Өмірдің өз өрнегі
“Интураңшы хикаясы” циклынан
Ел азаттығының алғашқы жылдарында Қазақстанға шетелдік аңшыларды шақыру үрдісі белең алғанын көпшілік біле бермес. Ол заман – күйреген кеңестік империяның қалдығынан жаңа текті мемлекет құрып, нарықтық қатынастарға өтіп жатқан алмағайып ауыр жылдар-ды. Шаруашылықтар өтпелі кезеңнің тауқыметінен аман шығудың амалын іздеп аласұрған алаңы көп шақ-ты. Әркім жан сақтаудың өзінше алуан айла-шарғысын жасап баққан қысылтаяң қиын кез-ді.
“Интурохота”, яғни қазақша айтқанда “интураңшылық” (шетелдік туристік аңшылық) деген термин де дәл осы өліара мезгілде пайда болып, тұрлаусыз бұл тірлік тоқсаныншы жылдары әжептәуір қарқын алған болатын.
Осы бір қиын-қыстау кезеңде Өр Алтайдағы іргелі бір ауданның аңшылық шаруашылығын басқарған досым Ерен Жұмағұловтың айтқан әңгімелерін жеке цикл етіп, оқырманға ұсынғанды жөн көрдім.
Қайсыбір жылы Алтайға аңшылар Голландиядан келді.
“Ян мен Саския Снайдерс деген ерлі-зайыпты кісілер бара жатыр, жөнімен қарсы алыңдар” деп облыстан тапсырма түсті. Бастықтар иек қақса бізде жан қала ма, зыр жүгіріп кеттік. Шақабай шыңының құз шатқалының етегіне, Күрті дейтін айқұлақ асау өзеннің жағасына жарқыратып аппақ киіз үй тігіп тастадық. Қойымызды сойып, қазанымызды көтеріп, шетелдік екеудің алдына дастарқан жайып ала шапқынбыз. Жатып жастық, иіліп төсек болып әбігерміз.
Голландиялық мырзалар облыс орталығында контрактіге қол қойып, тиісті қаражатын төлеп, бір таутеке атуға рұқсат берген “лицензия” ала келіпті. Қастарында ботадай елпілдеген бір жас аудармашы қыз бар.
Олар келген күннің ертеңінде еру болып, еркін дем алып, жол қамына дайындалдық.
Голландиялық мырзаның оймақтай дөңгеленген бикесі күйеуіне еріп келгені болмаса, аңшылық өнерден бейхабар екен.
Алтай күзінің уыз көркі әлі тарқай қоймаған, орман-тоғай сан түрлі бояуға малынып, айрықша мырзалық танытып тұрған шақ еді. Саския ханым сонысын қызықтады ма, фотоаппаратын асынып, күні бойы өзен жағалап жүріп алды.
Біз төрт жігіт шетелдік жалғыз аңшыны ортаға алып, үшінші күні түн жарымынан атқа қондық.
Құла жота, құба белдерді асып, тұяқты аң салған соқыр соқпақпен өрлеп, Шақабай шыңының алқымына атпен бардық. Одан әрі қына басқан қожыр тас, шаншылған шың, шапшыма асу. Жол жоқ, албастының ойранындай айқыш-ұйқыш шашылған қалың қорымды аттап-бұттап, жартастарға жабысып, қаптағайда қабысып шалықтаған шың басына қарай тырмыстық.
Мақсатымыз айқын. Интураңшы валюта төлеп лицензия сатып алған екен, ендеше оның сол лицензиясын толығымен пайдалануына жәрдем ету. Егер бұл кісі таутекені ата алмай құр оралса, онда облыста өткізіп кеткен ақшасының жарымын қайтарып алады. Ондай жағдайға әсте жіберуге болмайды, аңшылар үшін бұл кәсіби сын, азаматтық намыс. Шетелдік мейманның өткізген валютасының толықтай елімізде қалуына біз аса мүдделіміз. Қызметіміздің маңызы сонымен бағаланады, жұмысымыздың сапасы осымен өлшенеді.
Ал интураңшы дегенің әрқилы ел, алыс-жақыннан ағылған алуан жұрт. Африканың сарыадыр саваннасында, Австралияның шоқ бұталы шұбарында құс атып, аң қуған қалталы қаумет, еріккен байлар. Джип мәшине, жазық дала, жайлы жағдайға үйренген ондай жандарды Алтайдың асқар биігіне шығару қияметтің қайымы. Әсіресе, ырсылдаған жардай семіз біреу тап болса, онда біздің жігіттер үшін қасірет деңіз... Ішін толтыра таспен толтырған үрінді қанарды көтергендей әлгі немені тауға сүйреп шығарып, тастан сүйеп түсіріп жүргенің. Интураңшылық тәжірибеде сүмектей сорғалатып тер төктіріп, қан түкірткен ондай оқиғаның талайын бастан өткергенбіз.
