03 Сәуір, 2015

Газдандыру ісі жандандырылуда

629 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін
Мирзагалиев ММ-фото-1Таяуда Энергетика министрі Владимир Школьник ОКҚ брифингінде бүгінгі таңда Қазақстан Республикасында 1150 елді мекеннің газдандырылғанын және елімізді газдандырудың бас схемасына сәйкес оның деңгейі 2030 жылға қарай 56 пайыз немесе 1600-ден астам елді мекенді құрайтынын, ал тұтынылып отырған газ көлемі 2013 жылы 10,9 миллиард шаршы метрден 2030 жылы 18 миллиард шаршы метр­ге дейін, оның ішінде үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының жобасын іске асыру есебінен артатынын мәлімдеді. Бұл қоғамдық мәнге ие, маңызды ақпарат. Сондықтан, ­ біз мемлекетіміздің газдандыру жөніндегі ведомствосының жоспарлары туралы нақты білу мақсатында Энергетика вице-министрі Мағзұм Мырзағалиевке бірнеше сауал қойған едік. – Мағзұм Маратұлы, Қазақстан Респуб­ликасы бай пайдалы қазбалар кеніне ие, әсі­ресе, мұнайға. Ал газ туралы не айтасыз? – Қазақстан Республикасы газ саласының және отынның бай қорларына ие және бұл еліміздің экономикасының бірден-бір қарқынды дамып отырған саласы. Газ өндіру өсуде, жаңа газ өңдеу қуаттары құрылуда, газ құбырларының желісі өрістеуде. Мемлекет басшысы өзінің 2014 жылғы 11 қарашадағы «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауында «Өткен 5 жыл ішінде индус­трияландыру бағдарламасы шеңберінде энергетикада үлкен жұмыстар жүргізілді», деп энергетика инфрақұрылымының дамуы­на баға берді. Егер сан тілімен сөйлейтін болсақ, 2014 жылдың қорытындысы бойынша республикамыздың мұнай-газ өндіретін компанияларында газ өндіру 43,2 миллиард шаршы метрді құрап, оның деңгейі 1991 жылға қарағанда бес есеге өсті және 4 жыл бұрынғы деңгейден 2 есеге асты (115,5 %). Қазақстан Республикасының геологиялық ресурсы (Каспий қайраңындағы жаңа кен орындарын есепке алғанда) газдың 6-7 триллион шаршы метрінен асады, ал шығарылған қорлар 3,9 триллион шаршы метрден астамды құрайды. Бүгінгі таңда біздің алдымызда «Нұрлы Жол» Жаңа Экономикалық Саясаты және индустриялық дамудың екінші бесжылдығы шеңберінде іске асырылатын жаңартылған ағымдағы және стратегиялық міндеттер тұр. Мысалы, саланы дамыту жоспары еліміздің барлық аумағын газбен жабдықтаумен қамтуды кеңейтуді көздейді. Атап айтқанда, 2014 жылғы 4 қарашадағы Үкіметтің қаулысымен Қазақстан Республикасын газдандырудың 2015-2030 жылдарға арналған бас схемасы бекітілді. Бұл бағдарламалық құжат – еліміздің тұтынушыларын газбен жабдықтауды қамтамасыз етудің сенімді экономикалық-негіздемелік стратегиялық бағыттарын айқындайды. Бас схеманы әзірлеу барысында елеулі жұмыстар көлемі атқарылды. Энергетика министрлігі республиканың маңызды қалалары және облыстар әкімдіктерімен бірге газдандырудың өңірлік схемасын әзірледі. Тауарлық газ бойынша жаңартылған ресурстық база құрылды, газды тұтыну көлемінің болжамды есебі шығарылды, инвес­тицияның қажетті көлемінің ұлғайтылған есебінің талдауы аяқталды, сондай-ақ газ құбыры ұзындығын бағалау белгіленді. Ұлттық оператор облыс әкімдіктерімен және қалалармен бірігіп Қазақстан Респуб­ликасы