25 Тамыз, 2010

Сөз сойыл (Әзіл-оспақ, сын-сықақ)

1340 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Мырзатайдың әулиесі

Ел қадірлісі Әбіш Кекілбай­ұлы Маңғыстауға келген бір сапарында әңгімелесіп отырып: – Ана жылы осы Маң­ғыс­тауға көп делегация келді. Ішінде Мырзатайдың әулиесі де бар, – деп жымиғаны бар... Біздер қапе­лім­де бұл сөзді түсінбей қалып едік, Әбекең: – Белгілі азаматтардың бірі Мырзатай Жолдасбеков бір үлкен жиында мынадай пікір айтқан: “Маңғыстауда 362 әулие бар екен, ал 363-ші әулие – Әбіш деп тану керек”, – дегені... Мұндағы Әбіштің “Мыр­за­тай­дың әулиесі” деп әзілдеп отырғаны өзі екен. Тағы бірде Астанадан ұшып Ақтауға жақындағанда қалың тұ­ман түсіп, дым көрінбей кетеді. Жолаушылар үрейленіп, қорқа бастайды. Сонда Әбіш: – Жолдастар, қорықпаңдар. Біз әулиелі жерде ұшып келеміз және араларыңда Мырзатайдың да әулиесі бар, – деп күлген. Соның арасында аспан ашылып, ұшақ аман-есен қонады. – Әнеки, айттым ғой, – деп Әбекең жұртты тағы күлдіргені. *  *  * Атырау облысында өткен жастар апталығына барған ақын Фариза Оңғарсынова, жазушы Мереке Құлкенов, күйші Шәміл Әбілтаев, тағы басқа да жас әншілерді аудандық пар­тия коми­тетінің бі­рін­ші хатшысы қабылдайды. Дастархан ба­сында Шәміл ағамыз Құрман­ға­зыға, Дінмұхамед Қо­наев­қа арнал­ған күйін тартып бо­лады да: – “Хатшы” дейтін күйім бар, со­ны сізге арнаймын! – дейді аудан бас­шысына. Ол кәдімгідей елпеңдеп, жөн-жоралғысын жа­сай­ды... Орденді озат түйешінің үйіне түскенде “Еңбек ері” туралы күйін о кісіге арнайтынын айт­қанда, түйеші ағамыз да қошеметін барынша көрсетіп бағады... Содан ара қашықтығы үш жүз шақырымдай Атырауға пойызбен қайтатын боп Сағыз стансасына  түн жарымда келсе, билет жоқ. Кассадағы қызға салған кісілердің де беделі билет алуға жарамағасын: – Көпен, – дейді ішіміздегі ірі ағамыз, – “Ара” журналының куәлігін кассирге көрсетші, қорықса да билет беретін шығар. – Әй, қайдам, – дейді Көпен Әмір­бек әзілге жығып. – Менен гөрі Шәміл ағамыздың барғаны дұ­рыс шығар. Кассадағы қызға күй ар­наса, құдай біледі, құр қайтпайды. Б.САҒЫРБАЙ. Астана. * * * Екі есікті мектеп “Екі есікті дүкен” жазып, Оспанхан ағамыз күлдіріп еді, Екі есікті дүкен барын білдіріп еді. Енді, міне, Нарықтың заманы туып, Екі есікті мектеп көрдік. Екі есікті мектеп ашқан, Ағайлар да ер екен, Айырмасы дүкеннен Есіктері кері екен. Дүкенде: Алдыңғы есік – тапшы есік, Макарон мен тары бар, Артқы есік тоқ – жақсы есік, Жоқтан өзгенің бәрі бар. Мектепте: Алдыңғы есік – жақсы есік, Артқы есік – тапшы есік. Жақсы есік – тоқтікі, Тапшы есік – жоқтікі. Тоқ та, жоқ та, Өз есіктерін сезеді екен. Алдыңғы есікте – кезек екен, Тоқ тоққа, жоқ жоққа деп, Тоқ жағынан келіп тоқтасаң, Қиын емес “тоққа” аса, Оқып жатыр онда 5-6 бала көп болса. Тоқ тоққа, жоқ жоққа деп, Жоқ жағынан келіп тоқтасаң, Жоқтық қысып тұр “жоқты” аса. Әр сыныпта 30-40 бала топтасқан, Одақ тарағанда Ақша алып қалмай шоқ басқам. ...Ақшасы бар – Тоқ есікті іздейді, Ақшасы жоқ – Жоқ есікті іздейді. Александр АЛХАН. Шымкент. * * * Өтпелі кезең хикаялары «Барға» бардым Өмір бойы мал-жанның қамымен жүріп, ауылдан ұзап шықпаған Құрым құрдасыма “бой жазып бір демалайыншы” деген ой келді ме, бір күні маған арнайы келіп: – Шаруа да шаршатып жүр. Қалаға барып бір серпіліп қайтсам ба деп сенен кеңес сұрай келдім. Жай-жапсарын жақсы білесің ғой, әуелі қайда барғаным жөн? – дегені. Қазіргі заман біреуге біреу кеңес айтатын кезең бе? Өзіме де кеңес керек боп жүрген. Әйтсе де, құрдасымның тура маған ба­ғыштап келген ниетіне көңілім көк­ке көтеріліп, меселін қайтар­май былайша керемет кеңес бердім: – Е... е... е! Құр-да-... с-с! Ен­­де­ше, демалысты естен кет­пес­тей көңіліңді сергітер, өзіңді әрі-беріден соң желпінтер орын – қаладағы “Бардан” бастағаның жөн. – “Бары” несі? – “Бар” деген соң бар! Пейіш­ке бармағанмен, соның бергі жағында болып қайтасың! Айтатын несі бар, қалғанын “Бар­ға” барған соң көрерсің! – деп қызықтыра құпиялай түстім. Құрдасым шынымен де қызықты. Содан құрдасым менің берген кеңесіммен қадамын “Бардан” бастаған ғой. Елге оралғаннан кейін құр­дасым “Барға” барғанын бы­лайша әңгімелеген-ді: – Сенің кеңесіңмен әрі қалаға кіргеннен “Барға” бар­дым. “Бар­да” бәрі бар екен, ішін­де мен сияқ­тылар да бар­шылық екен, арақ пен шарап, сыра да мол екен. Қожайыны да нар екен, көмекшісі зыпыған жеңге екен, күні-түні ойлайтыны теңге екен. Әуен-сазы зар екен, даяшысы да өзіне пар екен. Жы­мың жүзімен жиі-жиі жа­ныма жа­наса отырып, омы­рау­ын аша арқамнан қақты, еліктіре ал­қы­мын иіскетіп бақты, сөйтіп талай “мыңдықты” қақты... “Бар­ға” барам деп, арақ-шарапқа әб­ден барлығып, дауысым қарлы­ғып, бойдағы барымды бардағыға беріп қайттым, бар ақшадан айрылып, енді бармастай болып жеріп қайттым! Аталық ӘБДЕШҰЛЫ. Маңғыстау облысы. * * * Теледидардағы тәлкек Петр Петрович Кукушкин теледидарын қоса қалып еді: – Апатқа ұшыраған ұшақта 267 адам болған... – деп қалды диктор. Кукушкин кідіртпей келесі желіні қосып еді, мұнда да: – Бұл көлік апа­ты­нан... – деп жатыр екен, жайсыз хабар­лардан аза бойы қаза болып қалатын Кукушкин ілезде үшінші желіні ауыстырып еді, мұнда да сөздің ыңғайы: – Тілсіз жау – өрттен қаза бол­ғандар, – деген жайсыз әңгіме екен. ...Кукушкин “Қайда барсаң да Қор­қыттың көрі” болған хабар­лар­ға қапаланып келесісін қосып еді: – Қарулы қаныпезердің қолы­нан бала демей, шаға демей бақандай... – деген ха­барды естіді. Ол қанқақсатар үнді естігісі келмей, жаймашуақ ән-әуез тыңдамақ болып еді, мұнысы да: – Алып көпір жарылып... – деп сыңсып бергені... ...Соңғысы: “Бұл жұқпалы аурудан мыңдаған адам көз жұмды” дегенінде Кукушкиннің дерті қозып, ыза-шудың екпінімен теледидарын балконнан лақтырды да жіберді... Балконнан бөлмесіне енгені сол, жерге түскен теледидары жарылып, жалын ата шартылға ұласты. Кукушкин сәл отырып, есін жинап еді, құлағына көршінің теледидарының дауысы естілді: “Белгілі бизнесменнің көлігі жарылып...” деп келте қайырды да: “Жаңа әзірде болған оқиға” деп диктор сөзін Петр Петрович Кукушкин тұратын үйдің мекен-жайын айтудан бастады. Антон МАКУНИ. * * * Мағынасы майысқан мақалдар Лауазым иесі орнынан түссе де, Билік айтуын қоймайды. * * * “Әкім біледі” деген өседі, “Өзім білемін” деген өшеді. *** Демеуші бол­ма­ған фирмадан, Қаңырап тұрған фер­ма артық. *** Ұл өсірме, қыз өсір, Қалыңмалы көл-көсір. * * * Рэкеттен қо­рық­қан – Сауда жасамас. * * * Қонақ есіктен, Ұры тесіктен кіреді. * * * МАИ инспек­то­ры­­ның азығы – жолда. * * * Ұры мен сатушы бұйырмағанын жейді. Ермахан  ШАЙХЫҰЛЫ. Алматы. * * * ҚАРЫМТА Тойға бардым, ән салып жырлап қайттым, Той бастап, шапан киіп жырғап қайттым. Шашуы деп өз қалтамнан 500 беріп, Коньягін бес жұлдызды ұрлап қайттым. ТӘРКІЛЕНДІ Өзі би, өзі қожа әркім енді, Үлкен сыйлау оралмас қайтып енді. Ежірей мен безірей толып кетті, О, тоба тәрбие де тәркіленді. ҰМЫТПАҢДАР Жапон, корей, немістер, ағылшындар, Еріктерің мейлі ғой неғылсаңдар. Бірақ та жылдамдыққа құнықпаңдар, Мәшинені ескіртіп құртпаңдар. Сіздерден кейін мақтанып, Біздер мінетінімізді ұмытпаңдар. Шайхан ХАМЗАҰЛЫ. Тараз. * * * Шопырдың шошалаңы Ері мен әйелі бұзылып қалған көліктерін жөндеу шеберханасына мықшыңдап итеріп әкеле жатып күйеуі: – Бұны бізге сатқан кісі шынын айтқан екен, – деп қалады. Сонда әйелі: – Не деп еді? – дегенде: – Бұл көлік жа­нар майды өте көп үнемдейді деп еді... – депті күйеуі күйіне. * * * Екі еркектің әңгімесі. – Әйелім рөлге отырғанда найзағайың айдалада қалсын! – Не, құйындай ұша ма? – Жоқ-а, айдаса болды терекке барып тіреледі... * * * – Шопырлық куәлік алға­ныңызға көп болған сияқты еді, көлігіңізді жүргізбей жүрсіз ғой? – Әке-күке деп әзер алған куәліктен айырылып қалсын дейсің бе!.. * * * Бір келіншектің жолда көлігі бұзы­лып, бір таксиді тоқ­татып, жүргізушісіне көмектесуін өтінеді. Таксист оның көлігінің асты-үстін қарап жатқанда келіншек: – Көп жері бүлініп пе? – деп сұрайды. Сонда біраз жерін нұқып көрген таксист: Егер бұныңыз техника болмай, мініс ат болғанда – бұны не байлап соғымға сойы­ңыз, не бірден атып тастаңыз дер едім, – деген екен. * * * Әріптер мен тыныс белгілер тайталасы Бірде, әріптер мен тыныс белгілері “Біздің қағаз бетіндегі рөліміз” атты біріккен мәжіліс өткізіп, бас қосуды үлкендігін пайдаланып бас әріп ашыпты. “Мен барлығыңның да бастығыңмын. Себебі, қағаз бетінде ең бірінші болып мен жазыламын”, – деп ол сөзін аяқтай бергенде көп нүкте: “Егер, сенің алдыңда