13 Тамыз, 2010

Шәмші феномені

2217 рет
көрсетілді
39 мин
оқу үшін
Иә, бүгінде Шәмші Қазақ деген ха­лық­қа, халық Шәмші деген алыпқа айналды! Алып қашанда анық! Көзге анадайдан көрініп тұрады. Көрініп қана қоймайды, көп өтпей-ақ өзіңізге айналып жүре береді. Бұған таңқалмасқа шараңыз жоқ. Тұтас халыққа айналған адамды жақсы көрмеуге бола ма?! Жатырқау жаттың ісі, жақындау Хақтың ісі. Өйткені Рух Хақ тарапынан адам баласына жіберілетін ұлы шарапат, шафқат! Ол екінің басына қона беретін Бақтан да аяулы һәм әзіз. Бақ қонбалы, Рух ұшпалы. Тұтас халықтың бақытты һәм баянды болуы бақтың өзіне ғана емес, рухқа байланысты. Бұл әзелгі ақиқат. Біздің Өнер деп жүргеніміздің тірегі де, жүрегі де осы Рух. Өнерін, оның ішінде, өнер адамын көкке көтерген елдің әрқашанда өресі биік, өрісі кең. Көбелек те қонарға гүл таңдайды. Әуедегі құс та ұшып-қонарға тал таңдайды. Хақ тарапынан адам баласына жіберілетін Рухтың да дәл осындай қадір-қасиеті бар. Сол рухтың патшаға емес, басқаға емес, Шәмшіге, иә, біз білетін Шәмшіге адаспай, айнымай келіп қонғанын, міне, енді шамалаған боларсыз. Ұлы композитордың, әйгілі ән падишасының соншалықты атақты һәм қарапайым, кішіпейіл һәм кірпияз, көпшіл һәм көнекөз, сергек болмағының қыр-сыры да осы арадан қылаң берсе керек. Халық әндерін не үшін жақсы көре­тініміз бесенеден белгілі, ал Шәмші әндері ше? Естіген сайын емешегіміздің үзіліп тұратыны неліктен? Нәші келсін, келмесін айтқымыз кеп тұратыны несі екен? Сонан соң естіген сайын жүрегімізге еніп, айтқан сайын жан-дүниемізді аялай, аймалай, әлдилей түсетін әуенінде нендей сыр, си­қыр жатыр? “Алты айлық әндерді” былай қойғанның өзінде, небір айшықты әндер, неше жерден әуезді, сазды болғанымен, уа­қыт өте келе көңілден көшіп, санадан өшіп қалып жатқанын да көріп, біліп жүрміз. Ал Шәмші әндерінің, қай-қайсысы болсын, айтқан сайын жаңғыра, жаңара түсетіні неліктен? Осыған аз-кем болса да ой жіберіп көрген жеріңіз бар ма? Бар болса, бұл жөнінде нендей уәж, дәлел, дәйек айта алар едіңіз? Музыка әлеміне, саз сиқырына көз майын тауысып, сөз мәйегін сарып етіп жүрген сарабдал өнертанушылар бұған не дейді? Айтпақшы, сол сабаздарыңыз бү­гінде бар ма екен өзі? Бар болса, неге бой көр­сетпейді? Басқа басқа, Шәмші шығар­ма­шылығының соңына неге шырақ алып түспейді? Шынын айтсақ, тәуелсіздікке қол жеткізген аз ғана жылдың ішінде жол-жөнекей жоғалтып, не тоналтып үлгерген рухани игіліктеріміз бен ізгіліктеріміз аз емес сияқты. Өнер дейтін әлемнің басқа саласын ауызға алмағанның өзінде, әдебиет сыншысынан айрылды, музыка зерттеу­ші­сінен қол үзді. Сыншысы өлген әдебиеттің оңдырып оқырманы болмайтынына да соң­ғы кезде көзіміз жетіп жүр. Ал “өнер­тану­шы” деген сөздің қоғамдық қолда­ныстан, адамдық арақатынастан шығып қалғанын немен түсіндіруге болады? Бұл ненің сал­дары? Кешегі бар бүгін неге жоқ? Әуелі эко­номикамызды епке келтіріп, тұрмы­сы­мызды түзеп алайық дегенге құлақ ассақ, шал­қып шаттанып, балқып бап­та­нып жүр­геніміз тағы шамалы. Есті ел ма­териалдық игілік пен рухани құндылықты егіз қатар алып жүрсе болар еді... Барқадар жұрт жол-жөнекей барын жоғалтпайды, жо­­ғын табады. Керуен көштен бірде уық, бірде бас­­құр... жолай жоғала берсе, келер кезек бір күні Шаңыраққа келіп жетпесіне кім ке­піл? Әйтпегенде, күні кешегі Шәмші, Нұр­ғиса, Әсеттердің тағдыр, таланты, анау Садық, Сыдық, Мұқандардың мәңгілік му­за­сы қай халықтың тайқы маңдайына тар келіпті?! Айтулы өнер адамының өмірінде туған күні, өлген жылы деген болмайды. Ол шенге де, шекпенге де, шекке де, шеңберге де сыймайды! Ұлылықты танып білем десеңіз, әуелі өзіңіздің зердеңізге зейін салыңыз. Ал зерде жеке адамға да, жәми жамағатқа да бірдей қатысты. Ұлттың ұлы болмағы есіктегі мен бесіктегінің белгі, нышанынан көрініс