Толғандырар тақырып
Жалпы, сахна саласының жаңа буынын даярлау театр өміріндегі өзекті мәселелердің бірі деуге болады. Аталған мәселені де Елбасы ұдайы назарында ұстап, былтырғы кездесуде Білім және ғылым министрлігіне Мәдениет министрлігімен бірлесіп, шығармашылық жастардың “Болашақ” бағдарламасы аясында әлемнің таңдаулы жоғары оқу орындары мен сахналарында өз шеберлігін шыңдауға мүмкіндік алуына жағдай жасауды тапсырған болатын.
Елбасы тапсырмасы тап-тұйнақтай орындалып, өнер саласындағы дарынды жастардың мемлекеттік “Болашақ” бағдарламасы арқылы алыс және жақын шет елдерде 2009-2011 жылдары ұзақ мерзімде (4-5 жыл) білім алуларының жоспары бекітіліп, оны толық көлемде қаржыландыру мәселесі шешілгені көңіл марқайтуда. Соның ішінде алты басым мамандықтар тізбесінде кинематография, режиссура, театртану, продюсерлік іс (арт-менеджмент) мамандықтарының енгізілуі үлкен жақсылық.
Бұл төңіректе Т.Жүргенов атындағы Ұлттық өнер академиясында жыл санап мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша тегін білім алатын жастардың қатары көбейіп келе жатқанын да айта кету керек. Мәселен, 2009-2010 оқу жылына (шығармашылық мамандықтар бойынша) республика бойынша 600 орын бөлінсе, соның 250-і осы оқу орнының үлесіне тиіп отыр. Халқымызда “жүйріктен жүйрік озар жарысқанда” деген сөз бар. Мемлекет тарапынан осындай мүмкіндіктің ұсынылуы, біріншіден, жер-жерлерден дарынды жастардың бір ортаға шоғырлануына жол ашып берсе, екіншіден өз араларында шығармашылық бәскелестіктің күшеюіне жағдай туғызады. Нәтижесінде “жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар” шығар хас шеберлердің қатары көбейіп келеді.
Әлбетте, Қалибек Қуанышбаев, Серке Қожамқұлов, Елубай Өмірзақов сынды дарынды саңлақтар жол салып берген киелі өнерді жалғастырушы жас буынның, соның ішінде келешек театр режиссерлерінің даярлық деңгейін ұлт мәдениетінің келешек көкжиегімен салыстыруға болады. Сондықтан театр мамандарын даярлау мәселесі бойынша бірер ауыз сөз қозғай кеткен орынды.
Айта кетер жәйт, кейінгі кезде жас режиссерлердің театрларда тұрақтамай жүргені де шындық. Жалпы театрда “режиссер” деген атқа ие болу үшін қолдағы дипломның, соның ішінде көзі қарақты көрерменнің талғамы мен таңдауына сай келетін соқталы дүниелер тудыруда тек теориялық білімнің аздық ететінін ескеруіміз керек. Бұрындары режиссура мамандығы бойынша білім алуға отыз жастан асқан азаматтар ғана алынып келсе, қазір орта мектепті жаңа бітірген жас өскіндер қабылданады. Ал, режиссура табиғаты өзіндік көзқарасы бекіген, айтар сөзі, пайымдар ойы бар кәсіпқой шеберлерді талап етеді. Яғни режиссураға қадам басқан тәжірибесі аз, өмірден көріп-түйгендері шамалы жастардың көбіне эстрадалық жанрларды таңдап, өнердің оңайлау жағына ойысып кете беретініне осы жәйттер де себеп болса керек деп ойлаймын. Сондықтан жас режиссерлер соңына ұлт руханиятына мұра болар із қалдырамын десе әу бастан сахнаның ыстығы мен суығына қатар төзуге бейімделуі керек дер едім.