жазылмаған сөз болса әуелі мен тұрмаймын ба?!” – деп ренжи бастағанда, тырнақша: “Ағайындар, босқа қызыл кеңірдек болмаңдар, көп нүктенің алдында әуелі мына көкең тұрады”, – депті. Жиналғандар: “Е, солай екен-ау-ә”, – деп тырнақшаның астына көпшік қоя бергенде, үтір сөз алып: “Құр­метті мырзалар мен ханымдар, қағаз бе­тінде мына біздің рө­ліміз жоғары, сон­дық­тан біз сендерден бір саты жоғары тұ­рамыз”, – деген ғой. Сонда нүкте: “Тоқта-ей, осы тұрған же­ріңде “қалпағыңды қайырып жіберейін бе? Біз болмасақ, сендерде вообще тормоз жоқ қой”, – деген екен. Мына сөзге үтір шыдамай: “Сөзім дәлелді болу үшін сіздерге дәлел келтірейін. Баяғыда түрмеге айдалған біреудің қолына қағаз беріп жіберіп, онда “Атуға болмайды босатуға” деп жазылған екен. Ал сонда, мына біздерді дұрыс пайдаланбаудың кесірінен бір адам атылып кетіпті. Егер, біз “болмайдыдан” кейін тұрғанымызда ол адам тірі қалатын еді. Жазым болғанда, бізді “атуғадан” кейін қойып, ол адам шейіт болып кетіпті”, – дейді өкінішпен. Жиналғандар мұның айтқаны шынында да дұр-р-ыс екен-ау, сондықтан үтекеңді сыйлау керек десіп отырғанда нүкте: “Әй, сендер не деп мыжып отырсыңдар, егер біз болмасақ, сендер сағызша со-зы-лып, я әңгіме бітпейді, я қағаздың бетіне де сыймай кетесіңдер ғой. Сондықтан, қағаз бетіндегі біздің рөліміз жоғары, оны біліп қойыңдар, біз әңгіменің түйініміз”, – деп екіленген көрінеді. Сол кезде сұрау белгісі орнынан атып тұрып: “Так, сендер біздің рөлімізді түсінбей “дырылдап” кетіп барасыңдар. Егер біз болмасақ, сөйлемнің де, сөздің де мағынасы кетер еді. Мысалы, бастық жұмысшыға бізді пайдаланбаса қалай ғана ұрсады? Әрине, сұрау белгісін қойып ұрсады. Мәселен: “Сен неге жұмысқа кешігесің?” Болмаса әйелі күйеуіне: “Әй, сен не сүмірейіп таң атқанда келіп тұрсың? Ой, қайыршы, түнімен қайда жүрсің?” – демей ме?! Біз тақырыптан кейін келсек те, не болмаса сөздің ең артынан келсек те жұрттың бәріне үрей туғызып тұрмаймыз ба?” – деп өжектеп бара жатқанда сызықша: “Сен сұреке, неге қоқаңдайсың осы? Әй, осы екі адам сөйлескенде сөз басында біз тұрамыз ғой! Ал бізді қоймай екі мықтыңды сөйлетіп көр!” – деп ақилана бастапты. Осы сәт леп белгісі: – Ағайындар, құр босқа керілдеспесек. Қағаз бетінде де, басқа жерде де сөздің соңында біз тұрмасақ, сендердің көк тиын құндарың жоқ. Атойласа да, бастықтар айқайласа да, бірдеме істеуге шақырса да, бұйырса да бізсіз сендердің күндерің жоқ! – деп кергиді. Бұларды тыңдап жайылып жатқан ақ қағаз: “Иә, бұл айтқандарың да жөн шығар, бірақ күңкілдеспей-ақ, ұжым болып, бір-бірімізбен “үйелмелі-сүйелмелі” болып, кемшілігімізді көрсек те көрмеген болып жүре берейік”, – дегенінде, бәрі осы бір тұрлаулы сөзге тоқтаған екен дейді. Мұқанбетулла КЕМЕР. Ақтөбе облысы. ______________________________ Мүйісті жүргізген Берік САДЫР.