07 Наурыз, 2015

Несие өсіп, көші-қон көбейді

359 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Қарыздың көкесі Португалияда

Экономикалық тұрақсыздық титықтатқан Еуропалық Одақ (ЕО) елдері бүгінде бар келеңсіздік кінәсін Грекияға артып, бұл мемлекетте жағдай оңалатын болса, бүкіл кәрі құрлықта «жұмақ» орнай қалатындай көреді. Сөйтіп, ЕО-ның барлық назары Афинаға ауып, мамандардың ақыл-кеңесі де, дағдарыстан құтқаратын несие қаржы да осы елге құйылуда. Өкінішке орай, ЕО-ның экономикасын кері тартқан ел бір ғана Грекия емес. Португалияның экономикасын тұралатқан келеңсіздік Грекиядан да артық болмаса, кем болмай отыр. Португалияның мемлекеттік қа­рызы ІЖӨ көлемінің 124 пайызын құрайды. Иә, мемлекеттік қарыз Грекияның мемлекеттік қарызынан аз. Алайда, Португалия үкіметінің жиынтық қарызы бүгінде ІЖӨ-нің 381 пайызын құрап отыр. Бұл көрсеткіш Грекияда ІЖӨ-нің 286 пайызына тең. Яғни Португалияның жиынтық қарызы Грекияның жалпы қарызынан әлдеқайда асып жығылады. Грекияны алаңдатып отырған мемлекеттік қарыз көлемі болса, Португалия экономикасының барлық саласы бірдей қарызға белшеден батқан. Мәселен, тек 2008 жыл мен 2013 жылдар арасында ғана бұл елдің жиынтық қарызы 69 пайызға өсіп кетті. Қарыз салмағы экономика өсімі­нен жылдам өспеу үшін тек қана мемлекеттік  саланың өзі фискальдық көрсеткіштерін ІЖӨ-нің 3,6 пайызына дейін жақсартуы керек. Португалия экономикасының қазіргі жағдайында, жекеменшік сектордағы қарыз проб­лемасы шиеленісіп тұрғанда, бұл міндетті шешу тіпті де мүмкін емес. Міне, экономиканы құрсаулаған осындай келеңсіздік жағдайында неміс Бундестагы Португалия үкіметінің Ха­лық­аралық валюта қорының (ХВҚ) қарызын мерзімінен бұрын жабу жөніндегі ұсынысына жан-жақты қолдау көрсеткені еріксіз таңқалдырады. Оның сыры неде? Бұл жердегі басты себеп, немістер тарапынан Португалиядағы «қатал үнем» шараларының жемісті жұмысын көрсету болса керек. Сон­дықтан, олар Португалия үкіметіне дәл осы тұрғыдан барынша көмек көрсете отырып, «қатаң үнем» саясатының нәтижелі болатындығына Грекия үкіме­тінің көзін жеткізбек. Бұл қадам Португалия үшін де тиімді. Себебі, олар ХВҚ-ның өздері үшін өте қымбат несиесін ашық рыноктағы әлдеқайда арзан несиемен қайта қаржыландыру мүмкіндігін алды. Дегенмен,  бұл мардымсыз тиімділік Португалия экономикасының оңалып кетуіне кепілдік бере алмайды. Тіпті, осы әдіспен ел экономикасы 2013 жылдағыдай, ағымдағы операциялардың есеп-шотындағы профицитті 0,9 пайыз деңгейінде ұстап тұрған күннің өзінде, Португалияның қарыздан толық құтылуы үшін 128 жыл керек болар еді. Елдің экономикалық дамуына қолбайлау болып отырған мәселелер бұл елде жетерлік. Еуроаймақ елдері бойынша Португалияда демографиялық өсім өте төмен. Бұл елде соңғы жылдары бала туу деңгейі ең қауіпті шекке дейін құлдырап кетті. Оның үстіне жұмыссыздық салдарынан жастардың шетелдерге жаппай қоныс аударуы жылдан-жылға  артып отыр. Португалия жастарының жартысына жуығы жұмыссыз. Міне, осындай күрделі жағдайда экономиканы көтеретін еңбекке қабілетті халық саны күрт кеміп барады. Еңбек биржаларында үмітсіз кезекте тұрған жастарды жұмыспен қамту мақсатында Португалия үкіметі шұғыл кешенді шараларды жүзеге асыра алмайтын болса, несие-қаржылық жағдай түзелген кездің өзінде де бұл елдің экономикасының гүлденіп кетуі екіталай.

