28 Тамыз, 2010

Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған шығарма

1437 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
Фариза ОҢҒАРСЫНОВА: Тәуелсіздік жайлы тасқын жыр Көрнекті ақын Несіпбек Айтұлының “Ерлікке ескерткіш” атты поэмалар жинағы туралы толғаныс “Туғанда дүние есігін ашады өлең, өлеңмен жер қойнына кірер денең” деп ұлы Абай ақын айт­қандай, ақыны ғана емес, жалпы қазақ халқы негізінде о бастан өлеңмен, жырмен ауыз­данған, жаңа туған сәбидің жанын, тәнін бесік жырымен тербетіп, ұлтының ұранын да, намысы мен сыр-әнін де әженің әлдиі арқылы ұланы­ның бойына сіңірген. Қазақ әдебиетінің тарихында оқырманының жан-дүниесін тебіренткен Сұлтанмахмұт Торай­ғыровтың поэмаларынан кейін Сәбит Мұқановтың “Сұлушашы”, Исаның “Ақбөпесі”, Жұбан Молдағалиевтің “Кек”, “Сел”, Хамит Ерғалиевтің “Біздің ауылдың қызы”, “Құрманғазы” дастандарынан соң Серік Тұрғынбеков, Серік Ақсұңқарұлы секілді кейбір ақындар ғана жыр-дастан жанрына қалам тартты. Дей тұрғанмен, еліміз Тәуел­сіз­дік туын көтергелі бері азаттық айдынының бұрын ешқайсымыз жұтып көрмеген жұпар ауасынан тұншыққандай, ата-бабамыз ғасырлар бойы аңсаған осы тари­хи арманның төңірегінде жарытып жақсы дүниелер жаза алмай жүр­міз. Әрине, бұл жағдай тірліктегі қат­пар-қатпар қарбалас фак­тор­ларға: қоғамдық құбылыстың өзгеруіне байланысты адам психо­логиясы мен дүниетанымы да ә дегеннен бір қалыпқа түспейтіні, еліміздің өз отауын әлем кеңіс­тігінде өз өрнегімен орналастыру жолындағы қиындықтар – осы­лардың бәрі теңіз бетіндей тол­қыған ақын көңіліне түрліше әсер етуінен болса керек. Осы тұрғыда көсіле қалам тартып, Тәуелсіз мемлекетіміздің бүгіні, бүгінге жетуді арман еткен, сол жолда бастарын бәйгеге тігіп, жандары құрбан болған бабалары­мыз туралы һәм еліміздің бостан­дық жолындағы тарихи өмірбая­нын қуатты жырмен толғап жүр­ген қазақтың көрнекті ақыны – Несіпбек Айтұлы. Американың Азаттық, Фран­ция­­ның Эйфель мұнарасындай әлем­ге таныс ескерткіштер секілді Тәуелсіз мемлекетіміздің сим­во­лы­­на айналған Бәйтерек туралы поэ­масын азат елдің алғашқы жыр-бәйтерегі деп қабылдағаным есім­де. Ақын одан соң да қаламын құр­ғатпастан екі поэма жазып, “Ер­лікке ескерткіш” деген атпен “Фо­лиант” баспасынан шығарыпты. Сонау сексенін­ші жылдары менің өлең­дерімде “Отаным менің – Қазақ­стан”, “Қа­зақ жері – бесі­гім” деген жолдарды “Отан біреу – ол Совет одағы” деген қағи­даларды айтып алып тастаған ре­дак­торлар бұл күнде үлкен ақын­быз десіп жүр. Әрине, олар сол кездегі саясаттың орын­дау­шылары еді. Несіпбек ақынның “Ту” поэ­­ма­сы – қазақ әдебиетінің тари­хындағы жалау туралы жазылған тұңғыш үлкен шығарма. Рас, қа­зақ­та “жалаулатып” немесе ком­­мунистік идеологияның ескерт­кі­шіндей “қызыл тулар желбіреп” дегендей талай өлеңге “көрік” берген тіркестер болды. Алайда, тудың елдіктің белгісі екендігін оқырманға әбден жеткізе білген және бүгінгі тәуелсіздігіміздің көк туы өзінен өзі тігіле салмағанын: Кеудесін атқан оққа төсеп өлген, Алаштың туы қайда кеше көрген? Жарқырап тәуелсіздік таңы атпаса, Өктемдік бізге қашан есе берген?!