28 Тамыз, 2010

Қазақстан Республикасының конституциялық саясаты

2722 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін
Әрбір егемен мемлекеттің өз дамуының негізгі бағыттарын ай­қын­дайтын конституциялық саяса­ты болады. Қазақстан Республи­ка­сы­ның конституциялық саясаты­ның негіздері 1995 жылғы 30 та­мызда бүкілхалықтық референдум­да айқындалған болатын. Соның нәтижесінде республиканың қол­да­ныстағы Конституциясы қабылда­нып, өмір талаптарына орай 1998 және 2007 жылдардағы консти­туциялық реформалар барысында оларға түзетулер енгізілді. Еліміз тәуелсіздігінің алғашқы күндерінен-ақ Мемлекет басшысы – Елбасы Н.Ә.Назарбаев жүргізіп отырған сарабдал конституциялық саясат арқасында Қазақстан бүгін­гідей жетістіктерге жеткені баршаға аян. Ата Заңымыз қабылдануын кезекті рет мерекелеу қарсаңында мы­наны атап өтпеуге болмайды – осы жылдар ішінде Қазақстанда жасалған игі істердің бәрі де Конс­титуция қағидалары сақтала отырып жасалды. Соңғы кездері құқық теориясы мен практикасында “конституция­лық саясат” және “конституция” деген категориялардың арақатына­сын зерттеуге көп көңіл бөлінуде. Сонда конституциялық саясат дегеніміз не? Меніңше, мемлекеттік саясат­тың бір түрі ретінде конституция­лық саясат мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғамның елдің конституциялық дамуын консти­ту­ция­лық-құқықтық реттеудің, оң­тай­ландырудың тиімді тетігін құру жөніндегі ғылыми негізделген, дәй­екті және жүйелі түрдегі қызметі болып табылады. Ол стратегиялық жоспардың заңдық идеялары мен қағидаттарын әзірлеу мен іске асы­рудан, Конституция мен конститу­ция­лық заңнаманы қабылдаудан, жетілдіруден және жүзеге асырудан тұрады. Көптеген ортақ белгілері бо­луы­на қарамастан, “конституциялық саясат” және “конституция” ұғым­да­рының барлық қырлары бір-біріне тұспа-тұс келе бермейді. Консти­ту­циялық саясаттың мән-мағынасы едәуір кеңірек және ол Консти­ту­ция мен қолданыстағы заңнаманы жүзеге асыру негізінде конститу­ция­лық құрылысты заңдық тұр­ғы­дан бекіту және қорғаудан, мем­ле­кеттік билікті қолданудан, тұлға­ның құқықтары мен бостандық­тарын іске асырудың негізгі ұйым­дық-заңдық шарттарын жасап бе­ру­ден, мемлекеттік-саяси қатынас­тар саласы мен азаматтық қоғам ая­сы арасындағы тепе-теңдікті ұстаудан тұрады. Мемлекеттің Негізгі Заңы мем­лекеттің конституциялық саясатын жүзеге асыру құралы болып та­бы­лады. Өз кезегінде, конституция­лық реттеу мен оның әдістерінің ерекшелігіне қарай Конституция нормалары тікелей және жанама­лай қолданылады. Егер конститу­ция­лық реттеудің жоғары деңгейін­де, әдетте, конституциялық норма­лар жеткілікті болып жатса, мем­лекеттік органдар мен азаматтар арасындағы конституциялық құ­қық­тық қатынастарда олардың құ­қықтары мен міндеттері формалды түрде көбірек айқындалып, белгі­ле­нуі қажет. Бұл әкімшілік, азамат­тық, еңбек, қылмыстық, жер, қар­жы құқығының және оның өзге де салаларының нормаларымен қам­та­масыз етіледі. Соңғы жағдайда конституциялық нормалар, құқық­тың тиісті салаларында нақтылана келе, жанамалай қолданылады. Сонымен бірге бұл Конституция нормаларының тікелей қолданылуы тоқтайды дегенді білдірмейді. Конституциялық нормалар Конс­титуцияда көзделген заңнама­лық актілерді шығару түрінде де қолданылуы мүмкін. Мәселен, Негізгі Заңның тиісті нормаларын орындау мақсатында Президент ту­ралы, Парламент және оның де­путаттарының мәртебесі, Үкімет, сайлау, республикалық референ­дум, сот жүйесі және судьялардың мәртебесі, Конституциялық Кеңес туралы және т.