарлықтан қалған, руды руға қарсы қойып, оңай билеудің жолын тапқан үстем саясаттың қалдырған ызғары. Бойыңды қарып, ойыңды құрсаулап, адымыңды аштырмай, іштей тындырып, кеміріп, мұқатып, мүжіп, іштен жегізетін осы қалып, келер күннен енші алып, өрістесе елдігімізге қауіп қой деген ой қылаң бергенде жаның түршігеді. Бірақ шындық осы. Көрші хақысы Бала кезімде біздің үйде қазақы ою мен кестеге мүлдем ұқсамайтын ерекше екі бұйым болды. Ауыздарына гүл тіс­теген екі кептер гүл бағында төс түйіс­тіріп тұр. Ертегідегі Иранбағы осы ма дерсің. Анама: «Мына кестені кім тікті, маған үйретіңізші», десем: «Жоқ, қара­ғым, мұны кестелеген мен емес, ескерт­кіш қой», деп әңгімесін айтып берген. Ауылымызға өзге халықтың бір­неше отбасы көшіп келіпті. Үйіміз­дің іргесіне солардың бірі қоңсы болып қоныпты. Ата-анамыздың ерулік­ке шақырып, пейіл бергеніне қарамастан, сырт орай тартып, тек өзді-өздері ғана араласқанды қолай көретін көршіміздің жастан асқан кішкентай баласы бар екен. Әке-шешесі күндіз жұмысқа кеткенде әлгі балдырған үйде жалғыз қалады. Кейде шегі қатып жылағанда, анам орнында отыра алмай, мазасы кетеді. Оқушылардың жазғы демалыс уақытында мұғалімдердің де еңбек демалысын алатын уақыты. 2-3 күн баланың жылағанын естіген анам, кешке көршілер жұмыстан келді деген мезгілде көршінің үйіне барады. «Сіздер жұмысқа кеткенде мына кішкентай жылайды, естіп отыра алмаймын, баланы бұдан былай маған қалдырып, өздеріңіз жұмыстарыңызға бара беріңіздер», – десе, көршілер: «Біздің сізге төлейтін ақшамыз жоқ», – дейді. «Жоқ, маған ақша қажет емес, сіздер көршісіздер, қазақта көрші хақысы деген бар, ертең ана дүниеге барғанда менен сұрайтын сауалдың бірі – көршіңмен қалайсың? – деген сұрақ болады. Балаңызды тегін қараймын», – деп көршінің баласын сұрап алып бағады. Арада әлденеше ай өткен соң бір күні түнде көршіміз есік қағыпты. «Біз көшіп барамыз, кеткенімізді жергілікті үкіметке айта көрмеңіздер, сіздердің жасаған қамқорлықтарыңызға алғысымызды қалай білдірерімізді білмейміз, біз сіздерге, осындай ғұрпы бар халыққа разымыз, мына кестені көзіміздей көрі­­ңіздер», – деп ауыздарына гүл тістеген қос кептер бейнеленген, өрнегі көздің жауын алатын жастықтыс пен кестеленген сүлгіні сыйға тартып кетіпті. Ауыл үйде көршінің үйіне келген қонаққа міндетті түрде дәм татыру, жаңа көршіге ерулік беру, той-томалақта, қаралы жиында көрші үшін үй-мүлкіңнің тегіс көршіңнің қажетін өтеуі, үйіңе оның қонағын түсіру, басына әлдеқалай қайғы түссе көршіңмен бірге ат арытып оның еліне еріп бару, тіпті көршінің үйінің бұзауы жамырап кетсе, қорасынан қойы шығып кетсе де өзін жауапты сезінетін-ді, қазақы жұрт. Соғым сойылу, шөп түсіру сынды ауыр жұмыстарда көршіңе көмектеспей, үйіңде шәй ішіп отыру ұят саналып, көрші-қолаңның ерлері соғымға сойылатын малды қорадан шығарып жат­қанда қасыңа келіп, әйелдері мал­дың терісі сыпырылып