Бұл естелік мақала осыдан 4-5 жыл бұрын жазылған еді. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті академик Рымғали Нұрғалидың 65 жылдығына арнап мақалалар жинағын шығармақ болса керек. Кітапты құрастырушылар: “Рекең сізге өтініш жасады”, – деген соң бұл дос тілегінің өтеуі болатын. Естелікте күнде көріп, күнде араласып жүрген жолдасымның кейбір пенделік мінездерін де қатқылдау жазып жіберсем керек. Соған өкпелеп қала ма деген оймен: “Өзің оқып шығып, ұнатпаған жеріңді сызып тастарсың”, – дедім. Ол бірнеше күннен кейін мақаланы қайтарып берді. Бірер сөзді ғана түзетіпті.
– Оразалиновский (әзілдеп осылай атайтын), жазғаның қатып тұр. Рахмет! Әрине, маған сен ғана айтатын сын бар. Ал екеуміз білетін талай қимас сәттер қамтылмай қалған екен. Оларды ұмытпа! – деді.
– Е-е, бүгін-ертең өлейік деп тұрғанымыз жоқ қой. Әлі жазылар....
Сол қайран дос қазір көзден бұлбұл ұшты. Шынымды айтсам, бұл қазаның тосын болғаны сонша, әлі есімді жинай алмай жүрмін. Ол әдетінше телефон соғып, өзінің бір жас үлкендігін бұлдап: “Әй, “аға”, қашан іні болып мені іздейсің?” – дейтін сияқты. Одан әрі әзілі мен көңіліне шемен болып қатқан кермек ойларын айта жөнелетіндей. Дүниеден өтерінен бір апта бұрын көріскенімізде солай болған. Онда біз алдағы 70 жылдық тойын сөз еткенбіз. Кім ойлаған, бұл той арғымақ шабысты асылдың өзінсіз өтеді деп ...
Қайран Рекем!
Өмір көшінде ұзақ жылдар иық тіресіп, қатар жүрген адам туралы жазудың қиындығы сол – анталаған көп ойлар мен көзбен көрген сан оқиғалардың, бастан кешкен ыстық-суық күндердің, өтіп кеткен сағынышты сәттердің қайсысының жалынан ұстарыңды білмей аңтарылып қалады екенсің. Талай адаммен сапарлас, қызметтес, аралас-құралас өмір кешіп келеміз. Бірінен ұзын жолдың үстінде көз жазып қалсаң, енді бірі жолайырықта, бел-белестің арасында сағымдай бұлдырап қалып қояды. Ал жастық, бозбала шағыңнан бүгінгі пайғамбар жасынан асқанға дейін араң суымай, достығың тозбай, ой-пікір, іс-әрекетің үйлесіп, жақсылығына қуанып, ол қиналса қабырғаңа бататын адамдарың әрине көп емес. Мен үшін сондай аздың бірі – Рымғали Нұрғали баласы.
Бүгінде ұлан-ғайыр іс тындырған, халқына зор еңбек сіңірген, атақ-даңқы, ғылыми мансабы, жазған шығармаларының көлемі атан түйеге жүк болатын Рымғалидың барша өмірі, күресі мен жеңісі, қуанышы мен реніші, тіпті, жастық-мастық шақтағы қыз-қырқынға қырындаған тәтті күндеріне дейін көз алдымда өткені рас. Өйткені біз бір-бірімізден алшақ жүріп сыр жасырысқан емеспіз.
Кей адаммен қашан, қайда жолыққаның, не айтысқаның ойлансаң да есіңе түспейді. Ал санаңда тайға таңба басқандай із қалдырып, қай уақытта да суреттері айқын, сөздері нақты сақталатын кезеңдер болады.
Он сегіз жасар Рымғалиды алғаш көрген сәтім де күні кешегідей көз алдыма келеді.
