Қазақтың «Жұт жеті ағайынды» деген сөзінде де гәп бар екені анық. Өйткені, Жер шарының біраз өңірлеріне ауыр салмағын төндіріп тұрған дағдарыс елдердегі әлеуметтік ахуалдың төмендеп, қоғамның мазасыздануына алып келуде. Оған қоса, дағдарысқа түскен өңірлерде табиғат апаттары да жиілеп барады. Төменде осы оқиғалардан біраз хабарлар жарияланған.
Қызметкерлерін қысқартпақ
Royal Bank of Scotland (RBS) британ банкі 2019 жылға таман мөлшермен алғанда 14 мың адамды немесе инвестициялық банктік бөлімінің 80 пайызын жұмыстан қысқартуы мүмкін деп хабарлайды Financial Times газеті осы оқиғадан хабары бар екі дерек көзіне сүйене отырып.
Басылымның деректеріне қарағанда, қазіргі уақытта RBS-тің инвестициялық банктің бөлімшелерінде 18 мың адам жұмыс істейді. Қысқартуға жатқызылатын адамдардың нақты санын газетке болуы мүмкін оқиғаны жеткізген көздер нақты айта алмаған. Бірақ әрбір бес қызметкердің төртеуі қысқаруы мүмкін деген деректер келтірген. Газеттің жазғанына қарағанда қысқарту құрығына көбінесе Азия мен АҚШ-та жұмыс істеп жатқандар ілігетін іспетті.
Сенімді көздер бұл үлкен қысқарту «Браун жобасы» деп аталатын банкті қайта құрылымдау жоспарына сәйкес жүргізілетіндігін жеткізген.
Алайда, Royal Bank of Scotland-тің өкілі бұл хабарға түсініктеме беруден бас тартқан.
Дегенмен, аталған банк өткен аптада өзі қызмет көрсететін оннан астам елде қызметкерлерді қысқарту шарасы жүретіндігін хабарлаған болатын. Бұл қаржы ұйымы Қытай, Индонезия, Малайзия, Оңтүстік Корея, Үндістан және Тайланд секілді елдердегі өз бизнесін сатуды немесе бірте-бірте таратуды көздеп отырған көрінеді. Ал Royal Bank of Scotland қазіргі күндері Ұлыбритания, АҚШ және Сингапурда өзінің сауда операцияларын жүзеге асыру үстінде.
Тамаша аурухана тақырға отыруы мүмкін
Италиядағы мемлекеттік шығындарды қысқарту шарасы осы елдегі ерекше емдеу мекемелерінің бірі Сант-Анна институтының мұнан кейінгі уақыттары өз қызметін одан әрі жалғастыруына үлкен қауіп төндіріп отыр. Бұл институт ауыр жарақатқа ұшыраған адамдарды ажал аузынан арашалау, олардың есін жиғызып, одан әрі сауықтыру емдерін қолдану ісімен шұғылданады. Былайша айтқанда, бұл институт адамдарды өлім аузынан алып қалады десе де болады. Қазіргі күні онда көптеген адамдар ем қабылдауда.
Солардың бірі Винченцо 2007 жылы мотоцикл апатына ұшырап, есінен танған болатын. Ол мұндай жағдайда ұзақ жатты. Тек аталған институт қызметкерлері мен анасы Марияның ажалмен жан алып-жан беріскен ұзақ уақыттық күресінің нәтижесінде ғана беті бері қарады. Анасы тапжылмай ұлының қасында отырып, оның есі қалай кіргендігінің куәсі болды. Алайда, Мария институт дәрігерлерінің көмегінсіз өзінің түк те істей алмайтындығын айтады.
– Күн өткен сайын олар менің балама ерекше ықыласпен қарап, бар мейірлерін төге отырып, оңалуына қолдан келген мүмкіндіктің барлығын жасап келеді. Ұлымның әрбір қимыл-қозғалысының өзі дәрігерлер үшін де, мен үшін де үлкен қуаныш. Менің ұлымның қасында отырғаныма міне, жеті жарым жылдан асып барады. Ол бірте-бірте қалпына келуде. Бірақ әзірге сөйлей алмайды. Алайда, мені көрген сәтте көз аудармай қарап ерекше пейілін танытады. Құшақтап шашымнан сипайды. Ішіндегісін сыртқа шығара алмай шаршайды. Осыны көргенде мен де қатты күйзеліске түсіп кетемін. Дәрігерлер болмаса не істер едім?! – дейді Мария.
Винченцо бұл институттағы жалғыз ем қабылдаушы емес. Соңғы жиырма жылдың ішінде Сант-Анна арқылы мыңнан астам адам өмірге қайта оралып, ұзақ уақыттар бойы ем қабылдау нәтижесінде ағзаларын қалпына келтіріп, сауығып шықты.