б. конституциялық заңдар қабылданды. Кей жағдайларда Негізгі Заң құндылықтар жүйесін бекітіп, олар­ды құқықтық реттеуді, іске асыру және қорғау кепілдіктерін белгі­леуді заң шығарушының айрықша құзыретіне жатқызады. Мысалы, Конституцияда белгіленген құнды­лық­тар иерархиясына сәйкес адам­ның және азаматтың құқықтарын, бостандықтары мен мүдделерін қор­ғау Қылмыстық кодекстің бі­рін­ші кезектегі міндеті деп айқын­дал­ған. ҚК Ерекше бөлімінің құрылы­мы да осыны ескере отырып құрас­тырылған. Қылмысқа қарсы күрес проблемасына деген мұндай жан-жақты ұстаным бірнеше міндеттің атқарылуын: қылмыстың алдын алуды, оған қарсы күресті, адам құқықтарын қорғауды, қылмыс жасаған адамдарды уақтылы түзеуді қамтамасыз етеді. Конституциялық құндылықтар­дың мазмұнын заңнамалық толты­ру кезінде қайшылықтар болуы мүмкін. Осы игіліктер мен оларға қол сұғылуына мемлекет тарапынан шара қолдану деңгейінің ара­қа­ты­насы халықтың құқықтық мә­дениетіне, әлеуметтік-эконо­микалық жағдайларға, тарихи кезеңнің ерекшеліктеріне және т.б. қарай әртүрлі болуы мү­мкін. Мәселен, сөз бостандығы құқығын және тұлғаның абы­ройы мен қадір-қасиетінің қор­ғалуына құқығын заңнамалық реттеу мәселелері жала жап­қа­ны және қорлағаны үшін қыл­мыстық жауаптылық шарала­рын белгілеуге қатысты пікір­та­лас туындауына негіз болды. Осылайша, конституциялық және жай заңдар, заңға тәуелді актілер қабылданғанда, сондай-ақ бүкіл құқық қолдану прак­тикасы қалыптастырылғанда негіз етіп алынатын Консти­ту­ция еліміздің конституциялық саясатын білдірудің негізгі нысаны болып табылады деп айтуға болады. Конституциялық саясат та мем­лекеттің өзі сияқты үнемі дамуда болады, өйтпеген күнде ол дамудың “тежегішіне” айналады. Консти­ту­цияның өзінде оған өзгерістер мен толықтырулар енгізу тәртібі көз­дел­ген. Қазақстанда 1998 және 2007 жылдары жүргізілген конституция­лық реформалар соның жарқын дәлелі. Уақыт бұл шешімдердің дер кезінде және дұрыс қабылданғанын көрсетті. Қазақстанның конституциялық саясатының негіздері туралы айта келе, еліміздің конституциялық да­муының тұжырымдамасын айқын­дау­дағы Мемлекет басшысының айрықша рөлін атап өту қажет. Негізгі Заңға (40-бап) сай рес­пуб­лика Президенті Конституцияның мызғымастығының нышаны әрі кепілі болып табылады. Қазақстан­ның қоғамдық және саяси өмірін­дегі демократиялық қайта өзгерту­лер, нарықтық экономика талап­тарына сай жүргізілген экономика­лық реформалар, қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылық, азаматтық қо­ғам институттарының қалып­та­суы – осының бәрі де президенттік басқару нысаны енгізілуімен тікелей байланысты. Бұған Мемлекет басшысының Конституцияның әлеуеті өмірдің барлық салаларында мейлінше то­лық іске асырылуын қамтамасыз ету жөніндегі қатаң талабы сеп болуда. Президенттің 2002 жылғы 20 қыркүйектегі Жарлығымен ма­құл­данған Құқықтық саясат тұ­жы­рымдамасында Конституцияның құқықтық идеялары Қазақстанда демократиялық, зайырлы, құқық­тық және әлеуметтік мемлекет инс­ти­туттарын орнықтыруға бағыттал­ған заңнамалық, ұйымдық және бас­қа шараларда жүзеге асуға тиіс деп атап өтілді. Өткен жылы тамыз айында Мемлекет басшысы бекітіп, қазір қолданылып жүрген 2020 