Шүкіршілік, голландиялық Ян құрдасымыз бізге масыл болатындай мырзадан емес екен... Аңшылық сапармен Африканы екі айналып, орыстың Сібірін көктей өткен оңқай асықтай ыңғайлы кісі болып шықты. Әйтпесе Шақабайдың шайтанды да шатастырар шатқалдарымен оның бұлт ұялаған биігіне былайғы біреуді итеріп шығару мүмкін болмас еді.
Таң көбеңдей біз де қос өкпемізді қолымызға алып, межелеген мөлшерлі тұсқа аһылап-үһілеп жеткенбіз.
“Межелі” дегенім – облыстағы бастықтар ауданға қанша адам келе жатқанын, неше лицензия, қандай аң керектігін хабарлаған бойда біз аңшыларымызды жан-жаққа барлауға аттандырамыз. Бәрі де Алтайдың тау-қиясы мен қуыс-қолатын жатқа білетін кәсіби аңшылар емес пе, қай маңда қандай аңның барын олар алдын ала байқап-болжап жүреді. Содан жоғарыдан нұсқау түскен бойда “Қарақабаның қарсы қапталынан бір маймақты көргенін”, “Қосжүректің биігінде бұғы-маралдың үйездеген үйірі барын”, “Аршатының Сарыбетінен таутекенің бір қора отарын байқағанын” баян етіседі. Содан барып шетелдік меймандарды қай жерде қалай қарсы алудың келісілген көлемді жоспары жасалады.
Бұл жолы да солай болған, таутеке жөніндегі деректі жеткізген өзіміздің аңшылар еді.
– Бір қорасы жүр, – деген Манарбек атты жігітіміз. – Ай, өтірік айтпасам, жүз елудей бар-ау! – деп таңдайын тақылдатып, басын шайқаған.
Мінеки, сол Манарбек айтқан бағытпен мөлшерлеп келіп тұрған бетіміз осы болатын.
Әрине, Манарбек көрген екен деп таутеке бізді күтіп бір орнында тұрмасы белгілі. Бірақ біреу оқыс үркітпесе, тосыннан шошытпаса үйір көп алысқа ұзамай, осы қия-шатқалдың бір тепкішегінде жүрген шығар деп жорамал жасағанбыз. Сондықтан аңшылық өнердің ежелден қордаланған мол тәжірибесіне сүйене отырып ақылдасып-кеңестік, мұқият жоспар құрдық.
Ян мырза екеуіміз терістіктегі тар қолтықтың табанында бұғып, таутеке үйірін күтпек болдық. Қалған үш жігіт шың-жартастардың арғы жағын айналып, таутекені жөңкілте үркітіп, біз жатқан тұсқа бағыттамақ болысты.
Осы байламға тоқтастық та, қоржын тастарға жармасып тағы біраз жоғары көтерілдік. Кезекті бір кезеңнің биігіне жете бере Манарбек алда келе жатқан менің жеңімнен ақырын ғана тартып қалған:
– Тс-с-с! – деді де, сұқ саусағын ерніне басты.
Тау арасы әлі де ақ қолтық алагеуім шақ еді. Баспалап байқасақ, сонадайдағы бозалаң тепсеңде бір қора таутеке жайылып жүр... Манарбек айтқан көп таутекенің бір бөлігі осы болар.
Мен бинокль салып асықпай зерттедім. Көбісі қорықбас қалың ешкі болғанымен, арасында мүйізі ұршықша ширатылған кер теке де, сұр теке де баршылық екен.
Топ ортада ай мүйізді біреуі басын кекжитіп қарқарадай қасқайып тұр. Тұрысы тым айбарлы, әукесіндегі шудадай сақалы мен шүйдесіндегі көк шулан күдіс айдары желмен желкілдейді. Айтары жоқ, шоқтығы биік, тұрпаты еңселі, айбыны басым сұлу жануар. Текенің нағыз қараласы. Үйірдің кәрісі де, көсемі де осы сияқты. Жан-жағын жіті болжап, қиықтап төңірегін шолады, маңғаз маңқаяды. Әлсін-әлсін терістіктегі тарғыл шағылға да мойнын бұрып қояды. Алтайдың мұз жалыны тілінде жүретін таутекенің барыс пен адамнан басқа жауы жоқ. Сонда бұл жануар неден секем алып, нені қарағыштап тұр?
