Бүгінде Бауыржан Момышұлының өмір жолын бірқатар қабырғалы қазақ қаламгерлері зерттеп жүргені белгілі. Иә, Баукеңдей өр мінезді адамның әңгімесін тыңдап, дидарласқан жан өзінше ой қорытындылап, көкейге түйген пайымын қағазға түсіруге құқы бар. Өз заманының ту ұстаушысы болған ағамыздың өмір жолы арқылы тұтас бір дәуірдің тамыр соғысын тап басып тануға болады. Әрине, ол үшін оның өмірін жете зерттей түсу керек. Біз әлі Бауыржан Момышұлының тұлғалық болмысын танып болған жоқпыз. Осы олқылықтың орнын біз әңгімемізге арқау еткелі отырған Жүніс Ыбыраевтың «Майдан жыры мен сыры» зерттеуі толықтыра түсті. Жүніс Ыбыраевтың бұл еңбегі 1993 жылы 5000 данамен шағын кітапша түрінде басылып шығыпты. Яғни, еліміз тәуелсіздікке ие болған алғашқы жылдары оқырман қауымның қолына тиген құнды туынды. Егер бұл зерттеу бұдан ертеректе баспаға барса, цензураға тап болар ма еді? Кім білсін? 90-жылдардағы өтпелі кезеңінің қарсаңында шыққан кітап республика көлеміне толықтай таралды деп те айта алмаймыз. Сондықтан қаламгер ағамыздың бұл туындысы әлі де болса оқырмандарымен толықтай қауышып үлгермеген еңбек деп есептейміз. Жүніс Ыбыраев ең алғаш «Арпалыс» повесімен 1947 жылы танысқанын жазады. Жан-жүрегі сәулеге толы қаламгер бұл шығарманың өмірге келуіне Бауыржан Момышұлының қаншалықты ықпал-әсері болғанын білуге тырысып бағыпты. Ол туындымен танысқан кезде әскер қатарында Отан алдындағы борышын өтеп жүрген еді. Кейіннен студент атанып, туған ауылынан оқуға пароходпен Ертісті бойлап қайтып бара жатқанда ақын Есет Әукебаевты кездестіреді. Жас жігіт сөз қадірін білетін азаматты жолықтырған бетте «Арпалыс» жайында көкейге тұнған сұрақтарының шетін шығарып, қоя бастайды. Оның жөні де, реті де бар еді. Өйткені, ол кезде Есет Әукебаев әскери қызметтегі адам болатын. Зейінді жас жігіттің көкейге қонымды сұрағын мұқият тыңдаған ақын аға әдеби зерттеу мәселесімен тікелей айналыспағанын ескертіп, Александр Бек жазушы ретінде Бауыржан Момышұлының күнделіктерін, ауызша айтқан әңгімелерін көркемдеп, бейнелеп кітап етіп шығарған болуы мүмкін деген өз топшылауын айтады. Осылайша, Есағаң зейінді жастың көкейіндегі шоқты үрлеп, қызығушылығын арттыра түскенін байқаймыз. Иә, сол кезде бұл кітап дүниежүзіне кең тараған көркем дүниелердің бірі еді. Сөз етіп отырған шығарма соғыстан кейінгі аз ғана уақыттың ішінде чех, грек, француз, неміс, поляк, венгр, фин, румын, корей, ағылшын тілдеріне аударылып, дүниежүзіндегі кітапқұмарлардың сүйіп оқитын туындысына айналған-тын. Шығарманы соғыс барысын баяндайтын жай ғана көркем туынды деп қарастыра алмаймыз. Повесть әскерилер үшін заманауи майдан тактикасын дәріптеген оқу-әдістемелік құрал болғанын айта кетуіміз керек. Қалай десек те, Александр Бек соғыс тәсілін Баукеңдей жетік білмегені анық. Әскерилердің зор қызығушылығын туғызған мұндай туындыны майдан өмірін жетік білетін стратег қолбасшының қатысуынсыз жазу мүмкін емес. Оған талантты жазушы қосылып, біртуар еңбек дүниеге келген. Сондықтан бұл туындыны кезінде азуын айға білеген Британия мен Америка әскери бас штабтары әскери оқу орындарында әдістемелік оқу құралы ретінде кеңінен пайдаланғанын тарихтан білеміз. Сондай-ақ, Қытай мен Кореяда жоғары шенді мемлекеттік қызметкерлер мен әскерилерге оқу құралы ретінде ұсынылған. Кеңес Одағында бұл кітаптың орыс тіліндегі нұсқасы 8 рет басылып шыққанынан, көпшілік қауым үшін сөз етіп отырған туындының мәні мен мазмұны қаншалықты маңызды болғанын байқау қиын