27 Тамыз, 2010

Хиддинк

591 рет
көрсетілді
31 мин
оқу үшін

Әлемге әйгілі спорт саңлағы

“Өлеңнің кей-кейде қалай-қалай туатынын білсе­ңіз­дер ғой сіздер...” – Анна Ахматованың бір жолы осылай дегені бар екен. Сөз патшасының жайы солай болғанда күнде шығып жатқан газеттегі журналистік мақалалардың қалай-қалай жазылып қалатынын айтпаса да түсінерсіз. Мына мақаланың дүниеге келуі де тосын болғалы тұр. Себебін әңгіменің соңына қарай айтармыз. Әуелі аздаған шегініс жасап алайық. ...Ауылға жас маман келді. Алматы денешынық­тыру институтының түлегі. Аты-жөні – Абрек Оспанов. Біздің Бесқұбырдағы С.Сейфуллин атындағы мектепке физрук болып орналасты. Сол күннен демей-ақ қояйықшы, сол айдан демей-ақ қояйықшы, екі-үш айдан кейін-ақ өмір өзгеріп кетті. Біз үшін. Жетінші класс оқушылары үшін. Жоқ, бүкіл мектеп үшін. Жоқ, бүкіл ауыл үшін. Мәселе Сәкен мектебіне соған дейін жоғары білімді денешынықтыру маманы келмегенінде ғана емес еді. Онша анығын білмедік, тіпті бізден бұрын мектебімізде ондай дипломды мұғалім болса болған да шығар. Әйтеуір, біздің бала санамызда Абрек ағай, бүгінгі тілмен айтсақ, нағыз реформатор күйінде қалды. Үйір­меден үйірме құрылып, секциядан секция ашылып, жарыстан жарыс жалғасатын болды. Айналасы бір жыл­дың ішінде футбол алаңы жабдықталды, баскет­бол, волейбол, жеңіл атлетикадан біздің мектеп кейде аудан орталығындағы “Ленин жолы” орта мектебінен (айтқандай, Өзекең – Өзбекәлі Жәнібеков КазПИ-ді бітіріп барған бойда алдымен сол мектепте тарих пәнін оқытқан) озып кететінді шығарды. Біз бәріміз са­бақ­тан келе сала апыл-ғұпыл ауқаттанып алып, қайтадан мектепке жүгіретінді шығардық. “Советский спорт”, “Спортивные игры” сияқты газет-журналдарды жаз­ды­рып алатынды шығардық. Біздің үйдің дәл іргесіндегі “Кененбай саздан” шықпайтынды шығардық. Біразымыз спортпен тап соның соңына түсетіндей ай­налыстық тіпті.  Рас, дәл сол мектептен бері қойғанда республикаға танылған спортшы шыға қойған жоқ. Бүгінде о дүниелік Абрек ағамыз да аты алысқа жайылған жаттықтырушыға айнала алған жоқ. Бірақ, ол кісінің біздің бойымызға намыс отын жағып, ойымызға бәсекешілдік рухын сіңіріп кеткені рас. Спорт маманының, кәсіби жаттықтырушының өмірде қандай орын алатынын солай сезінгенбіз. Әрине, әр істің өз саңлақтары, өз жұлдыздары бар. Спорт жаттықтырушылары да сондай. Біз бүгін фут­бол жаттықтырушыларының бүкіл әлем мойындаған жарық жұлдызы жайында әңгімелекпіз. Бұлай айтудың өзі оңай да емес. Теледидардан футбол көре бастаған кезімізден бері қарай тартсақ та талай-талай тарландардың аты-жөнін жатқа айта аламыз. Бала күннен өзіміздің совет спортындағы Михаил Якушин, Гавриил Качалин, Константин Бес­ков есімдеріне қаны­ғып өстік, кейін Валерий Лобановский, Юрий Семин, Валерий Газзаев басқарған командалардың ойын өрнегіне көз қандырдық. Ал Марио Загалло, Франц Беккенбауэр, Йохан Кройф (бұрын Круиф деп жа­зылатын), Марко Ван Бастен, Фа­био Капелло сияқ­ты футбол жаттықтырушы­лары­ның аты аңыз­ға айналған деудің еш артықтығы жоқ. Біздің бүгінгі мақаламыздың кейіпкері де қазірдің өзінде сол ұлылар қатарынан ойып тұрып өз орнын алғаны анық. Ол адам – енді дәл бір аптадан кейін