Суық күздің шымыр лебі бізге қарай лекиді. Лебі салқын, қардың сызын сездіріп бетті шымшылайды. Текеге иіс алдырмай желдің бізге қарай соққаны да сәтін салған жағдай болды.
Менің білетінім, біздің жақта таутекеден секемшіл, таутекеден сақ аң сирек. Сәл нәрседен сезіктенсе-ақ, қас пен көздің арасында жоқ болады. Зым-зия, қайда кеткенін байқап та үлгермейсің.
Соны білгендіктен мен Ян мырзаға “дайындал” дегендей ишара жасадым. Ол мені ұқты. Винчестерін ыңғайлап тасқа тіреп, окулярын сүртті. Тіпті басындағы қисайған күнқағарын да жайымен шешіп былай қойды.
Мен Янды иығынан түртіп өзіме бұрдым да, “анау мүйізді үлкенді атарсың” деп, иірілген аша мүйізді ауаға қолмен сызып көрсеттім. Сосын ара қашықтық екі жүз метр шамасында екенін сездіріп, ауаға саусақпен “200” цифрын айбақтап жазған болдым. Бар болғыр, өзі де зерек жан екен, “бәрін түсіндім” дегендей басын шыбындаған атша шұлғыды.
Жалпы, аңшы ағайынға аударманың қажеті шамалы... Дүние жүзінің аңшыларының бәрінің мақсаты бір, мұраты ұқсас, ойы ортақ. Ол – аң ату. Сондықтан олардың тілі де бір, қиналмай-ақ түсініседі, ыммен-ақ ұғысып жатады.
“Өзінің жолы болғыш екен” деп, Ян мырзаға біртүрлі көңілім жылып, іштей шүкіршілік етіп қойдым.
Ян мырза асықпады, таутекені байлап қойғандай-ақ ұзақ көздеді. Не заматта барып мылтық даусы гүрс еткен...
Таутекенің бірі аспанға тік секіріп, қарғып барып әрідегі шомбал тасты аса бере омақаса құлады. Бейбіт жайылған қалған үйір сәттің арасында арғыдағы қаражағал қорымды асып жоғалды. Соңдарында шұбатылып түбіт шаң ғана қалды.
Байқаймын – мен көрсеткен шаңырақ мүйіз кәрі құлжа дін аман кеткен секілді. Сонда бұл шетелдік мырзамыз қайсысын сұлатып жүр?
Бәріміз жапатармағай орнымыздан тұрып, құлаған таутекеге ұмтылдық. Жазған жануар шомбал тастың тасасында төрт сирағы көктен келіп, серейіп қалыпты. Ян сабазың жалғыз оқпен-ақ өзін сеспей қатырыпты.
– Өй, мынау ешкі ғой! – деп жігіттер оны көре сала шу ете түсті.
Біз үдірейіп голландық әріптесімізге қарадық, голландық болса өліп жатқан ешкінің жәудіреген мойыл жанарына үңілді.
– Мама? – деді не заматта ешкіні енді танығандай.
– Өй... бүйткен сенің “мамаң” құрысын!
– Қарала текеден қарадай айрылып қалғанымызды қарашы!
– Бұл қарағым ұрғашыға әуес азамат болды ғой тегі?
Жалпы, аң атаулының ұрғашысын атуға болмайтыны дүние жүзінің барлық аңшыларына ортақ қағида. Себебі, мәлім – аң біткеннің төлі ұрғашы мал арқылы көбейеді, өсіп дамиды. Ұрғашы мал интураңшы үшін де пәлендей қызық емес, қажеті шамалы... Интураңшы, негізінен, таутеке мен бұғыны мүйізі үшін атады, естелік үшін еліне атқан аңның мүйізін арқалап алып кетеді. Ал мүйізі бір-ақ тұтам қортық ешкінің басын неғылсын.
Мынау жағдайға біз ғана емес, Янның өзі де аң-таң секілді.
Қалай болғанда да таутеке аман-есен атылды, шетелдік мейманның лицензиясы күшін жойды, осымен біздің жұмыс тәмәм. Ең бастысы, Ян мырзаның кассаға өткізген валютасы толығымен өз елімізде қалатын болды.