табады. Төрдегінің бәрі ұлық емес, төсенішті жерге де салуға болады. Жердегінің бәрі құлың емес, қадіріңе мәзірі сай, құрметіңе құзыры құп. Ұлылық ұғымын аса асқақтата берудің қажеті жоқ. Оның Тәңірі көкте, тамыры жерде. Аралықта өмір бар. Ол біреуге ұзақ, біреуге қысқа. Шәмшінің өлердегі жа­сын қайдам, өнердегі жасы ұзақ, тым, тым ұзақ!.. Қазақтың бүгінге дейінгі және бү­гін­нен кейінгі ғұмыры қаншаға ұзарса, Шәм­шінің аты да, заты да соншаға созыл­мақ! Ақиқи шындық осы. Аталып отырған сексен жылдығыңыз сол ұзақсонар өмірдің көз­мон­шақ­тай бір үзігі ғана! Аңызға айналған адам­ның ақиқаты да аңыз. Өз басым Шәмші туралы не айтсам да, не жазсам да алдымен осы қағидаға арқа сүй­ей­мін. Әркім әр саққа жүгіртіп жүрген “Сы­ған серенадасы” да әу бастан осы ұс­танымға негізделіп жазылған. Кім не десе о десін, көркем шығарманың райы да, шы­райы да алдымен Шындыққа жүгінеді. Ар­ғы­сы толығымен қаламгердің қа­лау­ында. Ал біз айтып отырған Шын­дықтың көзі Шәм­шінің өзі! Төмендегі мөлтек дүниелер де тұтастай алғандағы “Шәмші ғұмырдың” таңдай жібітер ащылы-тұщылы тамшылары. Бұйымтай Шәмші аға күтпеген, ойламаған жерден телефон шалды. Түнгі он бір шамасында, Тараздан. Әнін әрі тыңдап, әрі айтып жүргеніміз болмаса ол кісімен бұлай ауызба-ауыз сөйлесіп отырғаным алғашқы мәрте. Түн ішінде сонау Тараздан іздеу салғанына сәл-пәл таңданғанымды қалай біліп қойғанын қайдам: – Әй, Исраил, кештетіп хабарласып отырғанымды кешір, айналайын, немене, келіннің қасына жатып қап па едің? – деді салған жерден, – гәп былай, бір бұйымтай боп тұр...ағаңның бұйымтайы. Екеуміз бір ән жазуымыз керек. Сүйегі сенікі, сүйініші менікі. Тез арада. Солай болып қалды. Тыңдап тұрмысың? – Тыңдауын тыңдап тұрмын ғой, бірақ...бұрын-соңды...Сізбенен... Онсыз да үзік-созық сөзімді ортасынан шорт кесіп тастады: – Сөзді қой да, іске кіріс. Қашанғы Сабырхан мен Әлімқұловтың сөзіне ән шығара беремін. Оларды қоя тұрып сендер­­ге ауысамын енді. Әңгіме былай: ертең дәл осы уақытта Шымкенттен хабарласамын. Бүгін ойлан, ертең жаз. Екеуміз екі бірдей қоянды бір оқпен атып алайық деп тұрмыз. Мен мұндағы біреулерге уәде беріп қойып едім... Ал уәде құдайдың ісі. Жазатын сөзіңнің ішінде “шарф” және “туфли” деген сөздер болсын, не шумағында, не қайырмасында... – Апыр-ай, әуелі әнін, былай...оның үстіне әлгі айтқан сөздеріңіз әнге келіңкіремейді ғой, – дей бергенімде: – Әй, сен...айналайын-ау, ақын емессің бе?! Несі бар, есебін тауып енгіз де жібер, кілтін тауып, кіргіз де жібер! Әнмен бірге айтылғанда кез келген сөздің кедір-бұдыры байқалмай кетеді. Болды, мен ертең дәл осы уақытта Шымкенттен бір хаба­рымды беремін. Телефонмен ауызба-ауыз оқып бересің. Мен жазып аламын. Әннің шығуы сенің сөзіңе байланысты... – Дегенмен, аға...Шәмші аға... Әлгі “шарф” пен “туфлиді”... Байланыс үзіліп кетті. Аң-таң қалпы, әрі - сәрі күйде мен қалдым. Анау-мынау кісі емес, Шәмші ағаның өзі құда түсіп отыр! Маған. Бірінші рет. Ертең ел аузында...әнмен қоса... Қуанып та тұрмын, құп алып та тұрмын, бірақ, қобалжуым одан да күшті. Ағаның алуан түрлі әндері құлағымнан кетпей, түні бойы ұйықтай алсамшы... Таң атқан соң да тағат тапқаным ша­малы. Әні белгісіз мәтіннің бірнеше түрін қағазға түсіріп ит әурем шықты. Қалайда жазуым керек, бүгін, кешке дейін! “Шар­ф­­­қа” аса қиналған жоқпын, ұйқасқа бол­м­а­са да, сөз арасына салып жіберсем қайда барады? Оның үстіне Мұқағалида, әлгі, “Сен маған шарфыңды бер, шарфыңды бер...” деген тіркес бар емес пе? “Туфлиі” құр­ғырды қайтсем екен? Құдай құп көр­генде ол да табыла кетті! Тағы да сол Мұ­қа­ғалидан. Жерден жеті қоян тапқандай қуан­дым. Күн батты. Ымырт үйірілді. Қа­раң­ғылық қоюланды. Мәтін әзір-мәзір. Шәмші ағаны күтіп отырмын. Айтқандай-ақ, дәл түнгі он бір кезінде ағамыз телефон соқты, Шым­кент­тен. Қырағатпен емес, кәдімгі, қырылдаған дауысымен: – Исраил, айналайын, ұйықтап қалған жоқсың ба? Мен, әлгі, кешегі уәде бойынша... – Мәтініңіз дайын, ағасы, оқып берейін бе? – Ә, солай дейсің бе? Ой, айналайын, мен қазір, тұра тұр...ал айта бер, құлағым сенде... Үш шумақ, бір қайырма. Әлгі мың болғыр екі сөздің бірін екінші шумаққа, екіншісін қайырманың ішіне ытқытып жібергем. Демімді әрең алып күтіп тұрмын. Ағамның бір ауыз сөзін. Арада үнсіз­дік. Ұзаққа созылып ба­ра­ды. Менен сабыр қа­шай­ын деді. Жоқ, қы­рыл­дағаны қырағаттан да артық сол дауыс...Арғы жақтан анық-қанық естіліп тұр: – Айналайын-ау, мынауың қатып кетіпті ғой?! Бәрінен де бұрын “Бөке­байың” ұнап тұр, ал “Топылиды” қайдан тапқансың? Соны айтшы? – Е, ол дегеніңіз өзіңіздің досыңыз Мұқаңда, Мұқағалида бар емес пе? – Иә, иә, дұрыс айтасың. Кәне, оқып жіберші? Төпеп тұрған нөсерге қарамай-ақ, Бір қыз кетіп барады жалаңаяқ. Жалтыраған әдемі топылиын Кім біледі, жауыннан барады аяп... – Топыли...Оның да таппайтыны жоқ екен. Мық­тының аты мықты ғой... – Мен оны аздап өз­­герт­тім, ән мәтініне бей­ім­деп... – Қалай деп? – Топылай деп... – Бұл да дұрыс екен. Бәсе, Сабырхан айтып еді, осы балаға сұрау сал деп... Жаңылмаған екен­­біз, жақсы болды. Рахмет, айналайын, әнін ұзамай естисің... – Сау болыңыз... Бірақ, өкінішке қарай, ести алғам жоқ. Қолмен жазылған сөзін де таба алмай қойдым. Ән туды ма, тумады ма, ол жағын да біле алмадым. Көбіне ел аралап жүретін Шәкеңнің жағдайы о бастан белгілі... Араға уақыт түсіп кетті. Өзіндей болмаса да, көзіндей болып соңында қалған қағаз, қаламының арасынан табылып қалар ма, бәлкім, кім біледі... “Сыған серенадасы” қалай жазылды? Шәкеңнің Шымкентке келуі соңғы кезде жиіледі. Көбінесе не Тараздан, не “Манкент” шипажайынан Оразбек Бодықов екеуі самауыр-шәйнектей тізілісіп кеп тұрғаны. Оның себебі бар. Біріншіден, күтіп алатын, басы-қасында болатын, шығарып салатын, қасында жүретін інілері мұнда көп. Қаланың өзінде белді қызметте істейтін інілері Мұхамеджан Рүстемов, Қуаныш Төлеметов, Рыстай Артықбаев бар. Сонау Мырзашөлдің орталығы Гагаринде тұратын Көбейді туыс-туғанынан да артық көреді. Жетісайдың музыкалық драма театрында бірі күйші, бірі әнші Бөрі Исаев, Жеңіс Қарғабаев және ақын Әлібек Мейірбеков тағы бар. Екінші бір себебі, соңғы кезде денсаулығы әжептәуір сыр беріп жүр. “Манкентті” айтпағанда, Жетісайда да, Мырзашөлде де Шәкеңнің деніне дауа минералды жылы су бар. Ара- арасында ауруханаға да жатып шығады. Осындай бір күндері қалада емделіп жатқан ағамыздың хал-ахуалын сұрай бардым. Екі иығынан дем алып жатыр екен. Көкірегі сыр-сыр етеді. Маңдайы шып-шып терге бөккен. Палата іші қапырық. Әбден әл­жуаз­данып қалған ағамыздың жанына жел­деткіш қоюға да болмайды екен. Кірерін кірсем де, көңілін немен ауларымды білмей далмын. “Кеше Мұхтар келіп кетті... Бүгін сен... Алматыға алып кетемін дейді, ол жа­ғыңда бір оңып тұрғандай...” Көкірегі сыр-сыр еткен ағамыз алып келген оны-мұныма көз салмады. Бет-жүзі жүдеу болған соң ба, қос құлағы одан сайын қалқая түсіпті. “Не ем қабылдап жатсыз?” – дедім дегбірім кетіп. “Дәрісі дарымай жатыр...дәрі басқа, дауа басқа білем...” Медбике келіп тершіген маңдайын мақтамен сүртіп, ем-дом жасады. “Аға, – дедім ентігі саябырсыған бір сәтте – айып көрмесеңіз, көкейде көптен жүрген бір сауалым бар еді...” “Анау әйнекшені ашшы әуелі”, деп өзі де орнынан қозғалып, отыруға әрекеттене берді. Бесін ауып қалған мезгіл ғой, әйнекшенің аржағынан ептеп желемік ішке енгендей болды. – Ал, айта бер, айналайын... – Айтсам...кешіріңіз, Сіздің басқа әндеріңіз бір төбедағы, “Сыған сере­на­да­ңыз” бір төбе. Өлердей жақсы көремін. Сы­ры бөлек, сиқыры ерек бір дүние. Қалай шық­ты? Қашан? Соны біл­­сем деп едім... – Сұрағаның жақ­сы. Бірақ, қазір мен айта алар ма екенмін... Ұзақтау әңгіме ғой ол...Анау Алма­тыңдағы Қадыр ағаңнан сұрасаң қайтеді? – Ол кісі қайда қашар дейсіз, ертең Алматыға қайтам ғой, сонда... Дегенмен, өзіңізден естісем деп едім... – Сұрамайтын кезде сұрадың-ау... Білгенің де дұрыс. Қадыр айтар-айтпас... Қайдағыны еске түсірдің-ау, қарағым... ...Арғысы қалың жұртқа белгілі. Қайталаудың қажеті жоқ. Қазір мұны екінің бірі біледі. “Сыған серенадасы” ойдан шығарылған дүние емес. Ағаның алқына, деміге, қинала отырып айтқан бес-алты ауыз ақиқатының айна-қатесіз айғағы. Ұштығы ұшан-теңіз бір үзік мөлтек сыр ғана. Жалт етпе жас­­тық дәуренінің ең бір елеулі де, қалаулы тұсы болар бәлкім... Аз күн болса да ар­мандай азат әлемнің ішіне еніп үлгерген елгезек жігіттің ғажайып түс көргендей осы­нау бір қас қағым сәттік алай-дүлей се­зім төңкерісін сол жігіттің өзіне неге қи­маймыз? Тіпті, қызғана­ты­нымыз қалай? Оның үстіне ол жігіттің тұла бойында бо­ла­шақ ұлы композитордың бүкіл болмыс-бітімі менмұндалап тұрса ше?! Мәселен, сіз, иә, мына сіз сол Шәмші сияқты кез келген көшеде кез келген әлгі сыған қыз-келіншектерімен кездесе қал­саңыз, олар сізге “бал ашамын, бар-жоғы­ңызды болжап беремін...” деп қиылып, қиылғанымен қоймай қылмыңдап қылық көрсетіп тұрса, қайтер едіңіз? “Кет әрі!” деп қабақтан қар жаудырып өте шығу оп-оңай. Көбіміз сөйтіп те жүрміз. Ал Шәмші өйткен жоқ. Еркінен гөрі елп етпе елікпелігі басым. Оны аз десеңіз,ожданы азат ой мен сергек сезімнің серісі. Бұл үрдіс кешегі бірегей Біржаннан, ақиық Ақаннан қалған сарқыт. Сол сарқытты сарқып емес, сақтай алғанның өзі өнер емес пе?! Оны айтасыз, сізге өтірік, маған шын, сол Ақаныңыз Шәмші Қалдаяқовтың түсіне екі рет енген. “Бұл жүрісіңді қой, анау айкәпір ащы уыңнан тыйыл!” деген. Суыңнан емес, уыңнан деп отыр. Қабағын шытып, қатқыл үнмен. Үшіншісінде Шәкеңнің өзі Ақаң­ның басына барған. Құраннан аят қайырып, алақан жайып, кеш болса да кешірім өтінген. Бұған да дәлел керек пе? Күдік, күмәніңіз болса, анау Арыстанбаб бабамыздың қасы мен қабағының аясында байыз тауып жатқан Өзағаңның рухынан сұраңыз! Күнәлі адам күдікшіл келеді, зиялы адам үмітшіл келеді. Бәріміз де күнәдан ада-күде емеспіз, әйткенмен көкірек қуысыңызда сол күнәдан арылмақ ниеттің жұмыртқа басып, балапан ұшырып жатқанынан артық не бар дейсіз?! Жасыратын несі бар, біз көбіне Шәкең­ді құр мақтанның құрбанына айналдырып жүрміз. Құлдығына жарасақ бір сәрі... Әрі кеткенде бірер естелік кітап қана жарыққа шығардық. Ана бір жылдары “Кеңсайдағы” жатаған қабырының қараусыз қалып, шөп-шаламнан көрінер көрінбес боп жатқа­ны­ның да куәсі болғанбыз. “Ештен кеш жақ­сы” деп өзімізді өзіміз жұбатқанымыз бол­маса, Шәмші өмірі мен өнеріне қатысты шаралар едәуір кешігіп барып қолға алын­ды. Бұл орайда ақын-жазушылар, баспасөз қызметкерлері аз дабыл қаққан жоқ. Нәтижесінде Шәмші Қалдаяқов әндерінің фестивалі дүниеге келді. Мың болғыр атпал азамат Амалбек Тшановтың арқасында ол фестиваль тұңғыш рет Шымкент шаһа­рында тұсауын кесті. Шынын айту керек, алғаш республикалық, кейін келе халық­аралық мәртебеге ие болған бұл игілікті іс кейінгі кезде ақаба судай тартылуға айналып бара жатқан сыңай танытады. Олай дейтініміз, әнқұмар жұрт арасында алғашқы кездегідей құба-құп құлшыныс, әмбеге ортақ әсер әдепкідегідей емес. Рас, “Шәмші” журналы шығып жатыр. Рас, жыл сайын Алматыда екі рет, Астанада екі рет Шәмші әндеріне арналған дәстүрлі концерттер өткізіліп жүр. Журналдың көр­кемдік сапасы мен маз­мұнына көш жүре түзеледі деген баға беруге болар. Ал жыл сайын ең кемінде үш-төрт рет бірі екіншісін қайталаудан аспайтын концерт өткізудің ая­ғы немен тын­бақшы? Күндердің күнінде “Шәмшіден де зеріктік” деп жүрмейміз бе? Жаңа әндерін