емес. Жас қаламгер Жүніс Ыбыраевтың көкейіндегі сұрақ келесі бір сұрақты оята берген. Ол сансыз сауалдарға нақты жауапты Баукеңнен еститінін білді. Бірақ сұсты, айбарлы батырға салып ұрып баруға асыққан жоқ. Ойын жинақтап, зерттеуін мейлінше жүйелеп алуды ойлады. Жүніс Ыбыраев терең ойдың құшағында жүріп, қаламдас ағасы Әзілхан Нұршайықовқа Баукеңмен кездестіруге қолқа салып, өтініш айтады. Ол кезде Әзекеңнің «Махаббат, қызық мол жылдар» романы жарыққа шығып, аты дүркіреп тұрған болатын. Қос майдангер ұдайы пікірлесіп, бір-бірімен жиі араласып дос-жар адам болған соң, Әзілхан аға інісінің сөзін жықпай, Баукеңе өтінішін жеткізеді. Батыр аға да «Социалистік Қазақстан» газеті қызметкерінің бетін қақпай, өзімен жолығып тілдесу турасындағы жас жазушының ұсынысын қабыл алғанын байқаймыз. Осылайша, Жүніс Ыбыраев жылдар бойы мазалаған сұрақтарды қойын дәптеріне түсіріп, Баукеңнің тікелей өзіне қою мүмкіндігіне ие болды. Барша халық құрметтейтін батырдың алдында сөзді жүйелеп, әскери бұйрықтар сияқты анық, дәл жеткізуің керек. Дегенмен, Баукең қанша айбарлы болса да, жастарға келгенде жаймашуақ еді. «Арпалыс» жайында түрлі жайттарды білуге ұмтылған қаламгердің ықыласы Баукеңнің де таңданысын туғызғаны жасырын емес. Оған «Майдан жыры мен сырын» парақтап оқығанымызда көзіміз жете түсті. Осылайша, Жүкеңнің батыр ағасына қойған алғашқы сұрағы әскери нақтылықтан бір елі де айнымады. – Александр Бектің өзі кітаптың алғысөзінде «мен ұқыпты жазып алушы болдым» дегеніне сіздің әңгімеңізді бергенге ұқсайды? – деп алғашқы сұрағын қояды. Өз кезегінде Баукеңнің жауабы да қысқа әрі нұсқа болған: – Әңгімелеп бергенім де, күнделіктерді оқытқаным да, Бектің жазып алғаны да рас, – дейді. Осыдан кейін-ақ сырға толы сұрақтардың қабы ақтарыла жөнеледі. Баукең көпшіліктің көңілін күпті қылған сауалдарға шын пейілімен жауап береді. Қазақтың өршіл рухты батыры өзінің майдан даласында көз майын тауысып жазған күнделіктерін Александр Бектің пайдалануына беріп, тартымды шығарманың өмірге келуіне әуел бастан мүдделі болғанын ашып айтқан. Бірақ тумысынан алғыр, алысты күні бұрын ойлайтын Баукең орыс жазушысына жазбаша түрде талаптарын қойып, ойы ұшқыр қаламгердің әсіре қиялдың жетегінде кетіп қалмауын күні бұрын ойластырғанын байқаймыз. Батыр бұл жайындағы ойын Жүніс Ыбыраевқа былай жеткізеді. – Алғаш рет қоршаудан шыққанымыз маған қатты әсер етті. Қандай арпалыс болып жатса да күнделік жүргізу керек деп өзіме қатал талап қойдым. Ұрыс тынышталған, түн қараңғысында жазатынмын. Күнделікке әр күн сайын батальонның бастан кешірген жайттарын тіркедім. Сөз байлығым жетпеген сәттерде майдан шептерінің картасын сызып, бейнелеуші едім. Осылайша, қалың қайыс дәптердің екеуін тауысып, батальонымыздың 35 рет ұрысты қалай жүргізгенін бүге-шігесіне дейін қалдырмай тәптіштеп жаздым. Александр Бекпен бірге осы кітапты әзірлеу кезінде әлгі жазбаларымның сызбалар мен суреттерімнің мән-мазмұнын ашып кең, түсінік бергенімді айтуға тиіспін. Соғыстың ескірген әдістерінің жаңарту себептерін айтып, әскери білімнің қағидаларына қанықтырдым. Келісіп отырып, ұрыстың ең мәнді кездерін іріктедік. Қорыттық, көркемдік сипат бердік. Турасын айтсақ, «Волоколамск тас жолы» кітабы біздің соғыс тәжірибеміздің, әскери біліміміздің, жазушы Александр Бек шеберлігінің нәтижесі ретінде қабылдаған жөн, – деп Баукең кітапты қалай бастағандарын әңгімелеп береді. Сөйтіп, 1943 жылы «Знамя» журналының №5-6 сандарында кітаптың бірінші әңгімесі «Панфиловшылар алғы шепте» деген атпен жарық көреді. Журналға шыққан құнды дүниені жұртшылық жата-жастана оқыған. Редакцияға жүздеген хаттар келіп түседі. Жазушылар одағы бір кезде солдаттыққа жөнелткен Александр Бек осылайша броньға ілігеді. Ол ұрымтал сәтті пайдалану үшін шығарманың негізгі жүйесін әңгімелеуші Бауыржан Момышұлының келісімінсіз екінші әңгімесін жазып, «Знамя» журналына ұсынады. Осылай Александр Бек алғаш рет Бауыржан Момышұлына берген уәдесін бұзады. Бірақ «Знамя» журналының бас редакторының бірінші орынбасары, профессор Екатерина Михайлова қолжазбамен мұқият танысып шығып, жазба сүреңсіз, бірінші бөлімнің сәтсіз қайталануы деп Александр Бекке қолжазбаны кері қайтарып береді. Осыдан кейін Екатерина Михайлова Баукеңе шығарманың екінші бөлімі солғын жазылғанын айтып, қолжазбаны ширату үшін Александр Бекке көмек көрсету турасында өтініш хат жазғанын Баукең Жүніс Ыбыраевқа әңгімелеп береді. Осылайша, Бауыржан Момышұлы мен А.Бектің арасында алғаш рет ыңғайсыз жағдай орын алады. Бұл кітаптың қандай жағдай болса да жазылуына ықыласты болған Баукең Александр Бектің аңғалдығына кешіріммен қарап, түсіністік танытқан. Дәл осы сәтте Баукең «Арпалыстың» жазылуына қатты қызыққан Жүкеңе сырын ашып, былай дейді: – Осы кезге дейін түп-тамырын қопарып айтпай жүрген бір сырды ашайын. 1942 жылы наурыз айында Александр Бек екеуміз ауызша келісім жасадық. Сол шартта болашақ повесте панфиловшылардың өз есімдері сақталып, шын болған ұрыс оқиғалары жазылады деп келістік. Бұл шарт 1944 жылы 18 желтоқсанда қағаз жүзінде бекітіліп, Александр Бек екеуміздің қолымыз қойылған болатын, – деп Баукең көптен бері ішінде сақтап келген сырын жария етеді. – Мен жазбаша және ауызша дайындаушы міндетін өз мойныма алдым, – дейді Баукең журналист Жүніс Ыбыраевқа. – Бастан кешкенді Александр Бекпен бірлесіп, ойды қорыту игілікті мақсатын көздедім. Оның ой тереңінде суарылған салмақты шығарма тудыруына көмектеспек болдым. Мұны өз парызына адал жүз мыңдаған солдаттың іс-әрекеті және қанның көл болып төгілгені жайында ұрпақ үшін атқарамын деп білдім. Осылайша, құрбан болған және қасірет шеккен адал солдаттарымның алдындағы парызымды өтемекке бел будым. Батыр аға Александр Бектің екінші қолжазбасына қатысты өзінің келіспейтін тұстарын ашық айтып, «Знамя» журналы бас редакторының бірінші орынбасары Екатерина Михайловаға хат жолдайды. Батыр аға өз хатында: «Саяси жұмыстың мәні адам жанын тебіренте білуде, биік арман-мақсаттарды оятуда. Сондықтан командир жауынгерлік сөздермен қарулануы керек. Одан тәтті қиял лирикасымен көгере кепкен нан дәмі татымасын. Ол шындығымен жан үйірерлік қарапайымдылығымен солдатты баурап алуы шарт», – деп өзінің байламын алға тартады. «Арпалыс» жайындағы ақиқатқа жетуді мақсат тұтқан Жүніс Ыбыраевтың мына ой-пайымынан біраз жайтты аңғарамыз: – Өз ойы повесте бұрмаланып бара жатқанына Бауыржан аға қатты қапаланады. Александр Бек повестің екінші қолжазбасында бас кейіпкері Бауыржан Момышұлын былай сөйлетеді: «Мен қара қазақпын. Оны бұрын кір-қожалақ деп атайтын». Баукең автордың мұндай оғаш сөзіне заңды реніш білдіріп: «Бұған не дерсің, шіркін, сіз өзіңіз-ақ түсініп отырсыз ғой. Александр Бек осылай жазады. Бұл автордың сыпайылықтан аулақ қандай дөрекілігі десеңізші. Бұл оған абырой әпермес және ол үшін оқырмандар алдында арланамын»... – дейді. Сұрапыл соғыс арпалыс арасында, шайқастың бел ортасында, сағат сайын қауіп төніп тұратын сол бір кезеңдерде де