* * *
Сүйретіліп түске таяу етектегі лагерге жеттік.
Мейманымыздың бет әлпеті ашыған айрандай бұзылып, ұнжырғасы түсіп кетті. Көңіл айтатын емес, бар кінә өзінде, мұндайда біз оған не дейік... Мүйізі бір тұтам болса да еліне естелікке алып қайтсын деп, ешкіні көтеріп лагерге алып келгенбіз. Жігіттер терісін шешіп, жіліктеп етін қазанға салысты. Басын бітеу сойып, илеп кептіріп, ретімен жолға дайындауға кірісті.
Бірақ ол ешкіге Янның көңілі көншитін емес сияқты. Әйелі екеуі өз тілдерінде ұзақ тәжікелесті, кіржіңдесті, сосын күрсінісіп тарасты. Ақыры Саския бикеш фотоаппаратын арқалап, бұлғаң қағып тағы да тоғай тентіреп кетті. Ян мырза сабасына түсіп, сұлқы басылған соң киіз үйге кірді де, тыпыр етпей теріс қарап жатып алды.
Шетелдік қонақтардың мұндай дүрде араз ахуалы біздің де көңіл-күйімізді тоң-торыс еткен.
– Мыналарды не істейміз? – деп басымыз қатты.
– Ауданның лимитінен тағы бір лицензия берсек қайтеді?
– Ақшасы болса аяймыз ба, берсек берейік...
– Енді таутеке емес, бұғы атсын... әйтпесе таутеке үшін тағы да Шақабайдың шыңына шығар шама жоқ.
Өстіп әр нәрсені сөз етісіп, кенеле күліп, кеңкілдеп әңгіме соғып отырғанда лагерге шоқырақтай желіп салтатты біреу келген. Аталақтап аттан түсті:
– Жігіттер, көмек керек! – деді самбырлап.
– Ау, жау шапқандай не боп қалды?
– Атамаңыз, жаудан бетер қиындыққа тап болдық!
– Алдымен айтсаңшы, өзің кім боласың?
Томардай домаланған бұл жігіт “емпірттің” шабарманы болып шықты. “Емпірт” деп Монғолиядан мың-мыңдаған қой мен ешкі, сиыр мен сарлық айдаған малшыларды айтады. Олар шет елден алған малды арытпай, қоңын түсірмей, қойларын құрттап, айрандарын ұрттап дегендей жая демалдырып Семейге жеткізеді. Сөйтіп, малдың бәрін сол арадағы ет комбинатына санап өткізеді.
– Осы жерде профессионал аңшылар жатыр дегенді естіп, сіздерді арнайы іздеп келіп тұрмын, – деп жалынды шабарман.
Жай-жапсарды білсек, “емпірттің” малшылары Шындығатайдың шығыс шалғайында, әйгілі Үкөктің табанында, Бұқтырма аңғарының тұңқима тұйығында бірер күн бойы аялдап қалған екен. Ақсақ-тоқсақтың тұяғын жонып, құрттаған қотырын емдеп, соңдарынан жылжыған келесі топты күткен жайлары секілді. Сөйтсе, соңғы төрт күн бойы құбыжықтай бір қара аю зәре-құттарын алып қойға шауып, мазаларын кетіріп жүрсе керек. Аю күн алғашқы екі күні екі қойды тартып алып кетіпті. Жылжып орын ауыстырған екен, қара аю бәрібір соңдарынан қалмаған сыңайлы. Айғайға басып улап-шулап, легенді даңғырлатып, шелекті қаңғырлатып қалған екі күнде аюды жасқап жолатпапты. Айтуынша, арлан бір иттері бар екен, сол ит қара аюды абалап шыр айналып жүгіріп, соңғы күні қойға көп маңайлатпай қуалаған көрінеді.
– Өздерің-ақ аюдың жөнін тапқан сияқтысыңдар ғой, біздің қажетіміз жоқ шығар?
– Ағайындар, олай демеңіздер. Көмектеріңіз керек! Қара аю бүгін де сағат тоғызда келеді.
– Тоғызда дейсің бе?
– Иә, дәл кешкі тоғызда... Мінеки, төрт күн болды, солай.
– Қолында сағаты бар аю болды ғой...
– Оллаһи, ағайын, шын айтамын!