Көптен қозғалып келе жатқан тағы бір түйткілді мәселе, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы, Қазақ ұлттық музыка академиясы, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы және сол сияқты өзге де өнер колледждерін тәмамдаған жастарды өз мамандықтары бойынша жұмысқа орналастыру ісі әлі де болса жан-жақты қолға алынып, түкпір-түкпірдегі мамандар тапшы театрларға арнайы жолдама беру ісін нақты жолға қойған жөн. Кейінгі кезде Мәдениет министрлігінің театр өнері қайраткерлерінің республикалық практикумын өткізіп, академияны бітіруші жас режиссерлердің спектакльдерін сыншыларға көрсетіп, талқыға салу мүмкіндіктерін ұсына бастауы ілгері істің бастауына айналуда. Бұл шара республика театрларын мамандармен қамтамасыз ету және театр педагогикасын оң бағытқа бұру ісіндегі тың үрдіс екенін айту керек.
Сондай-ақ, өнер саласы оқу орындарында даярланып шыққан кадрларды өңірлердегі театрларға орналастыруда жергілікті билікпен, соның ішінде облыстардағы мәдениет басқармаларымен тікелей байланыс орнатудың тиімділігі зор. Бүгінде бірқатар облыс басшылары жоғары оқу орындарына “мақсатты” түрде тапсырыстар беріп, мамандарының диплом алғаннан кейін облысқа қайта оралуына кепіл бола бастады. Осы үрдіс барлық облыстарға жұғысты болса құба-құп.
Театр мамандарының біліктілігін арттыруда өзге елдермен тәжірибе алмасу, тағылымдамалардан өту дәстүрін жалғастырудың да маңызы зор. Соңғы жылдары ұлттық театр режиссерлерінің Ресейдегі театр қайраткерлерінің одағында тағылымдамадан өте бастауы жақсы нышан. Өйткені, орыстың сахна өнерінің дәстүрі әлемдік өркениеттегі үздік үлгілердің қатарында тұр. Сондықтан жақсыдан үйренудің ешқандай сөкеттігі жоқ. Бұған қоса, Қазақстанның ЮНЕСКО жанындағы халықаралық театр институтына кіру мәселесінің қолға алынып, бірталай жұмыстар жүргізіліп жатқаны да игілікті іс. Қазақстанның ХТИ-ге кіруі – театр саласындағы байланыстар географиясын анағұрлым ұлғайтып, шығармашылық кадрлардың кәсіби деңгейін көтеруге мүмкіндік туғызады әрі мәдениеті жоғары мемлекет ретінде еліміздің имиджін нығайтпақ. Жастардың шығармашылық талабы мен дарынын ашуда түрлі деңгейдегі конкурстардың да қосатын үлесі мол. Жастар шығармашылығына арналған “Жас қанат”, “Шабыт”, Әміре Қашаубаев, Жүсіпбек Елебеков, Құрманғазы атындағы конкурстар, сондай-ақ классика бойынша скрипкашылар, пианистер, балет және Б.Төлегенова атындағы вокалистер конкурстары, “Опералия” фестивалі осы олқылықтың орнын толтыруға қызмет етуде.
Опера төңірегінде де бірер сөз. Кейінгі кездері опера мен балетте танылған жас таланттар бар ма, олар неге көрінбейді деген сұрақтар да сала мамандарын мазалап жүр.
Ұлттық опера мен балет саласына озық туындылар берген Сыдық Мұхамеджанов, Құддыс Қожамияров, Ғазиза Жұбанова, Мансұр Сағатов, Тілес Қажығалиев сынды тұлғалардың дүниеден озғанына да біраз болды. Аталған талантты шоғырдың ізін басатын жас авторлардың қатары сиреп, соңғы 20 жыл ішінде опера және балет театрларының репертуарында отандық композиторлардың шығармаларының тапшы екені ащы да болса ақиқат.
Десек те Құрманғазы атындағы Ұлттық консерватория мен Қазақтың ұлттық музыка академиясындағы вокальдық және хор факультеттерінен жылына жиырмаға жуық түлектің қанаттанып, осы салаға бейімделе бастауы дәтке қуат. Соның ішінде, Талғат Мұсабаев, Жан Тапин, Гүлжанат Сапақова, Венера Алпысбаева, Салтанат Ахметова сияқты жастардың халықаралық конкурстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болып, қазақ ұлттық опера өнерін шетелдерде танытып жүруі алтын арқаудың үзілмегенін айғақтайды.
