23 Шілде, 2010

Арыстарға құрмет

578 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Алаш ардақтысы, республика Юстиция халық комиссариаты сот істерін қадағалау бөлімінің мең­ге­рушісі болған, еліміз тұңғыш заң­гер­лерінің бірі, айтулы тұлға Сей­дәзім Қадырбаевтың туғанына 125 жыл толуына орайластырып, оның кіндік қаны тамған Жангелдин ау­данының Қызбел ауылында тағы­лымды іс-шара өткізілді. Қуғын-сүргін жылдарында оның Воре­неж­де атылған жеріне ұрпақтары был­тырғы күзде арнайы барып, белгі құл­пытас орнатып қайтқан бо­ла­тын. Енді биыл туған топырағына құлпытас қойып, парыздарын өтеді. Ерекше атап өтерлігі сол, біте құй­ылған қос құлпытастың бірі Сей­дәзім Қадырбаевтың аталас туы­сы Байұзақ Бәзікенұлының құр­метіне арналған еді. Бұл жауынгер 1943 жылдың күзінде кескілескен ұрыста мерт болып, Беларусь рес­публикасы Витебск облысының Редьки деревниясында жерленген екен. Соңында қалған ұрпақтары әке-аталарының басынан топырақ әкеліп осында аза тұтып қойып, қос арыстың рухына тағзым етісті. Тәуелсіздіктің арқасында Отан соғысында шейіт болған жауын­гер­лердің қандай бауырластар зира­тында жерленгені туралы деректер көптеп табылуда. Бір ғана осы Қыз­бел бойынан 176 жауынгер елі­не қайтпай қалған екен. Солардың бірі қарымды жорналшы Ханзипа Бәл­дікованың немере ағасы Қарт­бай еді. Ханзипа апайдың тапжыл­май іздеу салуының нәтижесінде ағасының дерегі табылды. Ол Тула облысы, Ар­сеньев ауданының Хло­пово посел­­­кесінде 1942 жылдың 4 қаңта­рын­да бауырластар зиратына жерле­ніпті. Ағасының жатқан же­ріне әдейі барып топырағын әкел­ген апай оны Қартбай ағасының туған жері Қыз­белге табыстауды парыз санап жүр. Ел үшін жанын пида қылған арыстарға қандай рухани қамқор­лық жасалса да артық болмасы белгілі ғой. Қайсар ӘЛІМ, Қостанай облысы, Жангелдин ауданы.