Осыдан тура он жыл бұрын Семей өңіріндегі ата-анасына алып-ұшып бара жатқан әнші Тоқтарды «Егемен Қазақстан» газетінің қарашаңырағында аялдатып, жас оқырмандар көңілінен шыққан әңгіме ұйымдастырған едік. Сол сұхбат «Көршінің қызына ғашық болып көрмеппін» деп аталатын. Ол кезде талай аруды өзіне өнерімен тәнті еткен Тоқтар орда бұзар отыз жасқа ілігіп жатқан сүр бойдақ болса, енді міне, ес тоқтатқан жігіт ағасына да айналыпты. Зымыраған өмір...
Тоқтар Серік салған әндердің жүрекке жылы тиетінін кім жоққа шығарсын. Өнер деген әлемге өз сүрлеуімен келген ол сөзі де, сазы да сұлу әндерімен жұртты аз жыл ішінде баурап алған-ды. Адамның ішкі әлемінің айнасы – оның аузынан шыққан лебізі екені ақиқат. Сөйтсек, әншінің өзі ешқашан көршінің қызына ғашық болып көрмепті.
«Шопандарда көрші болмайды дейсің ғой?», дейміз біз Тоқтарға.
– Шопандарда көрші болады, бірақ жайылымдары алыс қой, дейді ол. Жақындаса қойлары қосылып кетеді. Бірақ «Көршінің қызын» алғаш айтқанда ауыл ішіне бір сөз тарапты. Шынында да әп-әдемі қызы бар, ауылдан көшіп кеткен көршіміз бар еді. Ал шындығында ол Бекжан Әшірбаевтың әні.
Бекжан ол әнді біраз әншілерге ұсынғанда алмаған екен. Содан маған келді. Басында мен де бұл әнді айта қояйын деп құлшынған жоқпын. Бекжанның көңілі үшін айтқан едім. Шынымды айтсам, осы ән жұртқа дәл осылай ұнайды деп ойламап едім. Бірақ, қызықты осы «Көршінің қызынан» көрдім ғой.
Ал ән тарихы туралы ақын-композитор, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Бекжан Әшірбаев былай дейді: «Көршінің қызы» әні 1999 жылы жарыққа шықты. Мені композитор ретінде халыққа танытқан алғашқы туындым. 1994 жылы Қазақстан Жазушылар одағында 25 жасқа дейінгі жас ақындар арасында мүшәйра өтіп, осы өлеңім жүлделі орын иеленген болатын. Кейін барып, қателеспесем, 1995 жылы ән өмірге келді. Мен ол кезде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың студентімін. 5-ші жатақхананың 302-бөлмесінде Әмірхан Балқыбек, Сәндібек Жұбаниязов үшеуміз тұратынбыз. Жарықтық, Әмірхан ағам Владимир Высоцкийдің, Виктор Цойдың, Игорь Тальковтың және өзіміздің Табылды Досымовтың көп әндерін жатқа білетін, өзіне тән қоңыр даусымен орындап та беретін. «Бекжан, өлең жазғанда іштей бір мақамға салып ал, сонда гармониясы бұзылмай, тұтас дүние шығады», – деп ақылын айтатын.
Бір күні сол Әбекеңе ән шығарғанымды айттым. Тыңдап көрді де: «Жүректі тербейтін ерекше иірімі бар екен. Жүр, 17-ші жатақханадағы Тұрарға барайық, әлгі қызылордалық, баянда жақсы ойнайды, соған әніңді тартқызып көрейік», – деді. Жылт еткен жақсылыққа, рухани жаңалыққа балаша қуанып, қолдап, демеп отыратын ақмарқа азамат еді ғой, шіркін! Тұрекеңнің аспабына түскенде ән тоты құстай түрленіп шыға келді. Содан өзіміздің студенттік ортада орындалып жүрді.
Бір күні өнерін, адами болмысын қадір тұтатын ағам, композитор, сырлы лиризмге толы тамаша әндердің авторы Қалдыбек Құрманәлі үйге іздеп келді. Шымкентте бір досының туған күн кешінде «Көршінің қызын» тыңдапты. «Әніңді кәсіби өңдеуге беріп, танымал әншіге орындатсақ хитқа айналғалы тұр», деп желпіндіріп тастады.
Содан алып-ұшып Ұлықпан Жолдасовтың студиясына бардық. Ол ағам әнді ұнатты да, компьютерге жазып алып қалды. Дәл қазір тапсырыстары көп екенін, аранжировка бір айдың көлемінде бітетінін айтты. Бірақ, қызығы сол, Ұлқаң ертесіне таңертең қоңырау шалып тұр. «Кешегі ән мені өзіне бірден иіріп әкетті, әрлеуін аяқтап қойдым, дайын тұр, келіп тыңдап кет», деді. Ән мен әрлеу тамаша үйлесім тауып, таңдаған «көйлегі» өзіне жарасып кетіпті.
Алғашында әнді Саят Медеуовке ұсынсам ба деген ой болған. Бірде ол «Көршінің қызын» ақын досым Жанарбек Әшімжанның орындауында тыңдап, ерекше ұнатқаны бар еді. Әйтсе де, сол мезетте Саят бауырымның қым-қуыт шаруалары көбейіп кетті де, мен әнді тезірек жарыққа шығарғым келді, сөйтіп, таңдау Тоқтар Серікке түсті. Қателеспеген екенмін, әннің хит болып, бүкіл елге кеңінен таралуында Тоқтар замандасымның үлесі ерекше. Ол әннің, ән оның бағын ашты.
Жүректі баураған хит әннің хикаясы осындай.
Бекжан Әшірбаев ақын-композитор ғана емес, біздің әріптесіміз де – Жазушылар одағының мүшесі, ақпарат саласының үздігі, республикалық «Заң газетінің» бас редакторы.
Жақында ғана «Қазақстан» ұлттық телеарнасынан Бекжан Әшірбаевтың шығармашылық кеші берілді.
Бекжан «Мұңайма, қалқам» (орындаушы Саят Медеуов), «Сені ойлап» (Заттыбек Көпбосынұлы), «Нәзігім» (Ақылбек Жеменей), «Сен жүрген көшелер» (Жанболат пен Жазира), «Жайна, Қазақстан!» (Әділ Сламхан), «Жаным, жаным!..» (Нұр-Мұқасан дуэті), «Жауһарым» (Мақсат Базарбаев), «Сырдария ағысы» (Сырым Исабаев), «Мақтааралым – мақпал әнім» (Роза Әлқожа), «Жалғыз алма» (Жандос Абдраимов) сияқты қырықтан астам әннің авторы.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан».
АЛМАТЫ.