20 Қазан, 2015

Мұғалима

599 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін
МұғалімОл шәкірттерін өзінің ұлы мен қызындай жақсы көреді. Шәкірттері де оны туған анасындай қастерлеп, бауыр басып кеткен. Оның басқалардан басты ерекшелігі де осында. Кезінде ұлы ұстаз Әбу Насыр әл-Фараби: «Адамға ең әуелі білім емес, тәрбие берілуі керек. Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы», деген екен. Оның балаларға білім мен тәрбие беруде басқалардан ерекше әдіскерлік тәсілі бар. Ол – Алматыдағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы №123 мектеп-гимназияның бас­тауыш сынып мұғалімі Баян Маскубайқызы Адырбекова. Міне, тіл бағытындағы сыныпқа сабақ беріп келе жатқанына жиырма жылдан асты. Осы мектепке келген алғашқы жылы оқу ісі жөніндегі меңгерушісі 2-ші сынып оқушыларын тапсырған: «Бұларға тұрақты мұғалім болмай тұр. Өйткені, оқушылардың қабылдау қабілеттері өте төмен. Оқу үлгерімдері көңіл көншітпейді. Тәртіптерін де анау айтты жақсы дей алмаймын. Сондықтан, мұғалімдер бұл сыныптан қашады. Сіз де өзіңізді байқап көріңіз. Оңтайыңызға келмей жатса айтарсыз», − деген еді. Сыныпта отызға жуық оқушы бар екен. Мұғалімдер жиі ауыса берген соң ба, олар «бізге келіп-кететіндердің бірі болар» дегендей аса мән бермеді. Оқушылардың сабаққа қызығушылықтары жоғы өз беттерінше отырғандарынан көрініп тұрды. Ол аз күннің ішінде-ақ отызынан отыз түрлі мінезді байқады. «Не істеу керек? Балалар назарын сабаққа қалай бұруға болады? Иә, ол үшін қалайда жүректеріне жол табуым керек». Әрі ойлап, бері ойлап, әуелі олардың есімдеріне жанама аттар қоюды ұйғарды. Ұлдарға «батыр», қыздарға «сұлу» атауларын қоса айтты. Содан ба оқушылар апайына назарларын сала бастады. Бір байқағаны, балалардың қабілеттері де жаман емес секілді. Тек ынталарын оятып, тыңдата білуге машықтандыру керек. Ой жеткен жерге қол жеткізу оңай ма?.. Оның да жолын тапты. Ол «Ана тілі» сабағының алдында бес минут қысқа ертегіні мәнерлеп оқып еді, балалар ұйып тыңдады. Содан бастап «Ана тілінің» әр сабағын осылай бастауды үрдіске айналдырған. Ал «Қазақ тілі» пәнінен сөз талдауды түсіндіру оқушыларға едәуір қиындықтар тудырды. Сөздің түбірі және жұрнақ пен жалғаудың мәні мен міндеттерін бірден ұғына қоймай, шатастырумен болды. Оның да тиімді жолын іздемесе, құр ереже жаттатқаннан ештеңе шықпайтыны анық. Қанша дегенмен ойынға қызықпайтын бала болмайды ғой. Ол сабақты түсіндіру барысында ойын, сергіту элементтерін пайдалануды жөн көрді. Әуелі тақтаға «оқушылар» деп жазды да, сөзде қанша дыбыс болса, сонша баланы тақта алдына шығарды. Сосын оларға қарап: «Қазір мына сөзді талдаймыз. Біз бөлек-бөлек қатар түзіп, түбірге, жұрнақ пен жалғауға бөлінеміз, − деп топтан үш оқушыны бөліп алып, қатар тұрғызды да: – Балалар, бұл үш оқушы «оқушылар» деген үш әріптен тұратын сөздің түбірі – «оқу», атау сөз, – деді. Содан соң екі оқушыны бөліп алып: – Бұлар «шы», атау сөздің мағынасын өзгерткен жұрнақтар. – Оқшау қалған үш оқушыны қатарына қосты. – Ал «лар» сөздің мағынасын өзгертпей, тек көптікті білдіретін жалғаулар, − деді. Ойын оқушылардың сабаққа қызығушылығын арттырып, ынталарын оятып, тақырыпты жеңіл меңгеруге алып келді. Ол математика пәніне де осындай ойынды пайдаланды. Оқушылардың сабаққа қызығушылығы артып, тоқсан сайын