02 Сәуір, 2015

Ел бірлігі – береке бастауы

676 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Логотип 550 жылБұдан бес жарым ғасыр бұрын шаңырақ көтерген Қазақ хандығы бүгінде алып елге айналды. Мемлекеттің қалыптасуы – бұл барынша ұзақ әрі тым күрделі процесс. Өйткені, талай тар жол, тайғақ кешулерден өткен Ұлы көш әрқилы жымысқы саясаттың ықпалында қалып қойғандықтан, төл тарихымызды тереңінен тани алмай келдік. Ал тарих – хал­қымыздың өткен өмірі, ата-баба­ларымыздың өмір жолы. Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады. Демек, бүтін бір елдің рухымен қалыптасқан тарихты ешқашан өшіруге болмайды. Қазақ хандығына – 550 жыл! Өткен жылғы Тәуелсіздік мере­кесіне арналған салтанатты жиын төрінен Мемлекет бас­шы­сы Нұрсұлтан Әбішұлы Назар­баев: «Ұлы Далада күллі Еура­зия құрлығын уысында ұстаған алып мемлекеттер болған. Алып кеңістікті ен жайлап, еркін билеп-төстеген айбарлы халықтар өмір сүрген. Бүгінгі Қазақстан – сол баба­лардың заңды мұрагері. ...Ұлт­тық тарихымыз бен мәде­ние­­ті­міз­дегі маңызды датаны – Қазақ хан­дығы құрылуының 550 жылды­ғын атап өтетін боламыз», деген еді. Тарих – тағылым. Сондықтан, мемлекеттілігіміздің қалыптасуы кезеңіндегі хандарымыздың дәуірін, сол тұстағы жыраулар мен абыздарды, билер мен батырларды бар болмысымен ұрпақ санасына сіңіру керек. Уағында: «Ешбір дұшпан басынбаған елміз, басымыздан сөз асырмаған елміз, досымызды сақтай білген елміз, дәм-тұзды ақтай білген елміз», деп толғаған Қазыбек би бабамыз секілді қазақ халқының қадір-қасиетін, ұлттық сипатын дөп басып бейнелеген ешкім болмаған шығар, сірә. Алаш баласы арғы-бергі тағ­дырында талай бұралаң-бұра­лаң белестерден өтіп, бостан­дыққа жетіп, жер бетінен Қазақ атын жоғалтпай, Мәңгілік Ел бо­луға, баянды болашаққа бетбұрыс жасап келеді. Тәуелсіздік пен теңдіктің, ын­­тымақ пен бірліктің белгісі – Қазақ елінің төл мерекесін тұң­ғыш рет мемлекеттік деңгейде атап, ұлттық қадір-қасиетіміз бен ақ жолымызды ұлықтау – Алты Алаштың рухын көтереді деп сенеміз! «Мәңгілік Елдің» қағи­дасы біздің дамуымыздың арқау­лық құндылықтарын, Қа­зақ­стан халқының ортақ мүд­десі мен тарихи тағдырын айшық­тайды. Себебі, Мәңгілік Ел мұра­тына жету ұрпақтар бірлігі мен са­бақ­тас­тығының көрінісі арқы­лы жүзеге асатындықтан да Ел­ба­сының халықтың үш буы­нына үн қатуы кешегі тарих қой­науындағы бабалар үнін тағы да жаңғыртқандай әсер қалдырады. Мемлекет құрылуының мерейтойы ең алдымен азаматтардың патриоттық сезімдерін арттыру мен Қазақстан мемлекеттілігін нығайтуға бағытталып отыр. Осылай ұлт өмірінің һәм жарқын белестерін бейнелейтін, еліміздің ұлы тойы – Қазақ елінде тұратын барша халықтың тойы! Мұны бірлесе мерекелеуге міндеттіміз. Ұлт татулығы – игіліктің кепілі. Тұтасқан жұдырықтай мығым болуымыз керек. Бірлігі тайған елге бақ құтаймайды. Берекенің бас­тауы елдің ынтымағы екеніне де Тәуелсіздігіміздің ғасырға бергісіз алғашқы белесінде куә болып отырмыз. Жаңадан құрылып отыр­ған «Мәңгілік Ел» қоры ұлтты­ғымызды ұлықтауға, бабаларымыздан мирас болған мұраны қадірлеуге, қастерлеуге жетелейді деген ойдамыз. Мерейлі мемлекетіміздің мерейтойы іскер азаматтар, меценаттар, демеушілер тарапынан да жан-жақты қолдау табуы тиіс. Сауапты іске үлес қосқан әр аза­матқа Алланың нұры жаусын! Әбіш КЕКІЛБАЕВ, Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның Еңбек Ері.   АСТАНА.