Кеше Ақордада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанға ресми сапармен келген Сербия Республикасының Президенті Томислав Николичпен кездесті. Ресми қарсы алу рәсімдері аяқталған соң, екі мемлекеттің басшылары алдымен шағын, одан әрі кеңейтілген құрамда келіссөздер жүргізді.
Қазақстан мен Югославия одақтас республикасы (Сербия оның құқылық мұрагері) арасындағы дипломатиялық қатынас 1996 жылдың 10 желтоқсанында басталған. 2011 жылдың 23 маусымында Астанада Сербияның елшілігі ашылды. Ал 2014 жылдың 4 ақпанында Сербияда Қазақстан елшісі қызмет ете бастады.
Екі ел арасындағы жоғары деңгейдегі сапарлар 2010 жылы басталып, қазан айында Сербияның сол кездегі Президенті Б.Тадич Астанаға ресми сапармен келіп, Елбасы Н.Назарбаевпен кездесу өткізген болатын. Одан басқа кездесулер Сыртқы істер министрлігі басшы қызметкерлерінің деңгейінде болды.
Екі елдің арасындағы сауда-экономикалық байланыстарда Қазақстаннан Сербияға машиналар, жабдықтар, минералды және азық-түлік өнімдері шығарылса, импорттың үлесінде ағаш өнімдері, химия өнеркәсібінің тауарлары, тоқыма және тоқыма өнімдері басым екендігі байқалады. Бүгінгі күні Қазақстанда серб капиталының қатысуымен 20 БК тіркелген. Олар негізінен құрылыс пен сауда саласында жұмыс істейді.
2010 жылғы Сербия Президентінің Қазақстанға сапары барысында сауда-экономикалық ынтымақтастық бойынша үкіметаралық комиссия құрылған. Алдын ала айта кететін болсақ, кешегі кездесуде алдымыздағы жылы осы комиссияның алғашқы отырысын өткізу туралы келісімге қол жеткізілді.
Ал өткен жылдың мамыр айында Сербияда болған су тасқынының салдарын жоюға Қазақстан Үкіметі гуманитарлық көмек жіберу туралы шешім қабылдап, 10 вагон жүк аттандырған.
Мемлекет басшыларының кездесуінің барысында сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты қарым-қатынас мәселелері талқыланды. Екі ел басшылары халықаралық мәселелерге қатысты да пікір алмасты. Елбасымыз Қазақстанның Сербия Республикасымен сындарлы қарым-қатынасты дамытуға мүдделі екенін атап өтті. Біз қарым-қатынастарымызға тың серпін бере аламыз деп санаймын. Бүгін бизнес-форум да өтеді, онда елдеріміздің іскер топтары өзара тығыз байланыстарды жолға қоя алады, деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Т.Николич Қазақстанға шақырғаны үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа алғыс білдірді және Астананың ауқымды даму қарқыны өзін тәнті еткенін айтты. Сондай-ақ, ол Қазақстан халқын «Астана» футбол клубының УЕФА чемпиондар лигасының топтық кезеңіне өтуіне байланысты құттықтады.
Кездесу соңында Т.Николич Нұрсұлтан Назарбаевқа Сербия Республикасының орденін тапсырды. Мен бұл орденмен Сізді елдеріміздің арасындағы қарым-қатынасты нығайтуға қосқан үлесіңіз үшін ғана емес, өз халқыңызға жасап жатқан игіліктеріңіз үшін және Қазақстанның халықаралық құқық қағидаттарын сақтаудағы табандылығыңыз үшін марапаттап отырмын. Сіз – әлемдік ауқымдағы, сирек санаттағы көшбасшысыз, деді Сербия Президенті.
Келіссөздер аяқталған соң, Қазақстан мен Сербия арасындағы ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге бағытталған екіжақты құжаттарға қол қойылды. Оның біріншісі – екі елдің Үкіметтері арасындағы халықаралық автомобиль қатынасы туралы келісім. Екіншісі – екі елдің Үкіметтері арасындағы табыс пен капиталға салынатын салықтарға қатысты қосарланған салық салуды болдырмау және салық салудан жалтаруға жол бермеу туралы конвенция болды.
Осыдан кейін мемлекеттер басшылары журналистерге арнап мәлімдеме жасады. Онда Қазақстан Президенті Н.Назарбаев жоғары деңгейдегі екіжақты кездесу екі мемлекет арасындағы саяси, экономикалық және рухани байланыстардың одан әрі дамуына тың серпін береді деп санайтынын жеткізді. Сонымен қатар, Елбасы Сербияның Қазақстан үшін Еуропадағы маңызды елдердің бірі болып табылатынын айтты. Келіссөздер барысында біз екі елдің ынтымақтастығын жандандыра түсу барысында қандай әлеуеттерді іске қосуға болатынын анықтадық. Біздің елдеріміздің арасында өзара сенімді қатынас орнаған. Сондықтан біз өзара қатынасымызды арттыра түсу керектігі туралы келістік, деді Н.Назарбаев.
Сонымен қатар, Шығыс Қазақстан облысы мен Сербияның Златогорский өлкесі арасында экономикалық ынтымақтастық орнату туралы меморандумға қол қою келісілді. Біздің елдеріміз аймақтық және халықаралық саясаттың көптеген өзекті мәселелері бойынша біртекті ұстанымдамыз, дей келіп, 2017-2018 жылға БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болуға және ДСҰ-ға мүше болуда Сербияның Қазақстан кандидатурасын қолдағаны үшін алғысын білдірді. Сонымен қатар, Қазақстанның 2015 жылға Сербияның ЕҚЫҰ-ға төраға болуын қолдағанын жеткізді.
Өз кезегінде Т.Николич Сербияның Қазақстанмен ынтымақтастықты дамытуға мүдделі екендігін жеткізді. Ол Қазақстанға біржақты тәуелсіздік жариялаған Косово шешімін мойындамағаны үшін алғыс білдіретінін атап өтті. Сонымен қатар, Қазақстанның халықаралық деңгейдегі саяси мәселелерде Сербияның ұстанымын қолдайтындығы үшін де риза екенін айтты. Ал экономикалық ынтымақтастықтарды одан әрі дамытуда екі елдің арасында ашылмаған әлеуеттер көп екені аталды.
Сонымен, келіссөздер екіжақты ынтымақтастыққа тың серпін беретін келісімдермен табысты аяқталды.
Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан».
Суреттерді түсіргендер
С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.