21 Мамыр, 2015

Президент көрсеткен өнеге – баршаға бұйырған береке

422 рет
көрсетілді
20 мин
оқу үшін

Әр адамның ой-санасы, әлемдік көзқарасы өзін қоршаған ортадан алған әсерден, араласқан зиялы адамдардың ақыл-кеңесін тыңдаудан, ғылым-білімді терең игерген парасат-пайымнан қалыптасады. Әрине, ғылымды болудың орны бөлек. Ол әр азаматтың кәсіби біліктілігін, жеке тұлғасын, мәдениеттілігін қалыптастырады дер едім. Өйткені: «Тарихты білу – білімділіктің, әдебиетті білу – мәдениеттіліктің белгісі», деген шығыс халқының даналығы бар. Бұл – кімді де болса білімділікке, тектілікке тәрбиелейтін даналық ой. Ал біздің халық: «Жақсыға қарап бой түзе», дейді. Міне, менің де айтайын деген ойым осы. «Болмасаң да ұқсап бақ, бір ғалымды көрсеңіз», деп ұлы Абай айтқандай, біздің де азаматтық тұлғамыз, саяси көзқарасымыз, халқы ардақ тұтқан Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың кең пейіл, кемелді ісінен үлгі алуымызбен қалыптасты. Елбасының жанында жүріп қызмет істеуім, менің де өмірге деген көзқарасым мен азаматтық тұлғама, саяси тұрғыдан шыңдалуыма әсерін көп тигізді.

Еліміздің Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев кеңестік кезеңнің өзінде-ақ топ ішінен суырылып шыққан біліктілігімен дара көрінген дарынды басшы екеніне сырттай таңғалып жүретінмін. Біз сол ел тәуелсіздігі әлі қолға тимеген, кеңестік биліктің «екі тізгін, бір шылбыры» Кремльдің қолында тұрған кезде Нұрсұлтан Әбішұлының талай мінберден шешіле сөйлейтін шешендігіне, әрбір фактіні бүге-шігесіне дейін дәйектеп беретін қабілет-қарымына, рухы мықты өршіл мінезіне қайран қалатынбыз. Партия органында жүргендіктен, өз басым ұлағатты әр сөзіне терең үңіліп, көкейіме түйіп, қойын дәптеріме жазып алатынмын. Сол кездегі биліктің Н.Ә.Назар­­­баевты талай тұғыры мықты тұлғалы басшылар арасынан Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің Төрағасы, кейін Қазақстан Компартиясы Орта­лық комитетінің бірінші хатшылығына таңдап алуы ол кісінің бойына біткен тектілік пен тұлғаға тән мінездің болуынан дер едім. Елбасымыз осы санаулы жылдар ішінде тарихтың сараң көшінде бұған дейін болмаған, бір ғасырда атқарылар ұлан-ғайыр ұлылықты, таңданарлық тамаша істерді өміршең ете білді. Бүгінде сол үшін халқының шексіз алғысы мен құрметіне бөленіп отыр. Президенттің ғасырға бергісіз бұл еңбегін бүгінгі жастар, келешек ұрпақ жадынан әсте шығармауы тиіс. Сол үшін Нұрсұлтан Әбішұлынан үйренген өнеге-үлгімнен жастар тәлім алса екен деп, осы мақаламды жазып отырмын. Еліміз үшін тоқсаныншы жыл­дардың басы оңай болған жоқ. «Ке­ңес Одағы» деген мызғымас алып импе­рия­ның бұзылған сеңдей аяқ-асты­нан ыдырауы жай халықты да, небір сұң­ғыла саясаткерлерді де өкініш­ті жағдайға түсірді. Елбасы болса, Абай данышпан айтқандай, «ақырын жүріп, анық басып», әліптің аяғын күте, халқымызға алдымен еліміздің егемендік декларация­сын қабылдау қажет екенін, содан соң ғана тәуелсіздігімізді жариялай аламыз деп түсіндірді. Қазақстан­ның болашақ тағдырына қатты алаң­даған жұртшылықты ауызбірлікке шақырды. Сабырлылық танытып, сал­мақты саясат ұстануға, жаңа қоғамға жан-тәнімізбен қызмет етуге, тоқы­рауға түскен ел экономикасын, әлеу­меттік тұрмыс-жағдайды, саяси тұрақ­тылықты қырағылықпен дамытуды Отанын шын сүйген әрбір қазақстандық азаматтардан