Ол бұл жолы да соңына аңдушылардың жарық күнде шам алып түскенін анық сезді. Әрине, адамы қаптаған, жүріс-тұрысы көп ығы-жығы қаланың ішінен кімнің кім екенін айыру оңай емес екені белгілі. Ал солардың арасынан басқан ізіңді аңдушының қайсысы екенін тап басу және соған нақты көз жеткізу еш қисыны келмес амалдай көрінеді. Сондықтан да, барлаушы үшін барлау қызметін жүргізуден гөрі, сыртыңнан біреудің бақылап жүргенін айрықша айыра білу мүлде мүмкін еместей дейді екен. Бұған Спартак осы бір жасырын міндетін атқару кезінде тағы бір көз жеткізді.
Бірақ, шетелге құпия мәлімет жинауға жіберілген жанның жансыз екенін о жақтың арнайы қызмет адамдары біліп қойса оның барлауының құны көк тиын. Бәрі бекер. Біле білсек жансыз деп жамандыққа қиғаннан айтылмайды. Ендеше, «тыңшы» мен «жансыздың» айырмасы жер мен көктей деген рас. Мұны ұғатындар мен ұқпайтындар тағы бар. Сол шетелдегі барлаушылар үшін ең қиын міндеттің бірі – байланыс. Байланыстың бәрі аса құпия, жасырын жүргізілуі қажет екендігі белгілі. Тіпті, кәнігі барлау қызметінің мамандары да байланыс – бұл кез келген, ең мықты деген барлау қызметтерінің осал тұсы, ақсайтын жері, дейді. Содан барып барлаушылардың көптеген сәтсіздіктері осы байланыс кезінде орын алып, олар қолға түсіп қалып жатады деп тұжырым жасайды.
Алайда, барлаушының да барлаушысы бар дегендей, «сақтықта қорлық жоқ» дегенді үнемі алға ұстайтын Спартак ізінде адам бар екенін анық білді. Кезінде, сыртқы келбеті голливуд актері Дугласқа ұқсайтынына қарай достары оны, атақты актердің сол кездегі ойнаған белгілі рөліне орайластырып, Спартак дейтін. Ал бүгінде сексеннің сеңгіріне шығып отырған Виктор Прудников Қазақстан Сыртқы барлау қызметі ардагерлері кеңесінің белді мүшесі. Әлі де қимылы да, сөзі де ширақ полковниктің сыры көп болғанымен айтары аз. Бірақ, саптан тайған жоқ. Демалысқа шыққаннан кейін де ұжымынан қол үзбей, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу, еліміздің қауіпсіздігі үшін аянбай еңбек етуге баулу жолында барынша адал еңбек сіңіріп келеді.
Негізі барлаушыларда қалыптасқан әдет – өз мамандығы жайлы, жедел жұмыстары туралы шешіліп айта бермейді. Кейде ардагер барлаушылар өзара бас қосып, жекелеген операцияларды еске алған кезде ғана олардың қандай қауіп-қатерлі жағдайларды бастан кешкендеріне көз жеткізуге болады. Полковник В.Прудниковтің жетекшілігімен өткізілген операциялар туралы құжаттар мұрағатта сақтаулы тұр. Бірақ, ол операциялардың жаңғырығы әлі басылмай жатқандықтан, оның бүге-шігесі таяу арада ашыла қоюы қиын. Өйткені, әр материалдың құпия сақталу мерзімі бар. Маңызына орай, бәлкім, 50-60 жыл мүлде айтылмауы мүмкін. Соңғы 40 жылдағы сырлар жабулы қазанның ішінде, яғни мұрағатта қатталған күйінде жата бермек. Сондықтан да, құпия қызмет өкілдері – тәртіпке бой ұсынғандар дейміз, тіпті, зейнеткерлікке шығарда да олар қолхат береді.