Өткен жылы ұлттық сахна өнерінің көкейкесті проблемаларына қатысты Б.Құндақбайұлы, Ә.Сығай, А.Қадыров, С.Қабдиева, Б.Нұрпейіс, А.Мұқан тәрізді театртанушы ғалымдар мен сыншылардан құралған топ арнайы кеңес өткізгені есімізде. Онда республикамыздың түкпір-түкпіріндегі театрлардың ағымдағы ахуалы мен атқарған жұмыс қорытындыларына талдау жасалған болатын. Сол басқосуда театрлардағы репертуарлық саясат пен драматургияның қазіргі жағдайы туралы проблемалар да қозғалды.
Өркениетті мемлекеттерде театрлар өз репертуарын ең әуелі сол елдің мәдени-рухани, саяси-тарихи жағдайы мен тыныс-тіршілігіне сәйкес әзірлейтіні белгілі. Елімізде осы талап толық орындалмай еңбекақыны, үй-жайды, құрметті атақтарды Қазақстаннан алып, жылдар бойы Отанымыз туралы ешқандай спектакль қоймаған театрлар жеткілікті деген пікірлер театр сыншылары тарапынан ашық айтылды.
Театртанушылар сахнаға қойылатын жаңа пьесалардың көбінің көркемдік сапасы сын көтермейтінін де айтуда. Жаңа қойылымды қабылдайтын арнайы көркемдік кеңестің құрылу қажеттігі де сөз болды. Соңғы уақытта театрларда жаңа пьеса жазып, сахнаға қою ақша табудың оңай жолына айналғаны, бірқатар театрларда режиссерлар мен директорлар өздері пьеса жазып, сахнаға да өздері қоятын жағдай көбейгені тілге тиек етілген.
Тұтастай алғанда, театр сыншылары тиісті мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы органдардың ұлттық театр өнерін дамыту барысында едәуір іс-шараларды жүзеге асырғанына баға берді. Соның ішінде Астана, Алматы, Петропавл, Ақтөбе, Павлодар қалаларының әкімдіктері театр әртістерінің әлеуметтік-материалдық жағдайын жақсартуға әжептәуір көңіл бөле бастаған екен.
Бірқатар облыстық театрлар өз труппасының құрамын Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы мен өнер колледждерінің актерлік бөлімін тәмамдаған жас әртістермен толықтырған. Кейбір жекелеген облыстық театрлар (Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан) өз режиссерлері мен әртістерін шетелдерге тағылымдамаға жібере бастағаны құптарлық іс. Театр қойылымдарының көркемдік сапасын жақсарту мен әртістердің кәсіби шеберлігін шыңдау мақсатында кейбір театрлардың гастрольдік сапарларға шығып, республикалық театр фестиваліне қастысуы да игілікті қадам.
Аталмыш жиында алдағы уақытта республикалық және жергілікті театрлар өз репертуарларын халықтың рухын көтеріп, жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелейтін, қазақ мемлекеттілігінің беріктігін паш ететін жаңа қойылымдармен толықтыру қажеттігіне бас назар аударылды. Барлық театрларды тек кәсіби білімі бар мамандармен қамтамасыз етіп, арнайы білімі жоқ әртістер мен режиссерлерді жұмысқа қабылдауды шектеу; жергілікті театр басшылығы театр әртістерін даярлайтын жоғары оқу орындарымен, колледждермен келісім-шартқа тұрып, өздеріне қажетті мамандарды жоспарлы түрде шақыруды жолға қою жағын да ескеру қажет. Сондай-ақ, біліктілігін арттыру мақсатында театр әртістері мен режиссерлерін екі айдан алты айға дейін Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясына, ТМД елдерінің театрлары мен өнер саласындағы жоғары оқу орындарына тәжірибе алмасу курстарына жіберіп отырған абзал. Театр әртістері мен режиссерлерінің, техникалық мамандардың кәсіби шеберлігін шыңдау мақсатында алыс-жақын шетелдерге тағылымдамаға жіберу тәжірибесін жалғастыру, театрлардың көркемдік сапасын көтеру үшін гастрольдік іссапарларды ұйымдастыру да алдағы кезеңнің жоспарларына енуі қажет.
Барысхан ЖҰБИХАТ.