02 Сәуір, 2015

Елбасы үшін ең бастысы – халқының болашағы

338 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Кеше Қазақстан Республикасы президенттігіне кандидат Нұрсұлтан Назарбаевтың Республикалық қоғамдық штабы (РҚШ) мүшелері Семей қаласында Ұлы Отан соғысының және еңбек ардагерлерімен, әскерилермен, сондай-ақ, цемент зауыты жұмысшыларымен және кәсіпкерлермен кездесті. _MG_6251-1Делегация құрамында Республикалық қоғамдық штаб басшысы Мұхтар Құл-Мұхаммед, «Нұр Отан» партиясы Төра­ғасының бірінші орынбасары Бау­ыр­жан Байбек, Патриоттар партиясының төрағасы Ғани Қасымов, «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы Азат Перуашев, «Бірлік» партиясының төрағасы Серік Сұлтанғали, Қазақстан Мүгедектер конфедерациясының президенті Жанат Омарбекова, Парламент Мәжілісінің депутаттары Бақытжан Ертаев, Төлеген Ибраев, Нұртай Сабильянов, Қазақстан Күрес федерациясының құрметті президенті Дәулет Тұрлыханов, т.б. болды. Абай атындағы кітапханада өткен кездесу кезінде Семей халқының Нұрсұлтан Назарбаевқа деген көңілі ерекше екені атап көрсетілді. Өйткені, Семей полигонындағы ядролық сынақтарға тоқтау салған Елбасының өзі болатын. «Нұрсұлтан Әбішұлы ядролық полигонды жауып, бүкіл әлемге өзі үшін ең басты нәрсе туған халқының өмірі, денсаулығы және болашағы екенін айқын көрсетті. Осы ұлы іс-әрекеті үшін семейліктер президенттік сайлауда Жер-жаһанда антиядролық қозғалыстың көшбасшысы деп танылған Елбасын шын жүректерімен қолдайтынына сенімдімін», – деді М.Құл-Мұхаммед. Кездесу кезінде Б.Байбек «Нұрлы Жол» Жаңа Экономикалық Саясаты бизнеске жаһандық экономикалық тұрақсыздыққа қарсы тұруға мүмкіндік берсе, бес институциялық реформа орта таптың әрі қарай жедел қалыптасуына жағдай туғызатынын атап көрсетті. Семей активінің алдында, сондай-ақ, Ғ.Қасымов сөз сөйлеп, Нұрсұлтан Назарбаевты Отаны­мыздың басты патриоты деп атады. «Сондықтан республиканың барлық патриоттары Елбасы үшін дауыс беретін болады», – деп мәлімдеді Ғ.Қасымов. «Ақ жол» партиясының төрағасы кездесу кезінде Нұрсұлтан Назарбаевтың дана да көреген саясатының арқасында Қазақстанда шағын және орта бизнес табысты дамып келе жатқанын атап өтті. «Қазақстанда кәсіпкерлер үшін барлық жағдай жасалған», – деді А.Перуашев. С.Сұлтанғали Нұрсұлтан Назарбаевты Қазақстанды әлемдік деңгейдегі жетекші елдердің біріне айналдырған көрнекті мемлекет қайраткері деп атай келе, семейліктердің Елбасы жүргізіп келе жатқан қазіргі жасампаздық саясатты қолдайтынына сенім білдірді. Семей халқы туған өлкелерін ырғақты дамып келе жатқан өңірге айналдырғаны үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа шын көңілден шыққан ризашылықтарын білдірді. Қазіргі таңда Семей өңірінде тұрақты түрде жаңа жұмыс орындары құрылып, жетекші кәсіпорындар, заманауи тұрғын үй кешендері мен сапалы жолдар салыну үстінде. Атап айтқанда, тек 2014 жылы ғана өнеркәсіп тауарлары өндірісінің көлемі 8 пайызға жуық өсіп, Президенттің үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы шеңберінде бірден он жоба жүзеге асырылса, осының нәтижесінде 600 жұмыс орындары құрылған. Тұтастай алғанда, өткен жылы Семейде барлығы 6500 адам жұмыспен қамтамасыз етілді. Кездесу кезінде кәсіпкерлер Мемлекет басшысы тарапынан көрсетіліп келе жатқан тұрақты қолдаудың арқасында өңірде машина жасау саласы қанатын кеңге жая түскенін атап өтті. Бір жыл бедерінде тракторлар, автобустар мен автомобильдер өндірісінің көлемі екі есеге жуық өскен. Оның үстіне, ауыл шаруашылығын да кенжелеп қалған сала деп айтуға келмейді. Бұл салада өсімнің 12 пайыздан астамға артқаны байқалып отыр. Жергілікті бизнесмендер Респуб­лика­лық қоғамдық штаб мүшелеріне Прези­денттің «Нұрлы Жол» бағдарла­масының ауқымдылығына көңілдері тола­тындықтарын айтты. Осы Жолдау­дың нәтижесінде алдағы кезеңде бүкіл елі­міздің жол және әлеуметтік инфрақұры­лымы сапалы жаңғыртылатын болады. Семей халқы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстанды қуатты, тәуелсіз және өсіп-өркендеген мемлекетке айналдырғанын атап көрсетті. Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан». СЕМЕЙ.