Бізге кеңестік заманда болса да қазақстандық атпен астыртын адал еңбек еткен жандардың нақты ерлік ісі кейінгі барлаушы боламын деген жастарға ой салса дейміз. Осы орайда, жастарға құпия қызметтің ел үшін шексіз құндылығын жеткізу керектігін барлаушы болған полковникке жеткізгенімізде ол тартынбады.
«...Маған бір жолы шетелдегі агентпен байланысу арнасын тексеру тапсырылды. Сол елге іс-сапарға дипломатиялық аңызбен шығып, біраз күн тексерілдім, – деді кейіпкеріміз. – Соңымнан аңдушылардың барын анықтадым. Соған қарамай мен қойылған белгіні міндетті түрде тексеруім керек. Сол белгіні көргеннен кейін ғана, ескі бір монастырьда болатын кездесуге баруыма рұқсат етілген еді. Ал көлікті тоқтатып, сыртқа шықпай ол белгіні «оқу» мүмкін емес. Сонымен мен не істедім дейсіз ғой. Ол елде автомобиль рөлінде отырып темекі шегуге болмайды. Мен бір күні елшіліктегі «таза дипломаттардың» бірінің көлігімен сол маңайға қарай шықтым. Тиесілі жерге жақындағанда дипломатқа шылымыңды тұтат дедім. Басында ол түсінбей қалып, шегуге болмайды ғой деп еді, артынан менің қалжыңдап тұрмағанымды, оның қажеттілігін түсініп, оттығымен «Мальборосын» тұтатты. Сол мезет жол полициясы да келе қалып, бізді тоқтатты. Жүргізуші қозғалтқышты өшіріп, екеуміз де сыртқа шықтық. Біздің дипломатиялық құжатымызды көріп, полиция бізге тек ескерту жасаумен шектеліп, қоя берді. Ал осы екі арада мен өзіме қажетті белгіні көріп үлгердім. Ізімізден аңдушылардың небір тіс қаққаны болса да ешнәрсеге күдіктеніп үлгермейтін еді».
Иә, тарихтан белгілі 1969 жылы КСРО-ның шығыс шебінде, Уссури өзені маңында Ұлы Отан соғысынан кейінгі үлкен ұрыстардың бірі болды. Даманск аралында ондаған кеңес әскерлері қайтыс болды. Артынша Жалаңашкөл оқиғасы лап етті. Сол кезде ғой КСРО мен «ұлы көршісінің» арасындағы қырғи-қабақтық болғаны. Кез келген мемлекет өзге мемлекеттермен қарым-қатынаста өз саясатын ұтымды жүргізуге, елге қауіп төндіретін дүниелерге лайықты жауап беруге, соларды болдырмауға қатысты алдын ала шаралар қабылдауға ұмтылатыны анық. Осындай қажеттілік туындап, Қазақстанда барлау бөлімшесі ашылып, ол кейін Қазақ КСР МҚК Бірінші басқармасына дейін өсті. Бұл құрылым КСРО Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің аймақтық бөлімшесі болғандықтан орталықтың, яғни Мәскеудің пәрменін орындауға тиісті еді.
Ол кезде қазақстандық барлаушылардың алдына Мәскеудің қойған негізгі тапсырмасы – Кеңес Одағы мен көрші мемлекеттер арасындағы қарым-қатынастың шиеленісіп кетуіне жол бермеу, ішкі мәселелеріне араласпай, мүмкін болса екі елді жақындатуға күш салу. Ақпарат алу үшін, жалпы қойылған тапсырманы орындау бойынша қазақстандық барлаушылар түрлі барлау операцияларын жүргізді. Барлаушылардың тілімен айтқанда, ол жерлерде «жедел позициялар құру» қажеттілігі туындады.
