02 Қыркүйек, 2010

Диқаншылық кәсіптегі тың бағыттар

794 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
Биыл облыс бойынша жи­на­ла­тын масақты дәнді дақылдардың нақты көлемі 230,2 мың гектар бол­са, оның күздік бидайы – 134,8 мың гектар, жаздық арпасы – 95,9 мың гектар. Бүгінгі күнге дейін Жуалы ауда­нынан басқа аудандар егін ора­ғын аяқтап, облыс бойынша барлық орылатын алқаптың 99,2 пай­ызға жуық егін орып, одан 356,6 мың тонна дән бастырып отыр. Жуалы ауданының таулы, ауа райы салқын аймаққа орналас­қа­ны белгілі. Сондықтан мұндағы шаруа қожалықтары егін оруды әлі жалғастыруда. Дегенмен, диқандар бүгінгі күнге дейін егіндерінің 93,2 пайызын орып бітірді. Қолда бар қазіргі мәлімет бой­ынша, әзірге әр гектардан алынған орташа өнім 15,6 центнерден ай­на­лып отыр. Бұл көрсеткіштен жо­ғары өнім алып отырған Қордай (21,0 ц) мен Жуалы (17,0 ц) ауданы диқандарының берекелі ісін басқаларға үлгі етуге болады. Өйт­кені жері де, суы да, табиғаты да бірдей Меркі ауданы егін ора­ғын гектарына 15,5 ц, Шу ауданы – 14,3 ц., Байзақ, Жамбыл аудан­дары – 14,1 ц., Т.Рысқұлов ауда­ны 13,3 ц. көрсеткішпен аяқтады. Ал шөлді және шөлейтті аймақ­тарға орналасқан Сарысу ауданы – (8,5 ц), Мойынқұм ауданы – (8,0 ц) және Талас ауданының (6,0 ц.) астығын жоқтан бар деуге ке­летіндей. Дегенмен, биылғы көктем мен жаздың шаруаға жайсыз, желді, аңызақты күндері көп болғанын ескерсек, алынған астықты нашар деуге болмайды. Алынған астық об­лыстың ішкі қажетілігіне де, тұ­рақтандыру қорын жасақтауға да, белгілі бір мөлшерде мемлекетке са­туға да жетеді, дейді ауыл ша­руа­­шылығы басқармасы мамандары. Облыста көкөніс, бақша өнім­дері өңір тұрғындарының сұра­ны­сын толық қанағаттандырумен бірге, еліміздің басқа аймақтарына да шығарылып, сатылуда. Бұл ди­қандардың ежелден қалыптасқан дәстүрі. Өйткені облыс шаруа қожа­лықтарының диқандары елі­міз бойынша өндірілетін көкөніс өнімдерінің 30 пайызға жуығын өсіріп, өндіреді. Бұл орайда, облыс тұрғындары қызанақпен және қиярмен жалпы қажеттіліктен 8 есе жоғары, пияз­бен – 171,8%, картоппен – 168,1%, қырыққабатпен – 100,3%, сә­бізбен 274,6% қамтамасыз етілген. Үстіміздегі жылы облыс бой­ынша көкөніс өнімдері барлығы 17,9 мың га алқаптан жиналатын болса, бүгінгі күнге оның ішінде қы­занақ өнімдері 2,0 мың гек­тардан, қияр 1,5 мың гектардан, қырыққабат 0,8 мың гектардан, баклажан, бұрыш және басқа да да­қылдар 0,5 мың гектардан жи­налып, олардың әр гектарынан әзірге орта есеппен 200-220 цент­нерден өнім алынуда. Облыста бұл өнімдерді жинау алдағы қыркүйек, қазан айларында да, алқаптар то­лық жиналып алынғанша жалғаса беретін болады. Бірақ облыста жеміс-көкөніс өнімдерін қайта өңдеу жалпы рес­публикалық көрсеткіштен төмен қалыптасып отыр. Бұл ретте же­міс-көкөніс өнімдерін қайта өңдеудің республикалық орташа көрсеткіші – 3,5%, ал, ол Жамбыл облысында небәрі 0,25 пайызды ғана құрап отыр. Осы олқы­лық­тың орнын толтыру үшін облыста “Азия-Қазақстан” концерні, “Та­раз-Тарту”, “Булгар­кон­сер­впро­дукт” кәсіпорындары базаларында жеміс-көкөніс өнімдерін қайта өңдеу өндірістерін дамытуға бағытталған инвестициялық жоба­лар қолға алынуда. Жеміс-көкөніс өнімдерін қайта өңдеу жөніндегі осы 3 ірі кәсіп­орын іске қосылып, толық қуа­тын­да жұмыс істеген жағдайда, об­лыста жеміс-көкөніс дақылдарын қайта өңдеу көрсеткіші едәуір көте­ріліп, 2010 жылдың соңына қарай 10 пайызға, 2014 жылы 35 пайызға жететін болады. Сондай-ақ, облыс сонау 80-90-шы жылдары жойылып кеткен алма бақтары мен жүзімдіктерді әлі қалпына келтіре алмай отыр­ғандақтан, облыс тұрғындарының алма және жүзім өнімдерімен өзін өзі қамтамасыз етуі 40,0 пайыз кө­лемін ғана құрайды. Сондықтан облыста жеміс-жидек және жүзім ша­руашылығын сауықтырып, өр­кендету жұмыстары