барлық пәндерден үлгерім көрсеткіш нәтижелері көтеріле түсті. Көп ұзамай-ақ оның бұл әдіскерлік тәсілін әріптестері де сабақтарына пайдаланып жатты. Тоқсанды қорытқан жиналыста ата-аналар: «Баян апай, бұрын балаларымыз сабаққа барғысы келмей енжарлық танытатын. Сіз ұстаздық еткелі оларда бір ерекше құлшыныс пайда болды. Түстен кейін ертеңгі сабаққа тыңғылықты дайындалып, таңертең мектепке асығатынды шығарды», − деп жарыса айтып, өздерінің қуаныштарын білдіріп жатты. Сынып оқушылары әр алуан тақырыптарға арналған кештер де өткізіп, мектеп ұжымының ыстық ықыласына бөлене бастады. Жылдар жылжып, оқушылар сыныптан сыныпқа ауысып жатты. Аудандық, қалалық, облыстық және республикалық ашық сабақтар өткізіп, оның жаңашыл әдіскерлік іс-тәжірибесі республикалық мұғалімдердің білімін жетілдіру институтындағы «Үлгілі ашық сабақтар» қатарынан орын алып, республика ұстаздарының назарларына ұсынылды. Озат тәжірибесін қала көлеміне таратуға арналған семинардағы шығармашылық есебі де өзгелер назарынан қағыс қалған жоқ. Бірде мұғалімдердің білімін жетілдіру институтындағы оқытушылар республиканың барлық аймақтарынан келгендерді осы мектептегі бастауыш сыныптардың ашық сабақтарына қатыстыруды ұйғарады. Сонда ұстаздардың басым көпшілігі басқалардан гөрі Баян Адырбекованың сабағына қатысуға өтініш жасаған. Сол ашық сабаққа қатысқан, Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген мұғалімдер Баянның сабақ өту тәсіліне тәнті болып, «өз мамандығына адал берілген сіздей ұстаздар көп болса, шәкірттердің болашағы қандай жақсы болар еді», деген пікір айтты. Оқу жылының соңында әдеттегідей жоғары сынып мұғалімдері мектептегі бас­тауышты бітіретін балалардан барлық пәндер бойынша сынақ жұмыстарын алады. Сол жылы мектептегі бастауыштың сегіз сыныбындағы шәкірттер сынақтан өтті. Сонда жай сыныпқа саналып келген Баян Адырбекованың шәкірттері оқу үлгерімі бойынша барлық гимназия сыныптарын артқа тастап, ең үздік көрсеткішке қол жеткізді. 2005 жылы «АБДИ Компани» акцио­нерлік қоғамы «Ұлттық жоба: «Қазақ мектебі» деген тақырыпта бастауыш сы­ныптарға арналған жаңа буын оқулық­тарына көмекші құралдар жасауда конкурс жариялаған еді. Қоғам таңдауы Баян Адырбекова бастаған үш ұстазға түскен. Олардың «Әліппе» мен «Қазақ тілі» пәндері бойынша құрастырған көмекші құралдарын «АБДИ Компани» топтама етіп шығарып, республика көлеміне таратылды. Қазір сол көмекші құралдарды еліміздің барлық мектептері кеңінен пайдалануда. Сондай-ақ, ол Білім және ғылым министрлігінің «Оқулық» республикалық ғылыми-практикалық орталығының» тапсырысы бойынша «Interactive Kazakhstan» компаниясының «Даналық әліппесі» оқу-әдістемелік кешеніне сараптама жасап, Тіл білімі институтының «Алғыс хатымен» марапатталды. Баян Маскубайқызы содан бері де қан­ша­ма балаларды білімге баулып, қанаттан­дыр­­ды десеңізші. Кезекті оқу жылының басын­да тіл бағытындағы гимназиялық бірінші сы­нып оқушыларын қабылдап алды. Бұл мектепке жыл сайын Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті мен Қазақ мемлекеттік педагогикалық университетінің студенттері үш ай мерзімге өндірістік-практикаға келіп, тәжірибе жинап кетеді. Баян Адырбекова өзіне бекітілген студенттер Гүлжан мен Айманнан: «Қыздар, шындарыңды айтыңдаршы, сендер университетке мұғалім болуды армандап