Бұл 1958 жылдың шілде айының соңы болатын. Мектепті жаңа бітіріп, ҚазМУ-дың филология факультетіне түсуге емтихан тапсырып жатқанбыз. Алматыдағы Чайковский мен Пастер көшелерінің бұрышында тұтас бір орамды алып жатқан жалғыз қабатты жалпақ үй – ҚазМУ-дың спорт залы атанады. Соның ішінде қаз-қатар қойылған жүзге жуық темір төсектердің бірі менің еншіме тиген. Жатқандардың бәрі әртүрлі факультеттерге түсуге ниет еткен талапкерлер. Шетінен “сен тұр, мен айтайын” дейтін мықтылар. Сөздеріне, екпіндеріне қарап, оқуға түсер-түспесіңе күдіктеніп, жаның шошиды. Менің қасымдағы төсекте бәкене бойлы, қағылез, сұлу жүзді жігіт көп сөзге араласпай, оқулықтан қажыған сәтінде үнемі тығып ұстайтын қалың дәптеріне әрнені жазып жатады. Күн бойы кітапханаға кетіп, тек кешке қарай оралғандағы тірлігі осы. Бірде сөйлесіп қалдық. Ол бір жыл ауыл шаруашылығы институтында оқыпты. Қазір оны тастап мен тапсырған факультетке түспек екен. Жерлес болып шықтық. Семейдің Шұбартау ауданынан келіпті. Аты-жөні – Төлек Тілеуханов. Иә, бүгінде қазақтың қабырғалы жазушысы болған Төкең осы жігіт еді. Бірақ ол кезде ақын боламын деп талмай өлең жазады. Екеуміз қатар жатқандықтан көп сөйлесеміз. Ол өлеңдерін оқиды. Менің де біраз шимайларым болатын. Бірақ Төлектің өлеңдерінің қолына су құюға жарамай қалды. Алғашқыда бөсіңкіреп, “ақындығымды” айтып қалғаныммен, кейін ол тақырыпқа жоламайтын болдым. Бірде Төлек маған өзінің кластас екі досын таныстырмақ болды. Айтуынша, екеуі де болашақ классиктер, қазақ әдебиетінің көгіне жұлдыз боп жану үшін астанаға оқуға келіпті. Мұхтар Мағауин дегені филфактың бір курсын бітіріп те тастаған, ауыз әдебиетін қазірдің өзінде игерген, болашақта асқан ғалым болмақшы. Ал Рымғали Нұрғалиев – Төлекпен бірге ауыл шаруашылығы институына түскен екен, жақсы оқып жүрсе де жүрегі қаламай, енді ҚазМУ-дың филфагына тапсырып жатыр. Басқа жатақханада тұрады.
Екеуі кешқұрым қаланы аралатпақшы болып бізге келді. Шашын тықырлап алғызған, қалқайған екі құлағы төбесіне шошайта киген сары түсті ши қалпағының етегіне тірелген, жылт-жылт еткен жанары ойнақы, әзілкештігі бірден сезілетін қуақы жігіт Рымғалимын деп танысты. Екіншісі – торсық шеке, көзі баданадай, қоңыр шашын арт жағына қайыра тараған, шалқақ төстісі Мұхтар болды. Олар келген бетте қол алысып:
– Ал сен Оразалинсің ғой, – деді төтесінен.
– Иә.
– Медалиспісің?
– Иә!
– Мына тұрған үшеуміз де медальмен бітіргенбіз, – деді қарсы алдымда талтайып тұрған Мұхтар “онда тұрған ештеңе жоқ” дегендей иегін жоғары көтеріп. – Баршатаста бірге оқыдық.
– Естідім. Төлек айтты.
– Төлек сен туралы бізге де айтты. Ағаңның үйінде Қасым Аманжоловтың жылағанын көргенің рас па? – деді Рымғали әлде бір сезікті күйде көзін сығырайтып.
– Рас. Абайдың зиратына барып келген соң өлең жазып отырғанда көзінің жасы тамшылап тұрғанын көрдім. Ол кезде мен бастауыш класта оқитынмын. Қатты таңырқадым.
– Үйлеріңе Сәбит пен Ғабит келгенде қолдарына су құйыпсың ғой, – деді ол енді қызыға, күлімдей қарап.