Институт орналасқан Калабрия Италиядағы ең кедей өңірлердің бірі болып табылады. Соңғы жылдарғы елдегі дағдарыс жағдайына байланысты мемлекеттік бюджеттегі өңірлерді дотациялау шығындары барған сайын азайтыла түсуде. Демек, әрбір өңірге басқа түскен қиындықпен өз беттерінше күресуге тура келеді. Оларда өздерінің бюджеттеріндегі әлеуметтік шығындарды қысқарта бастайды. Мәселен, Калабрия бюджетіндегі үлкен шығыстардың бірі денсаулық сақтау саласының үлесінде. Осыған жұмсалатын шығындар азайған сайын аталған сала да қиындыққа душар болып, барған сайын әлсіреу үстінде. Енді, міне, өңірдегі ерекше емдеу мекемесі саналатын Сант-Аннаның тағдыры да қыл үстінде тұр.
Соңғы төрт жыл ішінде институт басшылығына қызметкерлер санын 20 пайызға қысқартуға тура келді. Бұл қысқартуға түсіп жатқандардың барлығы тек төменгі деңгейдегі медицина қызметкерлері ғана емес, сонымен қатар, зерттеуші дәрігерлердің қызметіне де қатер төне бастады. Ал мұндағы зерттеуші дәрігерлер өздерінің бесаспап біліктілігімен, бай тәжірибелерімен ерекшеленеді. Олардың науқастарға ес жинату және одан әрі сауықтыру жөніндегі ізденістері бүкіл әлемге белгілі.
Міне, осындай тамаша емдеу мекемесінің қысқарту құрдымына түсуі мүмкін екендігі ондағы науқастарды ерекше алаңдатып отыр.
Таксистер арасындағы тартыс
Белгия астанасы – Брюссель қаласында дәстүрлі такси белгілері бар жүздеген автокөлік ереуіл шеруін ұйымдастырып, осы қаладағы Еуроодақ мекемелеріне кіретін кіреберістерді жауып тастады. Арнаулы лицензия бойынша жұмыс істейтін жүргізуші таксистер ел астанасына Uber қызметін енгізуге деген қарсылықтарын осылайша танытты.
Uber қызметін әдетте әуесқой жүргізушілер көрсетеді. Олардың рөлінде отырғандардың өз қызметтері бар. Ал таксист қызметімен олар қолдары бос кезінде қосымша табыс табу үшін шұғылданады. Көбінесе жеке адамдардың шақыртуы бойынша жұмыс істейді. Бұл көлік қызметінің бір ерекшелігі оларды мобильдік үстемелер арқылы шақырып алуға болады.
– Uber қызметімен шұғылданушылар біздің жеп отырған нанымызға ортақ болуда. Біз тек таксист ретінде ғана еңбек етеміз. Әрқайсымыздың мемлекеттен алған осы қызметпен шұғылдануымызға рұқсат беретін арнайы лицензияларымыз бар. Салығымызды уақытымен төлеп тұрамыз. Ал осы іске көлденең қосылушылар салық төлемейді. Қызмет сапасын ойлап та жатпайды. Бірақ олардың қызметі бізге қарағанда арзанырақ болғандықтан, көпшілік халық соларға ауып барады, – дейді бір кәсіпқой таксист.
Екінші бір таксист бұл қызметті америкалықтар ойлап тапқан жауапсыз идеялардың бірі деп есептейді. «Мәселен, сіз Uber жүйесін пайдалануды жөн көрдіңіз дейік. Бірақ оларда біздердегі секілді сақтандыру шаралары жоқ қой. Егер жол үстінде көлік аударылып апатқа ұшыраса, жолаушы мен жүргізуші жарақат алса, олардың шығынын кім төлеп береді? Көлікті кім қалпына келтіреді? Демек, Uber қызметі әлі толық қалыптаспаған, жете ойластырылмаған іс. Үкіметтің бұл қызметті не үшін қолдайтындығын түсінбедік. Ал біздің сақтандыру белдеуіміз бар. Оның құны маған 3500 еуроға түсіп отыр. Сондықтан біздің қызметімізді пайдаланушылар да сақтандырылады. Біз олардың барлық шығындарын өтеп береміз», дейді ол.
Таксистердің ереуіл шараларының етек алғандығы сондай, оларға қолдау білдіру үшін көрші елдерден де әріптестері келіпті. Ал Uber қызметінің операторы болса, өздерін қорғауға тырысып бағуда. Олар биылғы жылдың өзінде еуропалық қалаларда 50 мың жұмыс орнын ашатындықтарын айтады. Себебі, олармен әріптестік қатынасқа түскісі келетін азаматтар көп көрінеді.
Сөйтіп, Белгия астанасында кәсіпқой таксист пен әуесқой таксист арасындағы тартыс қазірдің өзінде басталып кетті. Ақыры немен тынатыны белгісіз.
Дайындаған,
Сұңғат ӘЛІПБАЙ,
«Егемен Қазақстан».