Міне, сол кезде, өткен ғасырдың 70-80-ші жылдары В.Прудниковтің жетекшілігімен жиырмадан аса шетелдік барлау іс-шаралары өткізілген екен. Сөйтіп, сол нәтижелі іс-қимыл арқасында Қазақстанның сыртқы барлауы КСРО МҚК Бірінші Бас басқармасының (Кеңес Одағының сыртқы барлауы) ең мықты бөлімшелерінің бірі болды. Әрқайсысы бірнеше жылға созылған, көпсалалы операциялары үшін В.Прудниковке, Кеңес Одағы чекистерінің сол кездегі ең жоғары наградасы болып есептелінетін, «КСРО мемлекеттік қауіпсіздігі органдарының құрметті қызметкері» атағы берілді.
Ал шынтуайтына келгенде сол операциялардың артында қаншама адамның тағдыры, небір шырмауықтай өрілген оқиғалар жатқаны көпшілікке беймәлім. «Есімде, біздің жасырын көмекшілеріміздің бірі жасы жиырма төрттен енді асқан, жаңа ғана отбасын құрған жас жігіт еді, – деп жалғастырды әңгімесін ардагер барлаушы. – Әйелі мен жасқа толмаған баласын артта қалдырып, қауіп-қатерге толы тапсырманы орындауға оны не итермеледі? Әрине, Отан алдындағы парыз. Расында да, идеологиялық негізде жұмыс істейтін жасырын көмекшілер ең сенімді болып келеді. Қазір кейбіреулер айтып жүр ғой – идеяға бола ешкім жұмыс істемейді деп. Яғни, нарықтық экономика заманында бәрін ақшаға сатып алуға болады деген пікір қалыптасты. Ал барлауда ол заң жүрмейді.
Сондықтан, қазіргі жас барлаушыларға айтатыным, ең сенімді көмекші – ол идеологиялық тұрғыдан жұмыс істеуге келіскен кісі. Ал ақшаны көрсетіп жұмысқа тарту барлауға үш қайнаса сорпасы қосылмайды, ол жай сауда-саттық болып кетеді. Әрине, өмірде түрлі жағдайлар кездеседі, ақша да төлеу қажеттілігі туындайды. Бірақ, идея алдыңғы орында тұруы міндетті. Ал біздің азаматтарға келсек, бұл жерде әрине, патриотизм бірінші орында. Патриотизм – бұл өте маңызды!» – дейді ардагер.
Барлаушы жұмысының негізгі түпкі нәтижесі жасырын көмекшілерді құпиялық ынтымақтастыққа тартып қана қою емес, ол – аралық нәтиже, ал соңғы нүкте – олар арқылы қажетті ақпаратты алу болып табылады. Яғни мемлекет басшылығына қызығушылық тудырып отырған аймақ туралы мәліметтерді тұрақты беріп тұру. Сол кезде барлық ел барлаушылары, барлау жүргізіп отырған елдің үкімет мүшелері арасынан «ықпал етуші агенттер» табуға тырысқанын айта кетуіміз қажет. «Біз де сондай адамдарды іздедік және таптық та. Сөйтіп, солардың «қолымен» өз үкіметінің біздің мемлекетке тиімді шешімдерді қабылдауға итермеледік», – деп ардагер барлаушы шындықты жасырмай айтты.
Полковниктің айтуынша, ең қиын операциялар – ол қысқа мерзімді операциялар. Орындаушыны тапсырмамен жолдайсың да, оны шекарада күтіп жүресің. Бәйгеге атын қосып, мәреде тақымын қысып отырғандай сезімде боласың. «Есімде, арасы бір-екі жылдың ішінде сондай қысқа мерзімді операциялардың оншақтысын іске асырдық. Сол уақыттың бәрінде шекарада өмір сүрдік десек те болады. Отбасымыздан жырақта болып, қызымның өсіп қалғанын да байқамай қалдым». Сондай көп операциялардың бірі Виктор Федотовичтің есінде ұмытылмастай болып қалыпты. Ол өз ынтасымен келіп, біздің шекарашыларға КСРО партия басшыларының бірімен кездескісі келетінін жеткізген шетелдіктің ұсынысынан басталды.