– Құйдым.
– Әбу Сәрсенбаев, Хамит Ерғалиев, Ғабдол Слановты таниды екенсің. Қандай екен? Әңгімелері қызықты ма?
– Ағамның үйінде талай рет көрдім. Көп әңгімелер айтады. Олар мені де таниды.
– Кеше Қайнекей Жармағанбетовтің үйінен шәй ішіп келгенің рас па? – деді сөзге Мұхтар араласып. – Кітапханасы бай дейді ғой. Онда неше
түрлі архив те бар шығар?
– Рас. Ол Кәмен ағамның жақын досы. Бір бөлмесі кітапқа лық толып тұр. Бірақ көп ешкімге бермейді екен. Мен керегімді оқып жүрмін.
– Екеуі менің әдеби білімімді де біраз тексеріп, көңілдері тынған соң енді дос болатынымызды айтысты.
– Көздерің жетті ме? – деді үнсіз тұрған Төлек тоқмейіл, риза көңілмен. – Айттым ғой, ешқайсымыздан кем емес.
Енді үшеуі де көпті көрген көнекөздердей сәби жүздері есейіп, салқын, сабырлы кейіпте маған жөн айтуға кірісті.
– Сұлтан, – деді Рымғали. – Сенің көргендерің Париждің әдеби салондарынан бірде кем емес екен. Біз оны көрмедік. Бұл – артықшылық. Айтарым, осының бәрін жадыңнан шығармай, көкірегіңе сақта. Кейін жазғаныңа керек болады.
– Артықшылық дейсің бе? Тек әзірше ғана! – деді Мұхтар. – Әзірше!
Бұдан кейін үшеуі қалада жүріп-тұруды, студент бола қалсам қандай киім сатып алуымды сөз етті. Әсіресе, Рымғали іші-бауырыма кіріп, жанашырлық танытады. Ол аяғымдағы ауылдан киіп келген жұлығы ақжем болған көнетоз туфлиіме қарап қойып:
– Есіңде болсын, – деді, – туфли сатып алсаң, табаны жалпақ, жиегі сыртқа шыққанын алма, қысқа қарай галошқа сыймай әуре етеді. Алматыда қысқы-жазғы киімің біреу-ақ, екі түрлісіне шамаң келмес. Галош алатын кезде айт, өзім таңдап әперемін. Әйтпесе, былтырғыдай бізге ұқсап, алданып қаласың...
Сағымдай сырғып студенттік жылдар да өте шықты. Махаббатқа, қызыққа, әлдебір сәулетті, нұрлы дүниеге ұмтылған күндер … Бірақ Рымғали жеңіл тіршілік іздеген жоқ. Күн сайын, апталар бойы, айды-айға ұластырып кітапханалардың есігін тоздырды. Архивте жұмыс істеуді, сирек қордағы сарғайған қолжазбалар сырын ақтаруды сүйетін. Ол қаршадай кезінде-ақ Алаш арыстарының қасиетін оқып, ұғып, жан-жүрегінен өткізе білді. Кейін олар ақталған кезде ғалымдардың алғашқы легінде асыл ағалары туралы тамаша зерттеулерін жариялады.