қолға алынып отырғанмен, жеміс-жидек және жүзім өнімдерін тұтынуда импорт­қа тәуелділік бар. Бұл тәуелділікті жою мақса­тын­да 2008 жылы облыс бойынша 1138 га алма және 23,1 га жүзім кө­шеттері, 2009 жылы 1013,8 мың гектарға алма, 22,2 гектарға жүзім­діктер отырғызылды. Үстіміздегі жылы бұл дақылдар егілген ал­қап­тар тағы да едәуір ұлғай­ты­лып отыр. Бұл бағытта жеміс дақыл­дарының өнімділігін арттыру үшін үстіміздегі жылы жеміс бақтарына тамшыла­тып суару технологиясын ендіру арқылы, оларды үдемелі техноло­гиямен егу қолға алына бастады. Облыста жаңа егілетін жеміс бақтарын сапалы көшеттермен қам­тамасыз ету мақсатында 4 ори­гинатор-шаруашылықтар жұмыс істейді. Ол шаруашылықтардың екеуіне көшеттер өсіріп, дайындау үшін жаңа, голландиялық интен­сивті технологиялар енгізілуде. Бұл өз кезегінде, осы көшеттердің екін­ші жылдың өзінде-ақ өнім бере бастауына мүмкіндік береді. Қазір бұл бағытта Қазақ ұлттық аграрлық университетімен және Украинаның “АИК” компа­ния­сы­мен бірлесіп жұмыстар атқары­луда. Облыста қыс және ерте көктем айларындағы маусымаралық ке­зең­дерде көкөніс тапшылығы сезі­ле бастайтыны белгілі. Өйткені бұл кездері тек қана жылыжайларда піс­кен өнімдер тұтынылады. Бұл тап­шылықты жою мақсатында бұрнағы жылы көкөніс өнімдерін өсіретін жалпы көлемі 2,86 гектар болатын 65 жылыжай іске қосыл­са, өткен жылы 5,7 гектарды құ­рай­тын 100 жылыжай салынғанын білеміз. Қазіргі кезде облыс бойынша жал­пы көлемі 16,0 га құрайтын 200 жылыжай жұмыс істеуде. Бұл жы­лыжайлардан үстіміздегі жыл­дың басынан бері 680 тонна көк­өніс өнімдері жиналыпты, жыл аяғына дейін тағы да 1000 тонна өнім жинау күтілуде. Бұларға қоса, биыл облыстық бюджет есебінен Қордай ауданы­нан жалпы көлемі 2,5 гектар бо­латын 50 жылыжай тұрғызу жұмы­сы жүргізілуде. “Ауыл шаруашы­лығын қаржылай қолдау қоры” АҚ-тың қолдауымен Жамбыл ауда­нында салынып жатқан жалпы көлемі 5,0 гектар болатын 100 жылыжай да биыл іске қосылып, жыл аяғына дейін алғашқы өнім­дерін беретін болады дейді маман­дар. Мұндағы басты ерекшелік – “Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры” АҚ-тың қолдауымен салынып жатқан бұл жылыжай­ларға жұмсалған қаржы көлемдері кәсіпкерлерге ешқандай кепілдік­сіз, 6 жыл мерзімге лизинг ретінде бе­ріледі. Ал бұл жылыжайлардың инженерлік инфрақұры­лым­дары­ның құрылысы жергілікті бюджет есебінен жүргізілмекші. Жылыжайдың пайдасын біліп алған диқандар бұл істі дамыта тү­суде. Мысалы, “Мир-Асыл-Тараз” ЖШС Голландияның “BUL­NETH” компаниясымен бірлесе отырып, жалпы құны 18 млн. теңгені құрайтын, жалпы алаңы 6 гектар заманауи технологиямен жабдықталған жылыжай кешенін тұрғызуды жоспарлауда. Бұл жо­баның ерекшелігі – голландиялық әріптес компания жылыжай кешенін салу, оның жабдықтарын қою, жеткізу және құру жұмыс­тары құнының 15 пайызы көле­мінде “ҚазАгро” АҚ-тың талабы­на сай, алғашқы қаржылай аванс­ты төлейді және аталған жылы­жай­лар өнім алғанға дейін, оны айналымдық қаржымен қам­та­масыз етеді. Жоба өз қуатына енгенше, оны техникалық және технологиялық жақтарынан қолдау үшін голландиялық компания бұл жұмыстарды білікті мамандармен қамтамасыз етеді және жергілікті тұрғындар арасынан мамандар дайындау шараларын жүргізеді. Аталған жылыжай кешенін тұр­ғызу аясында, осында өнді­ріл­ген өнімдерді сұрыптау, қораптау және тасымалдау шараларын жү­зеге асыратын логистикалық орта­лық құрылады және бұл орталық бүкіл өндірілген өнімді толықтай өзі экспортқа шығарады екен. Сонда жалпы көлемі 6 гектарды құрайтын осы жылыжайдан жы­лы­на 4200 тонна көкөніс өнімдері жиналады деп күтілуде. Қорыта айтқанда, жамбылдық диқандар қиындықтан жол табуда табандылық танытып, тың ізденіс­терге бет бұруда. Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ, Жамбыл облысы.