болашақ кітапқа Баукеңнің осыншалық көңіл бөлуі, оның отандастары алдындағы парызына асқан жауапкершілікпен қарағанын айғақтаса керек. Баукең Александр Бектің оғаш айтылған сөздерін толықтай сүзгіден өткізіп, қазақ халқының абырой-беделіне иненің жасауындай кір келтіретін сөздерді сылып тастаған. Бұған «Арпалыс» повесін тағы бір оқып шыққан кез келген адам көз жеткізе алады. Осылайша, Баукеңнің табандылығының арқасында тағылымды көркем дүние, әскерилерге әдістемелік оқу-құралы болған құнды кітап дүниеге келеді. Александр Бек те Баукеңнің орынды ұсыныстарын құп алып, өзінің ағаттық жасағанын түсінген. Бірақ кейіпкерге авторды қарсы қоюға құмар жандар табылғаны жасырын емес. Сол жылдары «Знамя» журналында қызмет еткен жазушы Анатолий Тарасенков 1944 жылдың 10 желтоқсанында Александр Бекке үлкен шығармаға қатысты ойын жазып, хат жолдапты. Онда А.Тарасенков: «Біздің советтік жағдайда тірі адамның әдеби кейіпкер болуы мүмкін емес. Сондықтан редакция өз повесіңіздегі Бауыржан Момышұлы деген фамилияны сызып тастауды ұсынады. Олай етілмесе кітаптың жалғасын біздің журналда жариялауға болмайды», – дейді. Жазушы өзіне келген хатты Баукеңе көрсетеді. Осы бір жайсыз жағдай туралы Баукең інісі Жүніс Ыбыраевқа былайша сыр ақтарған: – Мен адресін, кімге жазылғанын сызып тастадым да үстіне «Бауыржан Момышұлына» деп жазып қойдым. Содан кейін Александр Бекке: «Мына хат сізге емес, маған жазылған. Сіз айтып отырып жазғызғансыз» дедім де майдан даласына аттанып кете бардым, – дейді Баукең. Шамасы олар Баукең осы бір болмашы уәжге сеніп, өзінің атын көрсетпеуге көне салады деп ойлаған болса керек. Қазақ батыры майдан даласына аттанып кеткеннен кейін Александр Бек академик Виноградовтан ақыл сұрайды. Сол кезде ол: «Бауыржан Момышұлынсыз «Волоколамск тас жолы» жоқ. Оны Ивановпен, тіпті, Борис Момышевпен ауыстырсаңыз қатты ұтыласыз», – деп кесіп айтқан екен. Осылайша, үлкен талас-тартыспен повестің екінші әңгімесі 1944 жылы жазылып, «Знамя» журналында жарияланады. Әділін айтып, тура сөйлеуге дағдыланған Баукең өзінің сын-ескертпелерін толықтай шығармаға енгізеді. Бауыржан Момышұлы мен Жүніс Ыбыраевтың арасында болған әңгімеде хас батыр А.Бекке қатысты ешқандай өкпе-реніші болмағанын айтады. Осыдан-ақ Баукеңнің қандай кең адам болғанын байқаймыз. Жүніс Ыбыраевтың «Майдан жыры мен сыры» әдеби зерттеуі «Арпалыс» повесінің анық, шынайы дәл жазылуына Бауыржан Момышұлының айрықша еңбек сіңіргенін жан-жақты көрсеткен. Тек қана шынайылықтың көрініс табуын мақсат тұтқан Баукең бұл жолда бір қадамда кері шегінбейді. Осы ретте шындық пен шынайылық жайында Жүніс Ыбыраев та тамаша ой қорытындылайды. «Соғыс жылдары фототілшілер қалтасына Мәскеуден өзімен бірге ала шыққан жаңа пилотканы салып жүреді екен. Жауынгерді суретке түсірер алдында оның күнге әбден оңған пилоткасын жаңаға ауыстыра қоятын. Осылайша, кейбіреулер шындық пен ойдан қосудың осындай ұштасуын ақиқат деп білді», – дейді. Шындық үшін күрескен Баукеңнің еңбегі толықтай ақталды десек болады. Егер «Арпалыс» повесі шынайы жазылмаса, биік деңгейге көтерілмес еді. Сондықтан, барша кеңес халқы шындықтың шырақшысы болған Бауыржан Момышұлына алғыс айтуы тиіс. Өйткені, бұл кітап талай жауынгерге күш-жігер беріп, қасиетті Жеңісті жақындата түскен құнды дүние екенін мойындауымыз керек. Сондай-ақ, Баукеңнің тікелей араласуымен жазылған туынды жастарды бойындағы рухын оятып, отаншылдыққа тәрбиелейтін тамаша құрал десек болады.
Нұрлан ЖҰМАХАН.