елордамыз Астана төріндегі жаңа стадион алаңына жаңа командасын – Түркия құрама командасын алып шығатын Гус Хиддинк. Сауытбек АБДРАХМАНОВ. “Спорт деген бір сиқыр” – отандық спорт журналистикасының даусыз саңлағы Сейдахмет Бердіқұловтың бір кітабы осылай аталатын. Иә, жұмыр Жерді спорт атты сиқыр баурап алғалы біраз болды. Бүгінде планета өмірін спортсыз көз­ге елестету қиын деп жазу қыздырманың қы­зыл сөзі, жадағай журналистиканың дәл өзі. Спорт өмір­дің өрнегі сипатынан асып, өмірдің өзіне ай­налып та үлгерді. Өткен ғасырдың 60-шы жыл­да­рында Сальвадор мен Гондурас құрама коман­да­ларының кездесуі кезіндегі қақтығыстың аяғы екі елдің соғысымен біткенін ұмыта қойған жоқ­пыз. Сол ғасырдың 70-ші жылдарында араб-из­раиль соғысы тұсында екі жақтың келісімімен ұрыс қимылдары әлем чемпионаты ойындарының телетрансляциясы кезінде, екі таймның уақытына шектеп тоқтатыла тұрғаны да болған. Кезінде Ма­ра­дона туралы мақаламызда (2006, 9 маусым) кел­тірілген мына жайды есіңізге тағы сала кетейік. 1969 жылы Ұлыбритания королевасы Елизаве­та ІІ Бразилияға барғанда болған оқиға баршаға белгілі. 200 мың жанкүйер сыятын әлем­дегі ең үлкен “Маракана” стадионында королева­ның құр­­ме­тіне футбол матчы ұйымдастырылады. Ойын со­ңы­нан Елизавета ІІ Пелеге ескерткіш кубок тапсы­ра­ды. Кубокты атақты футболшының қолына ұста­тысымен кері бұрылады. Сол кезде ел королевасы мен футбол королінің қатар тұрған сәтін суретке тартып үлгере алмай қалған фото­граф­тардың біреуі: “Королева, тоқта! Пеленің жанына барып тұр!”, деп айқайлап жібереді… Асырып айтты демеңіз, Пеле, Эйсебио, Бек­кен­бауэр, Платини, Ривалдо, Роналдо, Рональдинио, Зидан, Бекхэм сияқты ойыншылар­дың атақ-даң­қы ешбір короліңізден кем түспейді. Айтқандай, осы тұста бүкіл әлемде ел гимндері екі жағдайда ғана орындалатынын да айтайық. Оның біріншісі – ел басшыларының шет елдерге мемлекеттік сапармен баруы. Оның екіншісі – ел спортшы­сының дүбірлі жарыста алтын медаль алуы. Бұл сөзге түсіндірме қажет болмас. Әншейінде де еліккіш адамзат баласы спорт деген­де, әсіресе футбол дегенде тіпті желігіп кете­ді. 1998 жылы Франция футболдан әлем чемпио­ны атанды. Финалдық ойында француздар атақты бразилиялықтарды 3:0 есебімен қирата жеңді. Екі допты Зидан баспен соқты, үшінші голға доп берді. Сол тұста бүкіл елде түбі алжирлік Зинедин Зидан­ды Француз Республикасының президенті­нің сайлауына кандидат етіп ұсыну жөнінде қол жинау науқаны басталып кеткені бар... Ол науқанды футболшының өзі тоқтатқан. Спорт әлемінде сондай жағдай 2002 жылы қайталанды. Бұл жолы түбі голландиялық қана емес, өзі де Голландия азаматы Оңтүстік Корея Рес­публи­касының президенттігіне ұсыныла жаздады. Бұл жолы да сол науқанға қол жинау бо­ла­шақ кандидаттың өтініші бойынша тоқтатылды. Иә, футболдан келесі әлем біріншілігінен кейін Оңтүстік Корея құрама командасының бас бапкері Гус Хиддинк сол елде шын мәнінде ұлттық батырға айналған. “2002 жылғы әлем чемпионатынан кейін голландиялық жаттықтырушы Гус Хиддинктің есімі Оңтүстік Кореяда көшелер мен стадиондарға берілді, оның ескерткіштері орнатылды, голлан­дық­ты ел президенті қызметіне кандидат етіп ұсыну идеясы