неге естімейміз? Сауатты, білімді, мандолиноны айтпағанда, күйсан­дықтың құлағында құлыншақтай ойнайтын ағамыз әр жаңа шыққан әнін нотаға түсіріп, мүмкіндігінше мұқияттап жүретінін кім білмейді? Олар, өзі айтқан­дай, үш жүзден әрі асып жығылмайтын ба еді? Рас, бәрін жауһар демесек те, тіске басары мен іске асары аз емес екені ап-анық. Шын жанашырлық жасайды екенбіз, сол әндерді біртіндеп неге жарық дүниеге шығармасқа? Әншейіндегі елп етпе елгезек әншілері­міздің осы орайдағы еңбегі мен ізденісі қайда? Тіпті, Шәмші ағамыздың су жаңа әндерінен ар­найы кеш, концерт­­терді неге ұйымдас­тыр­масқа? Көрермен мен тыңдар­манда ай­ып жоқ. Барға мәзір, азға шүкір­ші­лік қара­пайым халықтың қа­шанғы қа­сиеті. Мейлі, шығып жатсын, мейлі бұғып жатсын, әр әннің өз тағ­дыр-та­лайы бар. Әйткенмен, сахнаға шығуын сан жылдар сағына, зарыға күтіп жатқан ән мұңлықтың көзайым сүйінішін көппен бірге ертерек көргенге не жетсін?! Әсіресе, Шәмшідей ұлы рух иесінің ырзалығы үшін! Шәмшіні “Вальс королі” деуге әбден дағдыланып кеткенбіз. Маған одан гөрі “Ән падишасы” деген айшуақ ат көбірек ұнайды. Себебі, онда көңіл тоғайтатын толыққанды айдарлы әлем, әсіре лақаптан ада-күде ән иесіне лайықты рухани лауазым бар. Байқаған кісіге Шәмші әндерінің ауқым-аясы, өлшем-мөлшері бірыңғай вальстің аясында тұсалып қалатындай аса тар емес. Құдайға шүкір, айтушысынан шендессіз шеберлікті талап ететін шеңберсіз, шексіз дүрдана дүниелері аз емес. Әлі күнге бізге таңсық шығар­маларын айтпағанда, “Теріскей”, “Өмір өзен”, “Отырардағы той”, “Дүнген қызы”, т.б. шоқтығы биік бір шоғыр әндерін қайда қоясыз?! Адамзат баласының әлімсақтан бергі арман-арзуындай азат дүниені, ботақанның көзіндей барынша бекзат бағы – бостан әлемді көз алдыңызға айна- қате­сіз әкелетін “Сыған серенадасы” ше? Біздің ғашық та машық пәруана көңіліміз осы әнге неге сонша айырықша ынтық, іңкәр, ынтызар? Бұл әнді кім айтпады дейсіз?! Бәрі де өз шама-шарқынша әрледі, әспет­теді, әуелетті... Кезінде Шәмші ағамыз: “Сы­ған серенадасын” Зәуре Есбергенова­дан асып ешкім де айта алған жоқ” деп ағынан жарылған болатын. Одан бері біраз жыл араға ат шалдырды. Жарылқаушысын күтіп жамбастап жатып алған ән қайта дүниеге келді. Алтынбек, Мақпалдар дом­быра сазымен нәштеп, нақыштады. Шым­кенттік әнші қызымыз Қадиша Сейі­то­ваның кең тынысты, әуезді дауысымен едәуір биікке шарықтады. Ақыр соңында әнші-сазгер Лұқпан Жолдасовтың бірегей, тамаша әрлеуі нәтижесінде лирикалық мақам сазы мәйін, жұмсақ әншіміз Тоқтар Серіков аталмыш әнді өзінің құтты орнына біржолата қондырды. Ән жәми жұртшы­лық­тың жүрегіне ұялады. Өз құпиясын, өз сыр-сымбатын алғаш рет бетін ашқан арудайын әмбеге жария етті. Әлемі тылсым, әсері гүлсім айырықша ән төресі деп таныдық. Мұндай әндер, ақ жарылып мой­ын­дауымыз керек, айында, жылында емес, мыңнан бір мезетте бір-ақ туады! Және мұндай ән төресінің ілкіалды ішкі иірім, үйірім, үйлесімімен қоса, сөз жоқ, сұңғыла көз сұқтанатындай тағдыры болады! Қызығасың да, қызғанасың! Қызғанасың да қызығасың! Бұл ән, мен сіздерге айтайын, қазақы қауым қарындастықтың қаймана харекетінен, тозақы тұрмыс-тіршіліктің аядай ғана аясынан әлдеқашан шығып кеткен! Жігіт Шәмшінің жұдырықтай жүрегіне сыймай, аласұра алқынып, булыға бұлқынып аспан аясына ұшып шыққалы бері! Бәлкім, жұлдызы жамыраған, айы ақ шәлі жамылған түн жарымында, бәлкім, шашақты шапағы шартарапқа шашырай төгілген таң шағында... Оны, тағы да айтай­ық, қалақтай қазақ баласы Шәмші мен жамалы жәннаттай сыған қызы ғана біледі! “Шәмші шынтуайтында сығандар таборында болған ба, болмаған ба?” деген әлде біреулердің қитұрқы, қысыр, қырсық сұрағы, “Шәмші сығандар арасында бол­­маған, бұл ойдан шығарылған, қиялдан ту­ған” деген сияқты бейшара, бейбақ түсінік­тер мен ұсақ-түйек ұғымдар, шынын айт­сам, мені елең еткізбейді. Әңгіме әннің ту­ға­нында! Оның басқаныкі емес, Шәмшінікі екенінде! Шәмшінің әнін Шәмшіге қимай­тын ағайындар арамыздан табылып жатса, оған да таңқалуға болмас, амалың қанша?.. ...