28 Шілде, 2010

Сағыныш саздары

917 рет
көрсетілді
37 мин
оқу үшін
1. Қалағаң. Қалаубек Ол кісі Олжасқа онша ұнамай қалып, қашаннан бергі құтты орнынан, яғни “ор­гсе­кретарьлықтан” кеткен кезең екен. Облыс­ара­лық (Шымкент, Жамбыл, Қызылорда) бөлім­шеге біз жауапты хатшы боп тағайын­дал­ға­нымызда, Қалағаңды жыға танымайтынбыз. Сыртынан ғана бірер мәрте көргенбіз. Жылға жуық уақыт өтті. “Қалаубексіз Қазақстан Жазу­шы­лар одағы қалай болар екен?” – деген пікір­лерді жиі-жиі естіп жүрдік. “Ойпырмай, осы сөзді соншама қисапсыз қайталай беретіндері қалай?” – деп ойлап қоятынбыз. Таңырқап қана. Қазақстан Жазушылар одағы үшін, оның бас­қармасы мен аппараты үшін Қалаубек Тұр­сынқұловтың қандай қадір-қасиеті бар екенін біл­мейтінбіз. Алпысыншы жылдары мерзімді бас­пасөз беттерінен, әдеби басылымдардан Қалкен Шарболатұлының шығармаларын іздеп жүріп оқығанымыз рас. Сол сүйікті қалам­ге­рі­міздің кәдімгі аты-жөні Қалаубек Тұрсынқұлов боп шыққанда ше, шынымен-ақ қайран қалғанбыз. Жатырқағанбыз. Біразға дейін. Жазушылар одағының облысаралық бөлім­шесінде жүрген соң Алматыға барыңқырайсың. Олжас Сүлейменовтің басқаруымен өтетін секретариат отырыстарында әлсін-әлсін есеп бересің. Оңтүстік Қазақстан облысына (ол кезде Шымкент облысы деп аталады) күн сайын болмаса-дағы, апта аралатпай, ақын-жазушылар топырлап келіп жатады. “Жылға жуықтады. Қалаубек кеткелі. Одақтағы орны ойсырап тұр”. “Қап, Қалағаң болғанда ғой!” Алматыға, қандай бір басқосуға бар­саң, еститінің осы. Ол жақтан, Одақтан жететін жазушыларыңның пойыздан түсе бере тілге тиек ететіні тағы да осы. Бірде халық­аралық деңгейдегі кәтта конференция өтетін болды. Алдын-ала әзірлік мәселесін талқыламаққа Алматыға шақырды. Ши қалпақты шыр айналдыра қырқып, күнқағар жарғағынан жұрдай қып киетін “комендант” жазбагеріңіз Қалмұқан Исабаевты бір топ қаламгер қоршап тұр. Жазушылар үйінің алдындағы алаңқайда. Қалмұқан ағамыз мәз-мәйрам: “Қалаубекке бір жылдай бұрын, бұр­тиың­қырап кетіп бара жатқанында айтқа­мын. Көп ұзамай Одаққа қайта оралатынын ескерт­кенмін. Олжастың өзі шақырып алатынын білгемін. Сәуегейлерді сырттан іздейсіңдер. Арал­арыңда жүргенімізді білмейсіңдер”, деп қояды ернін шүйіріп. Сұқ саусағын шошайта биікке көтеріп. Қалаубек Тұрсынқұловтың Жазушылар одағына қайта оралуында біраз гәптер мен кептер жоқ емес-ті. Солардың бірі баяғы Азия-Африка жазушылары жиынының жаңғырығы ретінде ұйымдастырылмақ әлемдік әдеби шаратұғын. 73-ші жылы керемет конференция өткені баршаға белгілі. Енді 80-ші жылдардың ортасы ауа және бір шағындау басқосу белгіленіпті. Әлгі әдеби іс-шара да ойдағыдай деңгейде өткерілді. Әрине, оған “оргсекретарь” қосқан үлес орасан зор. Алайда, Қалағаңның Одақ басқарма­сының хатшылығына қайтадан келуі бізге және басқа да облысаралық бөлімшелерге онша жайлы бола қойған жоқ. Жоспарды бір жылға ғана емес, әр тоқсанға да жасайтынға айналдық. Оны обкоммен келісіп, Жазушылар одағы басқарма­сына жолдауға көштік. Әсіресе, Шымкент облысаралық бөлімшесінің жұмыс жоспарына шұқшиып қатты қарайды. Қалағаң. Әр тоқсан сайын облыстардың орталықтарында немесе аудандарда ақын-жазушылардың айтақа ала­рлықтай бір басқосуы ұйымдастырылуы тиіс. Ең кем дегенде екі айда бір рет жаңа қолжаз­ба­л­ар талқылауға міндеттіміз. Ара-арасында Алматыдан әдебиетті насихаттау бюросының жолдамасымен төрт-бес ақын-жазушы келеді. Жергілікті жерлерде: облыстардың орталықтары мен аудандарда және қалаларда тұратын әрбір қаламгерді бір-бір мектепке бекітіп қоятынбыз. Олар білім ұяларымен тығыз қарым-қатынас жасайды, оқырмандар конференцияларын, кездесулер, жаңа кітаптарды талқылау шара­ла­рын, тіпті тәрбие сағаттарына дейін ұйым­да­с­ты­рады. Тұрсынқұловтың тікелей тапсыруына және қадағалауына сәйкес, жұмыс жос­пар­ла­рымыз бойынша Жамбыл, Шымкент, Қы­зыл­орда облыстарының қаламгерлерін жинап, әдеби жыл қорытындысына арналған жиын