Рымғалидың шығармашылық сапары “Лениншіл жас” (Қазіргі “Жас Алаш”) газетінен басталды. Әлдебір қуаң даладан шөліркеп кеп мөлдір бастаудың салқын суына бас қойған жолаушыдай ол жазуға ашқарақтана кірісті. Оның Тың өлкесінен жіберген репортаждарында, суреттемелері мен очерктерінде өмір ұшқыны, көркем ой, адамдардың тосын мінезі көрінетін. Рымғали сол бетінен көркем проза жазып кетсе, бәлкім, өресі биік, қабырғалы талай шығармалар дүниеге келер еді, кім білсін. Дегенмен, бірнеше деректі роман, хикаят, әңгімелері жарық көрді. “Ай қанатты арғымақ” романы – соның ішіндегі шоқтықты туынды. Ал Дегелең қасіретіне арналған деректі әңгімелері ше? Тек “Өлген тау” мен “Қабір қанша тұрады?” деген екі әңгімесін оқыңыз. Бұлар – ойдан құрастырылған ондаған әңгімелерді қанжығасына бөктеріп кететін шығарма. Әңгіме кейіпкерлері Сапарғали Бегалин мен Орынғалиды мен де білемін. Қазақтың белгілі жазушысы өзінің мүшел тойында кіндік қаны тамған Дегелең тауына жете алмай, оған дүрбімен қарап, балалық базары өткен жердің атом сынағынан ойран-ботқасы шыққанын көреді. Адам өледі, тіршілік иесі өледі, бірақ таудың өлгенін кім көрген? Соны көріп, сақалынан алты тарам жас ағып отырған қарияның қасіретін көз алдыңызға елестетіңіз. Ал қырықтың қырқасына жаңа шыққанда айықпас дертке ұшыраған Орынғалидың онкология институтынан қашып шығып, өзінің басына қандай құлпытас қойылатынын, оны қоюға бала-шағасының шамасы келе ме, жоқ па, соны ойлап зират кезіп жүргенін оқығанда жүрек қылдарыңыз үзіліп кеткендей әсерде боласыз. Рымғали өзінің “Дегелең дерті” атты жаңа кітабына қолтаңба жазып жіберген екен:
“Сұлтан! – депті. – Атақоныстан, аға-бауырдан айырған, ұрпақ тамырына балта шапқан Дегелең дерті – менің ғана дертім емес, сенің де дертің, Сұлтан, еліңнің дерті. Бұл кітапты сол көз жасының бір тамшысы деп білерсің. Рымғали.”
Иә, Дегелең – менің де дертім. Мен Қарауылдағы Абай атындағы орта мектепте оқып жүргенде апта, ай құрғатпай Дегелеңде атом сынағы өтіп жататын. Үкімет халықты алғашқыдай сай-сайға тығып, сақтық ойлауды да қойған. Бар-жоғы Қарауыл селосының ортасына орнатылған радионың қара табақшасын бар күшіне қойып, саңқылдаған дауыстан бомбаның қашан жарылатынын сағат-минутына дейін хабарлап тұрады. Адамдар жарылыстан құлайтын үйлердің астында қалмас үшін тоқал тамдардан сыртқа шығып, құдық пен пештің аузын бітейді. Мектепте сабақ тоқтап, балалар үйдің төбесіне шығып алып, сымға тізілген бозторғайдай қатарласа отырып, Дегелең жаққа көз тігеміз. Бір кезде қып-қызыл алып күн пайда болады. Одан кейін қалпағы көк тіреген саңырауқұлақ шығады. Ол сейіле бергенде Қарауылға қарай шаңытқан қара дауыл жетеді. Жер-дүниені бозғылт мұнар басады. Дегелеңнен жүз шақырым жердегі Қарауылдың жәйі әлгіндей болғанда, оның іргесінде жатқан Рымғалидың ауылы Қайнар қандай күйде десеңізші! Кейін елге барып жүріп өзіммен мектепте бірге оқыған, үйдің төбесінен Дегелеңге көз тіккен бозторғайдай замандастарымды іздесем, көбін таппаймын. Бәрі Дегелең дерті – ақ қан мен қатерлі ісіктің құрбаны болған. Бірен-саран тірі жүргені елден жырақта тұрады. Қара ормандай біздің әулет те сиреп қалды. Ал Рымғалидың туыстары ше? Мен білетін екі інісі – Жеңіс пен Айғали сол ортақ дерттен көз жұмды. Жеңіс талантты суретші болатын еді, бірақ тағдыр оны бұйыртпады. Ал Айғали елге тұтқа боларлық, Нұрғали әулетіндегі кесек азамат болатын, қыршынынан ерте қиылды.