Огинскийдің “Полонезін” алыңыз. Қандай ғажайып сазды дүние! Сөзі жоқ болғанымен, өзі бар! Бәрімізге ортақ, бәрімізге етене. Біртуар дүние, туасы, ұлт таңдамайтын болса керек. Ол адамзат қауымының ортақ игілігі. Аталмыш ән, өздеріңіз білесіздер, “Туған жермен қош­тасу” деп аталады. Әскери шендегі граф Клефас Огинскийдің туған жері Польшаны тастап шығар алдындағы өкініші мен өксігі...Огинский бұдан бұрын да жиырма шақты полонезді дүниеге келтірген. Бірақ... атын шығарған, артында қалған мәңгілік музасы мен мұрасы осы. Әрине, Огинский мен Шәмші және ол екеуінің қоғамы мен заманы өзара салыстыруға келмейді. Огинский ұлт-азаттық күресінің көсемі, Шәмші қазақ ән өнерінің қайталанбас хас өкілі. Екеуін табыстырып отырған алтын арқау, жібек желі ән-әуен әлемі. “Қазақ ән өнерінің...” деген сөзімізге қайтара бір үңілсеңіз, айтпағымызды алдын ала аңғара қояр едіңіз. Біз, бүгінгі ұрпақ Шәмші рухының алдында әлі көп-көп қарыздармыз. Өзіміз ғана қызықтап, өзіміз ғана ардақтау, кешірерсіз, аздық етеді. Әсіресе, кешеден бүгінге келіп, кемелдікке аяқ басқан кезімізде. Шәмшіні, әрі кет­кенде, анау Штраустардың қатарына сөзбен қоямыз да, оны іспен дәлелдей, дәнекерлей алмаймыз. Қазақы ұғымға сайсақ, Шәм­ші­нің басқаныкі емес, тек өзіміздікі болғаны өзіміз үшін жетіп артылатын сияқты. Қайтерсің, тар ая, тапшы түсінік. Бұған етіміздің үйренгені қа-ш-ан... Егер өзегінде өксігінен гөрі өрті басым халық мына біз болсақ, Абайды әлдеқашан алты әлемге, Шәмшіні тым болмағанда ТМД елдеріне әйгілей алар едік. Ал менің түй­сі­гім мен түсінігімдегі Шәмші өзіне қонымды киімімен болсын, өзіне жара­сымды жүріс-тұ­рысымен болсын, өзіне лайықты тағдыр-талайымен болсын, ең аяғында бір ғана “Сыған сере­надасымен” болсын (өмір болса, өзге дү­ниесін де өзектен тебе қоймаспыз) Штраус­­тың ғана емес, анау Шопен, Мо­царт, Бетховендердің қатарында тұруға әб­ден лайықты! Шәмші ағадан “Сыған сере­надасын” аттай қалап алғанымның мәнісі мен түп төркіні, міне, осында жатыр. Мен оны екі жылдай көкейіме сақтап, көкі­ре­гімде хаттап жүрдім. Журналистикаға жу­ық­тау жанр эссеге де, тіпті поэзияның қара­ нары поэмаға да қиғым келмеді. Неге дей­сіз бе, Шәмші ағаның аурухана төсе­гін­де жатса да менің көңілімді қимай жан сырын қинала отырып айтқаны үшін!.. Мен сұрамай, ол айтпай, ішінде кетсе қайтер едім? Құдайдың бұл да болса иігені де... Ойлана, толғана жүріп драмалық шығармаға тоқтадым. Мұның алдында “Ауылдан келген ару”, “Әмір Темір” атты сахналық дүниелер Алматы мен Шымкент театрларында жү­­­ріп жатқан. “Сыған сере­надасы” поэтикалық драма үлгісінде жа­зылды. Әрине, мұның алдында сығандар өмірі туралы жазылған шығармаларды, экрандық дүниелерді іздеп жүріп оқуға, көруге тура келді. Соның ішінде, әсіресе ұнағаны Пушкиннің “Сығандар” поэмасы. Содан болар, Пушкиннің Алекосын сол күйінше алдым. Онда жағымды болса, мұнда жағымсыз кейіпкер. Шәмшіні Изоль­даға біржола басыбайлы бермес үшін Сағыныш линиясын қоса таңдадым. Өйт­кені, қанша дегенмен біздің менталитетіміз басқашалау ғой. Шынтуайтында, ол да өмірде бар адам, жасанды, жалған кейіпкер емес. Шәкеңнің “Сағынышым менің” әні қазақтың осы бір аяулы қызына арналған. Қазіргі күнде бұл пьеса жеті, сегіз театрда бірдей жүріп жатыр. Шәмші аруағының әзіздігін, Шәмші рухының мәңгі өлмес өміршеңдігін осыдан-ақ пайымдай беріңіз! Іздеймін, табамын деген адамға көрін­бей жатқан көмбе, ашылмай жатқан бұлақ көзі аз емес. Әлімсақтан әрі, болымсақтан бері шартарапты шарлап кеткен сыған­дардың өмір тағдыры да осы тақылеттес. Жыл