жасайтынбыз. Үш облыстың ақын-жазушылары қызу араласып, барыс-келіс бәсеңдемейтін. Облыстық, облысаралық, аса маңызды сана­латын әдеби шараларға “өліп-талып” дайындалу әдетімізге сіңіп кеткентұғын. Қалағаң: “Олжас­тың тікелей өзі қатысуы мүмкін”, – деп хабар­лайды. Бір ай бұрын. Жиырма күн қалғанда телефон шаласың. “Иә-иә, барады”, – деп қояды. Облыстағылар дүрлігіп, зыр жүгіреміз-ай. Он күн қалғанда және анықтағымыз келер. “Барады”, – дейді хатшымыз қып-қысқа қайырып. Әзірлігіміз үдей түседі. Баяндамаларды қайта-қайта қараймыз. Сөйлейтіндерге ескертеміз. Обкомға, тиісті бө­лім­ге кіріп шығамыз. Үш күн қалғанда Қалағаң: “Олжас шетелден үлгерсе, міндетті түрде қатысады, әйтпесе өзіміз-ақ өткізе берерміз”, – деп мағлұмдайды. Ақырында өзге хатшы немесе өзі келеді. Кейде өкілдерін жібереді. Жұмыс істету деп міне, осыны айт! 91-ші жылдың маусым айында Саха еліне сапар шектік. Якутияда қазақ әдебиетінің күндері өтпекші. Оған дейін де екі елде небір іс-шаралар ұйымдастырылған екен. Арадағы алтын көпір, әрине, Қалаубек Тұрсынқұлов. СССР деп аталатын дөкейіңіздің тоз-тозы шығуға айналған шақтұғын. “Ташкент – Алматы – Улан-Удэ – Якутск” ұшағындамыз. Улан-Удэ қаласындағы әуе­жайдан тіске басар түк таппағанымыз, ұшағымызға құятын жанармайдың жоқтығынан Үркіт шаһарына қонып, қайтадан кері ұшқанымыз жадымызда. Тұрсынқұловтың “Поляр шеңберінің маңында” деген көлемді кітабынан саха елін, саха жерін біршама білеміз. Сиректеу шешілер сәттерінде ғана сыр шертпекке барыңқырайтын Қалекең Лена-ана жайында айтыңқырайтын. Саха туысқандардың түбі түркі екендігін, он сөзінің бесеу-алтауы бізге етенелігін, қызды – қыз, қымызды – қымыз дейтұғынын қайталаңқы­рай­тын жағдайлары кездесетін. “Е-е, онда өзіміз екен дә. Қыз бен қымызды бір­дейлеген бауырларымыз шын туысқан боп шықты ғой”, – десетін-ді Тұрсынқұловты тыңдағандар. Ақ түніңізді алғаш рет көргенбіз сонда. Ұшақтың иллюминаторынан төмен қарап таңырқағандардың арасында Қажығали Мұқан­бетқалиев, Сәкен Иманасов, Сабырхан Асанов, Ұлықбек Есдәулет, Қайырбек Асанов, тағысын-тағылар бартұғын. Отыздан асады-ау ақын-жазушыларыңыз. Ақ түнді бұрыннан білетіндер жоқ емес секілді. “Қазір Алматыда түннің қалың ортасы ғой. Ал енді Саха елінде сібірлеп таң атып келе жатқан сияқты. Бірақ ымырттан бастап тап осылай боп тұрады”, – деседі олар. Ең бірінші көзге көгілдірленіп шалынған, мұнарлы нұрға малынған Лена-ана өзені еді. Біз бұл ұлы дарияңызға Қалағаңның кітабынан қанықпыз. Теріскейге қарата жылжыған сайын Тұрсынқұлов суреттейтін сансыз көлдерді көбірек көре бастадық. Ойдым-ойдым ормандар жиіледі. Саха елінің астанасы Якутск қаласында Қазақ елі қаламгерлерінің делегациясын қарсы алу рәсімі қызық болды. Түбі түркі туыстардың алдыңғы сапында, ою-өрнекті ағаш тостағанмен қымыз ұсынған қыздардың ортасында Тұр­сынқұлов ағамыз тұр. Бізден бірер күн бұрын ұшып жетіп, барлық мәселені мәністеп шешісіп, ойласып жоспарласып, тап-тұйнақтай дайындасып, жайбарақат қана жымияды. Қазақ әдебиетінің Саха жеріндегі күндері маусым айының 21-22-лерінде басталып, апта бойы мейрамдалатын Ысыах мерекесіне тұспа-тұс келіпті. Лена-ана айдынында ақ кеме асықпай жүзеді. Қазақтар мен сахалар қосыла ән шырқап, би би­лейді. Алдан деген аймақта, жұмақтайын жағалауда ғажайып сауық ұйымдастырылды. Соттинцы деген саздақта қазақ әдебиетінің құрметіне сэргэ ес­керткіші орнатылды. Шірімейтін ағашты өр­нектеп, оюлап қоятын мүсін осылай аталады. Біздегі Наурыз мейрамына ұқсайтын Ысыахта жас демей, кәрі демей, барлығы ұлттық киімдерін киіп алады екен. Алтын мен алмас сынды қазба байлықтарын өздері иемдене алмай қор болған қайран саха бауырлардың тұрмыстары тақыл-тұқыл. Жоқ-жұқаналықтары көрініп тұр. Байқала береді. Жүріс-тұрыстарынан. Сөз ләмдерінен. Ағаш үй­лер­дің ішінен де, сыртынан да. Сонда да ақкөңіл. Ақеділ. Пейілдері кең. Ас та төк қымыз. Бұрала билеген қыз. Жылқының жамбас