Монғолиядан мал айдаған кісілер негізінен әр тараптан жиналған көпшілік, құрамы қырық қылау қара бұқара. Іштерінде түрмеден шыққан шайқы-бұрқылар, ел ішінен безген қулар мен сұмдар, алаяқтар, тентектер мен сотқарлар жетіп жатады. Әрине, бала-шағаның қамымен ақша табуды күйттеген адал жандар да баршылық. Қалай болғанда да мұндай құрама тобырға өкімет тарапынан сенім шамалы, сондықтан қару жағы оларға әсте берілген емес. Мылтығы жоқ, құр таяққа сүйенген жөндекі малшыны аюдың да басынып жүргені содан болды.
Мен киіз үйдің төрінде тоң-теріс тоңқайып жатқан Ян мырзаға “аю атасың ба” деп сұрау салғыздым. Аудармашы қыздың менің сөзімді жеткізуі мұң екен, Янның боз жүзіне қан жүгіріп, көзі күлімдеп кетті.
* * *
Ұрыста тұрыс жоқ, дереу жолға жиналып, бес қаруымызды асынып Ян екеуіміз атқа қондық. Шындығатай дегенің де ит өлген шалғай жер, кеш батқанша сол араға жетуіміз керек. Шабарман айтқан әлгі “тоғызға” дейін, яғни аю келгенше қажет дайындықты жасап үлгеруге тиіспіз.
Бірде шапқылап, бірде желе-жортып кешкі бесін шамасында Шындығатайдағы малшылардың қосына да сүргектете жеткенбіз.
Келсек, Шындығатай заставасының бастығы Александр Укачин деген алтай жігіті өзін қоярға жер таппай осы арада сенделіп жүр екен. Укачинмен біраздан бері таныс едік, жаны жайсаң сары азамат, сардар жан-ды. Біз көбінде оны “Саша” дейтінбіз. Саша төңкерілген ернін қайыстай керіп, туысын көргендей бізді жадырап қарсы алды. Малшылар да жексұрын аюдан көрген қорлықтарын, түні бойы кірпік ілмей шығатындарын, тіпті күндіз де тыныштық жоғын жамырай жеткізіп жатыр.
– Ол сұмырай, әбден басынған екен. Бүгін біз оның көкесін көзіне көрсетеміз! – деп Саша жұдырығымен айдындап, мырс-мырс күліп қояды.
Мұздай қаруланған аңшылардың келгеніне бек риза болған малшылар дереу тоқтының бірін алып ұрып, жайратып сойып тастаған. Лаулатып от жағып, сағалданған қара шелекке етті жіліктеп салып та үлгеріпті. Көк шалғынның төсіне дастарқан жайып, безек қағып жүгірісіп әбігер.
– Мына қара пәледен құтқарыңдар! Көзін құртпасаңдар бұл айуан бізден кейінгі малшыларды да әуреге салады.
– Түк те саспаңдар, аға лейтенант Укачинде Калашников автоматы, менде СКС винтовкасы, ал мына шетелдік азаматта америкалық винчестер. Аю енді бізден қашса құтылмайды. Бүгін түнде ол тажалды тырапай астырып, терісін сыпырып сендерге тулақ жасап береміз! – деп мен ұрандай сөйлеп, малшылардың рухын бір көтеріп қойдым.
– Тәңір жарылқасын сендерді! – деп малшылар қатты риза болысты. Бастарын қайта-қайта шұлғысып, рахметтерін аямай-ақ жаудырысып жатты.
Мен застава бастығына аюды алдымен шетелдік мейманның атуы керектігін, оның себеп-салдарын түсіндірдім. Оқыған, көзі қарақты офицер емес пе, интураңшылықтың жай-жапсарынан ол да хабардар екен, еліміздің патриоты ретінде менің ұсынысымды дұрыс қабылдап, келісімін берді.
Ет желініп, шай ішіліп, дастарқан жиналған соң, біз малшыларды жылы орындарынан түріп шығып, шатыр ішіне өзіміз жайғастық. Малшылар алысырақ қауіпсіз жерге ауысып, орталарына алау жағып қоғамдасып бөлек отырысты.
Ит дегендері тайөгіздей арлан екен. “Шаруаларыңыздың берекесін кетіріп жүрер” деп, малшылар оны сонау шеттегі әлдебір қарағайға апарып шынжырлап байлап тастады.
Күз мезгілі болса да жылы етектің шыбынсыз мақпал түні еді. Ауада үп еткен жел жоқ. Әудем жердегі Бұқтырманың бірқалыпты сарыны ғана құлаққа талып жетеді. Мұздай қаруланған үш аңшы шатыр ішінде тың тыңдап, тым-тырыс күтіп жатырмыз. Ян мырзаны білмеймін, Саша екеуіміз құралайды көзге атқан сақа мергендер сапынанбыз, былайша айтқанда бұл шаруаның кәсіби мамандарымыз. Біз үшін пәлендей алаңдайтын, соншалықты сасатын дәнеңе жоқ-ты.