көтерілді. Оңтүстік Кореяда одан өткен таны­мал адам болған жоқ...” – биыл Мәскеудің “Вече” баспасынан шыққан “Сто великих футбольных тренеров” кітабының авторы Владимир Малов тап осылай жазады. Корейлер өйтпегенде қайтсін? Кореяда фут­бол кенжелеп қалған болса. Корей жанкүйерлері өз командасының сол әлем біріншілігінің ақтық жарысына қосылғанының өзіне қуанып жүрсе. Топтық турнирден шығып, финалдың сегізден бір бөлігіне өткенінің өзіне өліп-өшіп, көшеде бір-бірінің бетін өбіп жүргенде ол белестен де өте шығып, ширек финалға жетсе. Одан өткендеріне қуаныштан естерін жия алмай жатқанда ел командасы жартылай финалға шыға келсе. Әрине, қуанады. Жүректері жарыла қуанады. Оның үстіне Корея құрама командасы бұл биікке әлсіздеу топқа түскеннің, жеребе сәтінен шық­қанның арқасында көтерілмеген. Корея ко­ман­дасы жартылай финалға жеткенше Португалияны жеңген, Италияны жеңген, Испанияны жеңген! Осы кереметті жасаған адам Гус Хиддинк еді. Ресейдің Бірінші арнасы түсірген “Хиддинк Гус Иванович” деген деректі фильм бар екен. “Екен” дей­тініміз – ол фильмді өзіміз осы мақалаға кіріс­кен алдыңғы күні ғана көре алдық. Жақсы лента. Артық-ауыс сөзі жоқ, кейіпкердің балалық шақ жайындағы әңгімесінен өрбіте отырып, бүкіл өмірін көз алдыңызға келтіреді. Гус Хиддинк 1946 жылы Голландияның Германиямен шектесер тұсындағы Варсевелд деген кішкентай қалашықта туған. Алты балалы отбасынан. Бесеуі ұл бала. Жастайынан теңбіл доп қуалаған Гус сондағы “Де Графсхап” клубын­да біраз жыл ойнаған. 1970-1972 жылдары атақты “Эйндховенде” де өнер көрсетіпті, әйтсе де сол екі жылдан кейін өз командасына қайтып барған. 30 жасында АҚШ-қа кетіп, сонда “Ва­шинг­тон Дипломатс” клубында ойнайды да, Голландияға оралған соң алаңға шығуын өзінің “Де Графсхап” клубында аяқтайды. Қысқасы, Хиддинк футболшы ре­тінде айрықша танымал болған емес. Әрі фут­бол­шы, әрі жаттықтырушы ретінде ұлылар қатарына қосылу сирек. Сол сирек бақыт Марио Загалло, Франц Беккенбауэр, Йохан Кройф, Марко ван Бастен сияқты саңлақтардың ғана маңдайына жа­зылған. Күні кеше Оңтүстік Африка Республика­сын­да өткен әлем біріншілігінде ұлы Марадона жат­тықтырған Аргентина командасы­ның жалпа­сы­нан түскенін бүкіл жаһан көрді. Мұндай мысалдар көп. Гус Хиддинк өз бақытын жаттықтырушылық қызметтен тапқан. Осы жолға түскеніне 4 жыл жаңа толғанда атақты “ПСВ Эйндховен” клубының тіз­гінін ұстауға қол жеткізген. Хиддинк клубқа келе са­лысымен әйгілі Рууд Гуллиттің “Миланға” ауы­сып кеткеніне қарамастан, жаңа жаттықтыру­шы­ның басшылығымен “Эйндховен” сол жылы-ақ чемпион атанады. Келесі 1988, одан кейінгі 1989 жыл­дарда да Голландия чемпиондығын қолдан шы­ғармайды. 1988 жылы “Эйндховеннің” Еуропа чем­пиондары кубогын жеңіп алуы жасы қырықтың қыр­қасына жаңа шыққан жаттықтырушының ата­ғын бүкіл Еуропаға жаяды. Содан кейін-ақ оны жан-жаққа шақыру басталған. Алдымен түріктің “Фенер­бахчесін”, одан кейін испанның “Вален­сия­сын” басқарып, екі команданы да жеңіс биігіне жет­кізген Хиддинкке 1995 жылы Голландия құрама­сының тізгіні сеніп тапсырылады. Ол өз елінің командасын 1998 жылғы Франциядағы әлем чемпионатына дайындауға кіріскен кезең голланд футболы­ның