сүйегі мен жіліктерін жұлқи тістеп, рахаттана мүжитін жалпақ бет, қысық көздеу жігіттер. Аяқтары қисықтау. Ысыах мейрамын жыршы ашады екен. Одан соң көбінесе атақты Олонхо эпосының кейіпкері Туйаарыма Куо сұлу құттықтайды. Ортада от түтетілер. Үлкенді-кішілі дауылпаздар дүрілдей дабылдатып қоя берер. Оның көндой, көпсүүр, жирер, дыһаба сияқты ондаған түрлері бар екен. Бірақ, бәрібір, саханың ең негізгі, жетекші ұлттық саз аспабы – шаңқобыз болып шықты. Қазақтікінен үлкендеу, үні өзгешелеу. Қаттырақ шығады. “Биылғы Ысыах Қыран айы деп аталады, – деген еді сонда Қалаубек Тұрсынқұлов сахалардың сақа ағалары сияқтанып. – Әр жылда әртүрлі атпен мейрамдалады. Дәстүр солай. Әне, анау жас қыран қара­құспен айқасты бейнелей билеп жүр. Оң жақ­тағы қыз-қарлығаштар, сол жақта бұлбұл-балапандар биі...” Ысыах соңы аламан бәйгеге ұласқан. Тұрсынқұлов атындағы жүлде тігілген. Оны күреңқасқа сұлу бесті жеңіп алған. Сонда, Саха еліне бар­ғ­а­нымызда, оншақты күннің ішінде Лена-анамен сырластық. Бұлүй-қатын дариясымен жырластық. Марха-қыз өзенімен мұңдастық. Алдан ауданын араладық. Нұрыбай аймағында төрт түнедік. Барлық жерде біздің Қалекеңді біледі екен. Кітаптарынан танитын көрінеді. Көпшілік кітапханаларында да, жеке кітапханаларда да Тұрсынқұловтың “Ғажайып кендер елі” және “Сәлем, Якутия!” деген дүниелері тізіліп тұр. Ол жылдары “Сардана мен қызғалдақ” әлі шыға қоймаған. Бір қызығы, Қалағаңды қай қаласына немесе ауданына барса-дағы басшылары құшақтай алады. Қарапайым халықтың арасынан арсалаңдап шығып, ағамыздың қолынан, сонсоң әжімдері басымдау бетінен сүйетіндер жиі-жиі кездесер. Қолдан-қолға тигіз­бестен, қазақ жерінен барып қалған саха секіл­дендіріп қолтықтап ала жөнелер. Қыз-келіншектері қоршалай қаумалап, билетіп әкетер. Ал Қазақстанда Қалағаңның бұлай әспеттелгенін көрмеппіз. “Сен мына жігітпен сөйлесіп байқашы, – деді бір күні Қалағаң. – Қызықтыруы әбден-ақ мүмкін. Көрші”. Сөйтті-дағы сахаларға сәл-пәл келің­кіре­мейтін, шамамен алғанда біздің арамыздағы Мұқанбетқалиев Қажығалиға ұқсас керемет көркем жігітті таныстырып, екеуміздің қолдарымызды қабаттай қысып-қысып қойды. Жап-жас, жігерлі жігіт Саха Республикасы Оқу министрінің орын­ба­сары Егор Жирков екен. Аты-жөні басқаша бол­ға­нымен, ұлты саха. Өз халқын жанындай сүйетіні жалындаған сөзінен, бірте-бірте көзіңіз анық жететін ақиқат ісінен аңғарылады. Саха мен қазақ тағдыры өте ұқсас. Егорыңыз емеурінмен емес, ашық айтады. Жер-су байлығын емін-еркін билеп-төстеу үшін патшалық-ресейлік саясат сахаларды да әлденеше рет теріскейге тықсырған. Қолдан қырған. Бірер мил­лион халықтан үш жүз мыңнан сәл ғана асатын аға­йындарымыз қалған. Қазіргі сахалар салт-дәстүрін, тілі-ділін қайта оралту үшін қызғын күрес жүргізуде екен. Егор Жирковтың өзі – бірегей бағдарламаның авторы. Ол бағдарлама Республика Жоғарғы Кеңесінде қаралып, бекітіліпті. Құжатты халық та қызу қолдапты. Себебі, “Егордың ережелері” мектептердегі оқу-тәрбие ісін түбегейлі, түбірлі түрде ұлттық салт-дәстүрлер мен халықтық педагогика негізінде жүргізуді көздейді. Өкінішке қарай, Орталық жақтан қарсылық пен қысымның көкесі көрсетіліп жатыпты. “Біз, бәрібір, үн-түнсіз, айқай-шусыз тірлік істей береміз. Біз ояндық!” – деген еді сонда Егор ініміз. Одан бері, мінекиіңіз, жиырма жылға жуық уақыт өтіп кетіпті. Түбі түркі туыстар не күйде екен деп уайым шегесің. Әлек кешкендей күйге түсесің кейде. Келесі кезекте саха әдебиетінің күндері біз жақта өтпекші еді. СССР тарап, кеңестік жүйе күйреді. Сахалармен байланыс үзілді. Саха Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Саха-Якутияның еңбек сіңірген қайраткері Қалаубек Тұрсынқұловтың өзі ол жаққа баруды сиретті. 