Халықта “Отызыңда орда бұзбасаң, қырқыңда қамал алмайсың, елуіңде ел шаңын көре алмайсың”, дейтін аталы сөз бар. Рымғали отызында-ақ орда бұзып, әдебиеттануда қатарынан оқ бойы алға шықты. Оның “Трагедия табиғаты” атты алғашқы монографиясы – кейіннен іргелі зерттеулерге ұласқан төлбасы. Айналасы он жылдың ішінде іркес-тіркес жазылған “Күретамыр”, “Өнер алды – қызыл тіл”, “Өнердің эстетикалық нысанасы” атты кітаптары әдебиеттану ғылымына сүбелі үлес қосып, қазақ әдебиетінің эстетикалық негіздерін саралауда тың тұжырымдар жасады. Жалпы, Рымғали ғалымдығының, зерттеулерінің басты бір арнасы – қазақ драматургиясын түптеп, түгендеп қарау. Біз жоғарыда атаған “Трагедия табиғатынан” бастап кейіннен ұлғайып, тереңдеп, қанаты кеңи беретін “Күретамыр”, “Айдын”, “Драма өнері” тәрізді іргелі еңбектер қазақ драматургиясын жан-жақты қарастырып, бастау көздерінен бүгінгі өрісіне дейін жинақтап, теориялық зор біліммен, аса мол деректерге сүйене отырып зерделеген қазақ әдебиеттану ғылымындағы сирек құбылыс. Рымғалидың ғалымдық аңсары әдебиеттің бір жанрымен ғана шектеліп қалмайды. Оның проза, поэзия, әдеби сын, сахна өнері туралы жазған ғылыми еңбектері ой тереңдігі, пікірінің айқындығы, логикасының беріктігі, эстетикалық талғамының биіктігімен бөлекше танылады. Осы еңбектерді оқып отырғанда стиль сұлулығына, тіл шеберлігіне сүйсінесің. Ғылыми қасаңдық – оған жат.
Соңғы жылдары жарық көрген “Қазақ әдебиетінің алтын ғасыры” атты кітабының ғылыми құндылығы мен ой-түйіндерінің сонылығын айтпағанда, ондағы көсемсөздің, тіпті, лирикалық сарынның молдығы жоғарыдағы пікірімізге дәлел болса керек. Кітаптан үзіндіні бөліп алмай-ақ әрбір тарауға қойылған аттарға назар салыңыз: “Қаз едік қатар ұшып қаңқылдаған” – Ахмет туралы, “Мен біткен ойпаң жерге аласа ағаш” – Міржақып туралы, “Сүй, жан сәулем, тағы да сүй, тағы да” – Мағжан туралы, “Ой, кер заман, кер заман” – Жүсіпбек туралы, “Ғашығым менің – бостандық” – Сәкен туралы, “Соғайын сөзімнен бір сұлу сарай” – Ілияс туралы, “Ей, халайық, барым ең сен” – Мұхтар туралы, тағы басқа. Әрине, әр суреткердің өз сөздерін өзіне пайдаланғанымен олардың мазмұны авторының бүкіл болмысын, жан-дүниесін, шығармашылық ерекшелігін ашып беретінін Рымғали дәл пайымдаған. Зерттеуінің ішкі мазмұны да соған сай.
Ғылым қуған, өнер тудырған, ақындық, жазушылықты мұрат еткен адамдардың мансап пен атаққа селқос қарайтыны болмайды. Рымғали да солай. Оның еңбектері бұл күндері толық әрі әділ бағасын алды. Оннан аса ғылыми, шығармашылық мансабы мен атақтарын түгел тізіп жатудың қажеті бола қоймас. Ол – қалың жұртқа белгілі.
Бұл күнде қазақ әдебиетінің ірі зерттеушілері, алдыңғы ағалары әрі ұстаздары М. Қаратаев, Б. Кенжебаев, Е. Ысмайылов, Т. Нұртазин, С. Қирабаев, З. Ахметов, З. Қабдолов, т.б. зерттеушілердің ізін басып, өнерін жалғастырып, тіпті, кейбірі жете алмаған ғылыми дәреженің биігіне шықты. Еңбегіңнің жанғаны деген осы. Мен, жоғарыда айтқандай, отызында орда бұзса, қырқында қамал алып, мемлекеттік сыйлықты иеленді, алпысында академик атанды. Бұл өзі таңдаған шығармашылық жолдың биік белестері.