- деп, бүгінгі еркіндіктің қадірін біреу біліп, біреу білмей жүргенде, қалың оқырманның жанына сіңіре жырлайды. Жауыздың ешбірі жоқ жаза көрген, Қашанда қиянаттан қазақ өлген! Көк тудың қасиетті киесі атар, Сабынан ұстамасақ таза қолмен! Қандай тауып айтылған сөз! Мемлекеттік тудың сабын таза қолмен ұстау деген ой қазақ өлеңі­нің тарихында бұрын- соңды айтылып көрген емес. Ақынның мемлекеттік айбынымыз – туды аялай білуді қазақы болмысы­мызға сай, осыншалықты ашық та айқын сезіммен жеткізе білуі Несіпбек ақынды басқалардан даралай түссе керек. Ақынның “Ерлікке ескерткіш” кітабындағы екінші поэма – “Ақмола шайқасы”. Бұл күнде көркем үйлері көз тартып, қазақ даласының төрінде бой көтерген еліміздің бас қаласы Астана шетелдік келімсектердің қолжаулығы болып, бір-бірімен жауласқан “биліктің ық жағында ін күзетіп” жерін де, елін де сата­тындар бүгінгі өмірде де табылып қалуы мүмкін деген ақын ойын сөз арасынан аңғаруға болады. Аттылы жасауылдар жүз қаралы, Көз салып көкжиекке сызданады. Қазақтың құдай берген байтақ жерін өзінен сол қазақтың қызғанады. Бірі біріне қақпан құрып, жар астында жүрген бауырын жау көріп, басы бірікпеген қазақ сол дерт­тің салдарынан әлі күнге арылмай келеді. Иттер де ырылдасқан бір-бірімен, Бірігіп ұмтылмай ма бөрі көрсе, – деген пікірді бүгінгілерге ой салу үшін де айтып отыр ақын. Қо­лында билік бар­ларға қай заманда да бәрі оңай, олар ойлыға озбыр­лық та жасай алады, ойсызды төрге шығарып, жуасты жүндей түтуге де әзір. Ұлттың тұтас­тығы болмаса, ұлттық намыс та шала­жансар, ал намыссыз ұрпақтың басы бірікпейді. Осы ойлар ақын жүрегін шымырлатып шыққан жырмен өрілген. Несіпбек ақынға “біздің ауыл­дың мысығы да – арыстан, ана ауылдың арыстаны да – мысық” деген жазылмаса да өмір сүріп келе жатқан, көп замандастары­мыздың көкірегін кернеп жүрген қағида жат. Ата-бабаларымыздың қандай жауға да жұдырықтай жұмы­лып, іргесін ыдыратпай қарсы тұрғаны кітаптың өн бойынан бой көрсетеді. Оған мысал – “Ту” дастанындағы: Жүйріктің бауыры жазық, қолтығы кең, Шапқанда шаң боратар серпінімен, Табын мен жағалбайлы жігіттерін Бөкенбай бастап келді жер түбінен, – деген шумақтар. Телефоны, поштасы жоқ за­ман­дарда қазақтың атқа мінген аза­маттары батыстан шығысқа, түс­тіктен арқаға аттанып, ауыз­бірлік пен намыс біріктірген тұтас­тықтың арқасында талай алпауыт елдер күні бүгінге дейін көз салып жүрген байтақ жерімізді сақтап қалған. Ақын Несіпбек Айтұлының “Ерлікке ескерткіш” кітабынан ойлы оқырман нені түйеді дейтін болсақ, біріншіден тілі көркем, “баласы да, данасы да” деген секілді жалаң ұйқастардан аулақ, төгіліп жатқан жыр-тасқын. Қазіргі