94-ші жылдың көгілдір көктемітұғын. Қазы­ғұрт­тың айналасындағы қыраттар құлпыра бастаған. Қазақтың қасиетті даласында қырлар қыруар ғой. Алайда, Қазығұрттың төңірегіндегі төбелер таңғажайып түрге енетін ерекше көктемдер кездесер. Сәуірдің соңына, кейде мамырдың ортасына дейін солай болар. Сол жылы жыраларда сақталған сүрі қарлардың етектеріндегі саршанақ пен бәйшешек жазға дейін жайнаған. Қырлар кілемнен бетер қырмызыланған. Сәуірдің ортасында алпыс жыл­ды­ғын атап өтпекке келген Қалағаңның қасында қазақ, өзбек, қырғыз қаламгерлермен қатар Саха Рес­пуб­ликасының екі келіншегі жүрген. Қазы­ғұрт ауда­ны­ның орталы­ғындағы Мәдениет сарайында, Шарбұлақтағы клубта жүрекжарды жиындар болған. Сонсоң қырларды кезіп кеткенбіз. Шоқ-шоқ шығармашыл зиялылар. Топ-топ оқырмандар. Сай-сайларға жарыса жүгіріп түседі. Қуаныса қуаласып, қырларға көтеріледі. Бар-баршасы бала боп кеткендей. Қимастай қырат төскейінде, тамылжыған табиғаттың кілем-көгалында тұрмыз. Кенет Қалағаңа қарадық-ау сонда. Қарасақ, көңіл-күйі онша емес. “Ойпырай, бұдан артық не керек? Неліктен тұнжырайды? Әлдебір нәрсеге ренжіді ме?” – деп, мазасыздандық. Төменге түстік. Тұрсынқұловтың түнеріңкі жүзі айықпады. Шарбұлаққа оралдық. Дастарқан басында қонақтардың бәрі көңілді отырды. Саханың сұлулары Қалағаңды қатты сағынып қапты. Қайта-қайта құшақтайды. Нағима жеңгеміз рахаттана күледі. Қызғанбайды. “Көптен бері көрмеді ғой сахаларын. Қоя беріңдер, мауқын бассын”, – дейді. Бәрібір, Қалағаңның қабағы ашылмады. Күн еңкейе облыс орталығына оралып келе жаттық. Қазығұрт тауының баурайындағы бір биік төбенің тұсынан өте бергенбіз. “Тоқтайықшы”, – деді Қалағаң. Кілем-көгал өрнектеген кербез беткейге көтерілдік. Бәріміз. Саханың сұлулары Қалағаңды қолтықтап алған. Мерейтой иесінде сәл-пәл қызулық жоқ емес. “Бір сөзім бар, – деді ол кісі сонда бізге қа­да­ла қарап. – Мен сендерге өкпеледім...” Жүрегіміз су ете түсті. Не жазып қалдық екен? Бәрі-бәрі дұрыс секілдітұғын. Шарбұлақтың биігінде ғана байқадық қой. Көңіл-күйінің бұзылың­қы­рағанын. Ойлап-ойлап, азырақ ауырыңқырап жүргендігінен шығар деп түйгенбіз. Сөйтсе-е-е-ек, өкпеледім дейді ғой. Баяғыда Жазу­шы­лар одағы хатшылығына бағы­натын бөлімшені басқардық. Жеті жылдай Қалағаң тікелей бастық болды. Ұйымдастырған шараларымызға кей-кейде көңілі толмағанымен, түнеріңкіреп қана білдіріп, ештеңе айтпай-ақ, ескертпей-ақ кете беретін. “Енді нені бүлдірдік?! Қап!” – деп, қатты қапаландық. Қазы­ғұрт тауының түбіндегі төбе тепсеңінде. “Өкпеледім, – деді Тұрсынқұлов баяу сөйлейтін әдетімен. – Сендер бір дәстүрді ұмыттыңдар. Менің туған ауылым Шарбұлақтың биігінде, кіндік қаным тамған тұста көкке аунататын шығар деп ойлап ем. Күтіп ем. Көп жылдан бері күтіп ем...” Үнсіздік орнады. Тілсіз қаппыз. Бәріміз. Жеңілтектеу бір ініміз сақылдап күліп қоя берді. “Ой, Қалаға, со да сөз боп па? Аунаймын деп айтпадыңыз ба? Әйтпесе, аунай салмадыңыз ба?” – деді. Қалағаң оған одырая, сұп-суық қараған. Сақ-сақ күлген жігітімізді саха келіншектер жақтырмаған. Олар Саха Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Қалаубек Тұрсынқұловтың нені меңзегенін шамалап түсініп қойыпты. Сөйтіп, бәріміз күбір-күбір сөйлестік. Саха келіншектер “Тундара” әнін шырқап қоя берді. Мерейтой иесі мейірленді. Қалағаңның жақсы көретін бауырларының бірі: “Уа, халайық! Ештен кеш жақсы дегендей, бір кем­ші­лі­гімізді түзетуге рұқсат етіңіздер. Мына Қазығұрт тауына ең жақын, ең төре төбенің кілем-көгалына алпысқа толып, ауданы мен ауылына келіп отырған ағамызды аунатамыз!” – деді. Қазақтың қос келіншегі, саханың сұлулары Қалағаңды қоршалап алып жүрді. Аяқ баспаған, бір тал көгі жығылмаған жаққа қарай. Кенеркөк жиегіне жақындаған алау күн алғаусыз арайымен ай­ма­ла­ған алаң­қа­йға. Ағам­­ыз аунады, кетті. Аунады, кетті... Орнынан тұрған сәтте ше, қайран Қалағаңның қабағы шайдай ашықтұғын. Екі езуі екі құлағында. Жалтыр төбесін жасырғысы келіп маңдайын орай қайыра беретін жарты уыс шашы жалбырап кеткен. Біреуі үлкендеу, екіншісі қысықтау көздері шоқтай жайнайды. Сәуір көгалының кешқұрымғы шықтары ма, әлде толқыныс жасы ма, әйтеуір бетіндегі бірер тамшы сансыз сызықтар бойымен сызашықтана сырғыған. Сол көрініс күні бүгінге дейін есімде. 