құты қашыңқырап, қадірі кетің­кіреп тұрған кезі болатын. Хиддинктің басшы­лығымен голланд­ықтар мұның алдындағы 20 жылдың ішінде бағындыра алмаған биіктерден асты. Сегізден бір финалда Югославияны (елдер бір құ­рамаға қосылған еді), ширек финалда Аргентина құрамасын жеңіп, тек жартылай финалда бразилия­лық­тарға, оның өзінде ойыннан кейінгі пенальти сериясында ғана жол берді, сөйтіп біріншіліктен қола медальмен оралды. Гус Хиддинктің сол жылы әлемдегі ең атақты, ең қымбат клуб саналатын “Реалға” шақырылып жүргені де сондықтан еді. Хиддинк Мадридке барған жылы-ақ “Реал” (оны “король клубы” деп те атайтынын білесіз) Токиода Бразилияның “Васко да Гама” клубын ұтып, Континентаралық кубокты жеңіп алған. Содан кейін ғой корейлердің Хиддинкті аттай қалап, ел құрама командасын “сүйегі біздікі, еті сіздікі” деп қолға беретіні. Одан қандай ғажайып нәтиже шыққанын мақаланың басында айтып өттік. Жоқ, “айтып өттік” деп қоя салатын жер емес бұл. 2002 жылғы әлем чемпионаты екі елде – Оңтүстік Корея мен Жапонияда өткені белгілі. Оңтүстік Корея футбол федерациясы Хиддинктің алды­на екі мақсат қояды. Біріншісі – іріктеу то­бынан шығу, екіншісі – әйтеуір Жапониядан төмен тұрмау. Хиддинк екі мақсаттың екеуіне де қол жеткізді. Корейліктер Польша құрамасын 2:0 есебімен ұтты, америкалықтармен тең ойнады, топтан шығу үшін португалиялықтармен тең ойнаса да жеткілікті болып тұрған жерден оларды ұтып кетті. Онымен де тоқтап қалған жоқ. Италияны жеңіп, ширек фи­нал­ға шықты. Испанияны жеңіп, жартылай фи­налға шықты. “Осы жеңістен кейін Оңтүстік Ко­рея­да не болып, не қойғанын суреттеп жазу қиын. Голландиялық жаттықтырушы енді жай ғана халық батыры болып қоймай, ұлттық команданы футбол Олимпіне алып шыққан құдайға айналды. Егер ол жартылай финал ойынында да жеңіске қол жет­кізгенінде, тегі, оның құрметіне храмдар тұрғызыла бастар еді” – Владимир Маловтың осы сөзіне екі Кореяның қай-қайсысында да тым құрыса бір рет болып қайтқан әр адам сенеріне шүбә жоқ. Алайда, храм­дар тұрғызылмады. Жартылай финалда Оң­түстік Корея құрамасы Германия командасынан 0:1 есебімен ұтылды. Үшінші орын үшін болған ойында да корейліктер түріктерден басым түсе алмады. Мұның бәрі заңды еді. Корейлік ойыншылардың бұдан артық өнер көрсетуі мүмкін емес еді. Осының өзі ғаламат нәтиже еді. Сол ғаламатты Гус Хиддинк жасады. “Хиддинк корейліктердің санасын төңкеріп түсірді. Бәрінен бұрын ол ел құрама командасының басты міндеті Жапониядан жақсы ойнау ғана дейтін тар түсініктің тас-талқанын шығарды”, деп жазады интернет бетінде Игорь Рабинер. Өз мақсатына қол жеткізу үшін Хиддинк тосын қадамдарға да бара біледі. Корея командасын жаттықтыруға кіріскен кезде елдегі әрбір жас міндетті түрде 3 жыл әскер қатарында болуға тиісті екенін естиді. Әрине, бұл тәртіп ел құрамасының ойыншыларына да қатысты. Жиырма жасқа жаңа жеткенде міндетті түрде жасыл алаңнан үш жылға қол үзу кез келген футбол­шы­ның қанатын қайыратыны анық. Жұрттың бәрі Стрельцов емес қой. Стрельцовтың өзі де алаңға қайта шыққанда дәл бұрынғыдай ойнамаған. Содан Хиддинк ел басшылығына: “Егер біз Италияны жеңсек, құрама командадағы 23 ойыншы түгелдей әскерде қызмет ету міндетінен құтылатын болсын” деген талап қояды. Ойынға бір күн қалғанда Хид­динктің қалтафоны шар етіп, ар жағынан дауыс естіледі: “Мен ел президентінің көмекшісімін. Ойын­шыларға хабарлай беріңіз: егер команда италь­яндықтарды жеңсе, олардың ешқайсысы армияда қызмет атқармайтын болады”. Ертеңіне Оңтүстік Корея құрама командасы Италия құрама командасын жеңеді... Даңқ тұғырының бас айналардай биігінде, ешкімнің түсіне де кірмейтіндей қомақты шарт­тардан бас тарта тұрып Корея құрамасын тастап шыққан себебін Хиддинктің өзі былай түсіндіреді: “Сөз бар ма, осынау шалқыған шаттық пен ша­бытты тұтас ұлтпен бірге сезіну тамаша-ақ еді. Алай­да, ақыры кететін болсаң дер кезінде кете білу керек. Мен Кореяда көшеге шығудан қалдым – тым атақты болып кеттім. Оның үстіне құраманың жаттықтырушысы ретінде нақты жұмысты мен 2005 жылға, яғни келесі әлем чемпионатының іріктеу кезеңіне дейін күтуге тиіс едім. Оған қоса “Эйн­дховенге” берген уәдем де болатын”. Бұдан кейін Хиддинктің Австралия командасын басқарып, 1974 жылдан бері әлем біріншілігінің финалдық бөлігіне де шыға алмай жүрген құраманы чемпионаттың сегізден бір бөлігіне өткізгенін барша жұрт біледі. Біз үшін Хиддинк есімі ол Ресей футбол одағы­мен шартқа отырып, ел құрамасын Еуропа чемпионатына әзірлеуге кіріскен 2006 жылдан бері етене таныс. Қазақстандықтар бұл кезеңдегі Ресей құрамасының ойындарын түгел дерлік көрген. 2008 жылғы Австрия мен Швейцарияда қатар өткен Еуропа біріншілігіндегі кездесулер де есте. “Кока-кола” компаниясының шақыруы бойынша сол жазда бір топ журналистермен бірге Австрия аста­насына аттанғанымыз, Ресей командасының испан­дықтармен тартысты ойы­нын тамашалағанымыз әлі күнге көз алдымызда. Ресей құрамасы сонда Испанияны жеңді, Гре­кия­ны жеңді, Швецияны жеңді. Сегізден бір финалда Еуропа чемпиондығынан негізгі үміткерлердің бірі саналатын Голландиямен кездесті. Голланд жаттықтырушы басқаратын Ресей командасы Гол­ландияға қарсы шықты. Олар топтық турнир­де Францияны 4:1, Италияны 3:0 есебімен қирата жеңіп, ешкімді бет қаратпай тұрған болатын. Жаттықтырушысы – Марко ван Бастеннің өзі. Бұл ойын қазірдің өзінде спорт тарихына еніп үлгерді. Бұл ойын жайында жаңағы Владимир Маловтың “Сто великих футбольных матчей” деген кітабында әбден-ақ әңгімеленген. Біз мақа­ла басында жүгінген “Хиддинк Гус Иванович” атты фильмде ол ойынның ең бір әсерлі сәттері­нің бәрі көз алдыңызға көлбеңдей келтіріледі. Міне, матч бастала бергенде голланд қорғаушыла­ры Андрей Аршавинді шалып құлатты, Юрий Жирков соққан айып допты қақпашы зорға қай­тар­ды. Міне, сол қақпашы енді Аршавиннің соқ­қысынан кейін допты алаң шетіне жіберіп жатыр. Тағы бір сәтте Роман Павлюченко айып алаңына тасталған допқа алдымен жетіп, гол салып жатыр. Іле-шала голлан­дық­тар жауап қайтарды. Есеп 1:1. Ойынның негізгі уақыты осылай аяқталды. Мұндайда берілетін әр­қайсысы 15 минөттік екі шағын таймның біріншісі нәтижесіз бітті. Сонда көрсетті ресейліктер өзінің бар мүмкіндігін. Үзіліске дейін анық доп соғу мүмкіндігін жіберіп алған Андрей Аршавин 112 минөтте сол қанаттан құйындатып келіп допты қақ­па бағанасының арғы басына тастады. Қақпашыдан