балабақшалардың, бастауыш кластардың ұландары­нан қандай батырларды білесің деп сұрасаң, Шварцнеггер, Жан Клод Ван Дамм, Брюс Ли дейді. Бұл біздің бабаларымыздың қай­сар­лық, қайраткерлікпен өткен жо­лы­нан, олардың елін, жерін қор­ғаған көзсіз батырлығынан хабарсыз екенімізді көрсетеді. Өзімізді өзіміз тануға келгенде әлі енжар тартып, қолдағы алтынның қадірін білмей жүргеніміздің ертең бармағымызды тістететін айғағы екенін түсінбей жүргеніміздің белгісі. “Ұлттың өмірбаянын қайта- қайта өзгертіп жаздырып, алфави­тін ауыстыру арқылы сол ұлтты тарихтан сүртіп тастауға болады” деген бір ақылгөй халықтың қағи­дасы бар. Ендеше, сол қағи­датты естен әсте шығаруға тиісті емес­піз. Осы орайда Несіпбек ақын­ның аталған поэмаларын оқып, ұрпақтар өткеніне көз салып, көңіл аударады. Өз тарихын біл­мейтін, ата-бабасының ерлігін мақтан ете алмаған ұлт даланың тамырсыз қаңбағы секілді жоға­лып, біреудің сайында, екінші біреудің ығында кетеді де, ұрпағы сондай ұлт ретінде жер бетінен сүртіледі. Мұндайда елдік рухты паш еткен жырлар ғана ұлттық намысты атой салып оятады. Бұл жырлар ұрпақтарды бүгінгі тәуел­сіздігімізді қадірлеп-қастерлеуге баулиды. Олай болса, Несіпбек шығармашылығы осы жәйттерден бүгін сақтануға, ұрпақ санасын төл арнасына түсіп, тәуелсіз елі­міздің келешегін қалыптастыруға жол сілтейді. Жығылмас ешқашан да елі жарға, Алдында ту ұстайтын Ері барда! Маған осы екі жол өлең бей­нет­пен күн кешкен қазақ деген ұлт­тың тарихын бояумен өрнек­тейтін суретшінің үлкен бір шығармасына мазмұн болатындай көрінеді. Кең байтақ еліміздің қай қиы­рын алмаңыз қасіреті мен қасие­ті­нен хабар берерлік аңыз бен ақи­қаты атауларынан-ақ көзге ұрады. Соның бірі – Шығыс Қазақ­­стан аймағындағы Күршім деген аудан. Ол жер – біздің та­лай атақты ұл-қыздарымыз шық­қан қасиетті өлке. Жүрегі қазақ көрсе дүрсілдеген, Қалмақ жоқ ол күндерде күрсінбеген, Жасады көп қарсылық арпалысып, Батыры күжірейген Күршім деген. Ел болып, көшіміз түзелген уақытта қазақпен өмір бойы күресіп өткен қалмақ Күршімнің есімін әлі сақтап келе жат­қаны­мыз қалай деген ой туын­дайды. Осы орай­­да ақын жазған шы­ғармалар негі­зін­де ұрпақ “Күр­­­­шім” сөзі­нің қай­­­дан шық­­­қа­нын білумен бір­ге, дала­мыз­да әлі қы­­ры мен сыры ашыл­­ма­ған, ер­теңін ойлаған елге ой са­латын тұс­тары­мыздың бар екен­дігін айта­ды, ойлануға шақырады. Мемлекеттік сыйлыққа ұсы­нылып отырған “Ерлікке ескерт­кіш” кітабы әбден лайық шығар­ма деген пікірдемін. Әлем кар­тасында жарық жұлдыздай жарқ етіп, жастығымен де, жасам­паз­дығымен де бүкіл дүниені таң­дандырған Астана шынында да ата-бабаларымыздың ерлік рухына қойылған ескерткіш секілді. Талай замандар бойына өмір­ден шындық, әділеттілік таппай жүректері мұздаған, жаны сыз­даған халқымызға мейірім шуағын шашқан Тәуелсіз еліміздің мерейі биік, ұрпағының, халқының тал­ғамы мен түсінігі терең болғай!