2. Қалекең. Қалдарбек Ол кісі орнынан кеткенде біртүрлі боп қалғанбыз. Қалекең. Қалдарбек Найманбаев. “Білім және еңбектен” білетінбіз. Журналдың бас редакторы екенін. Өзін көрмегенбіз. Кейіннен “Қоштасқым келмейді” деген дүниесіне ғашық болдық. “Бастауынан” бас алмай сусындадық. “Беймаза қонағына” таңырқадық. “Аптабы” мен “Шілдесіне” қыздырына қызықтық. “Көктөбесіне” көтеріліп, көкеміздің көркемдік әлеміне сүйсіндік. Қазақстан Жазушылар одағының екінші хатшысы кезінде жақынырақ болыңқырадық. Жұмыс жағдайымен. Облысаралық бөлімшеге келгенбіз. Кейіннен Қалекең Одақтың бірінші басшысы болып сайланған. Біраз жылдар бойы жап-жақсы жұмыс істеген. Енді, міне, орнынан түсті. Қалекең сияқты сұлу, сымбатты, сырбаз, сері кісіге қызметтен түсу тым-тым қиын секілді сезілді. Қиналғанымыз рас. Орнынан босап қалған Қалдарбек Найманбаевқа арада апта өтер-өтпесте телефонмен қоңырау шалғанбыз. Жүрексініңкіреп. Даусының түсі іріп тұрған жоқ. Жаман емес сияқты. “Ой, айналайын. Менің хабарласқалы отырғанымды қайдан біле қойдың?! Жүдә жақсы болды ғой өзіңнің іздегенің”, – деді. Үнінен түк білдірмей тұр. Әде­йілеп әуендетіңкірейтіндей. Алайда, ах-ха-халап күлмеді көкеміз. Әдеттегі, әдемі күлкісін естігіміз келеді-ақ. “Былай ғой, – деді жадыраңқы даусын одан бетер нықтай түскен Найманбаев. – Осы жа­қын арада ауыл жаққа барсам деген ойдамын, ай­налайын”. “Келіңіз, Қалеке, келіңіз”. “Келгенде, былай, айналайын. Ештеңенің керегі жоқ. Қи­нал­мағын, жарай ма? Ешкімге айтпағын, жарай ма? Екеуміз ғана, емін-еркін ғана Келеске соғайық. Сосын Шардара. Төрт-бес күнде қайтамын, жарай ма? Түсіндің бе?” “Түсіндім, Қалеке. Жарайды, Қалеке”. Хабарласқанымызға қатты қуанғаны даусының түсінен анық білініп тұрды. Қалекеңнің қуанғанына біз де қуандық. Баяғыда, 70-ші жылдардың басында аудандық газетте едік. “Маяк” деп аталатын орысша басылым басты орында. “Шамшырақ” – қазақша аудармасы ғана. Біздікі тәржіме тірліктұғын. Редакторымыз Василий Иванович Поправко деген кісі. Жалпы алғанда, жаман адам емес еді. Еркіндікті жарататын. Батыл сөйлейтін. Аупарткомға жалтақтай бермейтін. Көп оқитын. 77-нің күзіне таман орнынан алынды. Күтпеген жерден. Төтенше түрде. Пәрмен сонау Мәскеу жақтан секілді. Сөйтсек, Андрей Возне­сенский дейтін атақты ақынның шатақты поэмасы біздің газеттің машинкасында басылыпты. Сол күйінде біраз жерлерге тарапты. Көбейтіліп. КГБ-ның кісілері ұстапты. Десті. Әйтеуір әкеміздей көрінетін редакторымыз табан астынан түсті де қалды. Үрпиістік. Бір-бірімізге үрке қараймыз. Жұма күні естігенбіз. Сенер-сенбесімізді білмегенбіз. Сенбіде ойланып, жексенбі күні экс-редактордың үйіне бардым. Жол-жөнекей гастрономға қайырылып, Мәскеудің айрықша арағын алғам. Бір шөлмек қой. Василий Иванович мені көріп, еңкілдеп жылап жіберді. Қызу ма дейін десем, ондайы байқалмайды. Ішімдік жағына кетәрі емес қой, айрықша араққа айрықша босады ма десем, шөлмек жаққа тіпті назар салмайды. Шынымен-ақ менің келгеніме қуанғандай. Біраз жылап алып, диванның төріне отырғызды. Қайта-қайта құшақтайды. Арқамнан қағып қояды. “Верный ты ученик мой!” – деп, жанарлары қайтадан жасаурайды. Бірте-бірте білдірді ғой, үш күннен бері үйіне біз жақтан бір адам бас сұқпапты. Жайшылықта жандайшаптанып, жағымпазданып жүретін төрт-бес кісі бартұғын. Аудандық газетте. Ат ізін салмапты. “Нағыз адал шәкіртім сен екенсің ғой!” – деп түннен қалған борщты ысытты. Екеуміз екі-үш сағаттай сырластық. Енді өзін ешқандай редакторлыққа ешқашан бекітпейтінін, қара тізімге тіркелгенін айтып, терең-терең күрсінді. “Оның бәрін қойшы. Бәрінен бұрын үш күн, үш түн бойы бір қызметкерімнің келмегеніне күйінемін. Верный ты ученик мой!” – дейді Поправко. “Василий Ива­нович, анау Андрей Вознесенскийдің шығар­масы не туралы еді?” – дедім. Бұрынғы редакторым айна­ла­сына жалтақтап қарап: “Т-с-с! Сен сұрама. Мен ләм-мимсізбін”, – деді. “Келгеніңе рахмет. Кел­геніңе мың да бір рахмет! Сен келмегенде не бола­тынымды білмеймін”, – деп қалбалақтап шығарып салған сонда. Бұрыннан-ақ бастық болып тағайындалғандарды жалбақтап барып құттықтауға жоқпыз ғой. Поправконың жағдайынан кейін орындарынан алынғандарға жанымыз ашып, жан­дарына жақын­даң­қырап, жұ­батқымыз келіп тұратыны растұғын. Қалекеңе тездете телефон шалып, хал-жағдайын сұрауымыздың себебі содан. 70-ші жылдардан былай қарата қаншама замандар өткенімен, Поправконың пұшайман күйі көз алдымыздан кетпейтін. Қалекең келісілген күні таңертең пойыздан түсті. Сол сымбатты, текті тұрпатта. Тіп-тік. Жіптіктей. Жұтынып тұр. Ақ күміс шашы, сәл-пәл сығырайта, қиықтарымен қарап алып, жыпылықтата жөнеліп, қалт қадалатын көздері. Шуақ шашыратар жып-жылы жымиысы. Алайда, ах-ха-ха-лайтын күлкісін аңсаған күйімізде көлікке отырып, Келеске тарттық. Бірталай жылдар бұрынырақта әдебиетті насихаттау бюросының жолдамасымен келгені, тап осылай Келеске кеткеніміз, одан Шардараның шеткі шаруашылығына дейін аралап қайтқанымыз есімізге түскен. Қалекеңмен бірге Сырбай аға Мәуленов бартұғын. Сарыағашта сан мәрте демалған, емен-жарқын ем алған Сырағаң Қалекеңді ерекше ерке­ле­теді екен. “Қалдаш!” деп алып, күркірей өлең оқы­ған. Асанқайғы атамыздың “Екі Келес, бір Тала­сының” мәнісін түсіндірген. “Қалдаш!” деп қойып, Алматыдағы ай мүйіз ағаларымыздың аңғал міне­з­де­рін кейіптеп көрсеткен. “Титімдей ғана Тоқаштың кең көсілген Келесін қараңдаршы!” – деп, биік белестердің бірінде темір көліктен түсіп, шоқының басына көтерілген. Шардара теңізінің жағасында күректей қолымен інісінің иығынан бүріп ұстап, әлдебір әзілімен күлдіріп: “Қалдаш, қандай балықты жақсы көресің?” – деген даусына дейін күмбірлеп құ­лақта тұрғандай. “Сыраға, Сырдың шағын ша­бағынан бастап қылқансыз қаражонына дейін қыл­ғытамыз ғой!” – деп еді сонда қаламдас бауыры. Ах-ха-халап. Бір емес, бірнеше рет. Қайта-қайта ах-ха-халап. Күлкісін үстін-үстін үстемелете еркелеп. “Ай, Қалдаш! Аяусыз асайтын акула болдың ғой онда”, – дейді ах-ха-хаға кеңкілін, сонсоң сылқылын қосатын Сырағаң. Сырдарияның жағасында Сырағаңның зорайып, Қалдаш ағамыздың сорайып тұрыстарының өзі ғажайып ғанибеттұғын. Кейініректе Қалекең Діләрә жеңгемізбен бірге Бағараға бара жатқанда екі күнге кідірген. Шым­кент­те. Ойхай, ағалары, дос-жарандары, інілері жетіп-артылады ғой. Бірақ, бізбен бір күн бойы бірге жүрген сонда. Кітап қарағанбыз. Қайран-ай, Шымшаһарыңызда ескілі-жаңалы жап-жақсы кітап дүкендері көп болушы еді. Ерінбей аралайтын. Діләрә жеңгемізбен жүрген сапарында Сайрамға, сансыз бабтар кесенелерінің бірқатарына барған. Зиярат еткен. Сонсоң Сайрам ауданындағы Ақ­су­кент ауылының әмбебап дүкенін қызыға көрген. Мұнда басқа жақтардан, өзге сауда-саттық орын­да­рынан табыла қоймас әлдебір нәрселер кездесіп қа­латын. Сол жолы Қалекең жеңгеміз екеуі не­ме­ре­леріне бірдеңе іздеп жүргендерін білдірген. Ал­мат­ы­ңыздан, жол-жөнекей Жамбылыңыздан, тіпті оның ар­ғы жағындағы мақтай берер Меркіңізден кез­деспеген көрінеді. Сәтін салып, кенет Ақсукенттен табыла кеткенін қараңызшы! Қалекең балаша шаттанды. Немересін Қалекеңнің қаншалықты жақсы көретініне қайран қалғанбыз. Мінекиіңіз, енді соның бәрін көз алдымыздан тізілте өткізіп, Келеске келе жатыппыз. Күні кешелер ғана Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының бірінші хатшысы еді. Енді... Бұрынғы “Келес” кеңшарының кішкенелеу қонақ үйіндеміз. Шипалы суы өзгешелеу. Са­ры­ағаш­тың суынан басқа. Бес-он минөт ван­насында жатсаңыз, сергіп шыға келесіз. Қунап, қутыңдап қаласыз. Қалекең мұны жақсы біледі. Бұрыннан-ақ. Келестің екі-үш жігіті, үш-төрт ке­ліншегі құрақ ұшып күтеді-ай. Қалай да Қалекеңнің көңілін кө­тергілері бар. Оның орнынан түсіп қалғанынан