Әлгі шабарман жігіт айтқан “тоғызы” да болды, бірақ күткен аю келмеді.
Бәсе, сағатпен жүретін бұл қандай аю десек...
Арада тағы жарым сағаттай уақыт өтті.
Жол соғып шаршадық білем, көзімізге қайта-қайта ұйқы тығыла берген. Кешегі асқар шыңға шыққан қиналыс бар, бүгінгі жер түбінен жеткен ала шапқын жүріс бар, сол екеуі мені өлердей қалжыратыпты.
Көзім ілініп кеткен екен, бір заматта застава бастығы бүйірімнен түртіп оятып жіберді.
– Келді! – деді сыбырлап.
Мен сілкілеп Ян мырзаны ояттым.
Дала тастай қараңғы. Бірақ қойлар дүрлігіп, қиялай жөңкіліп бара жатқан тәрізді. Арғы шетте көк төбет аласұрып арсылдап жатыр. Түкпірге байлап қойған аттардың да жер тарпып, осқырынған даусы шықты. Соған қарағанда бір қауіптің келгені рас болды.
Шекарашы Укачиннің алдын ала дайындап қойған әскери фонарін жағып кеп қалдық...
Астапыралла!
Құдай сақтасын, анадай жерде құбыжықтай қараңдап қап-қара бірдеңе тұр! Аю дегендері осы болар. Аю емес, түн қараңғысын жамылған сабалақ жүн дию ма дерсің. Құрғырдың түр-тұлғасының сұстылығы сондай, өкпем алқынып, жүрегім аузыма тығылды. Өн бойымнан сұп-суық леп жүгіріп, жон арқамды қарып өтті.
Қасымда жатқан Ян мырза да оқ тигендей “Ох!” деп қалды.
Кәсіби аңшы болған соң аю атаулының алуан түрін көріп жүрміз ғой... Соңына түсіп қаншасын аттық, аю терісін де талай қанжығалап қайттық. Бетпе-бет кездесіп қалғанымыз қаншама, өлім аузынан шыққан оқыс оқиғалар да есімізде. Шүкіршілік, татар дәміміз, суішкілігіміз әлі бар екен, мінеки, аман-есен жер басып жүріп жатқанымыз да соның арқасы. Бірақ, осы арада ағымнан жарылайыншы, мен де дәл мынадай күдірейген күдіс жон, атан нардай қара тажалды кездестірген емеспін.
Укачиннің фонарі қуатты екен, құдды бір прожектордай жарқырайды. Қара аю алғашында жарқ еткен фонарь жаққа жалт етіп тікшие қалды да, соңынан оған пысқырған да жоқ, құнжыңдап бұта түбін түрткілеп кетті. Сосын баспалай жылжып ұйлыққан отар жаққа жақындады.
Қой дегенің осыншалық момын болар ма, дүр етіп жөңкіліп қашқандарымен пәлендей ұзап кете қоймапты. Былайырақ барып құнжыңдаған қара пәлеге үдірейе қарасып ұйлығып тұр.
Көктөбет темір шынжырды үзердей қылғынады.
– Ат-т! – деп Янды бүйірден нұқып қалдым.
Ян мылтығына екі аша тіреу тіреп, окулярға жабысып көздеп жатыр.
Қара аю ары кетсе жүз метрдей ғана жерде, фонарь жарығымен ап-анық көрініп тұр. Қиналатын емес, тіпті окулярдың да қажеті шамалы еді. Қаншалықты мықты десек те винчестер қойсын ба... Татыр қолтықтың түбін ала тартып жіберсе, дәл жүректен тигізуге болады.
– Ян, болсаңшы тез!
– Ат деймін!
Шекарашы Укачин автоматын ыңғайлап, мен винтовканы кезеніп сақадай-сайланып дайын жатырмыз. Егер мына интураңшы тарс еткізсе болды, қалған шаруа біздің еншімізде... Оқты қарша боратып, қара аю түгілі, қаһарлы жау шапса да дәл осы арада қанды майдан ашуға әзірміз. Бірақ бірінші болып біздің оқ шығаруға қақымыз жоқ. Мейлі тигізсін, мейлі тигізбесін, бірінші оқты шетелдік азаматтың атуы міндет. Валюта бізде емес, соның қалтасында, лицензия үшін үш мың долларды біз емес, осы жігіт төлейді. Жаңадан мемлекет құрып жатқан біз үшін үш мың доллар да әжептәуір дәулет, ел-жұртқа қажет қаражат.