асып кеткенімен сыртқа шығып бара жатқан допқа алдымен Дмитрий Торбинский жетті. Есеп 2:1. Ойынның 116 минөтінде тағы да сол Аршавин неше түрлі финттермен айып алаңына жол тауып, допты қақпаға қарай қақырата соқты. Есеп 3:1. “Сол ойыннан кейін менің Голландияда досым қалған жоқ”, деп әзіл-шыны аралас әңгіме айтады Хиддинк әйгілі матч туралы. Швейцарияның Базель қаласындағы “Санкт-Якоб Парк” стадионында 2008 жылғы 21 маусымда өткен сол ойын Ресей құрама командасының талай жылдардан бергі ең тамаша өнер көрсетуі екендігі күмәнсіз. Ол күндерде Ресей күндіз-түні той тойлаумен болды. Ол күндер Ресей футболының жұлдызды шақтары ғана емес, ол күндер жалпы орыс рухының аспандай асқақтаған кезеңі еді. Қалай дегенде де негізін орыстар қалаған, дәл ортасында ұлы ұстындай саналып РСФСР тұрған Кеңес Одағы атты соңғы империя құлағалы бері бұл халық дәл сол күндердегідей қуанып көрмеген шығар, тегінде. Біз Венаға жартылай финал ойынын көруге бардық. Ресей құрамасы Испаниямен кездесті. Ресейліктер болашақ чемпиондардан 1:4 есебімен жеңіліп қалды. Бәрібір матчты қызыға та­машаладық. Алаңға бір, алаң жиегіндегі Хиддинкке бір қарап отырып әртүрлі ойға кеттік. Алдымен Кеңес Одағы құрамасының, одан кейін Ресей құрамасының ойындарын теледидардан көріп келе жатқанымызға кем қойғанда 40 жыл. Сонау 1970 жылғы Мехико чемпионатынан бері кешегі кеңес елі футболшыларының талай тамаша ойынына куә болғанбыз. 1972 жылғы Еуропа чемпионатында Федеративті Германиямен кездесу, 1988 жылғы құрлық біріншілігінде Голландия құрамасымен кездесу, сол жылы өткен Сеул олимпиадасында Бра­зи­лиямен ойын есте. Әйтсе де совет спорт­шылары болсын, ресейлік футболшылар болсын дәл сол жылғы Еуропа чемпионатындағыдай жар­қылдап, жасын өнер көрсеткен емес. Хиддинктің Ресей футболы алдындағы еңбегі құрама команданың қолын құрлық біріншілігінің қола медаліне жеткізіп бергені деу жеңіл сөз. Хиддинк Ресей футболын еуропалық үлгі-қалыптарға көшіріп берді. Тіпті жеңілген ойындарының өзіне қызыға қарауға болатындай өрнегін қалыптастырды. Футболшылардың алаңды көруі, доп беруі, жалпы ойын суреті өзгерді. Теледидарда біз көбіне доптың маңайындағы адамдардың қимыл-қарекетіне қарау­мен боламыз. Допты қабылдап алу да, оны дәл беру де, қақпаны көздеу де шеберлікті қажет ететінін айту артық. Әйтсе де шын шеберлік допсыз ой­нау­дан, яғни әріптесіңнің доп тастауына мүмкіндік беру­ден, доп тастамаса да сондай қауіп жасап, қарсыластың қорғаушысын өзіңмен ерте кетуден, сөйтіп шабуылдың кеңістігін кеңейтуден көрінеді. Хиддинктің жаттықтырушы ретіндегі ерекше қасиеті осындай сипаттарынан танылады. Жаттықтырушы, әрине, стратег, тактик болуы керек. Одан да бұрын ұстаз болуы керек. Интернет бетіндегі материалдардың талайынан Хиддинктің осы ұстаздығына көз жеткізетін дерек, дәйек, детальдарды таба аласыз. Бір жолы Ресей құрама­сы­ның үш ойыншысы жауапты матч алдында түнгі барға барып, қыз-қырқынмен би билеп, көңіл көтеріпті. Оны кірмейтін тесігі жоқ папараццилер бейнекамераға түсіріп алып, сол кеште-ақ ин­тер­нет­ке салып жіберіпті. Мұндайда өзге жаттық­тырушылар қайтеді? Әлгілерді ертеңгі ойынға шығатын құрамнан алып тастайды. Артынша