ха­бардар. Бірақ ештеңе болмағандай, ол мәселе туралы ләм-мим демес. Мінәйі мінездер. Шынайы ықылас. Келесте солай. Көктемтұғын. Келестің көктемі ке­лісті ғой, шіркін. Сәуірдің соңында тал-теректердің жа­пырақтары жаңа-жаңа жайылып, шайырларынан арылып, әтірге бергісіз хош иістерін бұрқыратар. Өрігіңіз түйін тастап үлгерер. Ал алманың бұйраланған бұтақтарында ақшылтым гүлдер толайым-тұтас жабыла қоймаған. Шабдалыңыз да солай. Мақта алқаптарында қосқұлақтанған қоза тербелер. Жүзімнің бойында бүршік сыздар. Көктемнің саумал самалымен қосыла ән шырқалды. “Келес, Келес, Келеске. Келес кер­без емес пе?! Осы отырған отырыс, бір ғанибет емес пе?” – деп, келіншектер Қалекеңді қо­сыл­ма-қайым айтысқа шақырды. Ол кісінің оты­рыстарға қатысқанын, қалада болсын, алыс-алыс аудандар мен ауылдарда болсын, талай-талай, түрлі-түрлі дастарқандардың басында ду-ду әңгімелерге, гу-гу қызықтарға қызу араласқанын көргенбіз. Езіліп көп отырмас. Көп сөйлеп жалықтырмас. Бірақ, бөтенсімес. Жатырқамас. Әдеті мен әдебі кере­мет­тұғын. “Әдебиеттің өзі – әдеп емес пе? А-а-а!” – деуші еді. Ауызекі сөйлеуінде де, көркем жазуында да таптаурыннан тар­тынатын-ды. Тың өрнекке құнығатын. Құнарға құштартұғын. “Келес” кеңшарының кішкене қонақ үйінде кенет әндетіп қоя берді-ау Қалекең. Әлгі келіншектердің сайыспаққа шақырғанын әбестеу санап, ыңғайсыздана бастағанбыз. Көңіл- күйі анау айтқандай биікте еместігін білдірмейді, әрине. Алайда, айтыспаққа ахуалы жоқ қой. Әу дегенін есті­ме­ген ек қой. Келіншектер бүлдірді-ау, деп тү­йіп, түйіліңкірегенбіз. Кенет Қалекең тамағын кенеген. Әндетіп кеп-кеп жөнелген. Рас, алғаш үні құмығыңқырап естілді. Сәлден соң-ақ ашылды. “Қоғалы-айдың” әуеніне салып, жанынан шығарып, төрт-бес келіншекке төрт-бес шумақ арнаған. Өкінішке қарай, іштей жаттадық-тағы, түртіп алуды түнде де, кейін де ұмытып кетіппіз. Келіншектер тағы да талай-талай ән шырқаған. Шәмшіден. Нұрғисадан. Әсет­тен. Ал айтыста Қалекеңнен жеңілгендерін мойындасқан. Сол түні біраздан бері алғаш рет ағамыз ақжарылқап ах-ха-хасын қайта тапқандайтұғын. Ах-ха-халаған әдемі күлкі. Қалекеңнен басқада қайталанбас. Тек сол кісіге ғана тән. Өзіне ғана жарасар. Келесте қайта оралған. Келестіктер ертеңіне Шардараға қарай шығарып салды. Сәуірдегі жота-жондар жайнап кеткен. Ойпаңдарда өзгеше түс. “Жыңғыл гүлдепті ғой”, – деді Қалекең қуанып. Шардарада шабыттана түскен. Шағалаларға қайта-қайта қадалады. Жастық шағында көп жүр­ген көшелерін кеземіз. Жиекжолдары жо­ғары, шаң-тозаңы кемтұғын. Шардара теңізінің әсері шығар. Қалекеңе әзер ілесесің. Қадам­да­ры нық. Бойы биік. Тіп-тік. Жіптік. Жүрісі сәнді. Елде жоғырақ жалт-жұлт еткен туфлиі тап-таза. Жұрттарыңыз қайырылып тұрып қарайды. Талайлары таниды. Ешкімге білдірмеу туралы тапсырмасы бар. Әйтпесе, естісе, жүгіріп жететіндер табылады. Шардара ша­һа­рының базары қызық. “Жалпы, қай қала­ңыздың да базарында әйтеуір бір өзгешелік кездеседі”, – деп қояды Қалекең. Сауда жасаушылардың бәрі бұйымдарын ұмытып, біздің ағамызға аңтарылады. Ағамыз ах-ха-халайды. Ақ шашы қалай жарасады десеңізші! Айтпақшы, қайбір жолы “Қазақ әдебиеті” газетінен Қалекеңнің сүйікті інісі Есенғали Раушановтың “Ақ жал арғымақ” атты естелігін оқып, тамсана таңырқағанбыз. Ұмытпасақ, екі жыл бұрын-ау. Газет тігіндісін ақтардық. Міне, таптық. “Ақ жал арғымақ” дейді Есенғали бауырымыз. Ой­пырай, қараңызшы дәл діттегенін! Дөп түскенін. “Қалай десек те, оны әйелдер, сұлу әйелдер ерекше бағалады, қатар жүрген еркек­тердің оны ұнатпағаны, тіпті жек көрген тағы бір себебі сол болар. Ол әйелдерге нағыз еркектің көзімен қарап, қайталап айтамыз, нағыз еркекке ғана тән қасиеттерімен көріне білді. Ол қандай қасиет­тер десеңіз – асқақтық пен кішілік еді. Асқақ бола тұрып кіші бола білу, әсте жігіттің жігі­тінің ғана қолынан келетін шығар...” дейді Есен­ғали. Тағы да бүй дейді: “Қалекең, рас сері болды, қазақтың бір жігіті сері болса Қалекеңдей-ақ болсын, бірақ ол мен білген жерде ешкімнің көз жасына қалған жоқ және әлдекімдер секілді мунафиқ та емес еді. Серілік пен рухани тозғындықтың ара парқын ол қай-қайсымыздан да жақсы білетін. Өзі айтпақшы, “өмірінде жүз сомнан артық айлық алып көрмеген” можантопай ағаларымыз оған жаман сәуріктің үйір басында жүрген сұлу ақ жал айғырға қарағанындай қызғана да, қызыға да, жек көре де қарайтын. Иә, жек көре, бірақ жиіркене емес”. Жазушылар одағының екінші хатшысы кезінде кенеттен телефон шалды. “Қызыл­ор­даға Сағи Жиенбаев екеуміз ұшамыз. Сен көп­тен бері бармапсың ғой. Ұшып шықсаңшы. Қос ұшақ бір мезгілде дерлік қонады. Жүдә жағ­дайың болмаса, қиналмағын. Жарай ма?” Ұштық та кеттік. Ол кезде ұшақ көп. Билет арзан. Асқар Тоқма­ғам­бетовке арналған іс-шара ірі деңгейде өтті. Банкет берілді. Мейманханаға түнедік. Ерте­ңіне екеуіміз бір келіншекпен кездестік. Сағи ағамыз басқа тірлікпен кеткен. Әлгі келіншекті мейрамханаға шақырды. Сәскетүстің тұсында. Шіркін-ай, ондай сұлу жанды бұрын-соңды көрмеген шығармыз. Қалекеңе жетеғабыл ұзын бойлы. Тал­дырмаш. Қыпша бел. Солай бола тұра қос анары жұқа киімінің кеуде тұсын қалай-қалай түртеді десеңізші. Ал енді үлкен-үлкен көздері ше?! Ұзын-ұзын кірпіктері ше?! Актриса екен. Мейлі ғой. Мұндай көркемдікті де, ин­теллектіні де Жаратқан ие бере салады екен-ау. Деп ойладық. Қызылордада қар жауып тұрған. Ыз­ғарлы жел бартұғын. Үшеуміз көшеге шық­қанда жапалақтаған қары қалып, желі тұншықты. Ызғарыңыз ығып кетті. Айналайын Ақмешіт жылып жөнелді. Біраз қыдырдық. Ағамыздың ах-ха-халап күлгенінің кереметін-ай сондағы. Әдемі келіншек әуежайда қол бұлғап қала берген. Қалекең сұлулыққа сезгіртұғын. Көр­кем­дік­ке басын иетін. Өмірде де, өнерде де. Көп жыл өткен соң “Күншілдік” деген кітаптың авторы,  қаламгер Немат Келімбетовтің оқыр­ман­дар­мен кездесуіне қатыстық. Сол кісі сұраққа орай: “Бізде егделеу ер кісі мен көркем келін­шек­тің немесе сұлу қыздың қатар қыдырғанын, сұхбаттасып отырғанын, шүйіркелескенін байқаса, бірден бөтен ойлайды, басқа жағдаятқа жориды. Нағыз озық ойлы жұрттарда ондай-ондайдың оғаштығы жоқ. Рухани биіктіктерде достасуға, сырласуға, парасатты белестерде пікірлесуге неге болмайды? Кім-кімге де, кім-кіммен де”, – деген пікірін есті­ген­де, Есенғали ақынның “Ақ жал арғы­мағындағы” серілік пен сұлулық, рухани озғындық пен тозғындық туралы толғамдары, Қалекең хақындағы қоры­тын­дылары ойға оралған. Сонсоң, әрине, Қы­зылорданың сол бір қысындағы жанымызды жаз еткен сұлулықтың суреті жадымызда жаңғырған. Сөйтіп, сол бір көктемде Шардара теңізінің жағалауындағы “алтын жағажайда” Қалдарбек Найманбаев үш күнін өткізген. Су салқындау­тұ­ғын. Сәуірде шомылуға болмайтын. Балағын түріп, теңіз толқындары тізесінен келіп, күні бойы қиял кешетін. Ыңылдайтын. Кейде бар даусымен ән шырқайтын. Ара-арасында құм­дауыт қырларға шығып, сексеуілді сипайтын. Жыралардағы жыңғылдардың қызғылтым гүлдеріне қызығатын. Қайта оралғанда көңілденіп, рахаттана ах-ха-халайтын. Алматыға барғаннан кейін көп ұзамай-ақ “Егемен Қазақстанның” екі нөміріне “Жың­ғыл гүлдегенде” деген жолжазбасы жария­ланған. Кейіннен Қалекең Авторлар құқығы жө­нін­дегі агенттікті, “Жазушы” баспасын басқарды. Дүние жүзі қазақтары қауым­дастығын құл­пырт­ты. Әлемнің түкпір-түкпіріндегі қан­дастарымыз баяғы Сырағаңша: “Айналайын алтын Қалдаш!” – десті. ...Қалекең Қазақтың Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театрының алдында, табытта жатты. Ағалары: “Қош, қарағым Қалдаш!” – десті. Іні-қарындастары: “Бақұл болыңыз, Қалеке. Керемет көркем кісі едіңіз”, – деді. Көкеміз Кеңсайдан топырақ томпайтты. Қазақ: “Тірілер өлген адамның көзін жабады, өлілер тірі адамның көзін ашады” – дейді. Әлбетте, рухани мұралары мол, ізгілік пен іңкәрліктен із қалдырған Қалекеңнің бұл орайдағы орны орасан ғой. Мархабат БАЙҒҰТ ШЫМКЕНТ.