құстары секілді олар да жылы жаққа, әлдеқайдағы әлдебір Жұмақстан әлеміне әуесек. Құстар ұшпалы, сығандар көшпелі. Мифке, романтикаға, қиял-ғажайып әле­міне жаны жақын серішатыс адам, әлде­қалай кезіге қалса, сығандардың сыңсыған скрипкасына, алпыс екі тамырыңды ерітіп, балқытып әкететін ән биіне, гитара сазына, қызуқанды қыздың қылықты қимылы мен назына лезде арбалып жүре беретіні айдан анық. Орыс ақсүйектерінің қай-қайсысы да осы халден ада-күде арыла алмаған, керісінше, керек болса, сыған қызының бір сәттік ыстық жанары мен бір кештік оттай құшағы үшін бар дүние мүлкін, үй жайын, жар қосағын тәрк етуге дейін барған! Бәлкім, біздің Шәмшіміз де әуейілікпен емес, әуесектікпен, еріккендіктен емес, еліткендіктен “Тастақтағы” табордан бір-ақ шыққан болар ма!.. Әбден мүмкін-ау. Әрі-беріден соң, ол да, мына біз де кешегі көшпелі жұрттың бүгінгі бір тұтам жұрнағы емеспіз пе?! Күнделікті мезі тірліктен меймана ен жайлауға, пешенелі пенде­ліктен періштелік дүниесіне кеткісі келіп тұратын құбақан құлын құдайым өзі кешіре көргей дейміз дағы... “Сығандардың дулы, шулы дабыры Бессарабияны кезіп жүр...” (“Сы­ған­дар” поэмасынан). Сол дабыр, сол тобыр, сол табордың ша­ды­ман шағы Пушкиннің де басын шыр айналдырып, шабытын шарпып өтпесе нағылсын!.. ...Өзекті қызыл шоқтай өртеп жүрген бір өкініш бар. Ол Шәмші өміріне кеш, өте кеш үңілгендігім. Жазылған бір ғана пьеса көңілге жұбаныш, арманға алданыш бола алмайды. “Ұлық болсаң, кішік болдың” қарапайым ғана бір үлгісіндей Шәмші Қалдаяқов ғұмыры біреуге аңыз, біреуге ән, біреуге ақиқат...Үшеуі де, бәрібір, ұлы тұлғаның толыққанды тағдырының кесімді пішімді үлгісін сомдай алмақ емес. Шәмшіғұмыр күрделі де қарапайым, әсерлі де қызықты... Біз әлі оның бәріміз болып бар болғаны алғышартында ғана жүрміз. Шәмші берді, біз алдық. “Бергеннің берекесі, алғанның мерекесі” деп жүре беруге де болады. Бірақ... “Алмақтың да салмағы бар” деген сөз балаға емес, алдымен санаға қарап айтылса керек... РS: кеше бір әріптесім “Шәмшінің қасында бір емес, бірнеше жыл жүрдім, бірақ “Шәмші сығандар таборына қоныпты, сыған қызға ғашық болыпты” деген сөзді естіген емеспін” д-е-п отыр. Дұрыс айтады, ішіне кіре алмаған адамға, қырық жыл бірге жүрсе де, сыртын бермесе, кім ішін ақтара қойсын... “Құбылаға жығылмай...” Шәмші аға ақын достарын, інілерін айырықша жақсы көрген. Сабырхан мен Нұрсұлтанды кейде қуақы қунақ әзілімен, кейде өткір де ұтқыр әжуасымен ойламаған жерден қағып-сілкіп тастайтын болған. Бірде Төлеген сонадайдан қуанышын жа­­­­­сыра алмай: “Шәмші аға, сүйінші беріңіз, кітабым шықты, кітабым!” деп қасына ал­қын-жұлқын жетіп келіпті. “Арман сапары” деп айқайлап тұрған жұқалтаң кітапты қолына алып қомсына қарап шыққан Шәкең ақын інісіне: “Сүйіншің қаша қоймас, Ағаң саса қоймас” деп ар­тын­ша: “Көбейіп тұр бүгінде Ақындардың қатары. Бес-ақ тиын тұратын Не деген арман сапары?” деп суырып салыпты. Тө­леген кі­тап­ты қайта қолына алып, сыртқы мұ­қа­басына көз жүгіртсе, шынында да, “Арман сапарының” бағасы бес-ақ тиын екен. *  *  * Нұрсұлтан мен Сабырханға Шәмші: “Мен ән шығарып, сендер өлеңін жазып, әжептәуір абыройлы болып жүрсіңдер ғой, әйтпегенде, мен ақын болсам, сендер өлең жазу түгілі қолыма су құя алмас едіңдер” деп әзілдейді екен. Шынында да, Шәкең­нің табан астында тауып айтатын тапқыр­лығымен қоса суырып салмалығы былайғы жұртты таңқалдырып, тамсандыратын болған. Әдеттегі қағілез қалжыңына басып әуелі мына бір анекдотты (бұралқысөз) айтып алып, артынша осыған қарайлас, орайлас өлеңін сақал мұртын таңертең күзеп, түзеп тұрғанда айтқан екен. Бұралқысөзі: “Сақалымды алған сайын өзімді он жасқа жасарғандай сезінемін” депті күйеуі. Сонда жанынан әрлі - берлі өтіп жүрген әйелі тоқтай қалып: “сол са­қалды  ертеңгісін