талап етті. Сол кезеңде айтылған Нұрсұл­тан Әбішұлының: «Ең бас­тысы – адам факторы; оның еркі, күш-жігері, табандылығы мен білімі. Өркен­деп даму мен тәуелсіздікке аттар табалдырықтың алтын кілтін де осы шамадан іздеген жөн», деген даналық сөзі бәріміздің де егемен еліміз үшін мінсіз қызмет етуімізге жетеледі. Тоқсаныншы жылдардың осындай кезеңінде жаңадан қалыптасқан саясаткер ретінде өзімнің кандидатурамды Алматы қаласынан республиканың Жоғарғы Кеңесіне депутаттыққа ұсын­дым. Сайлау алдындағы науқан өте күр­делі болды. Жекелеген сайлау учас­келері бойынша баламалы кан­дидаттар саны он, он бестен кем түс­педі. Ал сайланған депутаттардың құра­мы еліміздің саяси өмірінің бар­лық әр алуандылығын көрсете білді. Жоғарғы Кеңестің құрамынан бірнеше фрак­циялар құрылып, жекелеген кейбірі этностық белгісіне қарай жасақ­талды. Осының бәрі жағдайды сая­си­ландырып, тым шиеленістіріп жіберді. Осындай немесе басқа да мәсе­лелерді талқылау барысында Жоғарғы Кеңес өзінің өкілетті органының негізгі әрі тікелей функциясы – заң шығармашылықтан жалтаруға жол беріп алды. Жүйедегі жеткіліксіз жұмыс пен билік тармақтары арасындағы қарама-қайшылық, сол кездегі сайланған Парламенттің жемісті жұмыс істеуіне мүмкіндік бермеді. Осының салдарынан оның жұмыс істеу кезеңінде бар-жоғы жеті заң ғана қабылданды. Мұның өзі мемлекеттің саяси, әлеуметтік-экономикалық талаптарына жауап бере алмағанын көрсетті. Арада бір жыл өткенде Жоғарғы Кеңес өзінің қызметін тоқтатуға мәжбүр болды. Заң шығару органы тұралап қалған дәл осы тұста, бұрынғы қабылданған заң бойынша, бұл өкілеттілік ел Президентіне жүктелген болатын. Мемлекет басшысы тура осы кезең­де елімізді одан әрі дамытудың жауап­кершілігін толығымен өзіне алып, шынын айтқанда, нағыз білікті көшбас­шы екенін көрсете білді. Мұны Елбасы өзі қол қойып қабылдаған 511 Жарлықтың 132-сінің заң күші бар екендігінен көруге болады. Соның арқасында Қазақстанның тұрақты дамуының құқықтық негізі қаланды, экономикамыз бірте-бірте көтеріліп, орта таптың құрылуы бастау алды. Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың белсенділігінің арқасында түбегейлі саяси-құқықтық жаңғырту ғана емес, сондай-ақ, қоғамдағы тұрақтылық пен келісім қамтамасыз етіліп, құқықтық шеңберді бейтараптандыруға мүм­кіндік туғызылды. Әрине, мұның бәрі де Президенттің өлшеусіз еңбегінің, алға қойған кемел ойлы мақсат-мұратының арқасында орындалды. Осы бір қиын кезеңде өз өміріме үлкен серпіліс берген мына бір оқи­ғаны айта кеткенім артық болмас. Жоғарғы Кеңес тарих сахнасынан кеткеннен кейін Президент Әкімшілігі мені қызметке шақырып, Мемлекет басшысының көмекшісі болу лауазымын ұсынды. Әрине, өте абыройлы қызмет, ал жауапкершілігі одан да зор. Бұл әлі жас, буыны қатпаған, тәуелсіз еліміз енді ғана аяғынан қаз тұрған қиын кезең болатын. Дәл осы қиын-қыстау кезеңде тәуелсіз мемлекетіміздің алдында асу бермес небір күрделі істер тұрды. Соның ең маңыздысы – ішкі саяси ахуалды тез жетілдіріп, тұрақтылықты бекемдеу керек болды. Ол үшін тез арада қорғаныс жүйесін қолға алып, еліміздің қауіпсіздігін дамыту бірінші кезекте тұрды. Мұның өзі жаңа демократиялық құқықтық мемлекетіміздің бірден-бір негізгі арқауы болатын. Ел Президенті осындай қыруар жұмысты ұзақты күн атқара жүріп, осы қиын кезде салы суға кеткен, ертең не боларын білмей алаңдаған қарапайым халық арасына, еңбек ұжымдарына барып, ел ішіндегі саяси ахуалдан көзбе-көз ақпараттар алуға уақыт табатын, пікір алмасатын. Бір күні біз Елбасының Қараған­ды облысына баратын сапарын ұйым­дастыру жөнінде тапсырма алдық. Бұл облыс, көпшілік білетіндей, рес­пуб­ликадағы ауыр индустрияның үлкен ошағы. Сол кезде ол еліміздің эконо­микасындағы рөлі зор, әрі мың­даған жұмысшының қоғамдық-саяси өміріне, тұрмыс жағдайына жан беріп тұрған бірден бір өндірістік орын еді. Алдымен әдеттегідей Елбасы сапарының бағдарламасын, тиісті мате­риалдарын дайындадық. Прези­денттің бұл облыстағы жұмыс кестесі өте тығыз болды. Күн тәртібіне Қара­ғандыда салынған жаңа әуежайды ашу, бірқатар өндіріс орындары мен әлеуметтік-тұрмыстық саладағы ұйымдарда болумен қатар, еңбек ұжымдары және жеке азаматтармен кездесулер өткізу кіргізіліп, бектілді. Президент бізге сапарын дайын­дау барысында тапсырма беріп, Қарағанды шахтерлерімен міндетті түрде кездесетінін, нақты айтқанда, онда Горбачев атындағы шахтаның ұжымымен жүздесетінін қадап тұрып айтты. Сәйкесінше, аталған шахтаны сапар бағдарламасына енгізіп, жобаны жұмыс үшін облыс басшысына жібердік. Арада бір сағат өтісімен маған Қарағанды облысының сол кездегі әкімі П.Нефедов қоңырау шалды. Ол Горбачев атындағы шах­таға барудың мүмкін емес екенін, өйт­кені, ондағы ахуал өте қиын, шахта­ның тоқтау алдында тұрғанын, ереуіл туып кетуі мүмкін екенін айтты. Осы­ған байланысты Елбасының атал­ған объектіге келуі қисынсыз, деп бізді сендіруге тырысты. Бұл Прези­денттің жеке тапсырмасы дегенімізге П.Нефедов өзінің сөзіне арқау бол­ған сылтауларын үсті-үстіне төндіріп, дәлелдей түсті. Мен де өз тарапым­нан әрекет етіп, еліміздің қоғам­дық-саяси тұрақтылығы мен қауіп­сіздігіне жауап беретін қызмет басшыларымен сөйлесіп едім, олар да облыс әкімінің секемін растады. Осыған байланысты Президент Әкім­шілігімен ақылдасуға тура келді. Олар бар­лық жауапкершілікті өздеріне алды да, Елбасының Горбачев атын­дағы шахтаға баруын кестеден алып тастады. Нұрсұлтан Әбішұлы Қарағанды облысына баратын сапардың соңғы құжаттарымен танысу барысында аталған объектідегі шахтерлермен кездесу көрсетілмегенін бірден байқап, бізге өте маңызды ескерту жасады. Келтірген дәлелімізге қарамастан, Горбачев атындағы шахтаның ұжымымен кездесетінін нықтап тұрып айтты. ...Елбасы Қарағандыға келісімен жаңа әуежайды ашып, қаладағы бірқатар объектілермен танысқан соң, облыс әкіміне түстен кейін Гор­бачев атындағы шахтаға баратынын ескертті. Біз шахтаға келгенде акт залына кіреберісте топталған халықты көрдік. Жүздерінен қатты толқу білініп, сұстанып тұрған еді. Президент олармен байсалды түрде жайдары амандасып, облыс әкімі мен шахта басшыларының қошеметімен кездесу орнына өтті. Залға 500-дей шахтер жиналды. Олар өзара даурығып жатты. Төралқа төріне Президент, облыс әкімі, шахтаның директоры көтерілді. Қысқа кіріспе сөзден кейін сөз бірден Елбасына берілді. Нұрсұлтан Әбішұлының жарқын дауысы естілісімен-ақ, зал іші сілтідей тына қалды. Шахтерлер Президенттің елдегі жағдайлар туралы ашық айтқан әр сөзін мұқият тыңдады. Кеңес Одағы күйрегеннен кейінгі еліміз өте ауыр халді бастан кешіп отырғанын жасырмай егжей-тегжейлі айтып берді. Мемлекет қолдан келер бар­лық мүмкіндіктерді қарастырып, еліміз­дің ішкі экономикасында және сыртқы саясатындағы шиеленіскен мәселелерді шешуде тиімді іс-шаралар қабылдағанын терең тұрғыда түсіндірді. Сондай-ақ, Қарағандыдағы барлық экономикалық өндіріс кешендері мен шахтерлерді бұл қиын жағдайдан шығарудың тиімді жолын, қолданылатын іс-шаралар туралы жан-жақты баяндап, бағыт-бағдарын көрсетті. Сөйтіп, суыған көңілдерге жылу берді. Сөз аяқталғанда, сартыл­­дай соғылған шапалақтан құлақ тұнды. Президенттің дәлелді де шынайы сөзінен кейін ереуіл ұйымдас­ты­руға ниеттенген өкілге сөз кезегі беріл­генде, ол не дерін білмей, сөзін қысқа қайы­рып, мінберден тез түсіп кетті. Бұл қазір айтуға оңай, дәл сол кезде ашынып, ашуға мінген шахтерлердің ортасына бару өте қауіпті болатын. Мұны облыс әкімдігі де, арнайы қызмет өкілдері де, ол кісінің жеке қауіпсіздігіне жауаптылар да қанша айтып, айғақтап берсе де, Президент қай­мық­пай, аса батылдық танытты. «Көз көрсе, жүз ұялады», дегендей, еңбек­ші халықпен көзбе-көз, жүзбе-жүз оты­рып, қиын кезеңнің мән-жайын шынайы тұрғыдан түсіндіріп берудің арқа­сында өндірісі аса күрделі өңірдегі тұрақ­тылық сақталып қалды. Бұл Мем­лекет басшысының қандай қиын жағ­дайда да адамдармен тіл табыса алатынын айғақтап берген оқиға болды. Осы жолғы сапарымыз бізге, мен сияқты буыны енді қатып келе жатқан жас саясаткерлерге бөлек өнеге, үлкен сабақ болды. Президенттің көкейінде жүрген тағы бір өнегелі ісі – ұлт тағдыры, оны құрайтын адам өмірінің қымбат­тылығы, ұрпақ өсірудегі орасан орны еш нәрсемен өлшенбейтіндігін ерекше қадірлеуі дер едім. Мәселен, біздің халқымыз үшін 1930-жылдардың басындағы ашар­шылық, одан кейінгі жаппай қуғын-сүргін ғасырлар бойы ұмытылмайтын қасірет-қайғы – орны толмас өкі­ніш. Осы қатыгез нәубет кезінде миллион­даған қазақ аштан қырылды. Көбісі амалсыздан бас сауғалап, өзге елге ауа көшті. Кейбірі жол-жөнекей аштан, аурудан өлді, аман қалғаны бар­ған елі­нің сойылына жығылды. Арнайы орган­ның берген мәліметіне қара­сақ, қазақ­тардың саны 1926 жылы 3 968 289 болса, арада он бір жыл өткенде 2 мил­лионға дейін кеміп кеткен. Бұл жылдары, кейбір мәліметтерге сүйенсек, Қазақ­стан аумағынан 1 миллионнан астам адамның ауып кеткені белгілі. Ал шын­дығында қанша адам опат болғанын бір құдай біледі. Бұл туралы тарих «жұмған аузын ашпайды». Тек 1970 жылы ғана қазақтардың саны сол кездегі көрсеткіш деңгейіне әзер жеткен. Ел Президенті Н.Ә.Назарбаев өзінің Қазақстан халқы Ассамблея­сының ХІХ сессиясында жасаған баяндамасында: «Сол жылдардағы аштықтың зардабы болмағанда, онда бүгінгі қазақтардың саны 40-50 миллион адам деңгейінде болар еді», деп ащы шындықты бүкпесіз айтқан болатын. Осыған орай, бір оқиғаны айтқым келіп отыр. Елбасы бірде маған: «Ақан, белгілі қоғам қайраткері, Құранды қазақ тіліне аударған теолог ғалым, кезінде аштық пен нәубет жылдары шетелге өтіп кеткен Халифа Алтай елге ора­­лыпты. Біз бұл кісілерге назар ауда­­рып, жағдай жасауымыз керек. Менің ол кісімен кездесуімді ұйым­дасты­рыңдар. Хал-жағдайын, қалай орна­ласқанын біліңдер. Өз Отанында ғылыми жұмыс, қоғамдық қызметпен айна­лысуға мүмкіндік жасалған ба, соны анықтаңдар», – деп тапсырма берді. Арада бірнеше күн өткенде мен Халифа Алтайды Президенттің қабылдауына шақырдым. Қадірменді ақсақал келген кезде сыртқа шығып қарсы