түседі-ау деген мез­гілді сырттан бақылап, ешкім айтпай-ақ ішек-қарын аршуға жұмыла кететін. «Көршің үшін намазыңды бұз», дейтін қазақы қалыпқа қазір әжеп­тәуір селкеу түсті. Ерулік беру, көр­шінің қуаныш-қайғысына ортақтасу ғұрыптары мүлдем жойылып кетпе­ге­німен, әсіресе, қалалы жерлерде оның мәнісі кетіп барады. Бір подъез­­дегі есіктес көршісінің есімін білмей, аман­дассаң, бетіңе бажырая бір қарап өте шығатын жандар қаншама. Қатырғанда ернін жыбырлатып, қазақы қалыбынан ажырап бара жатқандар саны күн өткен сайын көбеймесе, азаятын түрі жоқ. Берен деген әжеміз көрші түгіл ауылдағы бір үйдің бұзауын да жамыратпайды екен. Әбілқайыр атты үнемі беліне балғасы мен шаппашотын қыстырып жүріп, қай үйдің қорасының шегесі босағанын көрсе, сол үйге кірместен-ақ шаруасын істеп, сырттан кете беретін әкеміздің анасы да өте қайырымды жан болыпты. Колхозшылар тегіс жұмысқа кеткенде, әжеміз барлық кішкентай баланы жиып алып, көлеңкеге әрқайсысының аяғына 1-1,5 метрден жіп байлап, балдырғандарды көгендегендей етіп, бағанға байлап бағады екен. Тамақтарын беріп, ұйықтайтынын ұйықтатып, өзі шаруасын жасап, бүкіл ауылдың баласына қамқор әже болыпты. Көрші хақысын осылай атқарған жұрттың бүгінгі жалғасы қандай?! «Қазақ осы құда бол деп қинайтын» Ертедегі қазақ құдасын құдайындай сыйлапты. Өтірік дей аласыз ба? Жоқ. Айта алмайсыз. Тіпті, қызынан туған жиенін қалап, құдасынан сұрап алып: «Баладан зарыққанымда бір тайпа ел сый­лап берді ғой, мұның аты – Сый­бала болсын», деп Сибан Керей атанып кеткен рулы елді қайда қоясыз? Алысқа бармай-ақ, өткен ғасырда құданың, қайын атамның атын атататын бір ұл болсын деп екінші ұлын «құдай алдында сұраусыз» деп тегіне дейін өзгертіп, нағашысының бауырына салған өз туысымның барлығын білемін. Күні бүгінге дейін «құда бала» мәртебесіне ие ол жігіт қазір үлкен азамат болды. Қазақ жақсы көрген адамымен құда болсақ дейтін. Ал қазір көшеден табысқан ұл-қыз ештеңе сұрамайды, құдалар да бір-бірінен қысылмайды, «танымасын сыйламас» дегендей, арада ұят болады дейтіні жоқ, жақ-жақ, одақ-одақ әрқайсысы өз баласыныкін дұрыстап бет жыртысуға барады. Көзі ашық, заманауи қазақтың бұрынғы «артта қалған» қазақтан айырмасы көп. Көңілге қарап, «айырылысар дос ердің артқы қасын сұрайды» дегендей болмайық, мың жылдық құдалығымызға сызат түсірмейік деу аз. Соның салдарынан қаншама жас ажырасып, көгенкөздер тірі әкесі, атасы-әжесі барда жетімдік көруде. Әрине, сыйлас құдалар да бар, көпке топырақ шашуға болмайды, дегенмен, жоғарыда айтылған үрдістің бел алып кеткені де рас. Қыз сұраса, сауғаны үйірімен қайтарған Марқұм анам елдік тұрғыдағы әңгімені көп айтатын. – Біз қазақ деген – қыз сыйлаған, ана сыйлаған, жалпы, әйел затын сыйлаған халықпыз. Ертеде ауылда еркек жоқта, мал барымталанып, қуып барар жан табылмаса, қыз атқа қонған. Қыз барып, жігіттермен белдесе ме, атыса ма, шабыса ма, аттан