емес, күнде кешкісін алып тұрсаңшы?!” деген екен. Ал енді өлеңі мынау: “Күнара сайын қырынбай, Мұрттың сәні келер ме? Көрінгенге ұрынбай, Қырттың сәні келер ме? Құбылаға жығылмай, Жұрттың сәні келер ме?! *  *  * Ауылға ат басын бұрған бір сәтінде Ар­ыс­тан әрі асып, Сыр анасына барған Шә­кең оның жағасына атшалдыра мұңайып тұрып: “Есімнен шықпас сірә да, Айналайын, Сыр ана. Мендегі әнді айтсаң да, Мендегі халді сұрама. Ішейін десем тұздайсың, Түсейін десем мұздайсың. Сыңси да сыңси жат елге Баратқан ұзап қыздайсың...” деген екен. Бірінші шумақта сары жапырақ сағынышты бүркенген мінәйім мұң бар. Өз аужайынан аяулы анасына алғаусыз сыр ағытқан баланың сыңайын байқатады. Одан кейінгі шумақ өзінің емес, керісінше, Сыр ананың сырлы, мұңлы сыңайынан хабар бергендей әсер қалдырады. Таза да текті поэзияның дәлме-дәл өзі. Олай дейтініміз, Шәмші аға ән мәтінінің көркемдік һәм мағыналық сыр-сипатына ерекше мән берген. Мұның бір мысалы, “Сағынышым менің” әнінің мәтінін ең кемінде бес-алты рет жаздырғанын Сабырхан ағаның өзі айтып еді... Шәмші әндерін не айта, не тыңдай отырып, өлең сөзіне мән беріп байқаңызшы, бүгінгідей көз сүрінетін олпы-солпы, не қиқы-жиқы тұрған тұстарын таба алар ма екенсіз?! Жоқ, атымен жоқ! Бұл да болса аса талғамшыл, барынша кірпияз өнер иесінің сөз бен саздың киесіне деген құрметі мен ілтипаты. Енді сол ағамыздың алпысқа ат арытып келгендегі айтқанына қараңыз: “Қыз еді баяғыда мақалымыз, Бұл күнде бурыл тартты сақалымыз. Дүние-ай, өткен күннің белгісі жоқ, Қыз кетіп, қатын болды қатарымыз...” Қисыны майдан қыл суырғандай, ұйқасы тастай емес пе?! “Шә...ше...” Жұмыста отырғам. Шәкең Тараздан хабарласты. Өз көлігімен өзі бері шықпақ­шы екен. Күтіп алуым керек. Тараз бен Шымкент арасы жеңіл көлікпен жүргенде көп болса үш сағат жер. Оның үстіне ұшыртып айдайтындай ағамыз аса әбжіл жүргінші емес. Газеттің шұғыл материалын шұқшия жазып отырғанымда, құдай ұрып Шәкеңнің келетін мезгілін білмей қалып­пын. Бір кезде көше жақтан дабыр-дүбір шу шықты. Терезе ашық-тұғын. Шәкең есіме сап ете қалды. Қағаз, қаламды тастай беріп, далаға атып шықтым. Сөйтсем, үлкен көшенің дәл ортасында бір мәшине, оны қоршалай екі үш мілиса тұр. Кабинаға үңілсем...Шәкеңнің өзі! Сасқа­нымнан “аға, не болды?” деппін. Шәкең сол отырған күйінде: “О...оны аналардан сұра, Қ...Қалдаяқовқа жете алмай қор болдым ғой, Шә...Шә...” – Әне, тағы боқтады! Мә, саған шешеңді! деп еңгезердей мілиса қолындағы талонды тағы бір екі мәрте тесіп жіберді, бұл боқтағанда, біз неге аянып тұрамыз, кеттік пунктке! Қарасам, әлгінің қолындағы талонда сау жер жоқ, шұрқ тесік. “Ағасы-ау, мы­­на­лардың қолына талонды құрдан құр неге бере салдыңыз, құртыпты ғой? Әй, жігіттер... Шәкеңнің шарасы таусылған білем, маған қосыла кетіп: – “Мен...мен Шәмші Қалдаяқовпын” дейін десем...мыналарың...сонсоң талонды бере салдым қолдарына... оқысын деп. Оқудың орнына шоқып жатыр ғой... Айтшы, мыналарға: мен Шә...Шә...Ш... – Әне, тағы боқтап жатыр! Шымкент­шілеп! Түсіне қойдым. Шәкеңнің ептеп кідіре, мүдіре сөйлейтін әдетін мыналар басқаша ұғынса керек. – Ал енді, жігіттер, уақтысында күтіп ала алмаған мен де, Шәмші ағаларыңды танымаған мына сендер де айыптысыңдар. Қонақты сонша әурелей ме екен, әсіресе, Шәмші Қалдаяқовты?! – Ойбай-ау, аты-жөнін айтпай ма, боқтай бергенше. Сонсоң, шымкент­тік­тердің бірі ғой деп...Танымай қалғанымыз рас... – Ендеше, “щ”-дан басталған шаруаны “ш”-мен аяқтайық. Ағамызды өзі жақсы көретін “Шымкент” қонақүйіне апарып жайғастырайық. Талонын тесіп тастаған­­дарың ұят болған екен... – Е, оны жөнге келтіру қолымызда ғой... – Ендеше, кеттік қонақүйге! Шәке, қалай қарайсыз? Ш...Шәмшіні жайғастырсаңдар болды, Қ...Қалдаяқов қайда қашар дейсің, қ...қарақтарым... Исраил САПАРБАЙ.