түстіңдер ме?», − дегенде олар: «Баян апай, мұғалімдердің жалақысы аз. Біз университеттен жоғары білімді деген «диплом» алсақ болды. Жолымызды басқа саладан табамыз», − деген. Үш айдан соң сол қыздар: «Баян апай, сіздің шәкірттеріңізбен жұмыс істегеніңіз бізге қатты ұнады. Оқушыларыңыздың бәрі бауырмал, алғыр, тәрбиелі. Олармен жұмыс істеу қызықты екен. Енді біздің де сіз секілді мұғалім болғымыз келіп кетті», − дейді. Сол қыздар қазір қала мектептерінде ұстаздық етіп жүр. Адырбекованың тағы бір ұтымды тәсілі – күн сайын үзіліс кезінде екі-үш оқушысына арнап хат жазып, ешкімге білдірмей күнделігінің арасына салып қояды. Ол хатында оқушысының сол күнгі сабаққа қатысу белсенділігін, үсті-басын таза ұстауын, оқу құралдарына ұқыптылығын, жіберген кемшіліктерін жазады. Үйіне барған оқушы апайының хатын оқып, жауап хат жазады. Бір қараған жанға оның бұл тәсілі жай нәрсе секілді көрінуі мүмкін. Ал ойланған жанға мәні зор. Біріншіден, бұл тәсіл оқушының ойлау қабілетін арттырады. Екіншіден, олардың өз ойын жеткізіп жазуға машықтандырады. Үшіншіден, сауатты жазуға үйретеді. Қазір шәкірттерінің сол хаттарын оқып отырып, сөздерінен грамматикалық қате таппайсыз. Сондай-ақ, олардың ойлау қабілеттерінің соншалық жетілгеніне сүйсінесіз. Осы орайда айта кететін тағы бір жайт, ол оқушылары төртінші сыныпқа көшкен кезде «Құпия дәптер» тәсілін қолға алады. Бұл ұстаз бен шәкірттерінің шынайы сырласуы. Ол дәптердің алғашқы бетіне оқушыларына арнау сөзін жазған. Ал шәкірттері төрт жылғы ұстаздан көрген өнегелерін қолтаңба ретінде қалдырған. Мұндай тәжірибе-тәсіл республикада Баян Адырбековадан басқа әлі бірде-бір ұстазда болған емес. Ол: «Ұстаз шәкірттерін сүймесе, оларға аналық мейіріммен қарап, шын жанашырындай сырласа алмаса, жүректеріне жол табу екіталай», − дейді. «...Айналайындарым, сендер жылдармен жылжып үлкен азаматтар да боларсыңдар. Кейбіреулерің, тіпті, ел танитын азаматқа да айналарсыңдар. Бірақ бәрің де мен үшін баяғы кіп-кішкентай Рауан, Береке, Гүлім, Шұғыла, Арслан, Талшын, Мағжан, Алуа, Алибек, Айсұлу, Дамилия (бәрінің есімдері түзілген) ...маған бәрің де осындай шәкірт күйлеріңде қала бересіңдер. Мен сендерді көрген жерде беттеріңнен өбіп, сүйетін боламын. Сендермен 4 жылымның күзі, қысы, көктемін бірге өткіздім. Жаз айларында ғана бөлек демалып, күзде сағынышпен қайта табысатынбыз. Енді сол жылдардың естелігіндей болып, осы «Құпия дәптер» және бірге түскен фотоларымыз ғана қалады. Айналайын балаларым, сендерді қимай отырып, болашақтарыңа жарқын өмір, білімдеріңе биік шың, арман-мақсаттарыңа жетулеріңе талмайтын қанат тілеймін. Сендермен өткізген жылдарыма ризамын. Сендер ең тамаша балаларсыңдар! Сендер бауырмалсыңдар, сендер ақылдысыңдар, сендер бір-біріңмен татусыңдар! Мен сендерді қатты жақсы көремін!..». Баян Адырбекованың осы өзекжарды арнауын оқып отырып, шәкірттерін тұлға ретінде тәрбиелегенін байқадым. «Құпия дәптерді» шәкіртінің алды болып Рауан Сағымбек бастапты. «...