Мигранттар тасқыны

Ұлыбританияның премьер-министрі Дэвид Кэмерон Еуропалық одақтан келетін мигранттар тасқынын азайтуға бірнеше рет уәде берген еді. Алайда, Англиядан жайлы тұрмыс іздеген мигранттар санын азайтуға Д.Кэмерон дәрменсіз болып шықты. Соңғы кезде Еуропалық одақтан ағылған мигранттар саны азаюдың орнына еселеп арта түсті. Елдің ұлттық статистика қызметінің мәліметі бойынша, өткен жылы Англияға Шығыс Еуропадан келетін мигранттар саны 23 пайызға өсіп, 900 мың адамды құраған. Британ үкіметі 2015 жылы елге келетін мигранттар санын жылына 100 мың адамға дейін азайтамыз деген уәделерінен шыға алмады. Бұл елге Шығыс Еуропадан келетін мигранттар саны ғана өскен жоқ, сонымен бірге, Батыс Еуропадан қоныс аударушылар саны да 10 пайызға артты. «Британ үкіметі елге келетін мигранттар санын азайту мақсатында қолдан келгеннің бәрін жасауда. Алайда, Еуропалық одақтан келетін көші-қон тасқынына тосқауыл қоятын ешбір тиімді шара қолдана алмай отыр», дейді politics.co.uk порталының редакторы Иэн Дант. Сарапшылардың айтуынша, Ұлыбританияға келетін мигранттар санының артуына, ең бірінші, бұл елдегі еңбек нарығындағы қара жұмысшыларға деген сұраныс, екіншіден, мемлекет тарапынан көрсетілетін тегін әлеуметтік жеңілдіктердің көптігі себеп болып отыр. Англияда барлық дәрежедегі медициналық қызмет тегін. «Егер ЕО-дан келетін мигранттар саны азаятын болса, бұл елде аз жалақы төленетін жұмысты атқаратын адам болмай қалуы мүмкін. Жұмыс күшінің тапшылығынан жұмыс берушілер жалақыны еріксіз көтеруге мәжбүр болады», дейді сараптау ұйымының директоры Дэвид Гудхарт. Елге келетін мигранттар санын қайткен күнде де азайтуды көксеген премьер-министр Дэвид Кэмерон қолданыстағы көші-қон саясатын өзгерту жөнінде жаңа жоспар ұсынып отыр. Бұл жоспар бойынша, мигранттар үшін елдегі әлеуметтік жеңілдіктерді шектеп, олар үшін ақылы медицина қызметін қолданысқа енгізбек. Дегенмен, Ұлыбритания үшін де Еуропалық одақ шеңберінде жүріп-тұру үдерістерінің еркіндігіне байланысты таяу болашақта мигранттар тасқынына тосқауыл қою қиын болмақ.

Алпауыттар қатары 181 адамға артты

«Біреуге мал қайғы, біреуге жан қайғы» дегендей, жаһандық экономика дағдарыстан бас көтере алмай жар басына жақындаса да, әлемдегі қалталы алпауыттардың қылшығы қисаяр емес. «Өлімді жерде молда семірердің» кері келіп, жалпы дағдарыс жағдайында олардың байлығы да еселене түскендей. Америкалық Forbes журналының дерегі бойынша, әлемдегі миллиардерлердің қарызы бір жыл ішінде, яғни 2014 жылғы 6,4 триллион доллардан 2015 жылы 7,05 триллион долларға дейін өскен көрінеді. Наурыз айының басында атақты Forbes журналы өзінің 2015 жылға арналған дәстүрлі рейтингін жариялады. Журналдың дерегі бойынша, әлемдегі миллиардерлердің саны биыл 1876 адамды құрап, өткен жылғы көрсеткіштен 181 алпауытқа артқан екен. Жаһандық алпауыттар тізімін былтырғыдай тағы да Билл Гейтс бас­тап отыр. Оның байлығы өткен жылғы деңгейден 3,2 миллиард АҚШ  долларына өсіп, 79,2 миллиард долларға жетіпті. Екінші орынға America Movil операторының тағы бір иесі, мексикалық Карлос Слим шықты. Оның дәулеті 76,4 миллиард долларды құрады. Forbes журналы келтірген дәстүрлі тізімде бір жыл ішінде бас айнал­дыратын байлыққа жеткен Уоррен Баффет болды. Ол өзінің Berkshire Hathaway инвестициялық компаниясы баға­сының еселеп артуы нәтижесінде өзінің байлығын 14,5 миллиард доллардан 72,7 миллиард долларға дейін өсірген. Forbes журналының биылғы тізімінде әлемдегі миллиардерлер қатары 290 адамға толығыпты, оның ішінде Қытайдан жаңа 71 миллиардер шыққан екен. Миллиардерлер қатарындағы ең жасы Snapchat фото-мессенджерінің иесі 24 жасар Эван Шпигель болып отыр. Миллиардерлер қатары көп ел әдеттегідей, АҚШ болса, бір ғана Калифорния  штатынан 131 миллиардер журнал тізіміне кіріпті. Сонымен бірге, журнал тізімінен Ресей бойынша 88 миллиардер орын алыпты. Бұл елдегі бірінші алпауыт, байлығы 14,8 миллиард долларға жеткен «Интеррос» тобының иесі Владимир Потанин болса, екінші орынды байлығы 14,7 миллиард долларды құраған «Альфа-групп» компаниясының басшысы Михаил Фридман, үшінші орынды байлығы 14,5 миллиард долларға жеткен Алишер Усманов иеленді. Дайындаған Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан».