28 Шілде, 2010

САЛТ-ДӘСТҮРДІ БҰРМАЛАМАЙЫҚ

1633 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Қазақ салт-дәстүрге бай халық. Соның бірі – келін келгенде “Бета­­­шар” айту. Бірден айтайық, беташар бұл ізгілік пен ибалық, имандылық белгісі десек, салт-дәстүр бойынша бета­шарды сал-серілердің бірі айтып, келінге ең жақын немесе сол елдің сый­лы адамдарын ғана таныстырып, иіліп сәлем бергізеді. Соңында келін­нің бетін ашады. Осының өзінде үлкен имандылық, жаңа түскен жас келінге деген ізет жатыр. Алайда, бүгінде осы беташардың мағынасы өзгеріп кетті. Олай дейтінім, беташар айтушылар ортаға ақша салынатын табақ толсын дей ме, әлде аты атал­маған құда-құдағи, алыс-жақын туыс ренжіп қалар дегендіктен бе, әйтеуір бәрінің аты-жөнін тізбелеп шығады. Ең сорақысы сол, аты аталған адам­ның бәрі ортаға қойған табаққа ақша салады. Бұл қай­дан шыққан дәстүр? Беташар айтушы­лардың бірі Болат Қамзин деген аза­мат өз ойын былайша сабақтаған. – Осыдан жиырма жыл бұрын қолыма қара домбыраны алып, тұң­ғыш рет беташар айттым. Той иесі ырым етіп бір жейде кигізді. Ол кезде та­бақ ұстап, ақша салу деген мүлде жоқ болатын. Меніңше бұл басқа ұлт­тан келген дәстүр. Табаққа түскен ақ­шаны бөлісе алмай таласқан әйелдерді қаншама рет көзім де көрді – дейді ол. Енді Сейіт Кенжеахметұлының “Жеті қазына” кітабына үңілсек, онда беташарға былай анықтама беріліпті. “Жаңа түскен келінді беташар дәстүрі жасалмай ешкім көре алмайды. Оны көру үшін әдейі беташар жасалады. Оған тойға жиналған туыс-туғандар тегіс қатысады. Мұнда “Беташар” жыры айтыла отырып, келінге оның атасы, енесі, басқа туыстары таныс­ты­рылып, келін оларға сәлем жасай­ды. Сәлем жасаған адамдар көрімдік береді. Бет ашатын жігіт ән-жырды желдірте, көңілді жыр төгуі керек. Келін келді, көріңіз, Көрімдігін бері­ңіз, Анау, мынау демеңіз. Түсін ай­тып қойыңыз, – деп бастаған әнші жігіт жас келіннің аталған жақын­да­рына лайық әзіл-қалжыңдарын ара­лас­тыра көрімдік сұрап, жұртты кө­ңілді күлкіге қарық қылады. Беташар тойдың басы әрі сәні, жас келіннің жаңа өмірге бет ал­ғанын білдіретін қы­зықты, салтанатты жақсы дәстүр­лер­дің бірі”. Өзіңіз көріп отырсыз, мұнда да ортаға табақ қойы­лып, оған ақша салынады деп жазыл­мапты. Ендеше, бұл қайдан шыққан әдет?! Өкінішке орай, біздің қазақта мұндай дәстүр жоқ еді ғой деп жұртқа өнеге айтып жатқан тағы ешкім жоқ. Қайта осы ортаға ақша салу кезінде “Өзінде бармен көзге ұрып” көрініп қалғысы келетіндер де бой көрсете бас­таған сияқты. Өткенде бір тойда ау­қат­ты адамның “мен табаққа мың дол­лар тастаймын” деп еліргенін де көзіміз көрді. Егер жастарға сый-сияпат жасау керек болса, табаққа тастаймын демей-ақ, оны жастарды құттықта­ғанда атап бергені жөн емес пе? Жұрт алдында, жаңа түскен келін алдында байлы­ғың­ды көрсетудің қажеті қанша?! “Қайнаға иманды болмай, келін ибалы бол­май­­ды” деген қазақтың сөзін ұмытпайық. Раушан НҰҒЫМАНБЕКОВА.