жылға дейінгі Құқықтық саясат тұ­жырымдамасында бұл бағыт сақ­тал­ды, және Конституцияның қағи­даттары мен нормаларын, ең алдымен, мемлекеттік билік орган­дары мен оның лауазымды адам­дарының қыз­метінде толыққанды іске асыру, бұл ретте Конституция­ны тікелей қолданумен қатар ағым­дағы заңнама және құқық қолдану арқылы оның әлеуетін қамтамасыз ету конституциялық құқықтың ма­ңызды міндеті ретінде айқындалды. Өзінің стратегиялық бағыт-бағдарын таңдап алған мемлекет пен қоғам үшін қолданыстағы Конс­титуцияның реттеушілік әлеу­е­ті әлі де сарқылған жоқ. Конс­ти­туцияда бекітілген Қазақстан Рес­публикасы конституциялық құры­лысының негіздері, адамның және азаматтың құқықтары мен бостан­дық­тары, меншік нысандары елі­міздің ұзақ мерзімді қажеттіліктері мен тарихи даму үрдісін ескереді. Осы Конституция негізінде ұлттық заңнама өмір сүріп, мемлекеттік және қоғамдық институттар құры­лып, дамып отырады. Осы үздіксіз үдеріс кезінде Не­гіз­гі Заң талаптарына жауап беретін конституциялық практика қалып­та­суы үшін қажетті барлық жағдайды жасау, конституциялық нормалар­дың іс жүзінде қолданылуын және олардың бірізді қолданылуын қамтамасыз ету өте маңызды. Осы күрделі мәселелерді шешу үшін республикада тиісті өкілеттік берілген органдар жүйесі қызмет істейді. Конституциялық заңды­лық­ты қамтамасыз ету кешенді және көпдеңгейлі міндет болып та­былады, оның жай-күйі үшін бір­тұтас мемлекеттік биліктің барлық тармақтары, құқық қорғау органда­ры, қоғамдық-саяси институттар, сондай-ақ азаматтар жауапты. Бұлардың бәрі де өз міндетін ойдағыдай атқарып жүр деп ойлай­мын. Конституция қабылданған күннен бері ондағы көзделген тү­бе­гейлі құндылықтарды жүзеге асы­ру үшін аз жұмыс атқарылмады. Адам құқықтары мен бостан­дықтарының сақшысы – тәуелсіз сот жүйесі құрылып, үнемі жетіл­дірілуде. Прокуратура органдары­ның жоғары қадағалауы кез келген заң бұзушылықты анықтауға ғана емес, оның жолын кесуге де мүм­кіндік береді. Адам құқықтары жө­ніндегі уәкіл институты құрылып, оның қызметі мемлекеттік құқық қорғау тетіктерін толықтырды. Республика Президентінің үс­ті­міз­дегі жылғы 29 қаңтарда Парла­мент палаталарының бірлескен отырысында жарияланған Қазақ­стан халқына Жолдауында бүкіл Қазақстан қоғамын, соның ішінде құқық қорғау жүйесін де жаңғырту қажеттігі туралы айтылды. Мем­ле­кет басшысы қылмыстық саясатты ізгілендіруге, екпінді ішкі ведом­стволық мүддеден азаматтардың құқықтарын қорғауға қарай ауыс­тыруға, сондай-ақ халықаралық жо­ғары стандарттарға жауап беретін жаңа құқық қорғау жүйесін қалып­тастыруға қарай алған бағытымыз жалғаса беретінін және бір рет қуаттады. Қазақстан өз ішіндегі адам құ­қық­тарына қатысты жағдайлар бой­ынша халықаралық құқық қорғау құрылымдары алдында ақталумен ғана шектеліп, “қорғаныс” шебін ұстап келген уақыт өтті. Енді біз кем-кетігімізді түзеп қана қоймай, бас­қа елдер үшін үлгі де бола ала­тынымызды көрсетуге дайынбыз. Сонымен қатар кемшіліктердің бәрі де толығымен шешілді деп айтуға әлі ерте екенін ел басшы­лы­ғы жақсы біледі. Ең бастысы – мем­лекетіміз осы бағыттағы жұ­мыс­ты жалғастыра беруге ниетті екенін айқын білдірді. Конституциялық заңдылықты қор­ғау және Конституция ереже­ле­рін бірізді түсіндіру тетігінде Конс­титуциялық Кеңес маманданды­рыл­ған мемлекеттік орган болып табылады. Қазақстанның конституциялық құқығы дамуына