Сіз мені әркез «жазушы қызымыз» деп айтып келесіз. Сол жазуға, әдебиетке деген құмарлығымды оятқан да, ізденуге үйреткен де өзіңізсіз. Егер сіз әдебиеттің адамы болмағанда, менің бойымдағы жазуға деген ынтамды кез келген ұстаздың байқай беруі мүмкін емес еді. Сіздің қай сұраққа да ерінбей-жалықпай жауап беріп, құлаққа құйып тастайтыныңыз керемет! Анам: «Сенің апайың тек сабақ берумен ғана шектеліп қалмайды, күнделікті өмірдің өзін сендерге қарапайым тілмен түсіндіре біледі. Бұл қасиет мұғалімдердің бәрінде бірдей бола бермейді, қызым», − деген еді. Шынында да солай екен. Біз үшін қаншама әсерлі кештер өткізіп жүрсіз. Тіпті, сіздің бүкіл болмысыңыз бізге «ұстаз осындай болуы керек» дегенді аңғартады. Бипаз біртоға жүріс-тұрысыңыз, киім киісіңіз... бәрімізге нақ өз баласына сөйлеп тұрғандай жылы жүрегіңізбен, жұмсақ жымиысыңызбен, мөлдіреген мейіріміңізбен қарағаныңыз, өз перзентіңізге жасағандай қамқорлығыңыз бәрі-бәрі де көз алдымызда. Оны біз қалай ұмыта аламыз?! Алла бұйыртса, енді екі тоқсаннан соң біздер, шәкірттеріңіз жоғары сыныпқа қадам басамыз. «Тау алыстаған сайын биіктей түседі» демекші, сізден алыстаған сайын ұстаздық бар болмысыңыз алдымызда қашанда биіктей берері сөзсіз...». Төртінші сынып оқушысы Рауанның ой-өрісінің қаншалықты өсіп кеткені осы «Құпия дәптердегі» сырының үзіндісінен көрініп тұрған жоқ па. Осы материалды жазу үстінде көз алдыма педагогикалық училищеде оқып жүрген кезімде бізге педагогика мен психология­дан сабақ берген ұлағатты ұстазымыз Жақыпбай Қасымбеков көз алдыма келе берді. Ұстазымыз өз мамандығының асқан шебері, өте білімді, тәжірибелі училище мұғалімдерінің ақсақалы еді. Бізге сабақ беріп қана қоймай, педпрактикаға да алып баратын. Бізді практикаға тұңғыш рет алып барғалы тұрып: − Біздің баратын класымыздың мұғалімі қаламыздағы ең озат, жас болғанына қарамай жұртшылыққа сыйлы мұғалім. Сабақ беру тәсілдері де, шәкірттерін тәрбиелеу тәсілдері де өзгеше. Шәкірттерімен қарым-қатынасы қандай десеңші! Сендер шәкірт тәрбиелейтін алғашқы қадамдарыңды сол мұғалімнің жолымен бастап, үлгі алсаңдар, болашақта сондай мұғалім болып қалыптасар деген үмітім бар, − деген-ді. Шынында да бастауыш сыныптарға сабақ беретін мұғалімдердің арасынан ол мұғалімдей мұғалімді мен бұрын-соңды кездестірмеген едім. Мен «Ұлан» газетінде бас редактор болып қызмет істеп жүргенде мектептерді жиі аралаушы едім. Кейде шәкірттер туралы жазу үшін мектеп басшылығымен кеңесе отырып, мұғалімдердің сабағына да қатысатынмын. Сонда осы Баян Маскубайқызының сабағына тап болғанымда, сабақ жүргізу тәсілдеріне қарап, бұл кісі біздің қадірлі ұстазымыз Жақыпбай Қасымбековтің немесе сол Жақыпбай ағайымыз сынды өте тәжірибелі ұстазға шәкірт болмады ма екен, біз тұңғыш рет педпрактикадан өткізген мұғалімнен бұл кісі де өтпеді ме екен деп ойлағаным бар-ды. Онда мұғалімдердің іс-тәжірибесі туралы тереңдетіп жазу мектеп оқушыларына арналған «Ұлан» газетіне лайық деп таппағандықтан, шәкірттері, олардың алғырлығы туралы ғана жазған едім. «Ұстаз талантты болса, шәкірті талапты болады» деген ұлағатты сөз бар. ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері Баян Адырбековадан тәрбие алған шәкірттер зеректігімен, алғырлығымен, талаптылығымен көзге түсіп келеді. Жаңа оқу жылының күзінде ата-аналар мектеп табалдырығын алғаш рет аттағалы тұрған балаларын Баян Адырбекованың сыныбына беруге таласа өтініш жасап жатқандарына қарап, ұстазға деген құрметтерін көргендей боласыз. Өйткені, баланың білімге деген құштарлығы осы бастауыштан басталып, кейін тұлға болып қалыптасары сөзсіз. Сұлтан ҚАЛИҰЛЫ, ақын-жазушы. АЛМАТЫ.