Ер қуанышы – ел қуанышы! Жасөспірімдер арасындағы тұңғыш жазғы Олимпия ойындарында Тараз қаласының тумасы, жас балуан Жәнібек Қандыбаев 69 кг. салмақта төрт рет кілемге шығып, ел спортшыларының атынан алғашқы алтын медальға ие болды деген қуанышты хабарды ести салысымен күрес түрлерінен олимпиада жеткіншектерін даярлайтын мамандандырылған облыстық №7 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіне қарай құстай ұштық.
Мектеп директоры әрі Жәнібектің бабына жауапты бапкерлердің бірі, спорт шебері Кенже Науатов шәкіртімен бірге Сингапурде жүр екен. Бізді директордың орынбасары Қоныс Тұраров пен Жәнібектің әкесі Жұмасейіт Қандыбаев қарсы алды. Бір-бірімізді құттықтап, қауқылдаса амандасып жатырмыз.
Жәнібек 1993 жылы 28 желтоқсанда дүниеге келіпті. Грек-рим күресінен спорт шебері. Мәскеу Олимпиадасының жеңімпазы, балуан Жақсылық Үшкемпіров жүлдесіне арналған халықаралық жарыстың жеңімпазы. Ресейдегі ағайынды Самургашевтар жүлдесіне арналған халықаралық жарыстың күміс жүлдегері. Әкесі Жұмасейіт пен мектеп директоры Кенже Науатов және Рысбек Нұрғазин жеке бапкерлері болып шықты. Ал жас балуанды Сингапур сынына бас бапкер Серік Жұмашев дайындаған.
Жасөспірімдер арасындағы Олимпиаданың тұңғыш чемпионы спорттағы алғашқы жолын 2004 жылы Тараз қаласындағы “Дәулет” кәсіптік спорт клубынан бастапты. Бұл мектепке оны алғаш рет спорт шебері, балуан ағасы Нұрбек жетелеп апарған екен. Ал жалпы білімді облыс орталығындағы №45 Бауыржан Момышұлы атындағы мектеп-гимназияда алып, күрес өнеріндегі бабын арттыра түсу үшін жоғары сыныптарды Астанадағы Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы спорттағы дарынды балаларға арналған республикалық мектеп-интернатта бітіреді. Сөйтіп туған қаласы Таразға келіп, жоғары оқу орнына түсті.
Қазақтың “Бап шаба ма, бақ шаба ма?” деген сөзі, тегінде, рас. Әйтпесе, бұл дүбірлі додаға Әбунасыр Нышанов деген талантты балуан баруға тиіс екен. Олимпиада жолдамасын сарапқа салатын Ташкент турнирінде жеңіске жеткен ол, өкінішке қарай, Түркиядағы халықаралық жарыста қолын жарақаттап алыпты да, жол Жәнібекке бұйырыпты. Жәнібек те “дайын асқа тік қасық” емес, ел жасөспірім балуандары арасында “екінші нөмірлі балуан” деген аты бар. Дегенмен, ол өзінің басты бәсекеге лайықты екенін Азия чемпионын жеңе отырып дәлелдейді.
Сонымен қазақстандық жас жампоз Сингапур Олимпиадасының боз кілемінде ә дегенде колумбиялық Карлос Валорды, одан кейін беларусь Александр Недашковскийді 3:1 есебімен ұтты, никарагуалық қарсыласы Жозе Гонсалесті 4:0 есебімен айқын жеңді. Ал ақтық белдесуде түрік балуаны Муса Гедиктен 3:1 есебімен айласын асырды. Сөйтіп, әлемдік спорт тарихына алғаш рет алтын әріптермен жазылып отырған жасөспірімдер Олимпиадасында чемпион атанып, осынау беделді атаққа тұңғыштардың бірі болып қол жеткізді.
“Алып анадан туады”. Жәнібектің анасы Розаның мамандығы – есепші. Бүгінде ол өзінің кішкентай дүкенін “ермек” етіп жүр. Ал әкесі Жұмасейіт – Алматы дене тәрбиесі институтының түлегі. Кезінде ол да күрестен ел чемпионы атанған спортшы. Уыздай ұйыған тату-тәтті отбасы екі ұл, бір қыз тәрбиелеп отыр. “Әкеге қарап ұл өсер” деген. Екі ұл да Жұмасейітке тартты.
– Чемпион ұлыңмен сөйлестің бе? – дедік біз Жұмасейітке.
– Жоқ, – деді ол, – жеңіске жеткен күні Кенже телефон шалып, “Балаң чемпион болды!” деп құттықтады. Мен “Рахмет!” дегенше, телефон үзіліп кетті...
Жұмасейіттің жүзінен қуаныш табы әлі басылмаған. Толқып жүр. Қуанып жүр. “Сүйер ұлың болса, сен сүй, сүйінерге жарар ол” деген осы да.
Ал Зульфия Чиншанло (58 кг. дейін) 225 кг. көтеріп, күміс жүлдеге ие болды. Кеше бет қатталып жатқанда ауыр атлетикадан 242 кг. зілтемірді басынан асырған Жазира Жапаргүл (63 кг.) Олимпиада чемпионы атанды.
Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ, Тараз.
Суретте: Жас балуан Жәнібек Қандыбаев.