қарай отырып, қазіргі ұлттық конституциялық сая­саттың жекелеген тұжырымдама­лық бағыттарын Конституциялық Кеңес қорыта жинақтағанын атай кеткен жөн. Өткен жылдар ішінде Конституциялық Кеңес 180-ге жуық өтініш қарап, 140-тан астам нормативтік қаулы қабылдады. Конституцияның нормаларын ресми түсіндіру немесе заңдардың конституциялығын тексеру туралы өз шешімдері арқылы Конститу­ция­лық Кеңес заң шығарудың ба­сымдықтарын және конституция­лық құқықтық практиканың век­торларын белгілейді. Республика­ның қолданыстағы құқығы жүйе­сі­нің бастаулары мен иерархиясын, Парламенттің, Үкіметтің, соттар­дың, прокуратура органдарының конституциялық өкілеттігін, заң шығармашылығы үдерісінің негіз­де­рін айқындау, біртұтас мемле­кет­тік билік тармақтарының органда­ры арасындағы тежемелік әрі тепе-теңдік жүйесінің іс-әрекет тетігін, тілдердің мәртебесін, адамның және азаматтың құқықтары мен бос­тандықтарын заңмен шектеудің конституциялық жол берілетін шек­терін екшелеу бойынша тұжы­рым­дамалық ұстанымдарды да Консти­ту­циялық Кеңес бекіткен болатын. Мәселен, 2001 жылғы 21 жел­тоқ­сандағы №18/2 қаулыда Конс­ти­туциялық Кеңес Конституцияның “Қазақстан Республикасы өзін ... әлеуметтік мемлекет ретінде орнық­ты­рады;.. ” деп жазылған 1-ба­бының 1-тармағына ресми тү­сіндірме берді. Бұл конституциялық норма Қазақстанның, мемлекет мүмкіншілігіне қарай отырып, өзінің азаматтарына игілікті өмір сүру үшін жағдай жасауға және жеке адамның еркін дамуы арқылы әлеуметтік теңсіздікті жұмсартуға міндеттеме алатын мемлекет ретінде дамуға ниет танытады дегенді білдіреді. 2008 жылғы 27 ақпандағы №2 нормативтік қаулыда Конститу­ция­лық Кеңес, адамның және азамат­тың құқықтары мен бостандық­тарын шектеудің конституциялық жол берілетін шектеріне қатыстыра отырып, егер мұндай шектеу заңды түрде негізделген мақсатқа барабар және әділдік талаптарына жауап беретін, конституциялық маңызды құндылықтарды қорғау үшін тепе-тең, мөлшерлес және демокра­тия­лық мемлекетте қажетті болса, онда адамның құқықтары мен бостан­дықтары конституциялық құрылыс­ты қорғау, қоғамдық тәртіпті, адам­ның құқықтары мен бостандық­тарын, халықтың денсаулығы мен имандылығын сақтау мақсатында шектелуі мүмкін, деп атап көрсетті. Қазақстанның мемлекеттік және өзге де тілдерінің мәртебесі ту­ралы конституциялық нормалар­ға да Конституциялық Кеңес ресми түсіндірме берді (1997 жылғы 8 мамырдағы №10/2 қаулы және 2007 жылғы 23 ақпандағы №3 қосымша қаулы). Конституциялық Кеңестің түсіндірмесіне сәйкес, қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде конститу­ция­лық жолмен баянды етілуінен келіп шығатыны, қазақ тілі Қазақ­стан мемлекеттілігін айқындайтын факторлардың бірі болып та­былады, оның егемендігін рәміз­дей­ді және Қазақстан халқының бірлігін білдіретін, республиканың конституциялық-құқықтық мәр­тебесінің элементі болып табылады. Мемлекеттік тілдің жоғары саяси-құқықтық мәртебесі оның жария-құқық саласында қызмет етуінің айрықшылығы не басымдылығы Конституцияда баянды етіліп, заң­дарда белгіленуі мүмкін екендігімен расталады. Заңнама және құқық қол­дану практикасы Конституция­ның 14-бабы 2-тармағының нор­масын ескеруге тиіс, бұл нормаға сай ешкімді ешқандай, соның ішінде тіліне байланысты, кемсітуге болмайды. Заңдарды немесе өзге де нор­мативтік құқықтық актілерді не олар­дың жекелеген