түсе қалып: «Сауға, сауға» дегенде, қыз сауғасын бермеу ер жігітке мін саналған. Жылқысы кеткен жақ үшін де, еркек кіндік табылмай, қарындастың жау алдында тізесін бүгіп, «Сауға» сұрағаны ар саналған. Қараңыздаршы, бәрібір, қыздың қай кезде де назары биік. Қазір журналис­тер мәнін білмей ұрыны барымташы деп айтып жүр ғой. Барымта – ұрлық емес. Ол – елдің намысына, рудың ағаларына жасалған намысты іс. Оның қарымтасы да болған. Сөзге тоқтамай, арадағы билікке көнбей, нақұрыстық, саппастыққа кеткен екі бұзықтың ожарлыққа бармауына да екі араға тасталған әйел орамалы тоқтау салған. Өйткені, әйел жаулығы – Ана атаулының басындағы ақ. Ол – киелі орамал, одан аттап, әрі қарай бұзақы ойдың жетегінде кету нағыз бұзылғандық. Оған тоқтамау мүмкін емес, – дейтін. Кейде отырып, қазір әйел орамалының осыншалықты құдірет күші бар ма деп ойланамын. Тіпті, кейбіреулер бұл жайында естіп те көрмеген, білсе де ол бұрынғы заманда ғой, оның уақыты өткен дейтін шығар деймін. Қазақтың қызының қадірінің кет­кені соншалық, өз ағалары барып көше­ден көлігіне отырғызып алып кетеді... Әттең, бір шалбардың жоқтығы... – Әттең, бір шалбардың жоқтығы, әйтпесе, бұл ұлдан жеңілмес едім, етегім көтеріліп кетеді деп апамнан ұялдым ғой,– деген Күлтай жеңешем Дидар қайнысы алыса кеткенде жығылған орнынан қып-қызыл болып тұрып жатып. Қайран біздің қазақтың келіндері. Той-томалақ, қаралы жиын жеңгелері­міздің тынымсыз тірлігімен, әзіл-қал­жыңдарын айта жүріп, қабағын беріп, қонақ күтуімен мінсіз атқары­латын. Әсіресе, сондай тойларда тілек айту жеңе­шелерімізге бір қиямет еді. Өйткені, қай­ынағаларының есімдері – Жақсы­лық, Қуаныш, Аман, Есенбай, Есентай, Тілектес, Мейрам, Мереке, Мұрат болғандықтан, айтар ойларын әбден сара­лайтын. Әйтпесе, әрбір сөзін аңдып, қайнағалары алдында «Келі­ніңіз сіздің атыңызды айтып шақырып жатыр ғой», деп ұялта қоятын қай­нылары табылып жатады. «Аға, жеңеше, бір балаларыңыз екеу болып жатыр, әрі қарай отбасыңыз ұлғая берсін, ешқандай қиындық көр­мей, ауырмай-сырқамай қызық көрсеңіз­дер, соған біз куә болсақ», деп бірде-бір қайын­ата, қайынағаларының есімдеріне соқ­пай, тойға ортақтығын білдіретін. Қайнысы айтқан әзілге ашу­лану былай тұрсын, оған жауап­ты әзіл-қалжыңмен қайтарып, жұртты қыран-топан күлкіге бөлейтін. Қазір әзіл көте­рер жеңгені, балдызымен қалжың­дасқан жездені, тіпті, нағашы-жиенді де табу қиындап барады. Арадағы сыйластықтың түрі де, қалы­бы да өзгеріске түсіп, қазақтық келбет өзгелердің пошымына еніп барады. Оның орнына үнді мен түріктің, кәріс­тің телехикаяттарын көріп, мен осы­лардың «жалибиінің» («Келін» фильмін­дегі тәттінің аты) дәмін көргім келіп жүр деген ұрпақ өсіп келеді. 70 жыл бойы орыстың, батыстың фильм­дерінің рухында тәрбиеленіп, ұлттық қалыбымыз осылай өзгерсе, енді бір 70 жылда қандай болар екенбіз?! Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан».