__________________
КӨЛІКТЕГІ КҮМІЛЖУ Екіленіп, екпіндеп, жүдә қайтпадым, Қызуланып, құлшынып, мен не айтпадым: – Тек ақша жинауды білесіңдер, Қол жайып, қайыршыға ұқсап жүресіңдер. Сендердің көздерің соқыр – Түрегеп тұрған кемпір-шалды көрмейді, Ал жастар өздігінен орын бермейді. Сөздерің шұбар, ешкім ұқпайды, “Кунаевамен жүреміз” дейсіңдер, Тілдеріңе неге сүйел шықпайды?! Мәдениет дегенді қаперге ілмейсіңдер, Аялдаманы хабарлауды білмейсіңдер. Тірліктеріңнің бәрі бір түрлі, Тіпті киімдеріңе дейін күлкілі, Бірыңғай үлгі жоқ – Ала-құла боп жүресіңдер. Шындықтан мен қашпаймын, Бәріңе бірдей топырақ шашпаймын. Бірақ көбісің сондайсыңдар, Тек жолақыны ойлайсыңдар, Әй, түбі оңбайсыңдар... Айттым кеттім, айттым кеттім, Еш тоқтамадым, Әбүйір болғанда – боқтамадым! Ал, бақылаушы, бедірейе қарап тұр бетіме, Қан шығатын түрі жоқ – Ет кесіп алсаң да етінен. – Вообще, мен жұмысымды білемін, Планды асыра орындап, Постоянно премия алып жүремін. Если автобус ұнамаса – есік анау тұр алда, Тез шық та – такси жалда! Өстіп тұрғанда аялдамаға да жеттім, Сөз ұқпайды екенсің деп, Қол сілтеп түсіп кеттім. Енді бүгін шекем тырысып, Кешегі тірлігіме отырмын қысылып, Ой, мұндай белсенділігі құрысын. Кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс, Миым сірә жетпеді. Әлгі әйелдің шаңытқан сөзі, Ақшиған көзі көңілімнен кетпеді. Слам НҰРМАҒАНБЕТҰЛЫ. Шымкент.________________________
САЛЫСТЫРЫП КӨРСЕК Батыстағы елдің тірлігіне таңдай қаға тамсану әдетке айналды. Қарапайым алған затының өзін “батыстікі” деп кергитінімізді қайтесің. Әй, қайбір жақсылық дейсің! Намыстан жұрдай болып бара жатқанымыз шымбайға батады. Ал, салыстырып көрелік!.. Ондағы, батыстағы кедей-кепшік пен біздегіні салыстырып көрші... Біздегі кедей-кепшік құрығанда жоғары оқу орнын бітірген! Мәселен, ана базар алдындағы “көмектесе көріңдер” деп зарлап тұрған келіншектің өзі “зарлауын” бірнеше тілде сайрап сай сүйегіңді сырқыратады. Базар аралап бақылап, кейбірін тілге тартып көрші... инженерің де осында, екінің бірі мұғалім, не дәрігер – іздеген мамандық иесін табасың... Алдыңда тұрғанды алқам-салқам киімінен, тұнжыраған түрінен кім екенін біліп болмайсың. Ал тілге тартып “тірілтіп” көрсең... академигің де алдыңда отырады... Істеген ісін, бір кездегі бітіргенін айтқанда көз жасы етегіне төгіледі. Алған атағы, жазған мақаласын естіп есіңнен танасың. Ал ана батысыңда кедей-кепшік – жатыпішер жалқау, кері кеткен кезбе, не білімі жоқ, не тірлікке бейімнен тырдай тірі пенделер. Бізде кедей-кепшіктің кейпіне түсе алмайтын мамандық иесі болмайды. Бір кездері атағы анағұрлым болған әртісің де, жазушыларың да, ұлттың бетке ұстары да осы құрамнан табылады. Біздегі кедей-кепшіктің жан-дүниесі жалын! Шетінен отаншыл, патриот. Қай-қайсысыда: – Атамыз да, әкеміз де кедей-кепшік болса да өз жерінен ешқайда кетпеген. Біз де осында туылдық, осында жерленеміз! – деп жер тарпи кеуде соғады. Біздің кедей-кепшіктің жан-дүниесі ғана емес, күш-қуаты да ғажап! Өйткені, олардың ортасында бір кездердегі чемпиондар жүздеп саналады. Қайсы бірін айтайын, бізде-гідей кедей-кепшікті ана “батысың” ит қосып іздесе де таба алмайды. Сондықтан да батысқа бас иіп, бақалшы бола бермеген жөн! Өзімізде де мақтануға тұрарлық артықшылықтарымыз жетіп артылады. Анатолий ТРУШКИН. Аударған Бақтыбай ЖҰМАДІЛДИН._________________________________
СҰРАҚ-ЖАУАП Бір кісі жұмысқа орналасуға келеді. – Бұрынғы қызметіңізде қанша уақыт істеп едіңіз? – деп сұрайды одан. – Он жыл. – Ол жерден не себепті шығып кеттіңіз? – Амнистия бойынша... * * * – Бір көргеннен ғашық болып қалу мүмкін дейді. Одан қалай сақтануға болады? – Жақыннан, тағы бір рет анықтап қарау керек. * * * – Отағасы, дүкенге шықтым, саған тәттіден бір нәрсе алайын ба? – Әрине, жаным. Сыртта тайғанақ, сындырып алып жүрме... * * * – Үйленгенге дейін әйелімді жақсы көретінім соншалық, жеп қойғым келетін де тұратын. – Қазір ше? – Сол кезде жей салмағаныма өкінемін... * * * – Әскерге шақыру бөлімшесі ме екен? Мені әскерге аласыздар ма? – Алғанда қандай. Қазір қайдасың? – Түрмеде едім. * * * – Дағдарыстан шығу жолында Үкімет қандай шаралар атқарып жатыр деп ойлайсыз? – Пікірімнің арасында қышқылтым сөз араластыруға бола ма? – Әрине, болмайды! – Онда үндемей-ақ қойғаным жөн болар... * * * – Арақты, темекіні, әйелімді бір-ақ күнде тастадым! – Әйеліңді не үшін тастадың? – Бұндай бақытқа ие болуға ол тұрмайды! АУЛАҚ ЖҮР – Балам, кеше бақта темекі шегіп тұрғаныңды көршілер көріпті... – Кеше бақтың маңайына да жоламадым. – Алдыңғы күні көшеде біреулермен жағаласып жатқаныңды жұмыстас әріптесім айтып келді. – Алдыңғы күні көшеге аттап та шыққан жоқпын... – Өткен жұмада көрші қыздың терезесіне тас лақтырып, әйнегін күлпарша сындырыпсың... – Түсінсем бұйырмасын... – Ау, сонда жұрт сенің үстіңнен сөз айтып, неге мазамды ала береді?! – Папа, ұмытып қалдың ба, мен “он бес күндіктен” таңертең ғана босанып келдім ғой... – Өтірік айтып жала жапқандардың іші жарылсын! Біреулермен жағаласудан, темекі шегуден, терезе сындырудан аулақ жүр, айналайын... ҚҰДАЙДЫҢ БЕРГЕНІ – Ұлым, ала жіпті аттама! Еңбексіз табылған зат бойға сіңбейді. Біреудің автоқалам, дәптері түсіп қалса апарып бер. – Сөйтем, әке! Бірақ, кеше көшеден тауып алған бес мың теңгені сіз неге полицияға апарған жоқсыз? – Ой, ұлым-ау, ол құдайдың бізге берген несібесі ғой. Аузыңнан шығарып жүрме... Ерғали АБДУЛЛА. Қызылорда облысы.________________________
«ЖЕҢ»-«ДАН» БАНКІ Зейнеткерлікке шыққан екі құрдас әңгімелесіп отыр. – Кезінде айлық бар, басқасы бар, ырымдап-жырымдап, алдымызды ойлап банкіге ақша салып отырғанымыз тәуір болыпты. Әйтпесе мына шыққан, зейнетақы ақыр-тақыр құртқандай екен-ә... – деп Ілдебай құрдасына сынай қарап еді: – Әлбетте ақылдылық болған, – деп Қилыбай келте қайырды. – Құдай-ау, пәлен жыл үзбей айына аударып отырғандағым қазір мардымсыз бірдеңе! Әлгі инфляция кезінде ескеріледі дегені айдалада қалды. Осы сенде айына аударып отырдың емес пе? – Кейде айына, кейде алты айда, кейде реті келіп қомақтыға қол сұғыла қалғанда – кесіп кесек күйінде лақтыра салатынмын. – Айлығымыз да шамалас болды, көлденеңіміз де көз алдымда, дегенмен қазіргі тұрмысың дүрілдеп кеткеніне таңым бар? – Кезінде “аударып” дұрыс жасаппыз. Екі “банкім” бірігіп зәулім саяжай салып берді. – Дәурен сенікі, жылына екі рет санаторий барып сайраң саласың. – Екі банкім жылына кезектесіп бір реттен жіберіп тұрады. – Тау-тасқа мінетін “Джипің” бір бөлек, былайғы былқ-сылқ көлігің мынау. – “Джипті” – “Жең” банкі, мынаны “Дан” банкі мінгізді. – Е, сенде кезінде екі банкіге салып па едің. Менде екі банкіге, біреуіне доллармен, екіншісіне теңгемен аударып тұрдым. Сен де сөйткен боларсың? – Есімде