өңірлерінің бөлігінде картографиялық материалдар ұсынды. Сондай-ақ, бастапқы де­ректер жинағымен және қосымшаларымен техникалық-экономикалық есептер қалыптастырылды. Әзірленген өңірлік схема, атқарылған жұмыстар негізінде Үкімет қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасын газ­дандырудың бас схемасы қалыптастырылды. Бұдан басқа, Үкіметтің 2014 жылғы желтоқсандағы қаулысымен Қазақстан Республикасының газ секторын дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы бекітілді. Бұл тұжырымдамада ағымдағы және әлемдегі болжанған жағдайлардан шығатын бар ресурстық база, аумақты дамыту жоспарлары мен бағдарламалық құжаттар, оның ішінде ҮИИДМБ, мемлекет саясатының газ саласындағы негізгі бағыттары бекітіліп берілді. – Сіз ресми бағдарламалық құжаттарды әзірлеу мен қабылдаудың негізін жасау, дайындық кезеңдері туралы айтып өттіңіз. Ал мұның барлығы шынайы өмірде қалай көрініс береді? Мысалы, көмірмен және отынмен пеш жағудан гөрі үйде табиғи газды пайдалану анағұрлым тиімді. Осы ретте елімізді табиғи газбен қамтамасыз ету мәселесі іс жүзінде қалай жүзеге асырылуда? – Сіз экономикалық мақсаттылығына қатысты, әрине, дұрыс айттыңыз. Электр немесе көмірге қарағанда газды пайдалану арзанға түседі, сондай-ақ, көмірден гөрі газды пайдалану анағұрлым экологиялық жағынан таза болады. Сіздің сауалыңызға жауап бере отырып, бірінші кезекте елімізді тауарлық газдағы ішкі тұтынуды қамтамасыз ету 2030 жылға дейін саланы дамытудың негізгі стратегиялық бағыты болып табылатындығын айтқым келеді. Жай ғана мысал келтірейін. 2006 жылдан осы уақытқа дейін бюджеттік қаражат көздері арқылы өңірлерді газдандыру бойын­ша 130-дан аса жоба іске асырылды, нәтижесінде соңғы 8 жыл ішінде (2008 жылдан бері) газдандырылған елді мекендер саны 128-ден 1150-ге дейін өсті. Халықты газбен қамту 5 миллионнан 7 миллионға, яғни 2 миллион адамға дейін артты. Егер география бойынша қарасақ, онда бүгінде Қазақстанның батыс және оңтүстік аймақтары, сондай-ақ Алматы қаласы газбен қамтамасыз етілді, яғни еліміздің 16 аймағының 10-ы газдандырылды. Қазақстан Республикасын газдандырудың бас схемасын іске асыру елді мекендерді газдандыру деңгейін 12 миллион адамға дейін жеткізуге мүмкіндік береді. 2030 жылға қарай еліміздің 13 облысы, яғни қазіргі 42 пайыздан 56 пайызға дейін газдандырылатын болады. 2030 жылға дейінгі қажетті инвестиция көлемі 656 миллиард теңгені құрайды. – Мол қаражат екен... – Иә, елімізді газдандыруды дамытудың инвестициялық көлемі ауқымды. Мұнда газдандырудың жүйелілігін белгілеу үшін математикалық модельге негізделген рейтингтік бағалау енгізілгендігін атап өткім келеді. Есептің нәтижесі бойынша, облыстар шегінде газдандыруға жататын елді мекендердің және сол немесе өзге аудандардың басымдық деңгейлері қалыптастырылуда. Газдандыру бойынша іс-шараны қаржыландыру үш көзден: мемлекеттік бюджеттен, ұлттық оператор қаражатынан және өзге көздерден жүзеге асырылмақ. Бас схеманы және тұжырымдаманы іске асыру Қазақстанның газ секторын кешенді дамытуды қамтамасыз етуге, саланың жаңа инфрақұрылымын дамытуға, еліміздің энергетикалық  қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлес қосуға мүмкіндік береді. Қазақстанның «Нұрлы Жол» Жаңа Экономикалық Саясаты талаптарына сәйкес, мемлекеттің күші және ресурстары көліктік, энергетикалық, индустриялық және әлеуметтік инфрақұрылымдарды, шағын және орта бизнесті дамытуға бағытталатын болады және газдандыру жағдайында газ экономикалық өсімнің қозғаушы күші болуы тиіс, елімізде жүргізілетін индустрияландыру үшін негіз, тұтастай еліміздің әлеуметтік-экономикалық және экологиялық әл-ауқатын көтеруге себепші болуы тиіс. 2030 жылға қарай тауарлық газды тұтынудың болжамына сәйкес, оның ең үлкен үлес салмағы отын-энергетикалық кешенге және өнеркәсіп кәсіпорнына (тиісінше 31% және 40%) келмек. Оның ішінде ҮИИДМБ-ге енгізілгендер де бар. – Сіз тауарлық газбен қамтамасыз етуді айтып отырсыз. Бұл қандай да бір ерекше газ ба? Жалпы, кен орындарында өндірілетін газдан айырмашылығы бар ма? Біздер газ плиталарында нені жағып жүрміз? – Әрине, айырмашылық бар. Кен орындарында өндірілетін газ, бұл түрлі газдың қосындыларының қоспасы әрі зиянды, оның ішінде, мысалы, күкірт бар. Тұтынушыға газды берер алдында ол қажетті түрлі процедуралардан өтеді. Газдың құрамына байланысты әдістер де өзгеріп отырады. Газ арнайы кешенді газ дайындау қондырғысында немесе газ өңдеу зауыттарында дайындалуы мүмкін. Одан кейін газ тұтыну өңірлеріне жеткізіледі, ал соңғы сатысында оны одорирлейді. Яғни плитаға дайын, тауарлық газ түседі. Одорирлеу – бұл газға иіс беру процесі. Табиғи газдың, әдетте, ешқандай иісі болмайды, ал адам оны анықтай алу үшін, яғни иісін сезу үшін газға иісті химиялық компонент – одорант қосылады. – Мағзұм Маратұлы, баспасөзде сұйытылған газ бензин мен дизель отынына балама болып табылуы мүмкін екендігі бірнеше рет хабарланды. Мұндай отын бензин мен дизельден арзан секілді және қазір жарнамалық хабарландыруларда едәуір тиісті жабдықтарды орнату туралы ұсыныстар көп. Айтыңызшы, қазір газ отынын қолдануды кеңейту, газ толтыру стансаларының санын көбейту туралы мәселе қандай деңгейде? –  Сұйытылған мұнай газын моторлық отын ретінде пайдаланудың дәстүрлі ди­зель және бензинмен салыстырғанда бірне­ше объективті артықшылықтары бар. Негізгі артықшылығы – баға. Мұндай отын дәстүрлі ЖЖМ-нен едәуір арзан, бұл ретте сұйытылған газдағы пайдалы әсер коэф­фициенті бензин қозғалтқыштары немесе ПӘК қозғалтқыштары арасында айырмашылық іс жүзінде жоқ. Сондықтан, газмоторлық отын бұл нақты, отынның дәстүрлі түрінің экономикалық негізделген баламасы. Алайда, Қазақстан аумағында осы отын түрі өндірілетін өңірлерді қоспағанда отынның осы түрін пайдаланау әзірге кең таралған жоқ. Негізгі себебі дамыған инфрақұрылымда, оның ішінде жанармай құю стансаларының жеткіліксіздігі. Қазір автомобильге газ толтыру стансаларының саны еліміз бойынша 500-ден сәл ғана асады, яғни жеткіліксіз. Энергетика министрлігі автокөлік құралына отынның дәстүрлі түрінің баламасын беру және бензин бойынша импортқа тәуелділікті төмендету мақсатында «ҚазМұнайГаз-Өңдеу және маркетинг» АҚ және «Гелиос» ЖШС арасында моторлық отын ретінде газды пайдалану бойынша ынтымақтастық саласында өзара түсіністік туралы меморандумды жасасты. Бұдан басқа, ҚазТрансГаз 2010 жылдан бастап автокөлікті сұйытылған табиғи газға ауыстыруға жағдайлар жасау үшін жұмыстар атқаруда. 