Кез келген жүйріктің күндеушісі қасында жүретіні белгілі. Ғылым мен мәдениетке екпіндей кірген жасқа кейбіреулердің тосырқай қарап, қылтасынан қағып жібергеніне де куә болдық. Рымғали қазақ әдеби ғылымында бұрын бола қоймаған үрдісті бастап, 33 жасында докторлық диссертация қорғады.
Ғылыми кеңестің алдында ол маған:
– Бір өтінішім, қорғау кезінде менің берген жауаптарыма сын көзіңмен қарап, залдағы ғалымдардың мінез-құлқын бақылай отыршы, – деді. Өңі боп-боз еді. Әлденеге өте алаңдаулы болатын. Әрине, жауапты сәттегі көңіл толқыны ғой деп ойладым. Бірақ оның астарын кейін білдім. Қорғау сәтті өтті. Дәстүр бойынша диссертация қорғалып болған соң Рымғали үйіне шақырып дәм берді. Халық кеш тарады. Түнгі үштің мөлшерінде үйге қайтқалы тұрған мені жібермей, ол оңашалап далаға алып шықты.
– Сұлтан, сен ойлап тұрған шығарсың, мен бүгін қуаныштан, жеңістен масаттанып тұр деп. Тіпті де олай емес. Бағанадан бергінің бәрі көз қылып, сыртқы түгімді тікірейткенім ғой. Шынымды айтсам, бүгін менің ауыр күнім, опасыздықтың не екенін, көре алмаушылықтың қандай болатынын барша болмысыммен түсінген күнім. Оған өзім де кінәлімін.
– Е, не болды? Бәрі жақсы өтті ғой. Неге сонша түңілдің?
– Түңілген себебім – опасыздық өз маңайымнан шықты. Біреулердің сөзіне еріп, жастықтың желігімен өзің білетін ұстаз-ғалымның шығармасын мансұқ еткен сын жазғаным рас еді. Соның қолжазбасы үйде жататын. Бүгін осы қолжазбаны әлгі ағамның қолынан көрдім, өзі көрсетті. Кірерге тесік таппадым. Олар енді менің соңымнан шырақ алып түседі. Кешірмейді. Бағана қорғау кезінде әр сөзімді келемеждеп отырғанын байқадың ғой. Онсыз да маған іштері тарылып жүргендер енді сол топқа барып қосылады. Аяғы немен бітері белгісіз.
Бұл қорғаудың аяғы ұзақ дауға ұласып, ақыры дұшпандық жеңді. Бес жылдан кейін диссертация бекімей қалды. Үміт пен күдікке, жала мен пәлеге толы бес жыл. Жігерсіз адам болса осындай моральдық соққыдан жүнжіп кетер ме еді, қайтер еді?! Бірақ Рымғалидың қайсарлығы, сабырлылығы, шығармашылық қуаты, ғалымдық таланты іске қосылып, ол іргелі еңбектерін жаза берді. Он жылдан кейін диссертациясын қайта қорғады. Сөйтіп мамандық жамандықты жеңді.
Ол – ағайын-жұртқа, студент шәкірттеріне өте мейірман адам еді. Оның қолдауымен көптеген талантты жастар ғылым айдынына шықты. Өзінің жақын достарының талай туыс-туғандарын оқуға түсіріп, білім алып, адам болуына септігін тиді. Сонда “Сендерге сөйттім-ау”, деп бәлсінгенін көрген емеспін. Достарының балаларына да ықыласы алабөтен, қашан көрсең бауырына басып, мейірленіп жатқаны. Жастайынан анасынан айырылып, жетімдік көргендіктен бе, менің шешем Күләнді “қара кемпір” деп жанындай жақсы көреді, аузынан тастамайды. Анамның да Рымғалиға пейілі түсіп, қатты еркелететін, көзі жұмылғанша екеуінің әзілі жарасып өтті. Осыдан біраз жыл бұрын Меккеге барып қайтқан соң Рымғали:
– Әй, Оразалин, мен Қаағбаны жеті айналып жүргенде өз әке-шешеммен бірге сенің анаң “қара кемпірдің” де жаны жәннатта болса екен деп Алла тағаладан тілеу тіледім, – деді.