«Мен кезекті операциядан енді ғана қайтқам. Қатысушылардың бәрін үйлеріне жібергем, өйткені, бірнеше тәулік бойы жұмыс істеп әбден сілеміз қатқан. Бір кезде телефон шырылдады, көтерсем басшылық шақырады. Ал жарты сағаттан кейін шетелдіктің ұсынысы бойынша өз пікірімізді баяндауымыз қажет, – деп өз әңгімесін жалғастырды ардагер. – Сондайлардың бірі хабарлапты: «Егер менің хатымда айтылғанды орындасаңдар байланысқа шығамын. Ал хат мынадай жерде жасырылады».
Әрине, қауіптендік, сенімсіздік те бар. Өйткені, ол адамды қарсы жақтың арнайы қызметтері жіберіп отыруы да мүмкін ғой. Ал ұсынысты қабылдамасақ өте қажетті мәліметтерді алу мүмкіншілігін қолдан жіберіп аламыз. Сонымен, тәуекелге бардық. Жалпы, барлау деген түгелімен тәуекелден тұрады ғой, бірақ орынды тәуекел. Сөйтіп, біз өз адамымыз Максты жағдайды зерттеп, зерделеп қайтуға жібердік. Оған, бізге қажетті адам шекараға шақын жерде тұруы тиіс және ол айналасындағыларды өзіне назарын аударту үшін дөрекі бір іс-әрекеттер жасауы мүмкіндігін бақылауды тапсырдық.
Сонымен, Макс ол адаммен байланыс орнатып, келесі кездесудің орны мен уақытын келісіп қайтты. Неге екенін қайдам, шетелдік байланысқа дайындықтың әзір екенін білдіретін белгі ретінде үш рет аспанға оқ атуды ұсынды. Біз басында келіскенімізбен, кейін білсек аспанға үш рет оқ ату шекарада қауіпті ғой, өйткені, ол дабыл белгісі болып табылады. Басшылықпен келісе отырып, біз ату дабылының имитациясын жасадық.
Агентті бір апта бойы дайындадық. Ол кезде халықаралық жағдайдың шиеленісуіне байланысты мемлекеттік шекаралар тарс жабық болатын, яғни ресми түрде өту қиынның қиыны. Сондықтан, барлаушылар шекараның күзетуге қиын тұсынан жасырын өтулері тиіс. Ондай жерлер таулы немесе өзеннің ағысы қатты арнасы болып келеді. Барлаушылар түн жамылып қар, жауынға қарамай сондай жерлерден ажалға бас тігіп өтетін. Агентке тиісті негізгі және қосымша аңыз да дайындалды. Негізгі аңыз бойынша агент тапсырманы орындауға шықса, қосымша аңыз ұсталып қалғандай жағдай үшін дайындалды.
Оған бар болғаны 300 метр ғана жүріп барып, хабарды алып, сол жерге біздің жауабымызды қалдыру қажет. Ал ең негізгісі өзінің қалайда, қайтсе де тірілей қолға түспеуі керек. Біздің сұрауымыз бойынша шекарашылар біраз күн бұрын жаңадан «жалған» күзет мұнарасын орнатып қойған еді. «Шетелдік» азанда кездесуді ұсынғанымен, оған сәл өзгеріс енгізіп, операция уақытын таңғы төрттен кешкі сегізге жылжыттық. Өйткені, кешкі сегіз әлі айнала қараңғы, ал таңғы төртте таң қылаң бере бастайтын сәт, бәрі көрінеді, торуылға ілініп қалуымыз мүмкін. Операция бас-аяғы он минуттан аспауы тиіс. Сонымен, біздің агент кетті, күтіп біз қалдық. Білуімізше, біздің адам өтетін шекараның тұсы теп-тегіс жер болуға тиіс еді. Содан сымдарды кесіп, ары аса берген кезде гүрс еткен дыбыс шықты. Сөйтсек, арада үлкен ор қазылған екен, ал ол біз жақтан байқалмайды, біздің агент соған құлап кеткен. Терең ордан шыққанша есептелген он минуттың жеті минутын жоғалттық. Соған қарамай біздің «орындаушымыз» тапсырманы дер кезінде және толығымен орындап қайтты. Кері қайтарда қобалжығаны бар, операцияны орындағанына қуанғаны бар, ол жігітіміз шекара сызығын өтпей жатып, қолындағы тапаншасын аспанға көтерген қалпы: «Бәрі орындалды!» деп айқайлап, алақайлап жүгіргені есімде. Сөйтіп, біздің көпсалалы операцияларымыздың бірі басталды.