жоқ… Қалай реті келеді, солай беріп отырдым… Оларға да бәрібір, бет-жүзіне қарамайтын, лақтырғаныңа риза, аз да, көп те демейтін. – Байқаймын, қызметтегі кезіңнен қазіргі тірлігің көш ілгері кеткен сияқты? – Иә, банкім аман болсын. Барым да, базарым да солар. Не ішемін, не жеймін демеңіз, тек аман-есен болып ұзақ ғұмыр кешіңіз. Біз аман болсақ қамсыз боласыз дейді. – Сонда кезінде оларға қанша қаражат, қанша пайызбен салып едің!?. – Бергенімді қанағат тұтты… Пайыз туралы әңгіме болмады… – Ойпыр-ай-ә, олар қай банкі еді-ей!? – “Жең” мен “Дан” банкі… – Талай банкі болды, “Жең”-“Дан” дегенді естімеппін..? –“Жең” – Жеңіс – үлкен ұлым, “Дан” – Данияр – кіші балам… Кенже ЕРКІН. Алматы.________________________
Пародия ҚАЙТПАЙДЫ БҰЛАҚ БАСТАУЫНА Кетіп ем мен де ауылдан, Арманым ашып шымылдық. Қуанам жаңа қауымнан, Достарды тауып ып-ыстық. Жетпісбай ЕГІНБАЙҰЛЫ, (“Махаббат шапағаты” жинағы, 4-бет).________________________
ҚУЫП ШЫҚТЫ Арманы ашып тастап шымылдықты, Ауылдан Жетпісбайды қуып шықты. Дірдектеп жүргенінде тыр жалаңаш, Ып-ыстық достар тауып, жылытыпты. БАЛДЫЗҒА Он жеті жасқа толдың сен, Жайраңдап қадам басасың. Жаздырып жырдың жолын сен, Жаныңа шашу шашасың. Бітіріп мектеп он жылдық, Институтқа кеп түстің. Қалаға тұрып орнығып, Аулыңнан түлеп сен ұштың. (“Махаббат шапағаты”, 18-бет).________________________
ШҰБАТЫЛҒАН ҰЙҚАСТАР Ауылдан түлеп ұшқаныңды, Қалаға келіп қонғаныңды. Он жеті жасқа толғаныңды, Жайраңдап мәз болғаныңды. Он жылдықты біткеніңді. Институтқа түскеніңді, Тізіп шықтым әзірге. Алла берсе жазамын мен әлі де: Жұмысқа тұрғаныңды, Отбасы құрғаныңды, Сәбилі болғаныңды, Арып не толғаныңды, Жаңа үйге кіргеніңді, Сылаң қағып жүргеніңді, Тағы да күлгеніңді. Жаза берер бұл жездең, жалықпайды, Қағазы көп, балдыз-ау, тарықпайды, Шұбатылған ұйқастар табылады, Айтшы маған, тағы не қалып қойды? Мартбек ТОҚМЫРЗА. ҚАРАҒАНДЫ. БАНКРОТ Құрдасым менің Қарабай, От басына қарамай. Қызды көрсе еліріп, Ақшасын шашты санамай. Қыздың да саны көбейіп, Несие алды желігіп, Өтей алмай қарызын, Жамбасын қалды кеміріп. Серік ЖАҚЫПОВ. Ақтөбе обысы.________________________
Қалжың-қалта Зейнетақы өспесе екен – Зейнетақы, жәрдемақы, шәкіртақы дегендерді өсірмесе екен! – Оу, неге?! – Өссе болды – іле-шала су, газ, электр жарығы, телефон, радио, бензин, керосин, тамақ, жолақылар, ақыр аяғы киім-кешектерге шейін бәрі-бәрі қымбаттап шыға келеді. Бақтағы арам шөптердей бәрі өсіп шыға келгенде, шайлық ақшамды тығарға жер таппай қалам. * * * “Үй салмас бұрын...” – Үй салу үшін үш дүние қажет. Біріншісін айтшы? – “Үй салмас бұрын көршіңді сайла” – деген. – Жоға, ең бірінші – ақша керек. – Екіншісі... Құрылысты әжетханадан бастау керек шығар?.. – Жо-жоқ! Тағыда сол ақша керек. Үшіншісін тапшы? – Үйдің сызбасы, қағазға салған жоба, жоспары керек шығар? – Таппадың. Үшіншісі де – ақша. Ақшасыз ештеңе бастай алмайсың, жүргізе де алмайсың. Қысқасы, ақшасыз ештеңе шешілмейді. “Үй салмас бұрын көршіңді емес, ақшаңды сайлап ал”. * * * “Банк үшін жаралдым” “О, Маралдым, Маралдым. Бір сен үшін жаралдым” – деген ән бар ғой, ал сен кім үшін жаралып жүрсің?! – Көбіміз банк үшін жаралдық емес пе?! Отбасындағы кәмелетке толып жұмыс істегендеріміздің әрқайсымызда екі-үш банктен несиеміз бар. Банк үшін еңбек етіп, банк үшін өмір сүріп жатырмыз. Сапар ӘБІЛКӘКІМТЕГІ. ҚОСТАНАЙ.