– Әй, мына сұмырай неге атпайды?
Бұл жетесіздің несіне тыртысып, неге атпай жатқанын мен қайдан білейін:
– А-а-т-т! – деп шытына жекіп жібердім.
Ян мырза мылтығына мысықша жабысып алған, пыс-пыс етіп әлі дәлдеп жатыр.
Біз “сен ат та, мен атпен” сөз таластырып тұрған кезде қара аю көз ілеспес шапшаңдықпен екі-үш қарғып барып, қойдың бірін бас салды. Сосын адам секілді қорбаңдап екі аяғынан түрегеп тұрып кетті. Тұрып еді, құрғырдың тұрқы бұрынғыдан да қорқынышты, бұрынғыдан да зорайып көрінді. Бұлқынған қойды бақ еткізіп екі бүктеп қолтығына қысты да, маң-маң басып орманға қарай бет түзеді.
Сол-ақ екен, алау жағып былайғы шетте қотандасқан қойшы біткен ұлардай шулап қоя берсін... Айғайға басып, от лақтырып, шелек даңғырлатып азан-қазан болысты да қалды.
– Мына үшеуі аюды атпай неғып жатыр?
– Ау, азаматтар, неге атпайсыңдар түге?
– Ит екен ғой бұлар...
– Өңкей алдамшы жексұрындар!
Жер жебір, жекен суымызға жетіп қойшылар бізді тілдері жеткенше сыбап жатыр.
Жер тепкілеп Укачин бұлан-талан. Менің де ыстығым көтеріліп, қаным басыма тепті. Ян мырзаны бөкседен періп қалдым.
– Неге атпайсың, оңбаған! – дедім айқайға басып. – Қазір тайгаға кіріп кетеді, айрылып қаламыз!
Ян болса мелшиіп үнсіз, мылтығына жабысып әлі дәлдеп жатыр.
– Немене, көрмей тұрсың ба? Ат деймін! Жоғалтамыз ғой қазір.
Фонарь жарығын аюға туралай қадап тұрмын. Құдай ақы, көрмейтіндей дәнеңе жоқ. Соқыр адам көретіндей жап-жарық.
Қолтығында ағараңдаған олжасы бар, қара аю талтаңдап ұзап бара жатыр. Жүрісі сейілге шыққандай бейқам, қалаулы ісін атқарып, бізді мазақ еткендей маңғаз. Абалаған дауысы тау аңғарын күңіренткен көктөбет жаққа соңғы рет бір қарады да, төмендегі қалың тоғайға қарай бұрылды.
Жер тепкілеген Укачиннің орысша боқтығы таусылды білем, алтай тілінде де бірер сөзді лақ еткізді. Егер мына Ян мырза шетелдік болмағанда аузы-мұрнын шие жегендей қылары даусыз еді.
“Ат десе аттың” астына алып, айқайға басып безектеп малшылар жүр. Байлаулы көктөбет шынжырын шылдырлатып, аласұрып ағашты айнала шапқылайды.
Ян мырза окулярға жабысып әлі жатыр.
Ақыры қой қолтықтаған қара аю тоғайға сіңіп жоғалды.
Масқара-ай десеңші, енді не істедік?..
Застава бастығы шетелдік мырзаны да, бұл сүмелекті ертіп әкелген мені де сылқита бір сыбап, шырт түкіріп кетіп қалды.
Артынша араның ұясындай азынап малшылар жетті. Оларға тура қарайтындай менде бет жоқ еді. Жерге кіріп кетердей ұяттан жанып тұра бердім. Осы тобырдың бастығы болар, бұйра сақал бойшаң біреуі төбеме төніп:
– Біз қойымызды сойып, дастарқанымызды жайып, барымызды салып сендерді күттік, – деп түкірігіне шашалып, гүж-гүж етті. – Үш бірдей аңшы келіп, масқарамызды шығардыңдар. Аю көз алдымызда тағы бір қойымызды өңгеріп алып кетті. Беттеріңе тура айтайын, үшеуің де оңбаған адам екенсіңдер!
Малшылардың бар ренішін мойныма алып, басым салбырап мен тұра бердім. Шындығында, менің өзім де Ян мырзаның бұл қылығына қайран едім.