Достарының сәтті туындыларын оқи қалса, оған қуана пікір айтып, көңіліңе қанат байлап жіберетін мінезін де айту ләзім.
Рымғалидың ғылымға адалдығы, принциптілігі, тарихи деректерге ыждағаттылығы, Алаш ардагерлерін пір тұтуы, ұлттық құндылықтарды қорғай білуі, халқын сүюі, намысшылдығы – үлгі тұтар қасиеттер. Кейде басына пәле болып жабысса да көңілі қаламаған істі өткір тілмен жайратып айтатыны бар болатын.
Сөз жоқ, Рымғали әрбір талант иесі тәрізді – күрделі тұлға. Ол да өз мақсаттары үшін күрестің сан түрлі тәсілдерін жетік меңгерген. Керек жерінде қой аузынан шөп алмас – моп-момақан, қажет болса, аузын батырып жіберетін жыртқыштығы тағы бар. Көп жағдайда әзілдеген болып, тіпті, бауырыңа кіріп отырып, дұшпаның айта алмайтын ауыр сөзді айтады. Біреудің аузымен от көсей біледі. Көңіл хошы болмағанда өзі сыйлайтын жақын достарын да аямай, көбіне сыртынан шала байлап жібереді. Табиғаты солай болса керек, адамның мінін көргіш. Көп достарына таңбалап қойған жанама аттары бар. “Ағаш аяқ”, “темір тіс”, “гастрит”, “мүңкітпе”, тағы басқа. Ал өзіне жас кезімізде қойған “құлақ” деген жанама есімін еске алсақ, жаратпай, қызарақтап қалды. Рымғалидың осы мінезіне кейбір достары, інілері ренжіп жүреді. Марқұм Жәнібек Кәрменов қаза табарынан екі күн бұрын маған жолығып, Рымғали ағасына деген үйдей өкпесін ұзақ айтқаны бар. Бала кезінен бірге өскен досы Мұхтар Мағауин талай рет ат құйрығын кесіспек болды. Менің де көңілімді қалдырғаны аз емес. Бірақ, Рымғали өз мінін сезетін болса керек, түк болмағандай артынан жуып-шайып жібереді.
Бірде Мұхтар Мағауин үйге телефон соқты. Жарылардай болып, ашуланып тұр екен.
– Әй, Оразалин, өзіміз жолығатын жерге тез шықшы, – деді дегбірсізденіп. – Ана сенің досың туралы айтатын сөз бар.
– Қай досым?
– Қай досың болушы еді, Нұрғалиевті айтамын.
– Ол сенің де досың емес пе?
– Барынан жоғы ондай достың! Тез шық ...
Мұхтар жолығысымен Рымғалиға деген ренішін айта бастады. Менің құптауымды қалағандай бетіме жалтақ-жалтақ қарап қояды. Мұхтардың оған деген ренішін бірінші естуім емес, кейіннен екеуі қайта табысып кететін. Сондықтан үндемей тыңдай бердім. Шыдамы таусылған Мұхтар:
– Сен неге үндемейсің! Менікі қисық па? – деді.
– Жоқ, Мұха, сенікі дұрыс. Бірақ, Рекеңе кінә қоюға болмайды.
– Неге?