2010-2014 жылдары Алматыда бес автомобильге газ толтыру компрессорлық стансасы салынған болатын. Қазір Шымкент, Ақтөбе және Қызылорда қалаларында үш стансаны жобалау бойынша жұмыстар жүргізілуде. Энергетика министрінің бұйрығымен Алматы көліктерінің экологиялық тұрғыдан таза түрлеріне мемлекеттік қолдау көрсету бойынша кешенді іс-шаралар жоспары бекітілді және «Қазақстанның «жасыл экономикаға» көшу мәселесі бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толық­тырулар енгізу туралы заң жобасына қажетті өзгерістерді әзірлейтін жұмыс тобы құрылды. – Баспасөзде газмоторлық отынды барынша көп пайдалану жағдайында оның тапшылық тудыру мүмкіндігі жөнінде айтылуда. Мұндай қауіптің қаншалықты негізі бар? – Қазақстан Республикасы газмоторлық отынды он жылдан аса пайдалануда. Алайда, отынның бұл түрі көлік иелерінің сеніміне тез ие бола алған жоқ. Есіңізге салып өтсем, автобус парктерінің және барлық таксопарктердің сұйытылған отынға жаппай көшуі басында ғана жақсы болды, ал қазір бұл іс өз ауанымен жүруде. Егер көлемі туралы айтар болсақ, өткен жылдың қорытындысы бойынша екі жарым миллион тонна дерлік сұйытылған мұнай газы өндірілді. 2015 жылға оны өндіру көлемі 2 миллион 547 мың тонна деңгейінде жоспарланып отыр. Бұл ретте 2015 жылға сұйытылған мұнай газын тұтыну болжамы шамамен 500 мың тоннаны құрайды. Сондықтан, ішкі нарықта сұйытылған мұнай газының профициті қадағаланып отыр, яғни оның қазіргі тұтынуға қарағанда, өндірілуі 5 есе артық. Ал өндіріс көлемі ұдайы, жүйелі өсуде. – Қазіргі күні Қазақстанның газ саласын дамыту перспективасы қандай? – Бүгін мен таныстырып өткен, барлық келтірілген нақты фактілер елде газ саласының белсенді, жоспарлы түрде дамып отырғандығын көрсетеді және оның дамуы шын мәнінде өте тез жүруде. Мысалы, 2014 жылы елімізде тауарлық газдың 23,5 миллиард текше метрі немесе 2010 жылға 111,9% өндірілді. Ішкі нарық тұтынушыларына 12,4 миллиард текше метр газ жеткізілді, бұл 2010 жылмен салыстырғанда 137,7%-ға көп көрсеткіш, ал Қазақстанның өңірлерін газдандыру бойынша жұмыстар одан әрі жалғасуда. Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау шеңберінде, Энергетика министрлігінің жоспарында ағымдағы жылы Қазақстан-Қытай газ құбырының үшінші желісін пайдалануға беру күтілуде, бұл тасымалды биылғы 30 миллиард текше метрмен салыстырғанда 55 миллиард текше метрге дейін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұдан басқа «Бейнеу-Бозой» магистральды газ құбырының желілік бөлігін салу  жос­парланып отыр, Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан облыстарының 300-ден аса елді мекендерін газдандыруға ықпал ететін және батыстан оңтүстік өңірлерге газ тасымалдау бойынша қойылған стратегиялық міндетті шешетін болады. Сондықтан, отандық энергетиканы, оның ішінде газ саласын дамыту перспективалары өте зор. Әңгімелескен Сейфолла Шайынғазы, «Егемен Қазақстан».