жалпы құрама командадан қуады. Ал Хиддинк қайткен? Бүкіл команданы жинап алып, жаңағы интернет бейнематериалын қайталап көрсеткен. “Бұларың не, қимылдарың орашолақ, билеген соң дұрыстап билеу керек. Жұрттан ұят болды ғой”, деген. Бар айтқаны сол. Жазалануға тиісті дәл сол үш жігіт келесі кездесуде жұрттың бәрінен де жаны­ға ойнап, сол үшеудің екеуі доп салыпты. Құрама командада мұнан кейін ондай тәртіп бұзу сап тыйылыпты. Хиддинктің ойыншыларға құрметі, сенім көрсетуі жөнінде аз жазылмаған. Соның бір сәті мынандай. Буэнос-Айреске барған сапарында Хиддинкке Диего Марадонаның өзі телефон соғады да, сол күнгі кеште өтетін Либертадорес кубогының ойынын тамашалауға шақырады. “Ықыластана барар едім, әйтсе де мен командамен бірге болуым керек”, дейді Хиддинк. Содан Марадона атақты кубоктың ақтық ойынына Хиддинк басқаратын Австралия командасын толық құрамымен шақыруға мәжбүр болады. Марадонаның шақыруымен тама­шалаған ойынды әр футболшының ұмытпайтыны белгілі. Соған қол жеткізген жаттықтырушыны бұрынғыдан да құрметтей түскені тағы белгілі. Қазір Гус Хиддинк Түркия құрама команда­сы­ның бас жаттықтырушысы. Астанадағы ойын – Хид­динктің Ыстамбұлға барғалы бергі алғашқы ресми кездесуі. Мұның алдында Түркия командасы жолдастық кездесуде Румыния құрамасын 2:0 есебімен жеңген. Ал енді мақаланың басындағы осы жазғаны­мыз­дың дүниеге келуі тосын болғалы тұр дегенімізді түсіндірейік. Расы керек, осыдан екі-үш күн бұрын Гус Хиддинк туралы қалам тарта қоюды ойламаған да едік. Оған түрткі болған жағдай – 3 қыркүйек күні өтетін Қазақстан – Түркия құрама команда­лары­ның ойыны қарсаңында қарбаластың жоққа жуықтығы. Бұл ойын – 2012 жылғы Еуропа біріншілігінің іріктеу турнирінің тұңғыш ойыны. Франкфуртте өткен жеребе бізді А тобында Германия, Түркия, Бельгия, Австрия, Әзірбай­жан­мен бақ сынастырғалы отыр. Оқырмандардың есінде жүрсін деп газет бетінің ортаңғы тұсына іріктеу турнирінің ойындар кестесін арнайы жариялап та жатырмыз. Қарбаластың жоққа жуықтығын мынадан көре беріңіз: Қазақстан – Түркия құрама командалары­ның 3 қыркүйек күні өтетін кездесуіне әлі бірде бір билет сатылған жоқ. Тек интернет арқылы өтінімдер ғана қабылдануда.  Билеттер ертеңнен, яғни 28 тамыздан бастап “Астана-Арена” стадионының кас­саларында сағат 11-ден 19-ға дейін сатылады. Уақыт та тығыз, билет сатып алып қайту үшін қала сырты­на барып қайту да оңай емес. Дегенмен, УЕФА біріншілігінің алғашқы ойынына, оның үстіне еуропалық стандарттарға сай салынған та­маша стадионымыздағы тұңғыш ойынға жанкүйер­лердің толық жиналарына, футболшыларымызды қол­дап-қуаттарына сенгіміз келеді. Өзге елдерде мұн­дай матчтар алдында қала тұрмақ, бүкіл ел дүр­лі­гіп кетеді, жақын қалалардан жанкүйерлер де жетеді. Қазақстан спорты сан саладан олжа салған. Шүкір, қоржынымызда олимпиаданың, әлем, құрлық біріншіліктерінің алтын, күміс, қола медальдары баршылық. Жолымыз болмай жүрген жеріміздің бірі – футбол. Бұл жалғыз Қазақстан жанкүйерлерінің жанын күйдірер жай емес. Сан түрлі себептерге байланысты Азия мен Африканың дәл осы теңбіл допқа келгенде әлі күнге бағы жанбай тұрғанын жұрттың бәрі біледі. Кеше Оңтүстік Африка