Бірақ, «қырғи қабақ соғыс» аяқталғалы бұндай операциялар да аяқталды, қазір жүргізілмейді. Бұл күнде заман өзгергеннен кейін, барлаудың әдістері де өзгерген, қазір басқа операциялар іске асырылуда. Ал ол туралы мен білмеймін де, ал егер білетін болсам да айта алмаймын. Өйткені, ол менің құзыретімде емес.
Ардагер барлаушы дұрыс айтады, бүгінде «Сырбар» сыртқы барлау қызметінің қырандары алдыңғы сапта ұлттық қауіпсіздігімізді қорғауда ерен еңбек етуде. Кезінде Ұлыбританияның премьер-министрі Уинстон Черчилль: «Британияның мәңгілік досы жоқ, мәңгілік дұшпаны да жоқ, тек оның мәңгілік мүдделері ғана бар», – деген екен. Сондықтан, мына алмағайып заманда, әлемдегі жағдайдың шиеленіскен кезінде Мәңгілік Еліміздің мәңгілік мүдделерін қорғау, Ұлы Дала елін асқақтату – жас барлаушылардың, Ұлы Дала перзенттерінің парызы, иығына түскен жауапты да құрметті міндеті. Олар ол міндеттерін ойдағыдай орындап шығады да, өйткені, олар өздерінің алдыңғы буын ағаларының істерін жалғастырушылар, үлгі алар ұстаздарынан, барлау ардагерлерінен үйренері де көп.
Кезінде В.Прудников Орал қаласындағы орта мектепті бітіргеннен кейін аз уақыт аға пионерлердің аға жетекшісі болып істеген. Әскери қызметтен соң А.С.Пушкин атындағы Орал педагогика институты комсомол комитетінің хатшысы болып сайланды, одан кейін Орал облыстық комсомол комитеті хатшысына ауыстырылды. 1963 жылдың наурызында мемлекеттік қауіпсіздік органдарына жұмысқа қабылданды. Қызметін Батыс Қазақстан аймақтық МҚК басқармасында жедел уәкіл лауазымынан бастады. Ол жерде қарсы барлау бағыты бойынша тәжірибе жинақтады және жедел қызметтің берілген аумағында нақты оң нәтижелерге қол жеткізді.
Осы жағдайды ескере келе, 1968 жылы оны Қазақ КСР Бірінші басқармасына (сыртқы барлау) ауыстырды. Аталған жерде жедел уәкілден басқарма бастықтарының бірі дәрежесіне өсіп, 1990 жылдың қараша айына дейін қызмет атқарды. Ол көрсетілген кезең аралығында орталық тарапынан оң баға алған жеті шетелдік шаралардың жүзеге асуына қатысты. Ақпараттық-сараптама жұмысында өзін жақсы жағынан көрсетті. Шығыс елдері тілдерінің бірін меңгерген. Ол 11 медаль, КСРО мен Қазақ КСР МҚК грамоталары және МҚК мерейтой белгілерімен марапатталған. Бүгінде В. Прудников отставкадағы полковник, КСРО МҚК құрметті қызметкері, балалары мен немерелерінің қызығын көріп, аман-есен өмір сүруде десек те, соңында әлі ашылмаған шиырланған барлаушылық жолы жатыр.
Александр ТАСБОЛАТОВ,
«Егемен Қазақстан».