Кеше Ақордада еліміздің Мемлекеттік хатшысы, Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы Гүлшара Әбдіқалықова БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) Қазақстандағы өкілі Юрий Оксамитныймен кездесті.
Мемлекеттік хатшы Ю.Оксамитныйды лауазымға тағайындалуымен құттықтап, Қазақстан мен ЮНИСЕФ арасындағы табысты ынтымақтастықтың жалғасатынына сенім білдірді. Сондай-ақ, Г. Әбдіқалықова әлемдегі және еліміздегі балалардың жағдайын жақсартудағы ЮНИСЕФ-тің маңызды рөлін, БҰҰ-ның даму мақсатындағы көмек көрсету жөніндегі Негіздемелік бағдарламасын орындау бойынша еліміздегі мемлекеттік органдардың белсенді жұмысын атап өтті.
БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында Білім және ғылым вице-министрі Есенғазы Иманғалиев аталған министрлік БҰҰ-ның Балалар қорымен 1992 жылы шартқа қол қойғандығын айта келе, осы шарттың аясында көптеген ауқымды жұмыстар атқарылып жатқандығын хабарлады. 2012-2014 жылдарға арналған екі жылдық бағдарлама бар болатын, соның барысында тек қана Білім және ғылым министрлігі емес, сонымен қатар, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі, Әділет министрлігі және Ішкі істер министрлігі белсенділік танытты.
Сонымен қатар, БҰҰ Балалар қорының Қазақстандағы өкілі Ю.Оксамитный соңғы жиырма жыл ішінде Қазақстан өзге де елдермен серіктес болып келе жатқандығын айта келіп, бірігіп жасаған жұмыстар нәтижесінде жаңа туған нәрестелер мен балалар өлімінің азаюына қол жеткізілгеніне және денсаулық сақтау мен білім беру саласында жетістіктер бар екеніне тоқталды. Басты бағыттардың бірі де балалар құқығын қорғау турасындағы бірлескен шаралардың арқасында жүзеге асырылып жатқандығын басты назарда ұстаған ол, қазіргі таңда серіктестік барысында кезекті бес жылдық бағдарлама жасалып жатқандығын атады.
Қазіргі таңда ЮНИСЕФ-пен өзара байланыс арқылы және 2010-2015 жылдарға арналған Елдік бағдарламаның барысында отбасы мен қоғамның әлеуетін нығайту, әлеуметтік және басқару саясатын әзірлеу, әлеуметтік қорғау жүйесін жетілдіру бойынша іс-шаралар табысты жүзеге асырылуда. Бағдарлама басымдықтарының бірі Оңтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарының, бұған қоса, Семей сынақ алаңы мен Арал аймағындағы балалардың жағдайын жақсарту болып табылады.
Кездесуге қатысушылар балаларды қорғаудың өзекті мәселелерін, білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік даму салаларындағы ынтымақтастықтың келешегін талқылады. Бұл орайда әнші, қазіргі уақытта Ұлттық комиссияның жаңадан қосылған мүшесі болып отырған Қарақат Әбілдина қоғамдағы әйелдердің орны мен рөлі турасындағы ойымен бөлісті. Елбасының «Отбасы – басты құндылығымыз» деген сөзін мысалға келтірді.
Эльмира МӘТІБАЕВА,
«Егемен Қазақстан».