Республикасында өткен әлем біріншілігінде Африка командаларының ішінен тек Гана бой көрсете алды, оның өзі де ширек финалға ғана жетті. Әншейінде шығармайтыны жоқ, таппайтыны жоқ Жапония да сегізден бір финалда Парагвай құрамасынан жалп ете қалды. Алдыңғы жылғы Бейжің олимпиадасында амери­ка­лық­тардың өзіне қара көрсетпей кеткен қытай­лық­тар да жасыл алаңға келгенде жасып сала береді, олар тіпті әлемдік біріншіліктің есігінен аттап көр­ген емес. Өйткені, футбол – өте-мөте күрделі спорт түрі. Түр­кістаннан түлеп ұшқанына екі-үш жыл өтер-өтпесте Олимпиадаға жетіп, сол жарыстан ал­тыннан алқа тағып оралатын Бекзат бауырымыз­дың ерлігі сияқты құбылыстар футбол әлемінде сирек кездеседі. Бұл арада мәселе футболдың ұжымдық ойын түрі екенді­гінде ғана емес. Мәселе футболда елдің елдігін көрсететін көптеген факторлардың сынға түсе­тіндігінде. Балалар футболынан, стадиондар, жаттығу алаң­дары, дайындық пункттерінің ин­фрақұрылымы­нан бастап, футбол атрибутика­сының сапасына, турнирлерді ұйымдастыру менеджментіне, билеттер сату, жарнама, трансляцияға дейін ойластырылып жүргізілмесе, футбол белгілі бір дәрежеде бизнес көзіне айналмаса мәнді нәтиже күту қиын. Бүгінгі заман доп ойнаған озар заман. Мысалы, біз әңгімелеп отырған Гус Хиддинк Ресей құрама командасын басқарған кезінде жылына 7 миллион еуро алып тұрды. Мадрид “Реалы­ның” аға жаттық­тырушысы Жозе Моу­ринью қазір жылына 10 мил­лион еуро табады. Тіпті Қазақстан облыстарындағы командалар ойыншыларының айлығы да көбіміздің түсімізге кірмейді. Ал футболдың берер атақ-абыройын, бір сәтте бүкіл халқыңды бақытқа бөлеуге жағдай жасайтын мүмкіндігін тіпті сөзбен айтып жеткізу қиын. Осыны ұғындыруымыз керек жас ұрпаққа. Бәрінен бұрын футболға мемлекеттің атын шығаратын, ел азаматтарының көңіл-күйін қалыптастыратын, отаншылдығын арттыратын ұлы құрал ретінде қарау қажет. Қадыр Мырзалиев жақсы айтқан: Мен спорттың біле бермен мәнісін, Сонда да айтам, бейтанысым, танысым: Футболға бар, футболға бар, егер де Қалғып кетіп бара жатса намысың! Намысты қалғытпайтын сол ұлы ойынның ұлы ұсталарының бірі – аты-жөнін жер-жаһан түгел білетін жаттықтырушы Гус Хиддинк. Сол спорт саңлағы бізге келе жатыр. Есіңізге сақтаңыз: 3 қыркүйек күні. Астанаға. * * * “А” ТОБЫНДАҒЫ ОЙЫНДАР КҮНТІЗБЕСІ 2010 жыл 3 қыркүйек, жұма Бельгия – Германия ҚАЗАҚСТАН –Түркия 7 қыркүйек, сейсенбі Германия – Әзірбайжан Түркия – Бельгия Австрия – ҚАЗАҚСТАН *** 8 қазан, жұма Германия – Түркия Австрия –– Әзірбайжан ҚАЗАҚСТАН – Бельгия * * * 12 қазан, сейсенбі Бельгия – Австрия Әзірбайжан – Түркия ҚАЗАҚСТАН – Германия 2011 жыл 25 наурыз, жұма Австрия – Бельгия Германия – ҚАЗАҚСТАН * * * 29 наурыз, сейсенбі Түркия – Австрия Бельгия – Әзірбайжан * * * 3 маусым, жұма Австрия – Германия Бельгия – Түркия ҚАЗАҚСТАН – Әзірбайжан * * * 7 маусым, сейсенбі Әзірбайжан – Германия *** 2 қыркүйек, жұма Әзірбайжан – Бельгия Германия – Австрия Түркия – ҚАЗАҚСТАН * * * 6 қыркүйек, сейсенбі Австрия – Түркия Әзірбайжан – ҚАЗАҚСТАН * * * 7 қазан, жұма Түркия – Германия Әзірбайжан – Австрия Бельгия – ҚАЗАҚСТАН * * * 11 қазан, сейсенбі Германия – Бельгия Түркия – Әзірбайжан ҚАЗАҚСТАН – Австрия