нормаларын конституциялық емес деп танып және олардың күшін жоя отырып, Конституциялық Кеңес “жағымсыз заң шығарушы” ретінде жиі көрініп отырады. Конституциялық Кеңес 25 заңды және халықаралық шарт­ты, атап айтқанда, “Қазақстан Рес­пуб­ликасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі ту­ралы” Қазақстан Республикасы­ның Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” Конституциялық заңды, Азаматтық кодексті (Ерекше бө­лім), “Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне діни сенім бостандығы және діни бір­лестіктер мәселелері бойынша өзге­рістер мен толықтырулар енгізу ту­ра­лы” Заңды, Қылмыстық, Азамат­тық іс жүргізу кодекстерінің, “Жыл­жымайтын мүлікке құқық­тар­ды және онымен жасалатын мәмі­лелерді мемлекеттік тіркеу туралы”, “Нотариат туралы” заңдардың, “Байқоңыр” кешенін жалға беру туралы Шарттың, Құқық қорғау органдарының “Байқоңыр” кешені аумағында құқық тәртібін қам­та­ма­сыз етудегі өзара іс-әрекеті туралы келісімнің нормаларын толығымен немесе бір бөлігінде конституция­лық емес деп тапты. Сонымен бірге конституциялық бақылау органдарын құқық теория­сында “жағымды заң шығарушы” деп те атайды, өйткені өз шешім­де­рінде олар тексерілген актінің конституциялық еместігін атап қана қоймай, анықталған кемші­лік­терді жоюдың оңтайлы жолдарын да ұсынып отырады. Олар формаль­­ді түрде жаңа құқық нормасын жасамай, жалпы қағидаларды айқындап отырса да, дегенмен, оның конституциялық негізін қалап, жаңа заңнамалық реттеу өлшемдерін қалыптастырады, сондай-ақ кездескен қайшылықтар заңнамалық жолмен реттелгенге дейін қолданылатын ережелерді айқындайды. Осы жылдар ішінде Конституциялық Кеңестің құқық­тық ұстанымдарына сәйкес 65 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Олар қылмыстық қудалау органдарының қылмыстық іс қозғау туралы қаулыларына сотқа шағымдану, айыпталушының өзіне қатысты қылмыстық істі алқабилер қатысатын соттың қарауы туралы өтінішті алдын-ала тергеудің со­ңын­да ғана емес, соттың өзінде де мәлімдеуі, мемлекет есебінен жә­бір­ленушілерге өтемақы төлеу және білікті заң көмегін көрсету, “мем­лекет көрсететін қызмет” пен “мем­лекеттік функция” ұғымдары­ның ара-жігін ажырату мәселе­леріне және т.б. қатысты. Өз қызметінде Конституциялық Кеңес, түптеп келгенде, ел Прези­денті айқындаған қазіргі заманғы конституциялық-құқықтық сая­сат­тың векторларын дамытады. Пар­ла­мент, Үкімет және мемлекеттік биліктің басқа да органдары конс­титуциялық бақылау актілерінің тегеурінді сипатын мойындап, Конс­титуциялық Кеңестің қаулы­лары мен жолдауларындағы норма­тивтік-құқықтық ескертпелер мен ұсыныстарды Конституция норма­ларының мәні мен мазмұнын тү­сінудегі ақиқат деп қабылдайды. Қорыта келе, “конституциялық саясат” және “конституция” ұғым­дары мемлекет пен қоғам санасына сіңіп, жыл санап нығайып келе жатқанын атап өткім келеді. Енді бұл категорияларды түсініп қана қоймай, оларды басшылыққа алуға қол жеткізуіміз керек. Қолға алы­нып жатқан шаралар сәттілікпен аяқталуы үшін олар терең әрі жан-жақты байыптауды қажетсінеді. Республика Президенті бірнеше рет қайталап өткендей, барлық мемлекеттік органдар, азаматтық қоғам өкілдері, әрбір қазақстандық тізе қосып, еселі еңбек еткенде ғана алдымызға қойған биік мақсаттарға жететін боламыз. Игорь РОГОВ, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің Төрағасы.