– Олай болса тыңда. Мен саған бір мысал айтайын:
“Баяғыда қоян мен шаян жан аяспайтын дос болып, ұзақ уақыт бірге жүріп, бірге тұрыпты. Бірде екеуі жалпақ жайылған өзеннің жағасына тоқтайды. Ар жағы жасыл шалғын екен. Өзеннен өтулері керек. Шаян болса суда жүзе алмайды. Қоян досын арқасына мінгізіп суды жалдап келе жатады. Шаян жайлы, жұмсақ жерге отырып алып, өзеннің орта тұсына жеткенде досының майлы желкесіне көзі түсіп кетеді де, шағып алады. Жай әншейін, жаман оймен емес, шаяндығы ұстап кетеді. Сөйтіп, сеспей қатқан қоянмен бірге өзі де суға кетеді”. Міне, осылай достым, Рымғали да әдейі істемейді, бойына біткен мінезі сондай, ащы тілін өзі де байқамай сұғып алады. Мен оған ренжуді қойғанмын.
Кейіннен Мұхтар:
– Әй, Оразалин, сенің айтқан әңгімең көкейіме қонды. “Оның жаратылысы сондай ғой!” деп, Рымғалиға кешіріммен қарайтын болдым, – деді.
Пендешілік кімде жоқ? Ұлы Абайдың өзі “ат шаба алмас мінімнен” демей ме? Сондықтан бірде келісіп, кейде тебісіп, өмір жолын бірге өткерген досыңды жамандыққа қимайсың. Ол туралы бөтеннің ғайбат сөзін, қиянатын білсең намысың қозып шыға келеді. Рымғали да солай. Өзі айтса да өзгеге дес бермей, қорған болуға жарайды. Сондықтан мен досымды “қисық ұшып, түзу өлетін қыранға” балаймын.
Рымғалимен сан рет сапарлас болдық. Соның бірі – жетпісінші жылдардың басында арнайы барып, Шыңғыстау мен Абыралыны аралағанымыз естен кетпейді. Қайнарда бізді Нұрғали ақсақал қарсы алды. Жетпістен асқан кезі. Қуанышында шек жоқ. Екі ұлын төбелеріне қойып күтті, ауылдастарына да күткізді. Бірде Қайнардың түбіндегі тік шаншылған Қобыланды биігіне шығып, Қобыланды батыр отырды деген тас-тақытты маған көрсетпек болды. Келгеннен бері ел шежіресін, осы өңірден өткен оқиғаларды көзбен көріп, қолмен ұстағандай шебер баяндаған сұңғыла-шешен шал тауға шыққанда да отыз жасар бізден озып кетті. Қобыланды тағына шығу өте қиын екен.
– Таққа лайық баламсың, – деді Нұрғали ақсақал. – Арнайы келгенде оған отырғызбай жібермейміз.
Сөйтіп өзі бір қапталға тұра қалып, екінші қапталға ұзын бойлы, атан жілікті, ақкөңіл азамат, аудан басшысының бірі – Қадірді тұрғызып, мені тік көтеріп, жартасқа шығарды. Сол биік жартастың қиясынан тамыры тасты жарып, тереңге сіңген жап-жасыл арша ағашын көрген едім. Бұндай ағаш Абыралының құз-қиясында көп өседі екен. Желге де, ыстық-суыққа да шыдамды жасыл арша іргедегі Дегелеңнің төбесінде жасын боп, аждаһадай от шашқан атом жалынына да төтеп беріпті.
Менің Рымғали досым да сол қияға біткен, жапырағын кеңге жайып, маңайын жасыл желекке бөлеген төзімді, қызулы, тастай берік арша ағашына ұқсайды. Тік шаншылған Қобыланды тауының биіктігі мен құнарлы топырағы оның бойына терең сіңген.
Рымғали “Қазақ әдебиетінің алтын ғасыры” атты сөз өнеріндегі жүз жылдық табысымызды зерделеген қомақты кітабын маған жіберген екен. Оған былай деп жазыпты: “Сұлтан! – дейді ол. – Жарты ғасыр бірге кешкен ғұмырымызда достық, адалдық, құрмет сезімінен айырмаған Алла қалған күндерімізде де сол рыздықты сыйлай берсін! Рымғали. 3.04.2005”.
Соңғы демің таусылғанша осы тілектен айныған жоқпыз, асыл досым, Реке!
Сұлтан ОРАЗАЛЫ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы, халықаралық Телевизия және радио академиясының (JATR) академигі, Президент сыйлығының лауреаты.