алдым. Менің көз алдымда аса парасатты, жинақы, көзіне мұң ұялаған қария адам тұрды. Нұрсұлтан Әбішұлы қадірлі қонақты ыстық ықы­ласымен қарсы алып, емен-жар­қын отырып ұзақ әңгімелесті. Небір келелі мәселелерді әңгімеге өзек етті. Халифа Алтайдың жағдайын біліп, қазіргі тұрмыс-тіршілігімен жан-жақты танысқаны әлі есімде. Кезде­су аяқталған соң Президент Халифа Алтайды шығарып салды да, сол арада бізге бірқатар тапсырма берді. Қалай орналасқанын арнайы барып көруді, дұрыс жағдай туғызу керек­тігін, ғылыми қызметпен айналысуы үшін қолайлы, әрі барынша мүмкіндік жасап беруді нықтап ескертті. Президентіміз ел адамдарына, оның ішінде әдебиет, мәдениет, өнер мен ғылым саласына сүбелі үлес қосып жүрген мұндай ірі тұлғаларға қамқорлық көрсетуден әсте аянып қалған емес. Мұндай мысалдар өте көп және біз Президенттің осы тәлімі зор кездесуінен әр кезде мол рухани байлық алатынбыз. Бүгінде ел астанасын Ақмолаға көшіруге бастамашы болған Прези­дентіміз екенін барша жұрт жақсы біледі. Ал тәуелсіз Қазақстан енді ғана ес жиған тұста аса көреген Елба­сының алысты болжай білетін бұл саяси шешімі еліміз үшін де, біз үшін де ойға келмеген тосын сый болды. Жоғарғы Кеңестің 1995 жылғы сессиясына каникулға шығар алдын­да жиналдық. Жоғарғы Кеңес­тің отырысына Президент Н.Ә.Назар­баев қатысты. Мәжілісте, негізінен, ағымдағы ел өміріндегі кезекті мәсе­лелер және соған қатысты проблемаларды құқықтық жағынан қамтамасыз ету жайы талқыланды. Елбасы өзінің сөзінде астананы Ақмола қаласына көшіру туралы ұсынысын айтты. Мемлекет басшысының дәлелі сонша­л­ықты нақты әрі сенімді, барлық тұр­ғыда негізді болғандықтан, Нұрсұлтан Әбішұлының ұсынысын бірауыздан қолдап, тиісті құжатты қабылдадық. Осылайша, еліміз өзінің жаңа астанасына қоныс аудару жұмысына кірі­сіп кетті. Бәріміз де бұл ұлы көш кемін­де бес-жеті жылдан кейін басталатын шы­ғар деп ойлағанбыз. Біз ойлағандай емес, арада екі жылға жетер-жетпес уақыт­та көштің алды Ақмолаға қа­рай бет түзеді. 1997 жылдың желтоқ­сан айын­да мемлекеттік органдар бірі­нен кейін бірі Ақмолаға көшіп келді. Әрине, мемлекеттің астанасын көші­ріп, қондыру оңай шаруа емес. Ең алды­мен келетін мекемеге лайықты орын, қызметкерлерге тұрақ­ты жұмыс, үй-жай, көлік құралдары мен ұйымдастыру техникалары қажет. Мұның бәрін шешу тіпті қиын. Сондық­тан қызметкерлердің штат санын қыс­қартып, ықшамдап көшіруге тура келді. Тәуелсіз мемлекетіміздің жаңа­ша тарихының әр күні мен атқары­лып жатқан іргелі істердің бәрі де Елбасымыздың айтқан ақыл-кеңесі, даналық шешімдері қазіргі және болашақ өмірімізге азық болар сара жол екені күмәнсіз. Нұрсұлтан Әбішұлының батыл шешімімен еліміздің тарихында алтын әріппен жазылған, әлі де жазылып жатқан өрелі істер өте көп. Соның бірнешеуін атап кеткенім артық болмас. Тәуелсіздігіміз әлі жариялана қой­­­­­маған тұстағы халқымызға ажал ошағы болған Семей ядролық сынақ алаңын жаптыруы және адамзат баласын қырып-жоюдың алапат қа­руы – ядролық қарудан бас тартуы, төл теңгемізді жасатып, Ұлттық қоры­мыз­ды құруы, ел шекараларының бекі­тілуі, аса стратегиялық мақсатпен ел астанасын Ақмолаға көшіруі Тұң­ғыш Президентіміз, Елбасы деген мәр­тебесімен бірге Қазақ елінің даму тари­хында алтын әріппен жазылары сөзсіз.

egemen (26)

Ақан БИЖАНОВ, Парламент Сенатының комитет төрағасы.