Укачин ешкімге бұрылып қарамастан, фонарін де ұмытып, атына қарғып мінді де, тасырлата шапқылап заставасына тайып тұрды.
Янның мойны қылқиып шатырдан шығып келеді екен, мен оны итеріп ішке қайта кіргізіп жібердім.
– Шықпа, сыболыш, шықсаң мыналар сені түтіп жейді! – деп жұдырығымды тұмсығына тақадым. Интураңшы молдаға берген баладай момақан, басын бір шұлғып сып беріп шатырға қайыра кіріп кетті. Менің айтқан қазақша тілімді бұл жолы жақсы ұққан секілді.
Малшылардан иіліп кешірім сұраудан басқа лажым қалмады. Бөрідей бөрліккен көпшілікке интураңшылықтың жай-жапсарын қайтіп тәптіштерсің, бәрібір ұқпасы белгілі. Ұқпаған соң, болған іске таң қалысып бастарын шайқай беріседі... Автоматпен, винтовкамен, винчестермен қаруланған үш бірдей мықтының дәл алдарына келген аюдан айрылып қалғандары миларына кірер емес. Үшеуінің де оқ шығармай табандап жатып алуы олар үшін түсінбейтін оғаш жағдай.
Байлаулы тұрған көктөбет төбе құйқаны шымырлатып озандата ұлып жіберді. Естеріне енді түсті білем, малшылардың біреуі жүгіріп барып иттің шынжырын шешіп қоя берген. Сол-ақ екен, көктөбет аю кеткен тоғайға қарай оқша заулап, қалың қараған ішіне кіріп жоғалды.
Арада бірқауым уақыт өткеннен кейін ғана қарсыда түнерген тайга жақтан иттің абалап үрген дауысы шыққан. Бәріміз елең ете қалдық. Көктөбет екі арадағы Бұқтырманы жүзіп өтіп, арғы қапталға шығып кеткен екен-ау! Ай, сабазым-ай, ақыры қара аюды қуып жетіпті. Арлан деп, міне, осыны айт!
Абалаған итпен қоса, ақырған аюдың да даусы естілді. Кәпірдің дауысының зорын-ай десеңші, Алтайдың шың шатқалдары күркіреп кетті. Қорым биігінен тасыр-тұсыр тас домалады.
Байқауымша, көктөбет аюмен біраз уақыт жағаласып баққан тәрізді, соңынан екеуінің де үні өшті.
– Аю итті жеп қойды? – деп мен өкініш білдірдім. Көктөбеттей арланның қазасына өзімді кінәлі санап, тағы да ыңғайсыз күйге түстім.
Бұйра сақал түн қараңғысына қайта-қайта телміріп, құлағын түрумен болған. Бірақ иттің дауысы қайталап естілген жоқ.
Тау өркешінен ай табағы сығалап еді, сәлден соң аңғар бойын сүт мұнарға бөлеп толған ай найқалып шыға келді.
Міне, ғажап, арада жарым сағаттай уақыт өткенде үсті-басы сал-су көктөбет алпамсадай болып алдымызға келіп тұр. Аузында бағанағы ақ қойдың жұлмаланған қан-қан басы...
Көктөбет басты тістеп әкелді де бұйра сақалдың алдына тастай салды.
– Мына ынжықтарға сеніп тапсырғанша қойды өзіңе күзеттірмеген екем! – деп бұйра сақал ұмтылып барып, итін мойнынан құшақтап жатыр.
Түннің екі уағы болып қалған мезгіл еді.
Мен шатыр ішінде тығылған Ян мырзаны дауыстап шақырып, қайтуға жиналдым. Түкпірге байлап қойған аттарды шешіп, жетектеп қайтып келе жатқанда жан-жағына жаутаңдап шатырдан Ян да шыққан. Байқаймын, жүрісі өзгере қалыпты, талтаң-талтаң етеді.
Онсыз да ішім божыған идей қыжылдап, теріме сыймай жүрген мен:
– Өй, езбе, болсаңшы тез! – деп барқ етіп, фонарді жарқ еткіздім.
Сонда ғана байқадым, бағанадан бері етпеттеп жатқан Ян мырзаның екі тақымы көл-дария...
Шеттен келген қонаққа мен не дейін, басымды бір шайқап атыма міндім.
Әлібек АСҚАРОВ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.
_______________________________________________
Коллаж - Суретшілер одағының мүшесі Жеңіс КӘКЕНҰЛЫНІКІ